14
АЛҒЫ СӨЗ
Заман талабы елімізде елеулі өзгерістер тудырып, ана тілімізді
Мемлекеттік тіл дəрежесіне көтерді. Соған байланысты республикамызда
білікті мамандар дайындау ісінде көптеген салдарлы жұмыстар жасалып,
жоғары оқу орындарында сабақ қазақ тілінде жүргізілуде. Енді алда тұрған
басты міндеттер – оқу-ағарту процесіне озық əдістерді енгізе отырып,
жоғары оқу орындарының материалдық базасын жетілдіру, мамандар
дайындау ісінің сапасын арттыра түсу, болашақ жас ұрпаққа түбегейлі білім
беру. Бұл мақсатқа жетудің ұтымды жолы – шəкірттерді мемлекеттік тілде
жазылған, ғылым жетістіктерін қамтыған, əлемдік талаптарға сай
оқулықтармен, оқу құралдарымен жəне басқа да оқу-əдістемелік
əдебиеттермен қамтамасыз ету. Ана сүтімен берілген, санаға сіңген, жүрекке
жылы, тұрмыста жарасымды өз тілінде білім кəусарынан сусындау ұрпақтар
арманы, бүгінгі күн бақыты. Осы мүмкіндікті пайдаланбау – арға сын, ерге
мін.
Бұл кітап жоғары оқу орындарының биологиялық, мал дəрігерлік жəне
мал шаруашылығы факультеттерінің студенттеріне арналған, өңделіп,
толықтырылып, оқырманға қайта ұсынылып отырған оқулық. Оның 1995-
1996 жылдары жарық көрген екі томдық нұсқасы қазіргі күні толығымен
таралып кетті, оқырмандардан оң баға алды. Мына басылымның мақсаты -
оқырманның білім деңгейін тереңдетіп, оны физиологиялық мағлұматтарды
болашақ мамандықты игеруде, жалпы өмірде кездесетін тұрмыстық
жағдайларда сауатты пайдалануға бейімдеу. Кітапта организмде байқалатын
құбылыстарға, процестерге, ғылымда қалыптасқан ұғымдарға нақтылы
анықтама беріліп, оқырманға ойтүрткі салу, оның тұжырымдау қабілетін
арттыру, жинақтаған білімінің түбегейлі де терең болуына ықпал ету
жақтары ойластырылды.
Кітапты жазу барысында автор физиология пəнін оқытудағы көпжылдық
тəжірибелеріне сүйене отырып, оқыту процесіндегі сабақтастық, іргелестік
принциптерін ескеруге тырысты. Осымен байланысты басылымда
физиологияға қатысты жалпы биологиялық ұғымдар, анатомия мен
гистология мағлұматтары, биохимиялық деректер, экологиялық түсініктер
қамтылған. Оқулыққа аталған бағыттар материалдарының енуі қазіргі
физиология ғылымының дамуындағы жалпы тенденциядан туындап, оның
түрлі проблемаларына болашақ мамандар мен жалпы оқырмандардың
көңілін аудару қажеттілігіне негізделген.
Физиология пəнінің жоғары білімді мамандар дайындаудағы алатын
орнына сəйкес, кітапта негізгі физиологиялық ұғымдар, организмге тəн
маңызды функциялар мен процестер, олардың реттелу механизмі баяндалып,
тіршілік процестерінің биологиялық мəніне, ағзалар (органдар) мен жүйелер
əрекетінің ерекшеліктеріне, олардың малдың жасына, өнімділігіне, түлік
түріне, сыртқы орта жағдайларына байланысты өзгерулеріне баса көңіл
15
бөлінген. Оқулық медициналық факультет студенттері үшін де пайдалы
мағлұматтарға бай.
Адам мен мал организмдеріне тəн фунциялар мен
процестердің тіршіліктік мəні мен маңызын айқындай отырып, физиология
мамандарды денсаулықты қорғау, организмді қатерлі (экстремальді)
жағдайлардан сақтау т.б. шараларын ғылыми негізде ұйымдастыруға қажетті
мағлұматтармен қамтамасыз етеді. Білікті мамандардың негізгі міндеттерінің
бірі – осы физиологиялық құбылыстардың сырын ашу, оларды дұрыс бағытта
реттей отырып, малдың денсаулығын сақтау, өнімділігін арттыру, адамды
қатерден қорғау. Осымен байланысты кітапта организм функцияларын реттеу
тетіктері терең жəне жан-жақты баяндалған.
Физиологияда көптеген арнаулы ұғымдар, терминдер мен сөз тіркестері
қолданылады. Сондықтан бұл саланың мазмұнын терең ұғынып, түсіну үшін
пəнді сұрақ қойып, оның жауабын іздеп, таба отырып оқыған жөн. Сонда
ғана оқырман түбегейлі білім жинақтайды, организмде жүретін күрделі
процестердің биологиялық мəнін ұғынады.
Кітапта автор жоғары оқу орындары бағдарламасының барлық
сұрақтарын қамтып, оларға нақтылы, жан-жақты жауап берген. Оқулықта
жеке тараулар бір-біріне реті мен мазмұны жағынан тəуелсіз баяндалған,
сондықтан оны кез келген тиімді тіркесте оқып, меңгеруге болады. Дегенмен,
жеке тараулар арасында оқырманға организмнің күрделі қызметін ұғынуға
мүмкіндік беретін ішкі байланыс та сақталған. Кітап қазіргі кезде елімізде
дамып келе жатқан қалайда оқыту принципінен, ізденіп оқып, үздіксіз білім
жинақтау принципін жүзеге асыруға негізделген.
Автор кітапқа рецензия жазып, ақыл-кеңес қосқан биология
ғылымдарының докторлары, профессорлар Б.Толысбаев пен С.Тлеуханға зор
алғысын білдіріп, рахметін айтады. Сонымен қатар ол оқулыққа пікір
білдіріп, құнды ескертпелер мен ұсыныстар жасаған əріптестеріне, студент
жастарға, мамандарға, жалпы оқырмандарға шын көңілден ықыласын
білдірген болар еді.
Төлеутай Несіпбаев
Достарыңызбен бөлісу: