Ұлтабардағы ас қорыту. Алдыңғы қарын жыны механикалық, химиялық
жəне биологиялық өңдеуден кейін ұлтабарға өтеді. Ұлтабар құрылысы жəне
қызметі жағынан күйіс қайырмайтын малдың қарнына ұқсас.
Ұлтабарға қарынның алдыңғы бөлімдерінде жартылай қорытылған,
ұнтақталған жын үздіксіз келіп отырады. Дегенмен, ас қорыту процесінде
ұлтабар тек қосалқы рөл атқарады. Негізгі ас қорыту процесі мес қарында
жүреді.
Мес қарында азықты ыдырататын бактериялық процестердің пəрменді
жүруімен жəне микроорганизмдердің белокты тоқтаусыз түзуімен
байланысты ұлтабарға протеин белгілі мөлшерде өтіп отырады. Зерттеулерге
қарағанда, əр түрлі рационда ұстағанда малдың жынындағы бактериялық
белоктардың құрамы айтарлықтай ауытқымайды. Ұлтабарда жын көп
аялдамай, ішекке тəулік бойына тоқтаусыз өтіп отырады.
Ұлтабар сөлінің əсерінен мұнда инфузориялар мен бактериялар тіршілігі
тоқтап, олар ери бастайды. Ұлтабардың кілегей қабығында ферменттер мен
тұз қышқылын бөлетін арнаулы торшалар болады. Сондықтан қарынның бұл
бөлімінде жын негізінен химиялық өңдеуден өтеді. Ұлтабар сөлі күрделі
мукопротеид түрінде түзіледі. Ол сиаломуциндер мен гиалуронды
қышқылдан, амин, карбоксил, сульфгидрил жəне дисульфидты белок
топтарынан құралған. Ұлтабар сөлі құрамында белоктарды ыдырататын
пепсин ферменті болады. Сөлдің құрамы рацион түріне қарай өзгере
бермейді. Себебі ұлтабарға түсетін жын алдын ала өңдеуден өтіп, оның
құрамы айтарлықтай тұрақты болады. Малды азықтандырудың қалыпты
жағдайында ұлтабар сөлі толассыз бөлінеді. Дегенмен, аш малда сөл бөлу
процесі күрт төмендеп, бірақ сөлдің қышқылдығы жоғарылайды.
Тəулігіне ірі қара 50-60 л, қой 5 л ұлтабар сөлін бөледі. Азықтандыру
үстінде сөл бөлу күшейеді. Сөлдің сутектік көрсеткіші 1,0-1,5, ондағы тұз
қышқылының концентрациясы 0,10-0,12 пайыз. Сөл бөлу қарқынына жəне
сөлдің қышқылдығына малдың физиологиялық күйі əсер етеді. Мысалы,
саулықтарда қоздардан бір ай бұрын ұлтабар сөлінің қышқылдығы төмендеп,
қоздағаннан кейін едəуір жоғарылайды. Буаздық жəне сүттену кезеңдерінде
сөл бөлу күшейеді (К.Т.Тəшенов).
Ұлтабар
сөлінің бөліну қарқыны мес қарындағы бактериялық
ферменттеудің қарқынына байланысты. Оған дəлел мес қарынға ұшпалы май
қышқылдарын құйса, ұлтабар сөлінің бөлінуі күшейеді. Демек, түрлі азыққа
ұлтабар сөлінің бөліну қарқынының өзгеруі мес қарын мен жұмыршақтағы
бактериялық процестердің өзгеруімен байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |