7.5. Тыныстың реттелуі
Тыныс қимылдары дұрыс атқарылу үшін көптеген еттердің үйлесімді
əрекеті керек. Мысалы, дем алғанда бір мезгілде көк ет, көкірек қуысының,
танаудың, жұтқыншақтың еттері жиырылады. Олардың жиырылу күшіне
қарай тыныстың тереңдігі өзгереді. Жоғарыда аталған еттердің босаңсуының
нəтижесінде дем шығады. Ал енді осы еттердің жиырылу күші мен ырғағы,
өкпенің желдетілу дəрежесі организмнің мұқтаждығын қамтамасыз
ететіндей деңгейде жүру керек. Бұл күрделі реттеуді талап ететін процесс.
Тыныс алу процесін қамтамасыз ететін еттердің үйлесімді қызметі
арнаулы тыныс орталығымен реттеледі. Мида тыныс орталығының
болатыны жайлы алғашқы болжамды 1812 жылы Легалуа айтқан. Осыдан
отыз жыл өткен соң 1842 жылы Флуранс сопақша миға ине қадау арқылы
тəжірибе үстінде тынысты тоқтатып, малды өлтіруге болатынын дəлелдеген.
Сопақша мидың осы нүктесі “өмір түйіні” деген атқа ие болған. 1885 жылы
орыс физиологы Н.А.Миславский тыныс орталығының сопақша мидың
торлы құрылымының төртінші қарыншасының түбінде орналасатынын
анықтаған. Тыныс орталығы дем алу (инспирация) жəне дем шығару
(экспирация) бөлімдерінен тұратын симметриялы құрылым (61-сурет).
Кейінгі кездегі зерттеулер дем алу жəне дем шығару орталықтарының
қызметінің ми көпірінде орналасқан жоғары деңгейдегі арнаулы орталықпен
реттелетінін дəлелдеді. Оны Лумсденнің пневмотаксистік орталығы деп
атайды. Ол дем алған кезде дем шығару орталығын, ал дем шығарған кезде -
150
дем алу орталығын қоздырып, дем алу жəне дем шығару процестерінің
ырғақты түрде алмасып отыруына мүмкіндік туғызады.
Тыныс орталығы орталықтан тебетін жүйке талшықтары арқылы
жұлынның мотонейрондарымен байланысады. Жұлынның көкірек бөлігінің
төменгі (вентральды) мүйізінде қабырға аралық еттердің, ал мойын бөлігінің
3-4 омыртқа деңгейінде көкеттің қызметін реттейтін нейрондар орналасады.
Танау еттерінің жиырылуын реттейтін жүйке талшықтары беттік жүйке, ал
көмекей еттерінің қызметін реттейтін талшықтар - кезеген жүйке құрамында
болады.
Достарыңызбен бөлісу: |