Химиялық тұрғыдан қарастыратын болсақ, ген дегеніміз - өзара байланысқан нуклеотидтердің ұзын тізбегінен құралған ДНҚ молекуласының учаскесі. Геннің молекулалық мөлшері анықталған. Егер белок амин қышқылдарының 300 қалдығынан құралады дейтін болсақ, осы белок синтезі үшін жауапты геннің ұзындығы, яғни ДНҚ тізбегінің учаскесі 900 нуклеотидке тең. Геннің М 900х330=297000 (бір нуклеотидтің М 330 шамасына тең) дальтон.
Белгілі бір геннің хромосомадағы орналасатын жері локус деп аталады. Бір организмнің хромосомаларындағы барлық гендерінің жиынтығы геном деп аталады. Сонымен, геном дегеніміз - белгілі бір организмнің генетикалық қасиеттерінің бәрін өзінде сақтаған барлық ДНҚ молекуласы болып табылады. Бір генде бір ғана полипептидтік тізбек синтезделеді. Молекулалық генетиканың негізгі ережелерінің бірінде: «бір ген - полипептидтік бір тізбек» делінген. Егер белок молекуласы екі немесе одан көп полипептидтік тізбектен құралса, онда сол белоктың синтезін екі ген немесе одан да көп ген іске асырады.
Жақын уақытқа дейін генетикалық қасиеттер жайлы мәліметтер ДНҚ молекуласында заңды түрде дәлме-дәл жазулы болады және белгілі бір белокты анықтаушы барлық нуклеотидтер тәртіппен орналасады деген сенімді пікір қалыптасып келді. Ал биология ғылымында ашылған соңғы жаңалықтар жоғары сатыдағы организмдердің гендері азоттық негіздердің үздіксіз тізбегінен емес, аралары «мағынасыз» учаскелермен бөлінген, жеке-жеке бөлшектерден тұратынын анықтады. Ген бөлшектерінің орталығында 10 жұптан 20000 жұпқа дейінгі негіздер болуы мүмкін. Геннің «мағынасыз» артық бөліктері белок синтезі алдында кесіп тасталады.
Геннің ДНҚ-дан мРНҚ молекуласына көшкен тұтас бірлігі көрсетілген.