6-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖАНУАРЛАРҒА ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАРАУ САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢНАМАСЫНЫҢ САҚТАЛУЫН ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ 27-бап. Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасының сақталуын қоғамдық бақылау 1. Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық бақылауды қоғамдық инспекторлар және жарғысында жануарларға жауапкершілікпен қарау саласында қоғамдық бақылау жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыру көзделген коммерциялық емес ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады. 2. Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық бақылау ерікті және өтеусіз негізде жүзеге асырылады. 28-бап. Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық инспекторлар мен коммерциялық емес ұйымдардың құқықтары 1. Қоғамдық инспекторлардың: 1) жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы бұзушылықтарды аудио, фото және бейнетехника құралдарының көмегімен тіркеуге және тиісті материалдарды мемлекеттік органдарға жіберуге; 2) Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтардың алдын алуда және оларды анықтауда мемлекеттік органдарға жәрдемдесуге; 3) жануарларға жауапкершілікпен қарау саласында халықты ағарту жөніндегі жұмысқа қатысуға құқығы бар. 2. Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы коммерциялық емес ұйымдардың: 1) мемлекеттік органдардан өздерінің жарғылық мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға қажетті ақпарат алуға; 2) жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізуге; 3) жануарлардың қажеттеріне бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылуы туралы ақпаратты сұратуға және алуға құқығы бар. 3. Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық инспекторларға және коммерциялық емес ұйымдарға жануарларды уақытша ұстау пункттерінің, жануарларға арналған панажайлардың және жануарларға қарау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын өзге де ұйымдардың аумағы мен үй-жайларына қолжетімділік қамтамасыз етілуге тиіс.