Жапбаров Амангелді Оқушылардың тыныс белгілерді дұрыс қою икемділігі мен дағдыларын



Pdf көрінісі
бет1/16
Дата21.01.2017
өлшемі0,8 Mb.
#2329
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

 
Жапбаров Амангелді
Оқушылардың тыныс белгілерді дұрыс
қою икемділігі мен дағдыларын
қалыптастырудың ғылыми-әдістемелік
негіздері
 
10-кітап
   
1

Шымкент. 2011 ж.
УДК 378.(075.8): 811.512.122
ББК 74.268.1Қаз
Ж 30
Пікір жазғандар:
 1. Ысқақ Б. – Академиялық инновациялық университеті, профессор, 
п.ғ.к., 
2. Жапбарова Г.А. – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік 
университеті, пед.ғыл, кандидаты. 
Жапбаров   А.   Оқушылардың  тыныс   белгілерді   дұрыс   қою   икемділігі
мен дағдыларын қалыптастырудың ғылыми-әдістемелік негіздері – Шымкент
«ИП Валиев» баспасы. 2011. -249 бет.
ISBN 9965-03-080-4
Бұл   монографияда   оқушылардың   орфографиялық   икемділіктері   мен
дағдыларын қалыптастыра оқытудың ғылыми - әдістемелік негіздері, оның
мақсаты мен мазмұны, сауатты жазу дағдысын қалыптастыра оқыту жүйесі
мен   әдістемесі   сипатталды.   Онда   жазудың   емлелік   икемділік   пен
дағдыларының   жүйесі,   тіл   білімдік   негізі,   жаттықтырудың   әдіс   –тәсілдері
қарастырылды.
Еңбек   педагогикалық   жоғары   оқу   орындарының   студенттеріне,
магистрант,   докторанттарға   және   мектеп   мұғалімдері   мен   зерттеушілерге
арналған.
УДК 378.(075.8): 811.512.122
ББК 74.268.1Қаз
ISBN 9965-03-080-4
Жапбаров А.
2

Кіріспе
Егемендікке қол жеткізіп, еліміздің экономикалық, саяси-
мәдени   дамуы   бір   бағытқа   түскеннен   кейін,   негізгі     көңіл
бөлініп   отырған   мәселе   -   білім   беру.   «Білім   беру   жүйесінің
басты   міндеті   -   ұлттық   және   жалпы   адамзаттық
құндылықтар,   ғылым   мен   практика   жетістіктері   негізінде
жеке   адамды   қалыптастыруға,   дамытуға   және   кәсіби
шыңдауға   бағытталған   білім   алу   үшін   қажетті   жағдайлар
жасау»   болып   табылады   [1,9].   Демек,   білім   –   қоғамды
әлеуметтік,   мәдени-ғылыми   дамуды   қамтамасыз   ететін
ғажайып құбылыс, адам үшін де, қоғам үшін де, ең жоғарғы
құндылық. 
Білімді   халықаралық   деңгейге   көтеру   мақсатында
жүргізіліп жатқан жұмыстар аз емес. Білім беруді дамытудың
2005-2015   жылдарға   арналған   мемлекеттік   бағдарламасы,
білім   беруді   дамыту   тұжырымдамасы,   әр   түрлі   қаулы-
қарарлар, ағымдық іс-шаралардың барлығының да мақсаты  -
білімді   де   білікті   тұлға   тәрбиелеу.   «Бәрі   мектептен
басталады» деген Елбасының жолдауы мектептегі білім беру
ісіне үлкен жауапкершілік, сенім мен үміт артып отырғанын
байқатады   [2].   Осыған   байланысты   Қазақстан
Республикасының   «Орта   білім   беруді   дамыту»
тұжырымдамасында:   «Әрбір   баланың   жеке   тұлғалық
қасиеттерін   ашу,   оның   мүмкіндігін,   өмірдегі     мәнін   көрсету
арқылы   білімге   тереңірек   ұмтылуына,   сондай-ақ   ізденісіне,
бейімділігіне көмек беру, жағдай туғызу және оған өмір сүру
үшін   жаңа     рухани     күш   беру   -   білім   берудің   түпкілікті
мақсаты»   [2,   5]   екендігі   анық   айтылған.   Сондықтан
мектептегі   өтілетін   әрбір   пән   оқушының   жеке   басының
қасиеттерінің  ашылуына, дамуына,  қалыптасуына,  терең  де
сапалы білім алуына мүмкіндік жасалуы тиіс. 
Қазақстан   Республикасы   жалпы   орта   білім   берудің
мемлекеттік   жалпыға   міндетті   стандартында:   «Білім   беру
жүйесінің   негізгі   және   бағдарлы   мектеп   сатыларындағы
«Қазақ тілі» пәнін оқытудың мақсаты – ана тілінің қоғамдық-
әлеуметтік мәнін түсінген, тілдің қызметін жүйелі меңгерген,
қарым-қатынастың   біліктілігі   дамыған,   сөз   мәдениетінің
талаптарына   сай   іскерліктерді   меңгерген   дара   тұлға
даярлауға мүмкіндік туғызу», - деп анықталған [3,7]. Ал бұл
мақсатты орындау үшін мынадай міндеттерді белгілейді:
3

« - оқушыларға әдеби тіл нормаларын меңгерту;
-
оқушылардың тілдік сауаттылығын арттыру» [3,7]. 
Негізінде,   мектеп   оқулығында   орфографиялық   білім,
білік   пен   дағды   беру   тіл   мәдениеті   мен   стилистикамен
байланысты   қарастырылған.   Мәселен,   «Тіл   мәдениеті:
Ауызша   сөйлеу   және   жазба   тіл   мәдениеті.   Ауызша     сөйлеу
мәдениетіндегі орфография қағидалары... », -деп көрсетілген
[3,13].   Ал   тыныс   белгілерді   «Стилистика   және   пунктуация
қазақ әдеби тілінің стильдері, олардың тілдік ерекшеліктері.
Тыныс   белгілерінің   түрлері,   қызметі»,   -деп   қарастырылған
[3,13]. 
Нақтылағанда,   орфография,   пунктуация   жазбаша
сөйлеуге байланысты қарастырылады. Ал жазбаша сөйлеуді
«Қазақ   тілі   терминдерінің   сапалық   ғылыми   түсіндірме
сөздігінде»:   «Жазбаша   сөйлеу   –   жазбаша   мәтіндер   арқылы
вербальдық (сөздік) тілдесу», -деп анықталады [4, 84]. 
Дұрыс   жазу   орфографиялық   қағидаларға   негізделеді.
Қазақ   тілі   энциклопедиясында:   «Орфография   –   сөзді   бірізді
жазудың тәсілдерін белгілейтін ереже... . Кейде орфография
кең   түрде   емле   мағынасында   қолданылып,   тыныс
белгілерінің қойылу тәртібін де көрсетеді», -деп нақтыланған
[5, 304].  
Бұл пікірлерді негізге алғанда, орфография,  пунктуация
сөйлеу     әрекетімен     байланысты.   Ал   сөйлесім     әрекеті   –
белгілі   бір   ойды, хабарды   немесе мәліметті баяндау, яки
екінші   біреуге   жеткізу   арқылы   онымен   түсіністікке   жету
мақсатындағы   қатысымдық   әрекет.   Тілдік   қатынасқа
байланысты     іске     асатын     сөйлесім     әрекеті   бес   түрлі
формада   жүзеге   асады:   оқылым,   жазылым,   тыңдалым,
айтылым, тілдесім [6]. 
Жазылым   –   тілдік   тұлғалардың   жүйесіне   негізделген,
лингвистикалық, психологиялық, физиологиялық, әдістемелік
ерекшеліктерге   қатысты   тілдік   материалдардың   мазмұны
мен формасын бірдей қамтитын, адамдарды, ұзақ мерзімдегі
қарым-қатынасқа мүмкіндік жасайтын әрекет. Басты шарт -
тілдік   нормаларды   меңгеру.   Демек,   оқушылардың   тілін
дамыта   оқыту   үшін   орфографиялық   және   пунктуациялық
білім,   біліктілік   пен   дағдылар     жүйелі   нормалық   түрде
қалыптастырылады. 
Сондықтан болар, жалпы орта білім берудің мемлекеттік
жалпыға   міндетті   стандарттарында:   «Бүгінгі   таңда   әлі   де
толық   шешімін   таппаған   бір   мәселе   –   қазақ   тілі   пәнінің
орфографиялық   нормаларындағы,   көптеген   ғылыми
терминдердің аталымындағы бірізділіктің жоқтығы. Бұлар тіл
4

білімінде нақты шешілгенде, қазақ тілінің фонетика, лексика
салаларына  арнайы   тақырыппен   енгізілетін   болады»,   -   деп,
орфографиядағы   лингвистикалық   зерттеулердің   қажеттігін
көрсетеді [3, 3]. 
Ал мектеп бағдарламасында: «оқушының тіл мәдениетін
қалыптастыру,   ауызекі   сөйлеу,   жазу,   тыңдау   мәдениетінің
талаптарына   сай   дағдыларын   жетілдіру:   оқушының
сауаттылығын   арттыру,   әдеби   тіл   нормаларын   меңгерту»,   -
деген талап қойылған [7, 4]. 
Тұжырымдағанда,   оқушылардың   орфографиялық
сауатты   жазу   дағдыларын   қалыптастыру   мектептегі   ең
өзекті   мәселенің   бірі   ретінде   саналады.   Жазуда   тыныс
белгілерін дұрыс қоя білу-сөйлемді, мәтінді оқуда оны дұрыс
оқи   білу   -   адамның   жалпы   мәдениеті   мен   сөйлеу
мәдениетінің көрсеткіші. 
Қазақ   тіл   білімінде   тыныс  белгілері  жөніндегі   алғашқы
ережелерді тұжырымдауда А. Байтұрсыновтың еңбегі басым
болды.   Мұнда:   «үлкен   сызықша   (-)   жинақтау   белгісі,
бытыранды   ұғымдарды     шоғырландырып,   жалқыланған
ұғымдарды   жалпыландырып,   теңерлік   нәрселерді   теңеп,
балап айтатын орындарға қойылады», - деп, «Қасқыр-аң, көк
шалғын, ағаш, бұтақ -  бәрі жақсы» сияқты мысалдар береді.
Жазу тілінің дамуына байланысты қазір сызықша қойылатын
басқа   орындар   да   бар.   Бұл   еңбекте   сонымен   қатар   ноқат
(нүкте), үтірлі ноқат, теріс үтір (, ) қос ноқат (:), сұрау, леп
белгісі,   көп   ноқат,   қабат   үтір,   қос   тырнақша   («   »)   тәрізді
тыныс   белгілері   және   олардың   қойылатын   орындары
көрсетілген [8,25]. 
Тыныс   белгілер   және   оларды   қолдану   жөнінде   әр
кезеңде С.Жиенбаев, Ә.Хасенов, Ф.Мұсабекова, Р.Сыздықова
сияқты   ғалымдардың   еңбектері   бар.   Алғашқы   анықтағыш
1957   жылғы   «Қазақ   тілі   орфографиясының   негізгі
ережелерін»   басшылыққа   алып,   1960   жылы   жасалған
болатын.   Одан   бері   ол   өңделіп,   толықтырылып   үшінші   рет
басылды.   Осылардың   өзі-ақ   тыныс   белгілері   мен   оқыту
мәселесінің   жеке   нысан   ретінде   қарастырылмай,   синтаксис
мәселелерімен бірге айтылып жүргендігін байқатады. 
Тұжырымдағанда,   оқушылардың   орфографиялық
сауатты жазу дағдыларын қалыптастыру – өзекті мәселенің
бірі. Өйткені қазіргі мектеп оқушыларын оқыту арқылы тілдік
білімнің әрі оқушылардың лингвистикалық дүниетанымының
қалыптасуына,   әрі   олардың   тәжірибелік   іскерлік-
дағдыларының базасы ретінде қызмет етуіне негіз қалайды.
Мұның   қай-қайсысы   да   тіл   арқылы   баланың   логикалық
5

ойлауын   дамытуға,   қарым-қатынастық   дағдыларын
жетілдіруге,   яғни   сөйлесім   әрекетінің   түрлеріне   қатысты
машықтарын шыңдап, сапалы білім беруге септігін тигізеді. 
Мектептерде     оқушылардың   сауатын   арттыруға   мән
беріледі. Өйткені жазу   -   адамдардың кеңістік пен уақытқа
тәуелді болмай, өмірдің барлық саласында кең түрде қарым-
қатынас   жасауына   мүмкіндік   беретін   құрал.   Жазусыз
мәдениет атаулыны көзге елестету мүмкін емес. Сауаттылық
пен сауатты жазудың қоғамдық мәні зор. Ол адамдардың бір-
бірімен   жазбаша   қарым   –   қатынас   жасауының   ең   тиімді   де
қажетті жолы, ойды нақты да, түсінікті берудің амалы болып
табылады.   Ал   сауатты   жазудың,   яғни   жазу   мәдениетінің
негізі мектептен қаланады. Жазудың маңызы туралы  ғалым
А.Волков мынадай пікір білдіреді: «Письменная словесность –
важнейший   предмет   филологического   исследования,   т.   к.
языковая   культура   сохраняет,   воспроизводится   и
приумножается   главным   образом   в   произведениях
письменности.   В   условиях   современности   проблемы   письма
выходят   далеко   за   рамки   вспомогательных   исторических   и
филологических   дисциплин,   изучающих   письменные
памятники»  [9, 3]. Ал ондай мүмкіндіктің басты жолы – оқыту
үдерісіне   жаңаша   көзқараспен   қарау,   яғни   берілетін   білім
мазмұнын,   оны   жеткізудің   жолдары   мен   әдіс-тәсілдерін,
әдістемесін заман талабына сай құру. «Мектептерге дәстүрлі
әдістер   мен   тәсілдерден   гөрі   тиімділігі   жоғары,   жаңа
сападағы   дидактикалық   құрал   қажет.   Дүние   жүзі   педагог-
ғалымдарының   пайымдауынша,   мұндай   құрал   болып
оқытудың педагогикалық технологиясы болып табылады. Сол
себепті қазіргі кезде білім жүйелерін технологиялық негізде
құру   -   педагогикалық   ғылым   мен   практиканың   жаңа,
болашағы   мол   бағыты   болып   отыр»,   -   дейді   педагогика
ғылымдарының докторы Ж.Қараев [9]. 
Педагогикалық   технологияның   дүние   жүзі   педагог-
ғылымдарының   мақұлдаған   бірден-бір   дидактикалық
құралға   айналуының   басты   себебі,   оның   бағдарланған
нәтижеге   құрылуы   екендігі   даусыз.   Өйткені   игерілген   білім
сапасы   нәтижемен   өлшенетіні   белгілі.   Демек,   мақсат   –
нәтижеге   құрылған   оқыту   технологиясын   оқыту   үдерісіне
енгізу   арқылы   оқушының   орфографиялық   дағдысын   яғни
сауатты жазу мәдениетін қалыптастыру. 
“Тыныс белгілер, пунктуациялар” –айтайын деген ойды
нақтылы,   дәл,   түсінікті   етіп   жеткізу   үшін,   баяндалмақшы
пікірді   айқын   білдіру   үшін   қойылатын   жазуға   тән   шартты
белгі.   Бұл   –   тыныс   белгінің   ең   басты   қасиеті.   Тыныс
6

белгілерін   тіл   білімінде   пунктуация   деп   те   атайды.
Сондықтан сауатты жазудың негізі – емле ережелері. Қазақ
тіліндегі   емле   ережелері   негізінен   бір   ізге   түсіп,
қалыптасқанымен,   әлі   де   қиындық   туғызып   жүрген
мәселелері   аз   емес.   Солардың   бірі   тыныс   белгілерді   дұрыс
қою.   Пунктуациялық   жинақталған   білім   беру   9-сыныпта
қарастырылған, бірақ тыныс белгілер туралы білім мен дағды
бастауыш   мектептен-ақ   берілу   талап   етілгенімен   мектеп
бітірушілердің   жұмысында   тыныс   белгілері   бойынша
кемшіліктер   кездеседі.   Себебі:   біріншіден,   жазу   мен   тыныс
белгілерімен   емлесін   оқытуға   байланысты   арнайы     зерттеу
жұмыстары   және   әдістемелік   құралдар   жоқ.   Екіншіден,
оқулықта берілген ережелер мәселенің табиғатын толық аша
бермейді.   Мысалы,   «біріккен   сөздер   бірігіп   жазылады,   үтір
сөйлем   арасына   қойылады»   деген   ереже   оқушы   үшін
ешқандай   жаңалық   емес.   Үшіншіден,   тыныс   белгілер   мен
емлеге байланысты оқулықта жаттығу өте аз беріледі және
оның   өзі   оқушының   сауаттылығын   қалыптастыратындай
мазмұнда емес. Төртіншіден, мектеп мұғалімдері оқулықпен
шектеліп,   емле   тыныс   белгі   туралы   ғылыми   ізденістерге,
оқытудың   тиімді   жолдарына,   белсенді   әдістеріне   көп   мән
бере бермейді. Сондықтан тыныс белгінің қойылуы бойынша
әлі   де   шешімін   таппаған   мәселелер   аз   емес.   Осымен
байланысты   бұл   еңбектің   өзектілігін   мына   мәселелер
айқындай алады:
-
тыныс   белгіні   оқытуды   ғылым   негіздеріне,   ғылыми
ізденістерге   негіздеу   арқылы   сөздердің   жазылуын   ғылыми-
теориялық негіздерін айқындау;
-
тақырыптың   әдістемелік   негізін   оқытудың   жаңа
технологиясына   негіздеу   арқылы   әр   оқушының   өз
мүмкіншілігіне   қарай   өз   бетімен   жұмыс   істеуіне,   ізденуіне,
сауаттылығының   қалыптасуында   белгілі   бір   нәтижеге
жетуіне, жеке тұлға ретінде қалыптасуына, интелектуалды-
әрекет деңгейінің дамуына мүмкіндік жасау. 
- Пунктуациялық сауатты жазу әдістемесін жасау. 
Бұл  мәселеге байланысты мынадай міндеттер қойылды:
1. Тыныс   белгілердің   ғылыми-теориялық   негіздерін
белгілеу;
2. Пунктуациялық   дағдыларын   қалыптастырудың
мазмұнын, көлемін және оның жүйесін нақтылау;
3. Пунктуациялық   икемділіктері   мен   дағдылар   және
сауатты жазу дағдыларын қалыптастыру. 
4. Оқушылардың   пунктуациялық   икемділіктері   мен
дағдыларын қалыптастырудың әдістемелік жүйесін жасау;
7

Бірінші бөлім
Қазақ пунктуациясы және сауатты жазу дағдыларын
қалыптастырудың ғылыми-теориялық  негіздері
1.1.
Пунктуацияның мектепте оқытылу жүйесі,
мақсаты мен мазмұны 
Жазбаша сөйлеу біріншіден, әріптің, сөздің графикалық
таңбасы   арқылы   іске   асады;   екіншіден,   бұл   графикалық
таңбалар   белгілі   бір   фонемалық,   мағыналық   қасиетке   ие
болады;   үшіншіден,   жазылым   құбылысында   сөйлесім
әрекетінің барлық түрі қатысады; төртіншіден, жазу үстінде
тіл үйренуші адам сөйлемнің мазмұн-мағынасына ғана емес,
қалыбына   (формасына)   да   көңіл   аударуға   мәжбүр   болады;
бесіншіден,   жазылым   қағаз   бетіне   түскен   материалдың
түсінікті, жүйелі болуына тікелей байланысты жүзеге асады. 
Жазу   графикалық  таңбалардың   мағыналық  жүйесі  мен
тізбегі   арқылы   адамдардың   бір-бірімен   қарым-қатынасын
қамтамасыз   етеді.   Жазу   арқылы   адам   айтайын   деген   ойын
қағазға   түсіріп,   екінші   бір   адамға,   жалпы   адамзатқа
жеткізуді   мақсат   тұтады,   яғни   адам   ойын   басқаға   жеткізу
үшін жазуды үйренеді. 
Әдіскерлердің   қалыптасқан   пікірі   бойынша,   жазбаша
сөйлеу үш бөліктен құралуы тиіс. Олар:
-
себеп-салдарлық;
-
аналитико-синтетикалық;
-
орындалымдық. 
Яғни   жазу   әрекеті,   біріншіден,   белгілі   бір   ақпаратты
екінші   адамға   жеткізудің   нәтижесі   ретінде   санада   пайда
болып, алдымен оның себебі анықталады. 
Екіншіден,   аналитико-синтетикалық   кезеңде   сөйлем
құрылымы   жасалады,   сөздер   бір-бірімен   тіркеске   түседі,
сөздің   қызметі   мен   орны   белгіленеді,   санада   сөйлеу
әрекетінің болжамдық жоспары жасалады. 
Үшіншіден, графикалық таңбалар арқылы жазбаша мәтін
(текст)   пайда   болып,   жазу   орындалады.   Сондықтан   тілдік
қатысымға   байланысты   жазылым   бірнеше   құрылымдық
кезеңнен тұрады да, көп салалы болды:
1) қажеттіліктен пайда болатын себеп;
2) себептің ойда, санада бейнеленуі;
8

3) ойдың сөз арқылы тізбектелуі;
4) сөздің графикалық әріптермен таңбалануы;
5) жазудың   екінші   адамға   түсінікті   болып,   берілген
хабарды жаткізудің орындалуы. 
Себептік кезеңде адам жазумен шұғылдану үшін белгілі
бір себеп-салдар пайда болып, соның әсерінен ойын қағазға
түсіруді   ойлап,   оны   іске   асырғысы   келеді.   Адам   өмірде
кездесетін әр түрлі деректі, ақпаратты басқа біреуге жеткізу
қажеттілігінен   жазғысы   келеді;   бірдеңені   айтуды,   жазуды
қалайды,   сол   арқылы   адамдар   арасындағы   қарым-
қатынастың алғышарттары жасалады. 
Екінші кезеңде  жаңағы өмірден  туған  қажеттілік, яғни
белгілі   бір   хабар   миға   ауысады,   адамның   санасында
бейнеленеді, ой туғызады. 
Үшінші   кезеңде   адам   санасындағы   қалыптасқан   ой
сөзге, сөйлемге айналады. Сол ойды дұрыс жеткізу үшін тіл
үйренуші тиімді сөздерді іздейді, айтқысы келетін хабардың
ең   басты   мәнін   дәл,   нақты   жеткізу   негізінде,   сөздердің
мағынасын ойластырады. 
Төртінші кезеңде ойда жинақталған сөздер графикалық
таңбалар   арқылы   тізбектеліп,   белгілі   бір   ереже
заңдылығымен қағазға түсіп, жазуға айналады. Ол жазудың
үлгісімен   ғана   емес,   білдіретін   мазмұндық   сипатымен   де
ерекшеленеді. 
Бесінші   кезеңде   қағазға   түскен   сөйлемдер   тұтас
жүйесімен,   белгілі   бір   хабардың   толық   мазмұнын   оқушыға
жеткізеді.   Ал   мазмұнның   жеткізілуі   мәтіннің   сауатты
жазылуына     байланысты.   Сауатты   жазу   пунктуациялық
норманы,   ал   пунктуация   орфография   ережелерін   негізге
алады.   Сондықтан   жазудың   лингвистикалық   ерекшелігі
әріптік   таңбадан   бастап   алфавитке   дейінгі   жазуды,   тілдің
дыбыстық   жүйесін,   олардың   жазылу   ережесін,   жазбаша
сөйлеу үлгілерін қамтиды. 
Жазылымның   лингвистикалық   мазмұнын   белгілейтін
мәселелер мыналар:
1. Графика;
2. Орфография;
3.
Жазбаша  сөйлеу әрекеті. 
Бұл салада үйретілетін ең басты мәселе – жазылымның
графикасы.   Графика,   яғни   жазу   таңбалары   –   жазу   үшін
қолданылатын   барлық   әріптердің   таңбалық   жиынтығы.
Әріптік   таңбалар   екі   түрде   жазылады:   баспа   түрінде   және
қолжазба түрінде. Әрбір әріп бас әріп және кіші әріп болып
таңбаланады.   Барлық   әріптердің   жүйелік   жиынтығы   тілдің
9

алфавитін   құрайды.   Қазақ   тілі   графикасының   ерекшелігі   -
әріптер   қалай   жазылса,   солай   оқылады   және   басқа   тілден
енген   дифтонг   (қосарланған)   дыбыстардан   басқалары
құрамына қарай бір таңба бір әріпті білдіреді де, бір әріп бір
дыбысты көрсетеді. 
Жазуды меңгерудегі маңызды мәселе – орфография мен
пунктуация.   Ол   –   белгілі  бір   сөзді   әріптік   таңбалар   арқылы
дұрыс жаза білудің ережесі. Мұндай ережені оқытпай тұрып,
жазуды да, тілді де сауатты меңгеру мүмкін емес. Сондай-ақ
сауатты   жазудың   негізі     -     пунктуация.   Мәселен,   жалпы
орфографиялық білім екі саланы қамтиды:
1.   Жеке   лексикалық   бірліктерді   сөздерді   дұрыс   жаза
білу ережесін;
2. Грамматикалық заңдылықтарды білу арқылы тіркесті,
сөйлемдерді байланыстырып, дұрыс жазып, тыныс белгілерді
орынды қоя білу. 
Жазбаша   сөйлеу   –   лингвистикалық   ерекшеліктерді
толық   меңгерудің   көрінісі   және   ең   күрделі   тілдік   құбылыс.
Жазбаша   сөйлеу   дегеніміз-оқушының   айтар   ойын   басынан
аяғына   дейін   толық  жаза   білуі,   көзқарасын,   пікірін   қағазға
түсіріп,   жеткізу.   Мәселен,   оған     диктант   жазу,   пікір   жазу,
түсініктеме, қатынас қағаз, реферат, мазмұндама, шығарма
т.б.   жазу   жатады.   Мұнда   сөздер   мен   сөз   тіркестері,
сөйлемдер   бір-бірімен   байланысты   болады.   Ойдың   жүйесі
үзілмей,   келесі   сөйлемдерде   жалғасып,   толығып   отырады.
Сол   себепті   жазба   материалдар   тұтас   бүтіндігімен,
мазмұндылығымен басқа адамдарға түсінікті болып түзіледі. 
Жазбаша   сөйлеудің   психологиялық   ерекшелігі   –
жазбаша   тапсырмаларды   дұрыс   пайымдап,   логикалық
жағынан   меңгеру   және   графикалық,   орфографиялық
дағдылар   мен   шеберлікті   қалыптастыру.   Сонымен   қатар
жазба   жұмысы   тіл   үйренушінің   ойлау   жүйесін   тиімді,   есте
сақтауға жеңіл болуға тиіс. Мәселен, сөздер мен тіркестерді
дұрыс байланыстырып жазу, әңгіменің жоспарын құрап жазу,
сұраққа   қысқаша   жауап   жазу   т.б.   Ең   бастысы,   берілетін
тапсырмалар   тілдік   қарым-қатынаста   ұтымды   болуды
ойластырады.   Сондықтан   жазудың   әдістемелік  ерекшелігі  –
графика   мен   орфографияны,   жазу   мен   жазбаша   сөйлеуді
жетік білудің, үйренудің амалдары мен жолдарын   іздестіре
отырып жаттықтыру, оқыту. 
Жазбаша   сөйлеудің   өзгешелігі:   бір   қарағанда
қатысымдық   байланыс   жоқ   сияқты   болып   көрінуі   мүмкін.
Өйткені сөйлеуші білгенін қағазға түсіреді, бірақ онда екінші
адаммен   тікелей   қатысым   іске   аспайды.   Жазылымның
10

қиындығы   да   осында:   жазу   үстінде   адам   ойын   тиянақты,
жүйелі,   бас-аяғын   түгендеп,   басқа   біреуге   ұғынықты
болатындай   етіп,   екінші   адамға   ыңғайлап   жазады,   тілдік
қарым-қатынастың   жазбаша   түріне   бейімдеп   орындайды.
Тұжырымдап   айтқанда,   жазу   оны   жазған   адамның
ыңғайынан гөрі, жазуды оқитын, қабылдайтын басқа екінші
біреудің   ыңғайына   қарай,   екінші   адамның   талап-тілегін
ескеріп,   сол   үшін   жазылады.   Ол   үшін   жазуды   сауатты
орындау талабы қойылады. 
Қазақ тілін сауатты үйрету үшін, игерілетін дағдыларды
қалыптастыратын   жазба   жұмыстары   жүргізіледі.   Мұндай
жазба жұмыстарына жататындар:
1. Жазбаша жаттығулар;
2. Мәтіндер құрастыру;
3.
Диктант, мазмұндама, шығарма т.б. 
Оқытудың   жүйелі   және   парасатты   ұйымдастырылуы
қажеттігіне, нендей материалды қалай оқытатындығын күн
ілгері   жоспарлап,   оны   оқушыға   қалай   игерту   әдістерін
белгілеуге   мұғалімнің   жауапкершілікпен   қарау   керектігін
Ы.Алтынсарин баса көрсетеді: «Оқушылардың түсінбеушілігін
оқытушылардың   өз   кінәсі   деп   білмей,   оқушылардың   оқуға
зер   салмайтындығынан   немесе   топастығынан   деп   білетін
мұндай   оқытушылардың   қатты   адасатыны   айтпай-ақ
түсінікті. Менің тәжірибемде мұндай оқытушылар педагогтар
ұсынып   отырған   оқу   құралдарымен   еш   уақытта   дұрыс
танысып   алмайды,   олардың   ешбіреуін   аяғына   дейін   оқып
шықпайды,   оқушылардың   жалпы   мінез-құлқына,   ақыл-
парасатына,   онымен   қатар,   орыс   балаларына   қарағанда,
қазақ   балаларының   ана   тілінде   өзгешеліктер   болатынына,
ана тілінің басқалығына зер салмайды, осылардың бәрін еске
ала   отырып,   шындап   еңбек   сіңірмейді.   Мұның   аяғы
балаларды   басы   да   жоқ,   аяғы   да   жоқ   бірдемеге,   ешбір
тәртіпсіз   оқытуға   әкеліп   соғады»,   -дей   отырып,   бұл   пікірін
педагогикалық  тұрғыда   былайша  жалғастыра   түседі:   «егер
балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды
кінәлауға   тиіс   емес,   оларға   түсіндіре   алмай   отырған   өзін
кінәлауға   тиіс.   Ол   –   балалармен   сөйлескенде   ашуланбай,
жұмсақ сөйлесуі, шыдамдылық етуі керек: әрбір нәрсені де
ықыласпен   түсінікті   етіп   түсіндіру   керек;   мәнерлі   сөз,
орынсыз   терминдерді   қолданбау   керек,   мұндай   сөздер
оқушыларға   ғана   түсініксіз   болып   қоймайды,   басқа   тыңдап
отырған адамдардың құлағына да жақпайды» [11, 2].   
11

Бұл   міндеттерді   орындау   үшін   ең   алдымен,
оқушылардың сауаттылығын арттыру мәселесі қойылады. Ал
бұл талап пунктуацияны оқытумен байланысты. 
Өйткені   «тыныс   белгілері,   пунктуациялар   -     айтайын
деген   ойды   нақтылы,   дәл,   түсінікті   етіп   жеткізу   үшін,
баяндалмақшы пікірді айқын білдіру үшін қойылатын жазуға
тән шартты белгі», - деп қарастырылған [12, 412]. 
Тыныс белгілері (пунктуациялар) – айтайын деген ойды
нақтылы,   дәл,   түсінікті   етіп   жеткізу   мен   баяндалмақшы
пікірді   айқын   білдіру   үшін   қойылатын   жазуға   тән   шартты
белгі.   Бұл   –   тыныс   белгілерінің       ең   басты   қасиеті.   Тыныс
белгілерін     -   тіл   білімінде   пунктуация   деп   те   атайды.   Ол
жазумен   байланысты   қалыптасты,   дамыды,   жетілді.   Тыныс
белгі     сөз   тіркестері   мен   сөйлемдерді   айтқанда,   немесе
оқығанда   тілде   байқалатын   кідірісті   де,   дауыста
аңғарылатын   әркелкі   құбылысты   да   білдіреді.   Бұл   –   тыныс
белгілернің  көмекші қасиеті. Жазба тілде болсын, сондай-ақ
ауызекі   тілде   болсын   тыныс   белгілерін     дұрыс   қолдана
білудің   үлкен   мәні   бар.   Тыныс   белгісі     мүлде   қойылмаған
немесе   дұрыс   қойылмаған   сөйлемді   түсінікті   етіп   оқу   да,
мағынасын   түсіне   білу   де   қиын,   ондай   ой   күңгірттеніп,   екі
ұшты болып, тіпті сөйлем құрамындағы сөздер синтаксистік
қызметі   жағынан   өзгеріске   түсуі   де   мүмкін.   Мысалы,   Бұл
келген - сол Есіл бойындағы Қарасарт аулының жиені Жүсіп
баласы Қожаш (С. К. ). Бұл сөйлемге қатысты тыныс белгілері
дұрыс   қойылған.     Егер   Жүсіп   баласы   Қожаш   дегеннен   соң
нүкте   қойылмаса,   сөйлем   аяқталмағандай   болып,   оның   ар
жағында   сөз   жалғасы   бардай   болып   көрінеді.   Сондай-ақ
есімше   тұлғалы  келген  сөзінен   соң   сызықша   қойылмаса,
келген  сөзі   бастауыш   қызметін   емес,   өзге   мүше   қызметін
атқарған болар еді де, нәтижесінде сөйлемде берілетін ойға
нұқсан келер еді. 
Тыныс белгілерін дұрыс қою үшін үш түрлі белгі негізге
алынады:   сөйлемнің  синтаксистік   ерекшелігі,   сөйлемнің
мағынасы, сөйлемнің интонациясы.  Құрамына қарай сөйлем,
негізінен,   жай  және  құрмалас  сөйлем  болып  екіге  бөлінеді.
Бұлардың   өзі   іштей   мағынасына,   айтылу   сазына,
құрамындағы жай сөйлемдердің тиянақтылық, тиянақсыздық
қасиеттеріне,   жасалу   жолдарына   қарай   бірнеше   түрге
бөлінеді.   Міне,   осымен   байланысты   сөйлемнің
ерекшеліктеріне, қолданылу сипатына қарай әр түрлі тыныс
белгілері  қойылады. Хабарлы сөйлемнен соң (жай, құрмалас,
толымды,   толымсыз,   жақты,  жақсыз  сөйлемдер т.б.   )  нүкте
(.   )   қойылады.   Сұраулы   сөйлемнен   соң   сұрау   (?),   лепті
12

сөйлемнен   соң   леп   белгісі   (!)   қойылады.   Оңашаланған
мүшелер, оқшау сөздер (қаратпа, қыстырма, одағай) сөйлем
құрамындағы   өзге   мүшелерден,   негізінен,   үтір,   сызықша
арқылы ажыратылады. Сондай-ақ жалпылауыш сөз сөйлемнің
біріңғай мүшелерінен бұрын келсе, жалпылауыш сөзден соң
қос   нүкте   қойылады   да,   ол   керісінше   келетін   болса,
жалпылауыш сөздің алдынан сызықша қойылады. 
Тыныс   белгілерінің   дұрыс   қойылуы   сөйлемдегі   кейбір
сөздердің,   сөйлемнің   мағынасына   тікелей   байланысты.
Мысалы, Мен оның сөзінен байқаймын деген сөйлемді Мәлғұн
шалдың сөздері, байқаймын, Пугачевты ойландырған сияқты
(Пушкин)  деген   сөйлеммен   салыстыратын   болсақ,   бірінші
сөйлемдегі   байқаймын   сөзі,   аңғарамын,   білемін   деген
мағынада жұмсалып, белгілі бір сөйлем мүшесі (баяндауыш)
қызметін   атқарып   тұрса,   екінші   сөйлемдегі   байқаймын
сөзінде   ондай   қасиет   жоқ.   Бұл   -  меніңше,   байқауымша,
тәрізді мәнде қолданылып, оқшау сөздің бірі – қыстырма  сөз
қызметінде   жұмсалып   тұр,   сондықтан   оның   екі   жағынан
бірдей   үтір   қойылады.   Сондай-ақ   көп   нүкте,   тырнақша,
жақша, сұрау, леп белгілері сөйлемнің мағынасына қарай да
қойылады. 
Тыныс   белгілерін     дұрыс   қою   интонациямен   тікелей
байланысты.   Мысалы,   жай,   құрмалас,   сұраулы,   лепті
сөйлемдерге   байланысты   қойылатын   тыныс   белгілері
интонацияға   негізделеді.   Бастауыштан   кейін   қойылатын
сызықшада   интонацияның   ролі   айрықша   көрінеді.   Мысалы,
Еменнің   иілгені   –   сынғаны.   Көптің   ісі   –   көл  (мақал).  Ол   -
Әбіштің   туған   елінде,   аулында   ешкімге   айтпаған,   аша
алмаған   сыры   (М.   Ә.   ).   Бірінші,   екінші   сөйлемдердегі
сызықшылар бастауыш та, баяндауыш та зат есімнен немесе
заттанған   есімшеден   болғандықтан   қойылып   тұрса,   үшінші
сөйлемдегі   сызықша   сілтеу   есімдігінен   болған   бастауыш
анықтауышқа ұқсап кетпес үшін қойылып тұр. 
Қазақ   пунктуациясы   –   қазақ   тыныс   белгілері   жөніндегі
ережелердің   жиынтығы.   Ол   –   тыныс   белгілерінің   түрлерін
және олардың әрқайсысының қызметін қарастырады. 
Қазақ   пунктуациясы   грамматикаға,   мағынаға   және
интонацияға негізделеді, екінші сөзбен айтқанда, сөйлемнің
грамматикалық   құрылысына,   мағынасына,   интонациясына
қарап қойылады. 
Қазақ   пунктуациясының   негізгі   қызметі   –   тілдің   ішкі
заңдылықтарына   сүйеніп,   сөйлесімді   сөйлемдерге,
сөйлемдерді   белгілі   бір   бөліктерге   бөліп,   ажыратып,   жазу
және   оларды   дұрыс,   мәнерлеп,   нақышына   келтіріп,   оқуға,
13

сонымен   бірге   жазылған   ойды   я   оның   бөлшектерін   дұрыс
түсінуге   мүмкіндік   жасау.   Мәселен,   нүкте   сөйлеуді
сөйлемдерге   саралайды   да,   аяқталған   жай   немесе   күрделі
ойды білдіреді. Мәселен, егер бір мәтінді алып, төмендегідей
сөйлемдердің   ара   жігін   ажыратпай   жазсақ,   оқушылар   оны
оқығанда, қатты қиналып, тіпті оның мағынасына да түсінбей
қалуы ықтимал: Күн салбырап еңкейген күзге салымғы жылы
күн   азырақ   салқын   тартқан   орман   ағаштарының   сарғайған
және   қызарған   жапырақтары   еңкейген   қызыл   күннің
құлпырып   шашыраған   алтын   шұғыласымен   шағылысады
маңайда Хамиттан басқа адам жоқ.  (С. Сейфуллин). Ал осы
мәтінде   Сәкенше   төрт   сөйлем   етіп,   араларына   тыныс
белгілерін қойып төмендегіше жазсақ, ол мәтінді де, ондағы
сөйлемдерді   де   оқушылар   қиналмай,   мәнерлеп,   дұрыс   оқи
алады   және   әр   сөйлемнің   мағынасына   саналы   түсінеді,
өйткені тыныс белгілерінің сөйлемдерді, олардың мағынасын
саналы түсінуге жәрдемі тиеді:
Күн   салбырап   еңкейген.   Күзге   салымғы   жылы   күн
азырақ салқын тартқан. Орман ағаштарының сарғайған және
қызарған   жапырақтары   еңкейген   қызыл   күннің   құлпырып
шашыраған   алтын   шұғыласымен   шағылысады.   Маңайда
Хамиттан басқа адам жоқ. (С. Сейфуллин). 
Үтір   құрмалас   сөйлемнің   бөліктерінің,   сонымен   бірге
біріңғай сөйлем мүшелерінің арасына қойылады. Сол арқылы
ол   құрмалас   сөйлемнің   жай   сөйлемдерін   және   біріңғай
сөйлем   мүшелерін   іштей   ажыратады   да,   олардың   арасына
кідіріс жасап (пауза қойып) оқу керектілігін аңғартады. Егер
біз   үтірдің   қызметін   елемей,   сөйлемді   іштей   ажыратып
жазбасақ,   оны   дұрыс   оқи   алмас   та   едік,   әрі   жазушының
айтайын   деген   ойын   өз   мәнінде   түсінбеген   де   болар   едік.
Мысалы,  Біздің   қазақтың   достығы,   дұшпандығы,   мақтаны,
мықтылығы,   мал   іздеуі,   өнер   іздеуі,   жұрт   тануы   ешбір
халыққа   ұқсамайды.   Бірімізді   біріміз   аңдып,   жаулап,   ұрлап,
кірпік қақтырмай отырғанымыз. Үш миллионнан халқы артық
дүниеде   бір   қала   да   бар,   дүниенің   бас-аяғын   үш   айналып
көрген   кісі   толып   жатыр,   деген   Абай   сөздеріндегі   біріңғай
мүшелер мен сөйлем құрылымдарынан кейін үтір қоймасақ,
ақын   жазғаннан   дұрыс   оқуға,   ақын   ойын   дұрыс   түсінуге
нұқсан келер еді. 
Сонымен,   бұл   келтірілген   деректер   қазақ   тыныс
белгілерінің   сөйлемнің   грамматикалық   құрылысына   қарап
қойылатынын дәлелдейді. Сондықтан   ол С. И. Абакумовтың
пунктуациясының   негізгі   қызметі   жайындағы   пікірінің
дұрыстығына   айғақ   болады:   “Основное   назначение
14

пунктуации заключается в том, чтобы указывать расчленение
речи  на части, имеющие значение для выражения мысли при
письме [13,37]. 
Қазақ   тыныс   белгілері   тек   қана   грамматикалық
құбылысты   аңғартып   қоймайды,   сонымен   бірге   сөйлемнің
мағынасын да білдіреді... Мәселен,  Мен өзім тірі болсам да,
анық тірі де емеспін, әншейін осылардың ызасынан ба? Өзіме
өзім   ыза   болғанымнан   ба?   Бір   бөтен   себептен   бе?  (Абай)
деген   сөйлемдерде   сұрақ   белгілері   сол   сөйлемдердің   ара
жігін   ашып   тұрған   жоқ,   сонымен   бірге   олардың   сұраулық
мағынаны   білдіретінін   байқатады.   Осы   сияқты   көтеріңкі
белгісі   де   сөйлемнің   аяқталған   ойды   білдіретінін   және   ол
сөйлемнің     леп   мағынасы   барын   аңғартады.   Ал   құрмалас
сөйлемнің арасына қойылатын қос нүкте оның жалғаулықсыз
себепті   салалас   немесе     іліктес   салалас   екенін,   көп   нүкте
сөйлемде   айтылуға   тиісті   ойдың   аяқталмай   қалғанын
білдіреді.   Бұл   тәрізді   деректер   қазақ   пунктуациясының
сөйлемнің   мағына-мәніне   қарай   та   қойылатынын
айқындайды. 
Қазақ тыныс белгілері   сөйлемнің интонациясына қарап
(негізделіп) те  қойылады.   Мәселен,  соңына нүкте   қойылған
сөйлем   еш   уақытта   көтеріңкі   дауыспен   (интонациямен)
оқылмайды. Керісінше, сұраулы, лепті сөйлемдерді оқығанда,
дауыс   көтеріңкі   айтылады.   Ал   тек   қана   интонация   арқылы
жасалынатын   сұраулы   сөйлемдер  (Ертеңен   бастап   оқу
тәжірбиесінде боласыңдар. - Ертеңнен бастап? деген сияқты
сөйлемнің   пунктуациясы   интонациясына   қарап   қойылатын
байқатады және оған дәлел бола алады. 
Бастауыштан   соң   қойылатын   сызықша   да
пунктуацияның   интонацияға   сүйенетінін   аңғарта   алатын
тәрізді. Мысалы,  Ол –елден келді  деген сөйлемде  ол  сөзінен
соң   сызықша   қойып   жазсақ,   біреудің   (бір   кісінің)   елден
келгенін   білеміз.   Мұндай   жағдайда  ол  сөзі   сөйлемде
бастауыш   қызметін   атқарады   да   “кім”   ?   сұрауына   жауап
болады.   Сөйлемді   оқығанда,  ол  сөзінен   кейін   пауза
жасалынады,  ол  сөзі ерекше интонациямен айтылады. Егер
сол   сөйлемдегі   “ол”  сілтеу   есімдігінен   кейін   сызықша
қойылып   жазылмаса,   сөйлемді   оқығанда   “ол”    сөзі
ерекшеленбейді.   Мұндай   жағдайда   сөйлемдегі     ол   біреудің
сөйлеушіге    я     жазушыға   ғана   белгілі  бір   елден   келгендігі
жайлы айтылады және ол сөзі   бұл сөйлемде  қай?  сұрауына
жауап болып, анықтауыш қызметін атқарады. Бұл да кейбір
жағдайда
 
қазақ
 
пунктуациясының
 
интонацияға
негізделетінін және  сөйлемдегі сөздерді өз интонациясымен
15

оқуға көрсеткіш бола алатынын байқатады. Сөйтсе де қазақ
пунктуациясы тек қана интонация мен паузаға байланысты
деп   қарауға   да,   түсінуге   де   болмайды.   Себебі   тілімізде
ерекше     интонациямен   айтылатын   сөздерден   соң   ешбір
тыныс   белгі   қойылмай   жазылатын   сөйлемдер   де   бар.
Бұлардың   қатарына   үйірлі   мүшелі   сөйлемдерді     және
шылаумен   байланысқан   ыңғайлас   салалас   сөйлемдерді
атауға   болады.   Үйірлі   бастауыш   сөйлемде:  Әкесі   шаңғы
әперген   бала   тым   қуанышты.  
 Бұл   сөйлемдегі   үйірлі
бастауыш   -әкесі   шаңғы   әперген   бала.  Интонация   үйірлі
бастауышқа   түсіп,   үйірлі   бастауыштан   соң   пауза   қойылып
айтылады,   ал   жазғанда,   одан   кейін   ешбір   тыныс   белгісін
қоймай   жазамыз.   Осы   сияқты   үйірлі   анықтауышты,   үйірлі
толықтауышты,   үйірлі   пысықтауышты   сөйлемдерде
интонация   сол   мүшелерге     түсіп   айтылғанымен,   жазғанда,
олардан соң ешбір тыныс белгісі қойылмайды. 
Өлеңді сөйлемдерде инверсия жасалатындықтан, кейбір
синтагмадан   кейін   пауза   қойылып   айтылады.   Ал   жазғанда,
пауза   жасалған   сөздерден   кейін   немесе   ерекше
интоноциямен айтылған сөздерден  соң ешбір тыныс белгісі
қойылмай жазылады. 
Міне,   мұндай   тілдік   деректер   пунктуация   мен
интонацияның   жаратылысының   және   атқаратын   қызметінің
бір   еместігін   дәлелдейді.   Пунктуация   жазу   мәдениетін
көтерсе,   интонация   оқу,   сөйлеу   мәдениетін   арттырады;
пунктуация   жазу   арқылы   ой   білдірудің   құралы   болса,
интонация – ауызекі тілде ой білдірудің құралы. Пунктуация
мен   интонацияның   осындай   ерекшелігін   алғаш   көрсеткен
професор С. И. Абакумов былай деп жазған еді: «Интонация и
пунктуация – это как бы две сестры, дочери одного и того же
отца   –   смысла   речи.   Но   надо   сказать,   что   эти   два
равноправных средства выражения не равнозначны» [13,31]. 
Ескере   кететін   бір   жай:   жалпы   қазақ   пунктуациясы
мағынаға,   грамматикаға   және   интонацияға   негізделетінін
талассыз   мойындап   және   сол   пікірді   көптеген   тілдік
деректермен дәлелдегенімізбен, белгілі бір тыныс белгісі тек
қана грамматикаға, мағынаға, жалаң интонация мен паузаға
негізделіп қойылады деген тұжырым да түгел емес. Белгілі
бір   тыныс   белгісінің   грамматикаға   я   мағынаға,   яки
интонацияға,   әйтеуір   осы   үшеуінің   біреуін   басымырақ
таяныш   етіп   барып   жазылуы   ықтимал.     Алайда   соның   өзі
аздап   болса   да   басқалармен   байланысты   болмай   тұра
алмайды.   Мәселен,   сызықша   интонацияға   негізделе
қойылады   дегенімізбен,   оның   грамматикамен   тығыз
16

байланыстылығын   жоққа   шығара   алмаймыз.   Өйткені
сөйлемде   ерекше     интонациямен   айтылған   сөзден   соң
талғаусыз   сызықша   қоя   бермейміз:   тек   қана   белгілі   бір
грамматиканың   заңдылығына   (ережелеріне)   сүйеніп   қана
сөйлемдегі белгілі бір сөзден кейін я алдына сызықша қойып
жазамыз. Олай болса, жоғарыда белгілі бір тыныс белгілері
грамматикаға   негізделіп   жазылады   дегенде,   олардың
мағына   мен   интонацияға   ешбір   қатысы,   байланысы   жоқ
деген ұғым тумауы тиіс. Керісінше, белгілі бір тыныс белгісі
интонацияға   негізделеді   дегенде,     оны   мағына   мен
граммтикадан тыс деп қарамағанымыз жөн. Мұның өзі тыныс
белгілерін  қоюда  диалектикалық заңдылықтың басшылыққа
алынатынын дәлелдейді. 
Тұжырымдағанда,   қазақ   пунктуациясы   мағынаға,
грамматикаға   және   ішінара   интонацияға   негізделеді.   Бұл
жағдайда қазақ тыныс белгілерінің бір мағынаны білдіруіне
және белгілі бір қызмет атқаруына тірек бола алады. 


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет