Бақылау сұрақтары: 1. Хордалылар типіне жалпы сипаттама беріңіз.
2.Ланцетниктер класына нелер жатады?
3.Балықтар класына шолу жасаңыз.
4.Кластың тіршілік ету ортасына байланысты сыртқы және ішкі құрылысының, қимылының ерекшіліктерін түсіндіріңіз.
5.Жүйке жүйесі және сезім мүшелеріне тоқталыңыз.
6.Көбеюі мен дамуы туралы түсіндіріңіз.
7.Қос мекенділердің алуан түрлілігі туралы шығарма жазыңыз.
8. Кластың тіршілік ортасы, құрылысы, көбеюі туралы «Венн диаграммасы» арқылы салыстырыңыз.
9.Кластың алуан түрлілігі, олардың практикалық маңызы туралы әңгімелеңіз.
10.Шығу тегі мен экологиясы туралы түсіндіріңіз.
Лекция № 21-22 Тақырыбы: Құстар және сүтқоректілер класына сипаттама Жоспары: 1.Құстар класына жалпы сипаттама
5. Сүтқоректілер класына жалпы сипаттамасы
1.Құстар жоғарғы сатыдағы омыртқалылардың ұшуға бейімделген ерекше маманданған бұтағы деуге болады. Құстар генетикалық жағынан рептилилерге жақын, оның прогрессивті бұтағы. Құстарды рептилилерден ажыратуға болатын белгілері:
а) құстардың орталық нерв системалары жақсы жетілген, сондықтан олар әр түрлі жағдайларға бейімделіп, мінез-қылықтарын өзгертеді.
б) денесінде зат алмасу процесінің жылдамдығы мен дене жылуының реттелуінің дұрыс болуына байланысты температураның жоғарғы және тұрақты болуына әкеліп соққан.
в) ауа кеңістігінде ұшу қабілеті көпшілігінің қозғалу, не өрмелеу қабілетін жоймаған.
г) көбеюі біршама жетілген (жұмыртқаларын басуы және балапандарын қоректендіруі).
Қазіргі уақытта құстардың 31 отрядқа топтасатын 8000 аса түрі бар. Құстар морфологиялық жағынан денесінің қауырсынмен қапталуымен алдыңғы аяқтарының қанатқа айналғанымен, сүйектерінің ішінде қуыс болумен, ми сауытының шүйдесінің болуымен жүрегінің төрт камералы оның оң жағында бір ғана орта доғасының болуымен сипатталады. Құстардың тісі болмайды, олардың қызметін мүйізді тұмсықтары атқарады.
Құстардың дене құрылысы. Тері жамылғысы және оның туындылары.
Құстардың терісі жұқа, оның сыртқы эпидермис қабаты нашар жетілген. Тері қабатында ешқандай бездері және сүйекті туындылары болмайды, тек қана құйрық түбірінің үстіңгі жағында құйымшақ безі болады. Оның шығарған секрет заттары қауырсындарды майлап, оған су жұқпайтын етеді. Құйымшақ безі су құстарында жақсы дамыған, құрлықта тіршілік ететін құстарда болмайды.
Құстардың көпшілік түрлерінің денесі бір тегіс қауырсынмен қапталып тұрмайды. Қауырсыны бар жерін птерилия, ал денесінің қауырсыны жоқ жерін немесе сирек кездесетін жерін аптерия деп атайды. Құс қауырсындары құрылысына және атқаратын қызметіне қарай түрліше болады. Денесінің сыртын қалыпты қауырсын жауып тұрады. Ол негізгі қаламнан және оның екі жағында симметриялы орналасқан азды-көпті пластинка опахаладан тұрады. Қауырсынның теріге еніп тұратын бөлімін қалам қауырсын дейді. Қауырсын сабағының жоғарғы пәр бекіген бөлімі сабағы деп аталады. Пәр ұзын бірінші дәрежедегі мұртшалардан және оған орнаған кішкене екінші дәрежедегі мұртшалардан қалыптасады. Екінші дәрежедегі кіші мұртшалардың ұсақ, көптеген ілмешектері болады. Осы ілмешектер өзара байланысып бір серіппелі тақташа желпеуіш құрайды.
Қауырсындарды орналасу жеріне қарай бірнеше топтарға бөледі. Мысалы, екі қанатының артқы жиектеріне орналасқан ұзын қауырсындарды - қақпа қауырсындар, құйрығындағы ұзын қанаттарын бағыттаушы қауырсындар қанатының үстін жауып жататын қауырсындарды - қанат үстін жабушы, құйрық үсті қауырсындар деп аталады.
Қалыпты қауырсындардың астыңғы жағында ұсақ - мамық қауырсындар орналасады. Кейбір мамық қауырсындардың сабағы ете жіңішке болады, сондықтан мұртшалары сабақтың жоғарғы жағында бір шоқ болып орналасады. Мұндай мамық қауырсындарды - нағыз мамық қауырсындар деп атайды. Мамық қауырсындардың арасында, мұртшалары жоқ жіпше тәрізді қауырсындар да кездеседі. Қауырсындары үздіксіз түлеп отырады. Көпшілік құстар жылына 1-3 ке дейін түлейді.
Ет системасы. Құстардың бұлшық еттері олардың тіршілік әрекетіне байланысты бірнеше ерекшелігімен сипатталады. Біріншіден балықтарға, амфибийлерге және рептилилерге қарағанда құстардың бұлшық еттері біршама жіктеліп барып күрделенеді. Ол ұшу көзіндегі күрделі қозғалысқа жүруге, өрмелеуге, тамағын табуға мүмкіндік береді. Екіншіден аяқтарын қозғалуға икемделген көлемді бұлшық еттер дене скелетіне орналасып, екінші сіңір ұштарымен аяқтарға бекінген. Үшіншіден, негізгі қимылын қанаттары атқаратын болғандықтан, қанаттарын қозғалатын ірі бұлшықеттер денесінің арқа жағына орналаспай, қанаттарды қозғайтындай болып көкірек бөліміне, төс сүйегінің екі жағына орналасқан. Артқы аяқтарын қозғайтын 35-ке жуық күрделі бұлшық еттері болады.
Скелетінің ұшуға бейімделуіне және құрлықта жүруіне байланысты өзіндік ерекшеліктері бар: біріншіден алдыңғы аяқтарының, иық және жамбас белдеуінің өзіндік өзгерісінің болуы; екіншіден, барлық скелетінің жеңіл, әрі мықты болуы. Сүйектерінің жеңіл болуы көптеген сүйектерінде қуыстың болуынан, ал беріктігі даму кезеңінің ерте мерзімінде бірқатар сүйектерінің жымдасып, бірігіп кетуінен болады. Тіпті ересек құстардан сүйектерінің жігін байқау мүмкін емес.
Омыртқа жотасы - мойын, кеуде, бел, сегізкөз және құйымшақ-құйрық белімдерінен қалыптасады. Бел омыртқалары ересек құстарда күрделі құрылысты сегізкөз құрамына енеді. Бас күрделі қимылдар жасайтындықтан мойын омыртқалары ұзын және тез қозғала алады. Құстардың мойын омыртқаларын гетероцельдік омыртқалар деп атайды. Себебі, мойын омыртқалары бір-біріне ер сияқты жалғасады. Мұның өзі олардың тез қимыл жасауын қамтамасыз етеді. Құстардың мойын омыртқаларының саны 11-ден 25-ке дейін болады. Бас сүйегімен жалғасатын алғашқы екі омыртқасы амниоттардың омыртқаларының құрылысына ұқсас болып келеді, оларды атлант және эпистрофей деп атайды.
Кеуде омыртқалары (3-10) бір-бірімен сегіз және құйымшақ омыртқаларымен бірігіп кеткен. Оларда болатын қабырғалар төс сүйегіне қозғалмалы болып бекіген. Қабырға көкірек және арқа бөлімдері болып екі бөліктен тұрады. Олардың қосылған жері, қозғалмалы бекініп, денесінің артына қарай сүйір бұрыш жасайды. Қабырғалардың мұндай құрылыста болуы арнаулы бұлшықеттерінің жиырылуының нәтижесінде төс сүйегін омыртқа жотасына бірде жақындатып немесе қашықтатып отырады. Соның нәтижесінде көкірек көлемі өзгеріп отырады, мұның тыныс алуда маңызы зор.
Бел омыртқалары өзара бір-бірімен, мықын сүйектерімен және сегізкөз омыртқаларымен тұтасып бірігіп кеткен. Құйрық омыртқаларының да бірқатары сегіз-құйымшақ омыртқаларымен қосылып кеткен. Соның нәтижесінде (10-22) тек қана құстарға тән күрделі сегізкөз-құйымшақ қалыптасады, жая омыртқалары құстарда рептелилердегідей екеу болады. Құстар жер бетімен жүргенде денесінің салмағы артқы екі аяғына түседі. сондықтан күрделі сегізкөз организмге тірек қызметін атқарады. Құстарда бос қозғалмалы құйрық омыртқалар 6-9 болады. Құйрық омыртқалары бірден құйыршық сүйегіне айналады - мұны құйрық сүйек немесе пигостиль деп атайды. Пигостиль біріккен бірнеше құйыршық омыртқаларынан тұрады. Құйыршық сүйектері құйрық қанаттары бекитін тірегі болып есептеледі.
Құстардың бас сүйегі. Желке бөлімі төрт сүйектен құралады (негізгі, екі бүйір және жоғарғы шүйде сүйектері). Желке бұдыры біреу ғана болады. Есту капсуласы үш құлақ сүйегінен қалыптасады. Ересек құстарда бұл сүйектер бірігіп кетеді. Бас сүйегінің түбі негізгі сына тәрізді, алдыңғы сына тәрізді, таңдай және қанат тәрізді сүйектерден қалыптасады. Бас сүйегінен үстіңгі жағынан - қос танау, тебе, маңдай және кеуілжір сүйектер қаптап тұрады. Жоғарғы жағы - жақ аралық және жоғарғы жақ сүйектерінен тұрады. Жоғарғы жақ сүйегіне арт жағынан - бет және шаршы бет сүйектері жалғасады. Бұл соңғы екі сүйек шаршы сүйектермен қосылады, соның нәтижесінде құстарға тен төменгі самай доғасын құрайды. Мұның өзі көз ұясы мен самай ұясын бөліп тұрады. Төменгі жағы буынды сүйектен және тері тектес - тіс пластинкасы, бұрыш және жақтың имек өсінді сүйектерінен қалыптасады. Есту сүйекшесі рептилилердікі сияқты бір сүйектен тұрады.
Қанаттары және иық белдеуі - ұшуғы бейімделуге байланысты ерекшеліктер болады. Иық белдеуі жауырыннан, каракоидтан және бұғанадан құралады. Бұлардың жоғарғы жақ бастары түйісіп келіп тоқпан жілік бекитін ойықты қалыптастырады. Жауырынның тұрқы ұзын, түрі қылыш тәрізді иіліп келеді. Каракоид өте жақсы дамыған, оның бір ұшы теспен ұштасады да, екінші ұшы буын арқылы тоқпан жілікпен жалғасады. Құстардың оң және сол жақтағы буғаналары бірігіп кетеді, мұны "айыр" сүйек деп атайды. Ол иық белдеуіне серпімділік қасиет береді.
Қанат скелеті бес саусақты жануарлардікі сияқты бірнеше сүйектерден құралады.
Артқы аяқтары және оның белдеуі. Жамбас белдеуіне күрделі сегізкөз бен мықынның үлкен қалақша сүйектерінің ұзына бойыналысып барып орналасқандығы үлкен тірек болып саналады. Мықын сүйектерімен өте ірі шонданай сүйектері бірігіп кеткен. Шап сүйектері өте жіңішке шыбық тәрізді болады. Олар шонданай сүйегінің сырт жағына орналасқан. Жамбас сүйектерінің ұштары түйісіп келіп, ортан жіліктің ұршық басы бекитін ойықты құрайды, оң және сол жамбас сүйектерінің құрсақ жағына қараған ұштары бір-біріне қосылмай сыртына қарай алшақтап тұрады. Мұндай жамбасты ашық жамбас деп атайды.
Артқы аяқтары - ортан жілік, асықты жілік, сирақ пен саусақтардан тұрады. Бұл үш бөлімнің бірінші бөлімі- ортан жілік деген бір үлкен сүйектен, екінші бөлімі-асықты жілік және оның шыбығынан, үшінші- сирақ және саусақтардан тұрады. Құстардың саусақтарының саны көпілігінде төртеу, үшеу болуы сирек кездеседі, ал Африка түйеқұсында екеу болады.