Жас — адам ғұмырының белгілі бір кезеңін белгілейтін өлшем. Жасадамның физиологиялық, морфологиялық және психологиялық дамуының көрсеткіші болып табылады. Қазіргі заманғы ғылымда адамның жас ерекшелігіне қарай оның даму кезеңдерін төмендегідей бөледі.
1) туғаннан 1 жасқа дейінгі бөбектік кезең; 2) 1 мен 3-тің арасындағы сәбилік кезең; 3) 3 пен 7 арасындағы мектеп жасына дейінгі кезең. Мектеп жасының өзі 3-ке бөлінеді. 7 мен 9-дың арасындағы төменгі класс оқушылары (балдырғандар); 10 мен 14-тің арасындағы ортаңғы класс оқушылары (жас өспірімдер), 15 пен 18-дің аралығындағы жоғары класс оқушылары (балаң жастар).
Жас кезеңдерінің бұдан кейінгілері 1.жастық шақ (18-21 жас), 2.кемелдену (22-60 жастың арасы), 3.қартық (61-74 жас), 4.кәрілік (75-90 жас) деп бөлінеді
Бұл кезеңдерді психология ғылымының жас ерекшелік психологиясы деп аталатын арнаулы саласы зерттейді. Мысалы, баланың туған уақытынан бастап бастауыш білім алғанға дейінгі психикалық даму жолын жас ерекшеліктері психологиясының балалар психологиясы бөлімі зерттейді.
Сонымен бірге, жас — қоғамдағы маңызды демографиялық көрсеткіштердің бірі саналады. Халықтың құрамы мен демография қуатын есептеуде жас ерекшеліктері ескеріледі. Жас ерекшеліктеріне байланысты халық санында болатын өзгерістердің динамикасын демографиялық статистика ғылымы қарастырады.
Жас кезеңдерінің қалған түрлерінің ерекшеліктерін жас ерекшеліктері психологиясының жасөспірімдік, жастық, егделік, кәрілік деп аталатын бөлімдері қарастырады. Кәрі адамдардың жас ерекшеліктерімен арнайы түрде геронтология ғылымы айналысады.