6. Фазалы-контрастық микроскоппен зерттеу - фазалы-контрастық жабдығы бар жарық сәулелі микроскоппен жасушаларды зерттеу әдісі. Тығыздықтары мен құрылымдары әртүрлі объектілер арқылы жарық сәулесі өту барысында, оның фазаларында өзгерістер байқалады. Фазалардың біркелкі емес өзгеру принципі қолданылады. Объектідегі жұқа заттар ашық түсті, қалыңдары кұңгірт түсті болып көрініс беріп, мөлдір тірі объектілер анық көрінеді. Осы әдістің көмегімен боялмаған және тірі жасушалар зерттеледі.
7. Микрохирургияәдісін тірі жасушаларды зерттеген кезде де қолданады. Микроманипулятор деп аталатын құралмен жасушаны кесіп, ішінен бөліктерін шығарып алады. Операцияның барысын микроскоп арқылы бақылап отырады. Микрохирургиялық құралдар — өте кішкентай шыны қармақтар, инелер, капиллярлар.
Микроманипуляцияны арнайы камераларда жүргізеді. Осы әдіспен бір жасушалы жалғанаяқтының ядросын басқа жалғанаяқтыға ауыстырып, жасушаның физиологиялық ерекшелігі ядроға тәуелді болатыны анықталған (Фонбрюн, 1951). Митоз процесі жүріп жатқан жасушадағы бөліну ұршығын микрохирургия әдісімен бұруға және кейбір хромосомаларды бөліп алуға болады.
8. Рентгенструктуралық талдау әдісі рентген сәулелерінің дифракция құбылысына негізделген, цитоплазма мен ядроның құрамына кіретін белоктардың, нуклеин кышқылдарының және басқа заттар молекулаларының құрылысын зерттеу үшін қолданады. Бұл тәсіл молекулалардың кеңістіктегі орналасуын анықтауға, олардың ара қашықтықтарын өлшеуге мүмкіндік береді.
Электронды микроскоппен зерттеу Электронды микроскоппен зерттеу барысында морфологиялық объектілерді көру үшін электрондар шоғыры қолданылады. Электрондар шоғыры жоғары вакуум және жылдам қуатты электронды зеңбірек арқылы жіберіліп электромагниттер көмегімен шоғырланады (электромагниттік линзалар).
Электрондар шоғыры зерттеу объектісі арқылы өтіп люминесценттік экранға түскеннен кейін ғана объект құрылымдары бейнеленеді. Оны суретке түсіруге болады. Қазіргі электрондық микроскоптардың анық көрсету мүмкіндігі 0,1 нм (жарық сәулелі микроскоптардан 200 000 есе жоғары) болса, үлкейтіп көрсету мүмкіндігі – 1 миллион есе. Электрондық микроскоптың бұл түрі трансмиссиондық деп аталады. Оның көмегімен жасушалардың және жасуша аралық құрылымдардың ішкі нәзік құрылысын зерттеуге болады.
Жоғары вольтты трансмиссионды электронды микроскоптың анық көрсету мүмкіндігі жоғары болғандықтан қалыңдығы бірнеше микрометрге дейін жететін кесінділерді зерттеуге мүмкіндік береді.