Ч. Дарвин тіршілік үшін күрес өзара бірін-бірі ығыстыратын екі себеп деп есептеді, ол себептер:
Тірі ағзалардың көбеюге шексіз бейімділігі;
Екінші тараптан табиғи ресурстардың шектеулілігі.
«Күрес» ұғымы бірін-бірі ығыстыратын дарақтардың тікелей соқтығысуы ғана емес. Мұны тірі ағзалардың өзара жәрдемдесуі, селқос бәсекелестіктің және бүкіл селбестік жиынтығының күрделі өзара қатынасы деп түсінген жөн. Дәстүр бойынша тіршілік үшін күрес 3 түрге бөлінеді. Олар: түрішілік, түраралық күрес және абиоздық факторлармен немесе өлі табиғатпен күрес. Түрішілік күрес Күрестің бұл формасы бір түр дарақтарының арасында өтеді. Мұндай күреске бұғылардың немесе өзге жануарлардың күйлеу бәсекелестігі; қарағайлы немесе шыршалы ормандардағы өсімдіктердің бір түрінің жарық үшін бәсекелестігі мысал бола алады. Күрестің бұл түрі өте шиеленіскен форма, оның барысында көбінесе дарақтар өледі. Шынында да көптеген сүтқоректілерде күрестің бұл түрі тууға дейін басталып кетеді. Көп ұрпақ беретін андардың (тышқандар, иттер) бір ұяласында салмағы мен мөлшері біркелкі емес күшіктері болады. Бұл ұрықтық деңгейден-ақ туыстас еркек және ұрғашы күшіктер қағанақ арқылы анасының ағзасынан түсетін қоректік заттар үшін бәсекеге түсетінін дәлелдейді. Сөйтіп қоректік заттарды мол пайдаланатын, дамуы тезірек жүретін күішктердің дені сау, күштірек болады да бірінші болып тууға мүмкіндігі көбірек болады. Туу соңынан бәсекелестік үдерісі күшейе түседі. Бір ұядағы балапандар ата-енесі әкелген қорек үшін бәсекелеседі. Жануарлардың бір жұбында бір маусымда ұрпақтары неғұрлым көп болса, олардың арасында тіршілік үшін түрішілік күрес соғұрлым күштірек болады. Мәселен, теңіз шошқасының ұяластарындағы елім-жітім мөлшерінің өте кеп болуы туған күшіктер санының көптігіне төуелді болатыны байқалған. Дамудың мұндай тетігі ұрпақ тығыздығын тежейді.
Мәселен, өсімдіктің бір түрінің тұқымын бірдей мөлшерлі үлескіде өсіруге сынақтәжірибе қойылған. Егілген тұқымның саны мен сапасы (өнгіштігі) бірдей, бірақ топырақ типтерінде айырмашылық болған. Тыңайтылған топырақтағылардың өлім-жітімі 16,5% болған. Ал құнарлы заттарға байытылмаған, тыңайтылмаған топырақтағылардың өлім-жітімі 36%-ға жеткен. Өскіндер биіктігінде де айырмашылық байқалған. Тыңайтылған топырақта өскін биіктігі орташа мөлшерден 40-50% жоғары болды. Осындай сынақтәжірибеден түрішілік бәсекелестік қатал болады деп қорытынды жасауға болады. Дәл сол аумақта бір түрдің дарақтар саны көбірек болса, күрес күштірек және өлім-жітім соғұрлым жоғары болады.
Түрішілік күрес негізгі үш бағытта іске асады. Олар:
қорек үшін,
жыныстас әріптесі үшін,
аумақ үшін күрес.
Өсімдіктерде жыныстас әріптесі үшін күрес, әсіресе өздігінен тозанданатын түрлерде шартты сипатта болады.
Бұдан басқа бүкіл түрішілік және тұраралық күресті тура және жанама деп бөлуге болады. Тура күрес кезінде дарақтар ашық соқтығысады. Мысалы, көптеген түрлердің аталықтары (әтештер, қоңыздар, иттер, мысықтар, морждар) аналықты иелену үшін қақтығысжарысқа түседі. Жануарлардың көпшілігі (қоңыр аю, арыстандар) аумақ үшін жұлқысады. Қорек жетіспесе (шортандар) немесе өзге себептер әрекетінен (арыстандар тұрақты топ жетекшісі ауысқан кезде) ересек дарақтар өз түріне жататын шабақтар мен күшіктерді жейді.
Жанама күресте ашық соқтығыс болмайды. Аталықтары аналығын қақтығыссыз-ақ сайрау арқылы шақыратын құстар тобы осылай бәсекелеседі. Ұялау орнына орналасқан кезде жыл құстарында ашық қақтығыстың болмауы да мүмкін. Алайда ең «шапшаңдары», яғни қыстаудан ерте оралғандары жақсы үлескілерді бәрібір иемденеді. Өсімдіктерде болатын түрішілік жанама күреске көбірек мысалдар келтіруге болады. Мәселен, жеңіл тозаңды көбірек өндіретін, желмен тозанданатын түрлердің дарақтары тозаңы жеткіліксіз өскен өз туыстастарын көбеюден ығыстырады. Ал бунақденелілер өздерін күшті еліктіре алатын гүлдерге тозаңды көбірек тасымалдайды.
Алайда тіршілік үшін күресте «оңай кездейсоқтық» болатынын атап айтқан жөн. Мысалы, барынша бейімделген дарақтар айқасу кезінде өлуі.
Кездейсоқ жагдайлардың болуы мүмкін. Мысалы, орман өртінің дәл ортасында қалған жануарлар қашып үлгіре алмағандықтан, міндетті түрде өледі. Оларға қарағанда, бейімділігі төмен болса да, өрт ортасынан едәуір қашықтағылар құтылып кетеді. Адамның қатысуы негізгі рөл атқарады. Аңшы ең ірі, дені сау анды атуға, өсімдік жинаушы ең ірі өсімдіктерді жұлып алуға тырысады ғой. Солай болғанмен де бұл ерекшеліктердің барлығы «тіршілік үшін күресте жаксы бейімделе алғандар тірі қалады» деген қағидадан тыс қалмайды.