Қазақ ұлттық әліппиінің жасалуы. Қазақ халқы араб графикалы жазуды бірнеше ғасыр қатар қолданып келді. Жиырмасыншы жылдың басында қазақтан шыққан ағартушы ғалым, қазақ жазуының реформаторы Ақымет Байтұрсынұлы қазақ тілінің табиғи заңдылықтарын сол кезде қолданып келген жазу нақты көрсете алмайтынын түсініп, 1912 жылы «Тіл-құрал» деп аталатын еңбегін жазды. Сонда араб графикасын пайдаланып қазақ тілінің дыбыстарын толық беретін әліппи жасап шықты. Бұл әліппиде әр дыбысқа жеке таңба берілді. Ал, жіңішке дыбыстарға дәйекше белгісі қойылды. Сол арқылы әліппидегі таңбалар санын 43-тен 25-ке қысқартты. Бұл шешім сол кез үшін жоғары деңгейде табылған жаңалық болды. Поливанов, Яковлев сынды орыс ғалымдары бұл шешімді математикалық формула арқылы қарастырып дұрыс екенін таңғалып та, тамсанып та айтты. Қазіргі таңның өзінде бұл шешімнің оңтайлы болғанына ешкімнің дауы жоқ. Бұл әліппи «қазақтың алғашқы ұлттық әліпбиі» атауына ие болды.
Ақымет Байтұрсынұлы әліппи жасау жолында үш сатыдан өтті (1912):
Қолданыстағы жазудың кемшілігін тауып, ашып көрсетті.
Алдымен жазу тәртібін түзеу керектігін айтып, өзінің жазу тәртібін халыққа ұсынды.
Жөнменен құрал сайлау керектігін міндет етіп, сол міндетті орындады.
Қолданыстағы жазудың кемшіліктері. Ғалым қазаққа оқудың керектігі даусыз екенін алға тартып, оның екі түрі бар деп көрсетеді: мұсылманша оқу, русша оқу (орысша оқу-авторлар). Русша оқудың ұзақ уақытты талап ететінін ескерте келіп, қазақша білім алу керектігін тілге тиек етеді. Ал, қазақша оқу деген сол күнгі мұсылманша оқу еместігін, ол жолдың «бұрғалақ-жырғалағы» көп екенін, бұған да русша оқыған секілді уақыт кетіп қалатынын салыстырып көрсетіп, қазақ тілінде дұрыстап хат тануға небәрі бір-екі-ақ жыл кететінін айтады. Сол кезде ноғай, түрік, фарсы, араб тілінде жазылған кітаптар аралас оқытылып, баланың миын ашытып, оқуды күрделендірді. «Осы күнгі жазуымызда дыбыс басына арнаған белгіміз жоқ; бір белгіменен әлде неше түрлі дыбыстарды жазамыз» (1912) дей отырып, бірдей жазылатын сөздерді балаға әр түрлі оқыту зорлық болатынын айтады. Осындай кемшіліктерді тізіп көрсетіп, олардың байыбына барып, қазаққа жаңа оқу құрал керек екенін түсінеді. Оқу құралы жанды қинамайтын, жеңіл әрі түсінікті болуға тиіс екенін айтып, сол жолда қызмет етті.
Жазу тәртібін ретке келтіру. «Қазақ тілінде 24 дыбыс бар. Оның бесеуі дауысты, он жетісі дауыссыз, екеуі жарты дауысты.
Дауысты дыбыстар: ﺍ(а),ﻭ (о),ﺅ (у),ﻯ (ы),ﻩ (е). Дауыссыз дыбыстар:ﺏ (б),پ (п),ﺕ (т), ﺝ(ж), چ(ш),ﺩ (д),ﺭ (р),ﺯ (з), ﺱ (с),ﻍ (ғ),ﻕ (қ),ﻙ (к),گ (г),ﺙ (ң),ﻝ (л),ﻡ (м),ﻥ (н). Жарты дауысты дыбыстар :ﺅ (у),ﻱ (й)».
Ғалымның түсіндіруі бойынша, енді осы дыбыстардың ішінде үнемі жуан (қ, ғ), үнемі жіңішке айтылатындары бар (к, г, й). Қалғандарының жіңішке, жуан нұсқалары бар. Қалған 19 дыбыстың әрбірін жуан, жіңішке етіп жазып отырсақ, 38 әріп керек болады, оған қалған 5 дыбыс таңбасын қоссақ бар жоғы 43 әріп керек болады екен. Араб әліппесінде онша әріп жоқ болғандықтан, ғалым жіңішкелікті білдіретін арнайы белгі «ﺅ» – дәйекшені енгізеді. Сол арқылы әліппедегі әріптер санын азайтты. Бұған себеп болғаны, дауыссыз дыбыстардың дауысты дыбыстарға бағынатындығы. Бұл дегеніміз, дауысты дыбыс жуан болса, сөздегі дауыссыз дыбыстар да жуан айтылмақ, ал егер дауысты дыбыстар жіңішке болса, дауыссыз дыбыстар да жіңішке айтылмақ. Бұл тек қазақ тіліне тән дүние болса керек. Себебі, қазақ тілі сингармониялық тіл.
Ғалым жазу тәртібін осылай ретке келтірді. Сынап пікір жазғандар болғанымен, сол кезде жалпы халық та, ағартушылар да мойындап, қолданысқа енген әліппе осы болды.
Жөнімен сайланған құрал. Қолданыстағы жазудың кемшіліктері айқындалып, жазу тәртібі ретке келді. Ендігі іс құралдың өзін жасау еді. Ғалым бұл істе де аянып қалмады. «Оқу құралының ең ұлығы – бала оқытатұғын кітап» (1912) дей отырып, балаларға арналған оқу құралының маңыздылығын, оның үйренгенге жеңіл болуы шарт екенін түсіне отырып, «Тіл - құралын» сәтті дайындап шықты. Әріптер ретін де бұл құралға ерекше ретпен орналастырды. Әлиф, бә, тә деген әліппедегі реті бойынша емес, әлиф, ро, зә секілді сөз құрау мүмкіндіктері мен жиіліктері басым әріптерден бастап үйретуді негізге алды. Соңынан түрлі жаттығулар мен қайталау тапсырмалары да болды. Бұл тіл құрал латын графикалы әліппе енгенге дейін қолданысын жойған жоқ. Тіпті, қазіргі таңның өзінде қытай қазақтары осы «төте жазуды» пайдаланады. Демек, арада бір ғасыр өтсе де қолданыстан түспеген бұл құралдың расында, жөнімен жасалғанының дәлелі болса керек.
Достарыңызбен бөлісу: |