Жазу
Жазу адамзат баласының өмірінде мыңдаған жылдар бойы орын алып келеді әрі бүгінгі таңда өте маңызды рөлге ие. Табиғи тұрғыда адамзат баласы жаза алмайтын кез болған. Ғалымдар көне кездегі қашалып салынған суреттерге петрограм деген атау берді. Олар көбіне адамдар мен аңдардың суреттері болды. Дегенмен , бұл суреттер жазуға жатпайды.
Гельб (1963:27) сөйлеудің дыбыстарды имитациялау арқылы дамығандығы секілді, жазу да шынайы заттар мен құбылыстарды имитациялау арқылы дамыды деп көрсетеді. Ғалым барлық жазудың негізінде сурет тұрғанын айтады. Бұған дәлел – заманауи бастаңғы жазулардың барлығының сурет іспетті болғандығы ғана емес, шумер, египеттік, хетт, қытай секілді барлық ұлы ориентациялық жүйелер алғашында шынайы сурет жазулар (real picture writings) болғаны. Ғалым бұл жерде өнер үшін салынған сурет пен қарым-қатынас жасау үшін салынған схемалы суреттердің айырмашылығы бар екенін білген жөн екенін ескертеді (1963:56).
Жер бетіндегі барлық адам баласына тән дүниені танудың жалпыға ортақ ұғымдары бар екені белгілі. Аспанның «аспан», жердің «жер», ананың «ана», баланың «бала», әкенің «әке» екендігі (мысалдар тізбегін тоқтаусыз жалғастыруға болады) – барлық адамзат үшін ортақ түсінік. Атаулардың ұғымы, әлемді жалпы тану адамзат баласына ортақ, тек уақыт өте келе оларды дыбыстау мен таңбалау жолы әр жерде әр түрлі болып қалыптасады. Яғни, сөйлеуіміз, жазуымыз әр түрлі болып өзгерген. Әрине, қазіргі таңда туыстас тілдермен қатар туыс емес тілдерде де ұқсас сөздер жиі кездесетіндігі ешкімді таң қалдырмайды. Себебі, бастау бір жерде жатыр. Ал, тілдердің туыстас, туыстас емес деп бөлінуі ұқсастықтардың азды-көптігіне, тарихи тұрғыдан көрші тұруларына қарай болғанымен, бұл тілдер тобының түбінде туыс болып шығатындығын терең зерделеу қажет деп пайымдаймыз. Мысалы, түркі тілдер тобына жататын қазақ тілі мен үндіеуропа тілдерінен тараған үнді (хинди) тіліндегі дос (dos)= दोस्त (dost), дұшпан (dushpan) = दुश्मन (dushman) сөздері жазылу жолы бөлек болғанымен дыбысталуы мен ұғымы бір. Мұндай үдерістердің қалай жүзеге асқандығы, қанша уақытты меншіктегендігі жайлы тарих, тіл білімі сынды ғылым салаларында түрлі зерттеулер жүргізіліп, бірнеше ғылыми еңбектер жарық көрді, көріп келеді де. Себебі бұл сұрақтар әлі де нақты шешімін тапқан жоқ.
Адам баласы тарихын зерттеп бастағаннан бері жазу түсінігіне түрлі анықтамалар беріліп келеді. Жазу жайлы ертеден белгілі анықтамалардың бірі ежелгі грек философы Аристотельдің қалдырған сөзі болса керек. Peri Hermeneias логика жайлы еңбегінің екінші бөлігі заттар, концепт және таңбалар жайлы негізгі түсініктелермен басталады. Шын немесе жалған болуы мүмкін зат есім мен етістікті сөйлем мүшесі ретінде талқыламас бұрын, Аристотель бұл тілдік ұғымдардың материалды әлемнің заттары мен идеясына қаншалықты байланысы болатынын сөз етеді: «Ауызша айтылған сөздер жанның алған әсері мен ықыласының нышаны; жазбаша сөздер ауызша сөздердің нышаны. Әріптердің бүкіл адамда бірдей болмайтынындай, дыбыстар да бірдей емес, десе де осы әсерлер суреті болып табылатын заттар секілді бұл көрсетулер арқылы тікелей білдірілген ықыластар да барлық адамда бірдей (аударма-авторлар)» (1938: 115)
Бұл жерде Аристотельдің айтқысы келгені жазуға тікелей қатысы жоқ. Оның мақсаты, оқырмандарын заттар, идеялар мен сөздер арасындағы күрделі байланысты логикалық ойлауды дамытудың алғышарттары ретінде айқындап алу болды. Аристотельдің мұнда жазуды сөз еткен себебі сөздер екі түрлі формада көрініс табатыны, яғни адам дауысы себепті шығатын дыбыстар мен әріптер. Бұл екеуінің арасындағы қатынасты түсіндіру терминологиялық тәртіптілікті сақтау үшін болса керек, себебі трактаттың әрмен қарайғы бөлімдерінде бұл ұғымдарға аса мән берілмейді. Әйтсе де, бұл кішкене хабарлама жазу жайлы батыстық ойлауға үлкен әсерін тигізді. Бұл тақырыпта көптеген еңбектер жазылды да. Мұндағы Аристотельдің біз нышан деп алып отқан сөзі «symbolon» ағылшын тілінде «symbol», түп төркінін грек тілінен аударғанда «таңба» болып шығады екен. Аристотель анықтамасы бойынша жазу сөйлеу таңбаларын жеткізетін таңбалар болып тұр. Жазу сөйлеуге қарағанда төмен, екінші орында тұрады және сөйлеуге тәуелді. Сол себепті де жазу сөйлеуді талдау құралы ретінде ғана зерттелуіне болады. Жазуға қатысты осындай ойлар батыс әлемінде кеңінен тарады. Жазудың рөлі төмен саналып, көп уақыт бойы жеке ғылым саласы ретінде қарастырылмай келді.
Жазу жайлы ең таралған анықтама – адам ойын таңбалар мен белгілер арқылы жеткізу жүйесі, сөйлеудің нақты таңбаланған түрі – деген анықтама. Жазуды алғаш ғылым саласы ретінде зерттеуді поляк-американ ғалымы Игнейс Гельб өзінің «A study of Writing»/ («Жазу туралы ғылым/зерттеу») 1952, 1963 жылдары жарық көрген еңбегінде ұсынды. Осы еңбекте жазуды зерттейтін ғылым саласына грамматология деген атаудың лайықты екенін хабарлады. Бұл еңбекте жазуға алғышарт болған суреттер мен таңбалар жайлы сөз қозғады. Нақты мысалдар келтірді.
Адамзат баласы үшін әлі күнге дейін маңызды болып келе жатқан екі басты қасиет: лебіз (expression) бен қарым-қатынас (communication) екенін көрсетеді. Бұл қасиеттерді бір-бірінен бөліп қарамаған жөн, себебі адам өз ойын лебіз арқылы жеткізеді әрі осы жолмен айналасындағы адамдармен қарым-қатынас жасайды. Ғалым қарым-қатынасқа түсу жолдарына: көру, есту, қолмен ұстап білу, ымдау, ауызша дыбыстар шығаруды жатқызады. Дәм сезу мен иіс сезу қасиеттерді бұл қатарға қоспағанын олардың маңыздылығының төмендігімен түсіндіреді.
Ақпаратты қабылдап, қорытып, қайта жеткізу арқылы қарым-қатынас әрекеті іске асады. Расында, адам баласы айналасынан ақпаратты көру, есту, қолмен ұстап сезу арқылы қабылдайды. Қабылдаған ақпаратты ойлау жүйесі, түйсігі, ақпаратты алғанға дейінгі білімі арқылы қорытады. Әрмен қарай өзінен шығарып, басқаға жеткізу үшін ауызша (дыбыстау) немесе ымдап көрсету жолдарын қолданды.
Бірақ та, бұл жолдармен қатынасқа түсу уақыт пен кеңістікке тәуелді екенін ғалым нақты көрсетті. Әрмен қарай бұл тығырықтан шығу үшін адамдар алғашында айналасында кездесетін, күнделікті қолданатын заттарға жүгінді. Қарым-қатынастарын уақыт пен кеңістікке тәуелсіз ету мақсатында заттар арқылы немесе сол заттарға таңбалар түсіру арқылы хабар алмасу жолы пайда болды. Оған бірнеше мысалдар келтірілген: Уампун, Сиыр мидиясы жазулары т.б.
Дегенмен, заттар жіберу арқылы хабарласу әлі жазуға жатпайтын еді. Бірақ уақыт өте келе сол заттарға таңбалар, суреттерді қашап салу арқылы байланыс жасала бастады, міне осыны жазу деп есептемесе те, жазу пайда болуының алғышарттары деуге болады.
Ғалым заман тарихында суреттер екі бағытта дамығанын айтып өтті. Бірі, сол кездегі оқиғаларды сипаттайтын еркін тілді сурет болса, екіншісі таңбалардың өз қалпын сақтап немесе сақтамай да белгілі бір мағынаны білдіретін екінші орындағы лингвистикалық бірлікке айналуы. Бұлар жазудың механикалық түрде даму жолы. Бұл жерден жазу мен сурет салудың тығыз байланыста екендігін көре аламыз.
Ғалым адамдар арасындағы қарым-қатынас уақытша және тұрақты түрде жүзеге асатын қарым-қатынас деп екі түрге бөлді. Бұл екі түрді адамның қабылдау қасиеттеріне байланысты жіктеп көрсетті:
|
Уақытша қарым-қатынас
|
Тұрақты түрде жүзеге асатын қарым-қатынас
|
Көру арқылы қабылдау
|
Ым-ишара, көз қарасы, ерінді оқу, ишаралы билер, от, түтін, жарық, қолмен ымдау арқылы сигнал беру
|
а) Заттар: зәкір өтпесі, гүл немесе бағалы тастар тілі, таяқтарды санау, кішене тастар, кипи, сиыр мидиясы жазулары
ә) заттарға (нысандарға) таңбалау: сурет пен скульптура, жазу.
|
Тыңдау, есту арқылы қабылдау
|
Ысқыру, ән айту немесе ыңылдау, шапалақтау, сөйлеу, барабан, сырнай, ысқырық арқылы сигнал беру
|
Фонографиялық жазбалар немесе диктафон цилиндрлер
|
Қолмен ұстау, сипау арқылы қабылдау
|
Қол алысу, қолмен сипау, көзі көрмейтін мылқаулардың қолмен ишарасы
|
Саусақтармен бөлінген, көтерілген жазбаларды оқу, Брайль жүйесі
|
Сурет – 1. Қарым-қатынас жасау идеяларының жолдары (аударма – авторлардан) (1963: 25)
Байқасақ, ғалымның уақытша қарым-қатынас түрі сөйлеумен сәйкес келсе, тұрақты қарым-қатынасы түрі жазумен сәйкестеледі.
Ғалым жазудың семасиографиялық сатысы (мағына мен ұғымды сөйлеумен нашар байланысу арқылы білдіру) мен фонографиялық сатысының (сөйлеуді білдіру) арасындағы үлкен айырмашылық назарда болуы тиістігін қатаң ескертеді.
Жазуды сөйлеуді көзге көрінетін таңбалар арқылы белгілейтін құрал және жазба тілін ауызша сөйлеудің сөзбе-сөз баламасы деп түсінетін жалпы лингвисттер, жазудың даму тарихын төмен бағалап, жазудың бастапқы кезеңдерде сөйлеумен байланысының аз болған кезіне бұл анықтаманың сай келмейтінін түсінбейтінін айтады. Ал, фонетизациялау таныстырылғаннан кейін де идея мен дыбысты жазуға және жеткізуге қолданылғанын айтатын филологтар, адам баласы сөйлеуді жазу таңбалары арқылы нақты жеткізудің жолын үйреніп алған соң, жазу өзінің тәуелсіз сипатынан айырылып, көбіне өзінің ауызша әріптесінің алмастырушысына айналғанын түсінбейтінін айтып, жазу дамуының ерте сатыларында жазу мен сөйлеудің арақатынасы әлсіз (нашар) болды деп сенеді. Жазылған таңба мен сөйлеу бір-бірімен сәйкес келе бермейтінін, бір хаттың тек бір мағынасы бар және оны түсіндіруші тек бір жолмен жеткізе алады, дегенмен оқушы бұл таңбаны түрлі жолмен айтады, тіпті түрлі тілде әр түрлі айта алатынын сөзге тиек етеді.
Ғалым жазу мен сөйлеудің арақатынасы ерте кезде алшақ болғандығын айтып, жазу дегеніміз қарапайым көзге көрінетін таңбалар (белгілер) арқылы қарым-қатынас жасау жүйесі деп анықтама береді. Дегенмен, жазу просодикалық қасиеттерді нақты көрсете алмайтыны да рас. Жазуда адамның екпіні мен тонын нақты білу, сезіну оңай емес.
Кейінгі уақтыттағы жазу жайлы анықтамалар әр түрлі болып келеді. Риверстің айтуы бойынша (1981:294), жазу алғашқы идеялардағы ақпаратты немесе лебізді ретпен жаңа тілде жеткізу екен. Браун (2001:336) жазуды ойлау үдерісі деп есептейді. Оның айтуынша, жазуды жоспарлауға болады және жазылып шыққанша бірнеше рет қайталап, өзгеріс енгізуге болады. Браунның (2001:336) еңбегінде келтірілген Элбоудың (1973:14-16) айтуынша, жазу екі-қадамдық үдеріс. Бірінші үдеріс – мағынаны табу болса, екіншісі – мағынаны тіл арқылы жеткізу. Жазу ойлауды көрсетеді. Себебі жазу үдерісі мидағы заттарға, ұғымдарға әсер етеді. Жоғарыда келтірілген анықтамалар бойынша жазу бірнеше сатылар барысында жүзеге асатын өнімді үдеріс екенін көреміз. Көріп отырғанымыздай алғаш кезде жазуды сөйлеуден төмен санап, ойлаумен тікелей байланыстырмаған болса, кейінгі кездегі зерттеулерде жазуға жоғары баға берілген.
Жазуды жеке ғылым саласы ретінде XX ғ.-дың 50 жылдары қарастыра бастады. Оған себеп болған Игнейс Гельбтің 1952 жылы кейіннен 1963 жылы қайта басылып шыққан «A study of writing» («Жазу жайлы ғылым/зерттеу») деген еңбегі. Ғалым кітапта былай деп жазады: «Бұл кітаптың мақсаты әлі жазылуы керек жазу туралы толық ғылымның негізін қалау. Бірнеше жыл бұрын жазу туралы Англияда жарияланған кітаптың атауы ретінде қолданылған «грамматография» терминінің ізін жартылай жалғай отырып, жаңа ғылымға біз «грамматология» атауын берсек болады. Меніңше бұл термин түсінбеушілікке алып келетін «графология» немесе («филологияға» қарама-қарсы қалыптасқан) «филография» терминіне қарағанда жақсы сай келетін сияқты. Басқалары «грамматология» сияқты нақты емес» (1963: 23).
Грамматология жазудың типологиясын, графикаларды, олардың талдауларын, жазу мен сөйлеудің қарым-қатынасын қарастырады. Бұл қатарға жазу тарихын да кіргізетін ғалымдар бар. Бұл терминді кейіннен француз философы Жак Деррида 1967 жылы жарық көрген «of Grammatology» («Грамматология жайлы») атты кітабында басқа қырынан танытты. Ол жазудың сөйлеудің қарапайым қайта тудыру формасы ғана емес, жазу арқылы берілген ойлардың білімнің табиғатына, жалпы сипатына зор әсер ететіндігін көрсеткісі келді.
Сонымен, кең және қысқа мағынасында да грамматология термині жазу туралы, яғни, жазуға қатысты зерттеулер жүйесін құрайтын ғылым. Бұл саламен айналысатын ғалымды грамматолог ғалым деп атасақ керек. Ал, қазақ грамматологиясының алғашқы грамматологы кім? Қазақта жазуға алғаш анықтама беріп, оның түрлерін көрсеткен, жазу мен сөйлеудің ара-жігін ажыратқан ғалым кім болды? Әрмен қарай еңбек осы бағытта өрбімек.
«Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Осы дүниядағы адамдар тілінен айырылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді. Осы күнгі адамдар жазудан айырылып, жаза алмайтын күйге ұшыраса, ондағы күйі де тілінен айырылғаннан жеңіл болмас еді» (1992:141). Бұл жолдар қазақ тіл білімінің негізін салушы, түркітанушы, ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, педагог, аудармашы публицист қоғам қайраткері Ақымет Байтұрсынұлына тиесілі. Тілді қарым-қатынас құралы ғана емес, адамды басқа жаратылыстардан ерекшелейтін, АДАМ ететін адамдық белгісінің ең мықтысы екендігін дөп басып айтып өтті. Және де қазіргі таңда адам адамды қарумен емес, сөзімен жеңетінін түсініп, тілдің қару екеніне мән берген. Әрине сөздің артында білім тұрғандығы түсінікті. Тілдің қаншалықты маңызды екендігін көрсете отырып, жазудың маңыздылығының тіл маңызынан кем емес екенін жеткізіп отыр.
Ақымет Байтұрсынұлы – қазақтың ұлттық әліпбиін алғаш жасап шығарған реформатор. Қазақ грамматикасы бойынша терминдер атауларын алғаш қазақи етіп жасап, ұсынушы. Қазақ балаларының сауатын ашуға арналған «Оқу құралы» (1912), «Тіл құралы» (1914), ересектердің сауатын ашуға арналған «Әліпби» (1924), «Жаңа әліпби» (1926) атты оқулықтар мен тың еңбектердің авторы.
Ақымет Байтұрсынұлы – қазақ грамматологиясының негізін қалаушы ғалым. Бұлай деуімізге негіз бар. Алдын айтып өткеніміздей, грамматология жазудың не екендігін, яғни, анықтамасын, типологиясын, жазу мен сөйлеудің байланысын қарастырады. Ал, қазақ ғалымдарының ішінен жазу дегеніміз не, жазу мен сөйлеудің айырмашылығы қандай, тіпті жазу мен оқудың байланысы жайлы алғаш пікір білдірген, қазақ тіліне жазуы ыңғайлы болу үшін қазақ тілі заңдылықтарына сай келетін ұлттық әліпбиін жасаған қазақ ғалымы Ақымет Байтұрсынұлы болды. Сөзіміздің дәйектілігін Ақымет Байтұрсынұлының тұжырымдарын жіктей отырып, бірнеше жүйеге бөлу арқылы келтіргіміз келеді: жазу және сөйлеу; жазу және дыбыс; жазу және оқу; жазу типологиясы; жазу және емле; жазу және жазуда қолданатын белгілер.
Қазақ тіл білімінің негізін салушы ғалым Ақымет Байтұрсынұлы өзінің «Тіл құрал» атты еңбегінде жазу мен сөйлеу жайлы былай дейді: «Біздің заманымыз – жазудың заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Алыстан ауызбен сөйлесуге болмайды: жазумен дүнияның бір шетіндегі адам екінші шетіндегі адаммен сөйлеседі. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білудің керектігі онан да артық. Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек. Сөздің жүйесін, қисынын келтіріп жаза білуге: қай сөз қандай орында қалай өзгеріп, қалайша біріне-бірі қиындасып, жалғасатын дағдысын білу керек» (1992:141). Бұл жерден ұғыну керек ақпаратты бөліп көрсетсек:
жазу – заманның маңызды (байланыс) құралы;
сөйлесудің екі түрі бар: жазумен сөйлесу және ауызбен сөйлесу;
жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуге қарағанда маңыздырақ болып келеді;
ауызбен сөйлесудің кемшілігі – алыстан ауызша сөйлесу мүмкін емес;
жазумен сөйлесудің артықшылығы – алыс қашықтықтан сөйлесу мүмкіндігін береді;
адамға сөйлей білу қажеттілік болып табылады;
адам үшін жаза білу қажеттілігі сөйлей білу қажеттілігінен артық;
адамның жүйелі, қисынды сөйлеуі маңызды және ол қандай маңызды болса, жазғанда да сөзді жүйелі, қисында етіп жазу өте маңызды;
сөздің жүйесін, қисынын келтіріп жазудың өз жолдары бар және оны оқып, үйрену керек;
жазғанда сөздердің өз орындары болады, және ол орындар өзгеріп отырады және олардың біріне-бірі қиындасуының, жалғасуының белгілі дағдылары бар. Жүйелі жазу үшін осыларды білу қажет.
Ғалымның сөзінен жазу мен сөйлеуге қатысты нақты он маңызды мағлұмат алдық. Оның әрқайсысын жеке-жеке талдап, тарқатып, олардың төңірегінде қаншама қомақты материалдар жинап, терең сөз қозғауға болады. Бұл аталған ақпаратты Ақымет Байтұрсыновтың грамматология саласына, оның ішінде жазу мен сөйлеудің байланысы деген бөліміне қосқан нақты 10 теориялық негіздемелері деп атағымыз келеді.
Жазу және дыбыс. «Жазу дегеніміз – дыбыстың таңбасы. Әр дыбыстың әр елдің таңбасындай таңбасы болады. Таңбасына қарап қай дыбыс екенін танимыз» (1992: 332). Адам баласы атаулардың дыбысталуы мен ұғымын білді. Ал, дыбыстарды таңбалау жазу екен. Швед ғалымы Фердинанд де Соссюрдің алғаш 1916 жылы жарық көрген «Жалпы тіл білімі курсы» атты еңбегінде былай деп жазады: «Тіл мен жазу екі бөлек таңбалар жүйесі; екіншісі біріншісін көрсетудің негіздік мақсатында өмір сүреді» (1959:23). Осы жерде, яғни, жазудың дыбыстың таңбасы екендігін айту арқылы екі ғалымның пікірлері түйіседі. Дегенмен, әрмен қарай Ф. Де Соссюр тіл білімінің зерттеу нысаны сөздің жазу формасы мен ауызша сөйлеу формасы емес, тек ауызша сөйлеу формасының өзі нысанды құрайтынын айтып, жазудың рөлінің төмен екендігін көрсетеді. Ал, Ақымет Байтұрсынұлы әр елдің дыбыстарының өз таңбасы болатынын және таңба, яғни, жазу арқылы дыбысты танитынымызды тілге тиек етіп, жазудың оң рөлін көрсетеді.
Әрмен қарай Ақымет Байтұрсынұлы жазу әріптердің суретін салу дей отырып, жазуға таңбадан кеңірек ұғым береді. Яғни, алдын жазу дыбыс таңбасы десе, енді дыбыс таңбасының орнына әріпті қойып, жазу сол әріптердің тізбегі деп жазу ұғымын кеңейте түседі. Және сол дыбыстарға арналған әріптер болатынын, оларды тани білу керектігін, таныған әріпті жаза білу керектігін әрі жазған әріпті дыбысымен айта білу керектігін нақты көрсетеді. Бұл өз кезегінде адамды сауатты және өркениетті етпек.
Демек, Ақымет Байтұрсынұлы жазу мен дыбысқа қатысты өзінің тұшымды тұжырымдарын қалдырған. Бұл тұжырымдар өз кезегінде, қазақ тіл ғылымының жазу туралы саласына негіз болуға әбден лайықты.
Достарыңызбен бөлісу: |