Жазушы Шәміс Құмарұлы 15. 04. 1952 жылы Қытай халық республикасының Мори қазақ автономиялы



Pdf көрінісі
бет28/28
Дата08.01.2017
өлшемі1,22 Mb.
#1414
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28
Бекбайға  ерекше  сүйкімді  көрінді.  Ол  баяғысындай  басын  сәл  оң  жағына  қисайтып  күлімдей 
қалыпты.  Осы  көзді,  осы  тәтті  бейнені  Бекбай  қанша  жыл  сағынды,  қанша  аңсады  десеңізші!  
Жайнаны құшағына қысып, мейірлене сүйгісі келді. Жайнаға айтар аузына басқа сөз түспеді.   
-  Сәлем  айтуға  шамам  келмеді  ғой,  ауылдың  адамдары  да  сақшыдан  сұрай  алмаған  секілді,-  деді 
Бекбай.  
Адам  өмірі  кейде  баланың  ойыны  сияқты  тым  жадағай,  тіпті  бірде  күлкілі  болса,  ал  кейде  адам 
баласының ақылы  жетпейтін хикімет сырлы болып кететіні  ғажап-ақ. Бекбайдың көктен түскендей 
жалғыз-ақ күнде жетіп келуіне Жайнаның  ой соқтылықпен тозып, әбден жұқарған жүйкесінің қуаты 
жетпей  қалғаны  сияқты,  Жайнаның  өзін  айға  таяғанда  әрең  танығанына  көпке  дейін  Бекбайдың  да 
сенгісі келмеді. Кейбір шақтарда не бір данышпан адамдардың кешірмесі балалардың еш мақсатсыз 
ойнаған  жасырынбағы  сияқты  мағналы  екені,  мағнасыз  екені  белгісіз  болып  қалатынына  қайран 
қаласың, содан, жапа мен машақатты күндерді басынан кешпеген мағынасыз өмір деген қортындыға 
еріксіз келесің. Әрине, күллі адам атаулы жер бетінің бақытын ортақ игіліктеніп, сорын тең кешуге 
хақылы.  Десе  де,  біз  сор  мен  бақ  туралы  Бекбай  мен  Жайнаның  кешірмесін  өлшем  етіп  анықтама 
бере алмайтын сияқтымыз. 
Алыстан  қаңғып  келгенде,  Бекбайды  Жайнаның  тани  алмай  қоюы  Бекбай  мен  Мәрияны  ғана  емес, 
Жақайдың  үйіндегі  үлкен-кішіні  де  түгел  күйзелтіп,  қабырғаларын  қайыстырған  еді.  Бекбай  аз  күн 
қытай  диқанға  егін  салысуға  кеткенде,  Мәрия  Жайнаға  Бекбай  туралы  әңгімелерді  күні-түні, 
жұмыстан босады болды айта беретін болған. Жүйкесі әлсіреген адамды, мүмкін, бұл да серпіліп 

оятуға жетелеген болса керек. Ақыры Жайна Бекбай қайтып келген күні-ақ танып алды. 
    Жайнаның  қимылында  болымсыз  болса  да  қалыпсыздық  бар  екенін  тез  аңғарған  Бекбай,  оны 
қуантып күлдіретін сөздерді ғана сөйлеп, қалайша тани алмағанын қузап сұрамады. Жайна да өзінің 
әппақ шөлмек болып қатты жүдегенін осыдан соң білді. Он күнге жетпей-ақ Жайна бұрынғысындай 
екі  беті  қып-қызыл  болып  құлпырып  шыға  келді.  Мәрия  мен  Жақай  ел  көшіп  тау  етегіне  суатқа 
барғанда, бұлардың  тойын жасауды ақылдасып та үлгірді. 
*** 
Тау  алқымына  көшу  дайындығы  басталғаннан  бері  Бекбай  Мәрияның  үйінің  ер-тоқым,  ыңыршақ 
және кейбір сынған үй ағаш сияқты нәрселердің сынғандарын түйенің жас терісімен таңып, кейбірін 
шегелеп деген сияқты жөндей бастады. 
Бүгін де күн шәйдай ашық еді, Шонжының шилі жазығы көгеріп, таң бозынан сайраған бұлбұл үні 
үш  үйлі  шағын  ауылдың  төңірегін  тіпті  де  құлпыртып  жіберген.  Мәрия  Жақайдыкіне  туырдық 
жасағалы кетті де, Бекбай мен Жайна өз үйлерінің ұсақ-түйек дайындығына кірісті. 
-  Жайнаш,  -  деді  Бекбай  Мәрияның көне  күміс  ерінің  айыр-тұрманын  жөндеп  жатып,-  тауға  барған 
соң  тілеу  тілесек,  бізге  біраз  астық  керек  сияқты.  Әнеу  күнгі  таныс  қытайдан  біраз  астық  қарыз 
әкелсем. Есесіне күзде астығына көмектесуге келісіп келсем.  
- Мен де барайыншы,- деді Жайнаш күліп.  
Бекбай  қалай  жауап  берерін  білмей  аз  тұрды.  «Көңілін  көтеріп  ауылдан  шығып  жүрсе  жүріп 
келсінші» деп ойлады. Сөйтті де басын көтеріп Жайнаға қарап: 
- Апаңа айтып кел, екеуміз Лаужаңның қоржасына барып келейік, жап-жақын, аяқ жақта көрініп тұр 
ғой,- деді Бекбай. 
Жайна  қуанып  кетті.  Орнынан  қуана  түрегеліп,  жүгіріп  апасы  Мәрияның  қасына  келді.  Бұл  шақта 
Мәрия мен Жақайдың әйелі есік алдында ескі туырлықтарын жамап жатқан болатын.   
- Апа, Бекей екеуміз төмен қоржаға барып келетін болдық,- деп Жайна қуана сөйледі.  
- Қарғам-ау, неменеге барасыңдар?- деді Мәрия таң қалып.  
- Бекей астық әкелемін дейді,- деді Жайна. 
- Оларың да жөн екен, анау Лаужаң қиын жөн білетін адам, Бекей шығысып қалған ғой, барса барып 
келсін,- деді Жақайдың әйелі.  
- Барсаңдар барыңдар, Жақайдың танысы екен ғой,- деп Мәрия да қосылатынын білдірді. 
Бұл  шақта  Бекбай  екі  атты  ерттеп  дайын  болған  еді.  Жайнаш  келісімен  екеуі  аттанып  Лаужаңның 
қоржасына келді. Алыстан көріп тұрса керек, бұлар аттан түскенде, Лаужаң өзі үйінен шығып келіп 
амандасты. Жұмысқа  шөгел, қайсар мінезді Бекбайды Лаужаң көктемде-ақ қатты ұнатқан болатын. 
Мұнда Бекбайдың бекерге келмегенін де межеледі. Бекбай алдымен Жайнаны таныстырды. Екеуінің 
тау етегіне барған соң той жасағалы отырғандықтарын, ішер астықтан қиналып қалғанын айта келіп:  
- Қарызға азырақ ұн алғалы келдік, күзде егініңізге көмектессем,- деді.  
- Сен өте жақсы жігіт,- деді Лаужаң күліп,- мен сізге көмектессе, сіз маған көмектеседі. Бізде астық 
көп, қанша алсаңыздар да болады. 
Мына сөзге Жайна қатты қуанып кетті:  
-  Лаужаң,    сіз  өте  жақсы  адам  екенсіз,  біздің  қәзір  қолымызда  ақша  да,  мал  да  жоқ,  алдыңызға 
қысылғандықтан келіп отырмыз,- деді.  
Бекбай  мен  Жайнаның  алдына  әдеттегі  шәй  тақтай  қойылып,  қазақша  дастарқан  жайылды.  Әппақ 
болып  пысқан  бес-алты  үлкен  ақ  моманы  әкеліп  дастарқанға  турады.  Аққұбаша  әйел  қазақтар  көп 
істететін сары жез шәугіммен шәй құйды.  
-  Мынау  менің  үлкен  келінім,-  деп  Лаужаң  шәй  құйып  отырған  жастау  аққұбаша  әйелді 
таныстырды,-  Шонжының  базарынан  биыл  үй  салмақшы  едік,  балалар  сонда  жүр.  Кемпір  екеуміз 
осында боламыз. Тағы жұмыстарыңыз болса келіңіздер. 

Шәй қара болғанымен Жайна мен Бекбайдың  аузына балша татыды. Жайнаның буға пысқан моманы 
көргені осы еді, Бекбайдың қузауымен бірнеше жапырақ жеді.  
- Астық алатын ыдыстарыңыз бар ма?- деді Лаужаң.  
- Бекбай жүгіріп барып қанжығасындағы кішкене дағарша сымақты алып келді: 
- Біз кішірек ыдыс әкеліп едік,- деді Бекбай міңгірлеп.  
- Бізде ыдыс бар, кейін алады,- деп Лаужаң  Бекбайдың қолындағы дорбаны алып шығып кетті. 
Бекбай  мен  Жайна  шәй  ішіп  тысқа  шыққанда,  Лаужаң,-  мына  ұнды  алыңыздар,  ертең  сіздердің 
жылқыға  үш  ат  қосам,  тамызда  әкеліп  берсеңіз  болды.  Менің  аттарымды  Жақай  таниды.  Мына  ұн 
біздің сіздердің тойларыңызға берген біздің тойлық.  
 
- Рақымет!- деп Бекбай Лаужаңның қолын алды.        
Бекбай мен Жайна екі бөлек ұнды бөктеріп алып ауылға қарай қайқайды. Бұл шақта күн түске аунап 
ыси бастаған еді. Жайна ат үстінде келе жатып әсерлене сөйледі: 
Мына  қытай  құдайға  қараған  недеген  жақсы  адам,  аз  күн  егінін  салысқанға  қайта-қайта  астығын 
беріп жатыр. 
- Жайна-ау, қазақтың «береген қолым алаған» деген сөзін білмейсің бе? Лаужаң бізге берген екен, біз 
де оған аянбай жұмыс істеп береміз ғой. 
Екеуі кеңесе отырып аяңдап ауылдан төменгі шилі төбенің түбіне келді. 
- Азырақ ат белін суытып дем алайықшы,- деп Бекбай аттан түсті. Аз іркіліп барып Жайна да аттан 
түсті.  Бекбай  атын  тұсап  қаңтарған  соң,  Жайнаның  қасына  келді,  оның  атын  өз  атының  мойнынан 
байлап қойып Жайнаға бұрылды:  
-  Жайна,  мен  сені  қатты  сағындым  ғой,-  деп  Жайнаның  қолынан  ұстады.  Жайна  Бекбайды  қатты 
зарыға сағынған еді. Бір кезде күдерін де үзген. Енді оны танығаннан бері талай рет мойнына асыла 
кеткісі  келді.  Сонда  да  өзін  ұстап,  сүйінішін  ішіне  сақтап  жүрді.  Бекбай  қолынан  ұстағанда  тұла 
бойы  керемет  бір  нәрсе  әсер  еткендей  балқып  кетті.  Еріксіз  Бекбайды  келіп  құшақтады.  Көзінен 
қуаныш жасы парлады. Бекбай Жайнаны кішкене баланы алдына алған сияқты алдына алып бетегелі 
тақырға отырды. Онан соң көзін жұмып өзінің құшағына балапанша бұғып бара жатқан Жайнаның 
бетінен мейірлене сүйді. Дәл осы шақ Бекбай сонау абақтыдағы үсіп өлуге таяған шағын, шөл далада 
аштан өлуге  жаны мұрнының ұшына келген үрейлі шақтарын мүлде есінен шығарды. Жайнаның екі 
бетінен,  қызғалдақтай  дірілдеген  гүл  ернінен  қайта-қайта  мейірі  қанбай  құшырлана  сүйді.  Жайна 
тәтті түс көріп жатқандай сезінді, ұйқыдан оянса тәтті түс бұзылып кететіндей, екі көзін тас жұмып 
алып сөйледі.   
- Бекей-ау, сен шын келдің бе?- Мен түс көріп отырған жоқпын ба? - деді. 
-  Жайнаш-ау,  мен  талай  рет  өліп  қала  жаздап,  жанымды  қолыма  ұстап  жүріп  өздеріңді  әрең  тауып 
келдім  ғой.  Енді  бізді  құдай  айырмаса,  адам  айырмас,-  деп  Бекбай  Жайнаның  маңдайын  қолымен 
сипап, аузынан қайта-қайта мейірлене сүйді. 
 -  Ей,  Алла!-  деп  Жайна  көзін  ашып  Бекбайға  қарады,-  мен  баяғыда  Ертіс  бойындағы  өгізге  отын 
артатын жерде отырған сияқты болып, жүрегім қуаныштан жарылардай дүрсілдеп кетті.  
-  Өзіңді  жақсы  ұста,  біздің  қазақ  :  «Қуанғанда  бір,  қорыққанда  бір»  дейді.  Қатты  қуаныштан  өліп 
қалатындар да көп,- деді Бекбай күліп.  
- Құдай сақтасын, Бекей, ондай қорқынышты сөздерді айтпашы,-  деді Жайна. Сөйтті де Бекбайдың 
мойнынан құшақтап бетін бетіне басты. Бекбайдың тершіген мойнын құшырлана сүйді: 
- Бекей, сенің мойныңда бір әдемі иіс бар, білесің бе? 
- Менің мойнымдағы кірдің сасық исі шығар? - деді Бекбай күліп. 
- Кірдің исі болса да тәтті,- деп Жайна шорт сөйледі. 
Екеуі  құшақтасқан  беті  еріндерін  еріндеріне  тигізіп  едәуір  уақыт  отырды.  Ыстық  күннің  алауы 
біршытып, екеуі де терлеп кеткен еді. Бұлар мейірлері қанбай тағы ұзақ сүйісті. Бекбай: «Аттардың 

белі талды ғой, енді қайтсақ болар» деп ойлады. Бұл ойын өзін тас құшақтап отырған Жайнаға айтуға 
батына  алмады.  «Ренжіп қалама» деп ойлады. Бекбай келген алғашқы күндерде Жайна танығанды 
қойып, бетіне бір рет ыстық шәй шашып жіберген, сол күні түнде Бекбай таңға таяғанша өзінен өзі 
құсаланып  ұйықтай  алмады.  Зарығып  келген  Бекбайға  Жайнаның  мына  халы  қатты  ауыр  соққы 
болған  еді.  Таңертең  Бекбай  ат  ерттеген  кезде,  Жайна  келіп,  «мен  де  барып  келейінші»  дегенде, 
айтарға  болмаса,  Бекбай  қатты  қуанып  кеткен  еді.  Жол-  жөнекей  дәл  осылай  сырласқысы  келген. 
Міне  енді  екі  жас  бірқанша  жыл  сарғая  сағынысқан  күндеріндегі  сағыныштың  сары  запыранын 
шығарып,  ләззатты  сезімнің  бесігінде  тербеліп,  шилі  дөңнің  шығыс  жақ  түбінде  ұзақ  отырды.  Күн 
түс ауа бергенде барып орындарынан тұрды. Жайна орнынан тұрған соң, Бекбайды тағы құшақтады. 
-  Сен  алғаш  көктен  түскендей  жетіп  келгенде,  түрің  саған  ұқсамайтын  көрінді.  Оның  үстіне  біреу 
Бекбаймын  деп  алдап  кететін  сияқты,  бір  қорқынышты  ой  жүйкемді  бір-ақ  шырмап  алды.  Бір 
қарасам, Бекей сияқтысың, енді бір қарасам, ұқсамай қаласың, ой соқты болып, есім бірде бар болса, 
бірде жоқ болып қалған көрінді ғой. Сол кезді ойласам, сен қандай қиналды екенсің. 
Мына сөзге Бекбай не дерін білмей аз іркіліп қалды. 
- Саған жаным ашып азырақ қиналдым,- деді Бекбай күліп,- бірақ сенің мені танитыныңа әбден көзім 
жетіп тұрды. Екеуі де құшақтарын жазып, әңгімелесіп тағы біраз тұрды.  
- Енді қайтайық, түс ауып барады екен,- деп Жайна атына қарай жүрді.   
- Енді, Алладан дәмімізді, аз күндік тату-тәтті өмірімізді айырмаса екен леп тілейік,- деді Бекбай. Ол 
сөйтті  де  өз  атының  мойнына  байлаулы  тұрған  Жайнаның  атын  шешіп,  айылын  тартып  оны 
қолтығынан алып атқа мінгізді. Дәл осы шақ Жайнаның көңілін бір шексіз қуаныш шаттығы кернеді. 
Өзін аттың үстінде емес, аспандағы бұлттың үстінде отырғандай, енді қанатын көсілтіп еркін самғап 
көк аспанға ұшатындай тамаша сезім бойын билеп алды. 
Жайнаның бірқанша жылдан бері қайғы мен қасіреттен төгілген көз жасы бүгін қуаныштан төгілді. 
Ол өзінің қуанып күліп келе жатқанын, жоқ жылап келе жатқанын біле алмай қалды. Осылайша екеуі 
ауылға лезде жетіп келді.  
*** 
Жайна  төсектен  басын  көтергенде  таң  әбден  атып,  шаңыраққа  күн  түсіп  келе  жатыр  екен.  Бекбай 
әлде  қашан  тұрып  кетіпті.  Шешесі  Мәрия  шәй  қайнатып  қойып,  қазан  жақта  шыны  жуып  отыр. 
Жайна басын көтеріп аз отырған соң, кимін киіп далаға шықты. Боз торғай сайрап, жап-жасыл түске 
енген көктем таңы ерекше тамылжып кеткен еді. Анадайтын шилі дөңнің батыс жағынан Жақайдың 
күрең аты мен өзінің кертөбел атын жетелеп Бекбай келе жатыр екен. Бүгін тау сағасына көшетіндері 
Жайнаның  есіне  келді.  Жақайдың  үйіндегілер  шәйларын  ішіп  жатса  керек.  Ыдыстардың  сылдыры 
мен балаларының күлкісі естілді. Бекбай аттарды қазыққа байлағанша, Жайна үйге кіріп беті-қолын 
жуды.  
Бекбай дастарқанға отырған соң: 
-  Жайнаш,  саған  кертөбел  атты  ерттеп  қойдым,  елеңдеп  тұрады  екен,  жаман  жылқы  емес  секілді,- 
деді.   
- Апам мінсін, мен мінсем ұят қой,- деді ыңғайсызданып.  
-  Оның ұят  болатын ештеңесі  жоқ,  -  Мәрия  кесете сөйледі,-  осы күнді  сарғайып қанша жыл зарыға 
сағындық.  Елдің  қыз-келіншектерімен  бірге  жарысып  көңіліңді  көтер.  Бекейді  әлгі  тәңір  атқырлар 
қамап тастамаса әуелі неше балалы болып кететін едіңдер. 
-  Болды  апа,  мінсем  мінейін.  Кіші  ағамнан  ұят  па  деп  едім,-  деді  Жайна.  Бұл  ауылға  қосылғалы 
Жайна Жақайды кіші аға деп кеткен. 
- Ұят болғанды қойып, Жақай қуанар,- деді Мәрия.  

Жақайдың  үйі  жүгін  артып  болғанша,  Бекбай  мен  Жайна  кішкене  күркеше  үйді  лезде  жығып  екі 
түйеге артып болды. Бекбай  Жақайдың үйінің жүгін артысты. Үш үйлі шағын көш бие байлайтын 
уақытта шилі жазықтан тауға бет алды.  
Ат тұяғы топыраққа тимейтін ақ бетеге мен жусаны жайқалған жасыл бөктерден, тік қайқайған умақ-
шумақ қалың көш бара-бара бірінің соңынан бірі шұбырып, түс ауа тау етегіне ілінді. Әрбір көштен 
бір  жерге  жиналған  бір  топ  қыз-жігіт  амандасып  танысқан  соң,  әзілдесе  келіп,  тау  тіреп  жатқан 
мидай жазықтан тауға қарай жарыса жөнелді. Барын киініп, бақанын қолына алған бай ауылдардың 
боз балалары да, кедей болса да жылтырап киінген Жайна сияқты қыздар да бар еді. Жарысқан топ 
тау етегіне таяған сайын шұбырып, кейбіреулері жол ортада тоқтап қалды. Алдында жарысып келе 
жатқан қыз-бозбалалар жазыққа салмалап тұрған жасыл дөңге бірінің соңынан бірі шұбырып бір-ақ 
шықты.  Ең  алдыңғы  шыққан  Жайна  еді,  арт  жағындағылар  келгенше  оқтаудай  жараған  кертөбел 
азырақ шауып еті қызғанға еліріп кетті. Қос құлағын қайшылап, қайта-қайта ауыздығын басып, арт 
жағындағы жарысып келе жатқан топ жақындаған сайын ала жөнелуге айналды. Жайна сасқалақтап 
аттан түсе қалды. Жарысып келгендер Жайнаның қасында аз ұйлығысп тұрған соң, бөлініп-бөлініп 
өз  ауылдарына  қарай  жөнелді.  Жайна  анау  жазықтан  тау  алқымына  қарай  үздік-создық  шұбырып 
келе жатқан қалың көш шоғырына көз тастап жасыл дөңде едәуір уақыт тұрды. Қызылды-жасылды 
оюлы  сырдақ  пен  түрлі  гүлді  кілемдерді  жүк  үстіне  жапқан  бай  ауылдардың  салтанатты  көштері 
қаздай  шұбырып,  шығыс  жақтағы  кең  аңғарды  өрледі.  Қолында  бүркіті  бар  ақбоз  атты  біреу  қара 
барқын  көшті  бастап,  салтанатты  көштердің  соңынан  кетіп  барады.  Жарыстан  жарысып  қайқайған 
қыздардың соңы мұнда келіп бірден-екіден бытырап өз көштеріне қарай кеткенше, Жайна шуырып 
тауға қайқайып жатқан көш шоғырларына қарап тағы біраз тұрды. Шуыртып айдаған топ-топ жылқы 
мынау  жап-жасыл  бетегелі  жазықты  шаңмен  көміп,  арт-артынан  өтіп  жатыр.  Бір  шоғыр  түйелі-
сиырлы қара барқын көштің алдыңғы жағында, өз ауылының оншақты жылқысын айдап Бекбай келе 
жатыр  екен.  Бекбай  жылқы  айдап  өтіп,  көш  дәл  тұсына  келгенде  Жайна  кертөбелге  мініп  аяңдап 
көшке  келді.  Жақайдың  әйелі  көш  жетектеп  ең  алда  келеді  екен.  Бұл  көштің  соңында  Жақай  екі 
түйелі көшін жетелеген Мәриямен кеңесіп келе жатыр еді. Жайна атын ойнақтатып олардың қасына 
келгенде,  кертөбел  айналасына  саңлақтана  қарап,  қос  құлағын  қайшылап,  қайта-қайта  тұқырып 
ауыздығын басты. Екі езуіне ақ көбік отаулап, Жайнаны ала жөнелетіндей еліріп кетті. Бұрын Жақай 
кертөбел атқа онша көңіл бөлмеген, оның үстіне жаяу қаңғып келе жатқанда, жол ортадан біреудің 
мінгізе салған аты ғой  деп онша  сәп  салмаған. Кертөбелдің мынау  ғажайып айбын көрсетіп, нағыз 
жүйрік  сияқты  құлпырып  шыға  келуі,  ойқастаған  кездегі  ерек  әдемі  көрінген  сұлу  кескіні  оның 
назарын ерекше аударды. Қайта-қайта Жайнаның астындағы кертөбел атқа көз салып қарады. 
- Апыр-ау, Бекбайдың мына кертөбелі өзі жүйрік сияқты ғой,- деді қасына қатарласқан Жайнаға күле 
қарап.  
- Рас жүйрік қой деймін, жаңағы жарыста ең алдымен төбеге шықтым,- деді Жайна балаша қуанып. 
- Е, балам, Алла жеткізсе, енді бақтарың ашылады екен,- деді Жақай қуанышты кескінмен. 
Жайна Жақайдың сөзінің нарқын онша аңғарған жоқ. 
Мәрия Жақайдың мынау алқаған жақсы лебізін естіп қуанып кетті. Жақайдың жүзіне сүйіне қарады. 
Жақай-ау, аузыңа май, «мал баққа бітеді» деуші еді, Алла біздің көз жасымызды көріп, кертөбел атты 
бізге бағымызды жандырғалы берсе екен, шіркін!- деді. 
Біздің қазақ : «қыпықтың бірі қыдыр» дейді. Әринге, әр қырық адамның бірі қыдыр, яғни бақ болса, 
жер бетіндегі адамның көбі-ақ бай-бақытты адам болып кетері хақ еді ғой. Бірақ дүниеде бір адамға, 
бір ғана адамның батасы қонады екен дейтін сөз тағы бар. Қалай иректетіп айтсақ та, әйтеуір, адам 
баласы  сынды  киелі  хайуан,  мынау  жарық  дүниеге  қош  айтып  ол  дүниенің  хикімет  құлына  
айналғанша,  алымсағын  алып,  қарызын  қайтарып  болса  керек.  Өйткені  бұл  дүниенің  қарызы  ол 
дүниеге қалмайды екен. 

*** 
Мен  Бекбай  мен  Жайнаның  аз  күндік  кешулерін  қағаз  бетіне  түсірдім,  мүмкін,  олардың  осыдан 
соңғы  өмір  кешулерінің  қандай  болғанын,  тек  олардың  мынау  пәнни  ғаламда  тірі  жасап  жатқан 
адамдардың    арасында  қалған  рухтары  ғана  біледі.  Кім  біледі,  күндердің  күнінде  бұлардың  соңғы 
кешулері туралы тағы бір қаламгер қолына қалам алатын да шығар. 
Қанша әулие, қанша білгір болса да,  адам баласы жер бетінің бір-ақ рет келіп аттанатын аз күндік 
қонағы. Сондықтан күллі адам атаулы мынау жарық  дүниенің қадірін осы дүниеге келе салып білуге 
хақылы. Бірақ өкінерлігі, олар жарық дүниенің есігін аша салып, ондағы барлық игілікті тек өзі ғана 
қымқырып  алуға  ұмтылыс  жасап  обырлана  қимылдайды.  Мынау  бағасына  еш  нәрсенің  де  құны 
жетпейтін  жарық  дүниенің  қилы-қилы  кереметтері  мен  хикіметтерін  еш  абыржымастан,  аямастан 
табандарына  таптайды.Не  керемет  асылдар  адамдардың  қолымен  жоғалтылып,  періште  көңіл,  пәк 
ниетті, әулиелер де өз қандасының қолынан мүрдеге айналады. Қымбатты оқырман : 
Сіз бұлай болғанда, күллі адам баласы түгел жер бетіне тек қылмыс өткізгелі кеген бе деп ойлайтын 
шығарсыз.  Бұған  біз  үнемі  жаттанды  болып  кеткен  «пендешілік»  деген  бір  ауыз  сөзді  жауап  етіп 
шыға  береміз.  Десе  де  осы  кітаптағы  Суайттың  теориясында  айтылғандай,  адамдар  бірін-бірі 
өтірікпен алдап жүріп, өзінің мынау жарық дүниеге қош айтар шағының қалай жетіп келгенін білмей 
қалады. Ол сол шақта ғана бұл дүниенің баға жетпес шексіз қымбат екенін әрең зорға сезіне алады. 
Сезінеді де, «әттең, жалған дүние-ай» деп өкініп жатып тынысын үзеді. 
Адамдар  жарық  дүниеде  қол  жетпеске  қол  жеткізу  үшін,  жанын  жалдап,  тоқтаусыз  арман  қуып, 
соңында  жалған  дүниеге  қош  айтып  жатқанын  өзі  де  білмей  қалады.  Яғни  адамдар  пәнни  дүниеде 
өтірік күліп, шын жылайды. 
 / соңы  /      
 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет