Жазушы Шәміс Құмарұлы 15. 04. 1952 жылы Қытай халық республикасының Мори қазақ автономиялы



жүктеу 1.22 Mb.
Pdf просмотр
бет1/28
Дата08.01.2017
өлшемі1.22 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28

Авторы: Шәміс Құмарұлы 
Өмірбаян:  
Жазушы Шәміс Құмарұлы - 15.04. 1952 жылы Қытай халық республикасының Мори қазақ автономиялы 
ауданында дүниеге келген. 1974 – 1978 ж аралығында Синь – Цзян университетінің физика факультетінде 
оқыған. 1978 – 1982 ж аралығында Синь – Цзян оқу ағарту баспасында редактор аудармашы болған. 1982 – 
жылдан 1997 жыл аралығанда «Шұғыла» журналында редактор, бас редактордың орынбасары, бас редактор 
Синь – Цзян жазушылар одағының орынбасар төрағасы міндеттерін атқарған. 1997 жылдан 2005 жылға дейін 
ШУАР әдебиет көркем өнершілер бірлестігінің орынбасар төрағасы, секретариатының секретары Синь – Цзян 
жазушылар одағының орынбасар төрағасы, «Шұғыла» журналының бас редакторы міндетін атқарған. 2005 – 
2013 жыл аралығында ШУАР әдебиет көркем өнершілер бірлестігінің орынбасар төрағасы, Қытай халық 
республикасы жазушылар одағы мемлекеттік комитетінің алқа мүшесі міндетін атқарған.   
 
«Бөке  батыр»,  «Ер  Жәнібек»,  «Көз  жасы  сарқылмайды»,  «Ертіс  кілкіп  ағады»,  «Тұғырыл  хан»,  «Қилы 
жылдар»,  «Жарық  дүние»,  «Мәми  би»,  «Лақ  би»  атты  романдары  және  Қазақ  мәдениетіне  қатысты  зерттеу 
кітаптары және әдебиет зерттеу жинақтары болып жиырма кітабы Қытайда баспадан шыққан. «Бөке батыр», 
«Жарық дүние», «Ертіс кілкіп ағады» романдары Қытай тіліне аударылып баспадан шыққан.  
1990  жылы  «Бөке  батыр»  романына  Қытай  мемелекетінің  «Тұлпар»  сыйлығы  берілген.    1993  жылы  Шәміс 
Құмарұлына  Қытай  жазушылар  одағы  жағынан  Жуаң  Жуң  Вен  әдебиет  сыйлығы  берілген.    «Ер  Жәнібек» 
романына «Үздік кітап» сыйлығы берілген.  Шәміс Құмарұлы 2005 жылдан бастап Юнеско - ның қытай тілді 
мамандар группасының мүшелік куәлігін алған.  Шәміс Құмарұлы Қытайдағы оқырманы ең көп жазушы.  
 
 
 
Ажалдан қашу 

 
Арғы шетіне көз жетпей сонау көкжиекке тіреп, ұзыннан-ұзақ мұнарта көсіліп жатқан, ұлан-қайыр 
сары  даланы  тұншықтыра  көміп  келген  құп-құла  топан  су,  сол  жазықтың  бір  шетін  орай  ақ  басын 
бүлтқа тіреп, көсіліп жатқан биік таудың етегін келіп басты. Таудың жазыққа салбыраған балағынан 
аласа төбелерді бірден басып көтеріле бастағн құла топан, енді терең сайларды толтырып, жазыққа 
құлап  жатқан  қыраттардың  бірінен  соң  бірін  көміп  өршелене  өрледі.  Мынау  жалпақ  дүниені 
жалмағалы келе жатқан топан судан, жан ұшыра қашқан жаяу-жалпылы қалың қара нор топ, адамы 
мен  малы  аралас  тау  басына  қарай  өрмелеп  қашып  барады.  Осы  қалың  адам  мен  мал  шоғырының 
арасында  Бекбай  да  жан  ұшыра  қашып  келеді.  Қолында  оқулық  салған  боқшасы  бар  сияқы.    Топ 
ішінде  бір  жығылып,  бір  түрып  тау  басына  қарай  жан  дәрмен  өрмелейді.  Қасында  туыс- 
туғандарынан  ешкім  жоқ  сияқты.Үрейлене  артына  қайырлып  қарады.  Топан  су  сай  ішіндегі  киіз 

үйлер мен там үйлерді әлде қашан басып кетіпті. Мал екеш малды қойып құстар да тау басына қарай 
топ-топ  болып  шулап-шұрқырап,  бірінен  соң  бірі  кетіп  жатыр.  Бекбай  да  жығылып-  сүрініп  жан 
сауғалап  тырмысып  келеді.  Топан  су  басқан  сары  жазыққа  қарай  тарамдалған  сайлардың  іші  лезде 
түгел қып-қызыл құла теңізге айналды. Су барған сайын биіктеп, барған сайын құтырына көтеріліп, 
биік  таудың  төменгі  жазықа  құлаған  салма-  салмасын  түгел  басып,  енді  тау  кеудесіне  қарай  өрлеп 
келеді. Тауға өрмелеп жан ұшыра қашқан адамдар мен малардың жол ортада жығылып қалғандары, 
бірінен  соң  бірі  суға  батып  қалып  жатыр.  Қара  терге  малшына  тау  шоқысына  қарай  өрмелеген 
Бекбай, бір сәт артына қайрлып қарап еді, су бетінен адамдардың бастарының бір көрініп, бір көміліп 
шыңғырғаны,  кей  жерде  қолдардың  ербеңдеп  барып  жоқ  болғаны,  енді  біреулердің  сасқалақтап 
тайып жығылып, сол суға қарай шырқырап құлап бара жатқаны бірінен соң бірі анық көрініп, үрейін 
тіпті де ұшыра түсті. Үрейі ұшқан сайын екі аяғының буыны кетіп, тынысы тарайып, дымы құрып, 
тұла  бойынан  хал  кетуге  айналды.  Екі  аяғын  зорға  көтеріп,  тау  шоқысының  тамағындағы  тас 
қыраттардың орқаш-орқаш тастарынан әрең-әрең аттауға шамасы келді. Құлағына боздаған түйенің, 
ұлыған иттің аянышты дауыстары естілді. Айғайламақшы болып еді, дауысы мүлде шықпай қойды. 
Алдындағы аласа жартасқа бар қайратын жинап өрмеледі. Жартасқа шығуға мүлде дәрмені  жетпей 
қалды.  Сасқалақтап  астыңғы  жағына  қарады.  Су  жартастың  түбіне  таяп  қалған  екен.  Бекбай  «енді 
өлдім»  деп  ойлады.  Дәл  осы  шақта  ағасы  Берікболдың  «Бекбай»  деп  айғайлаған  ашты  дауысы 
шықты.  Бекбай  «аға»  деп  бар  даусымен  айғайлады.  Бірақ  даусы  шықпай,  тынысы  барған  сайын 
тарылды.  «Енді  мынау  топан  судың  астында  қалатын  болдым  ғой»  деп  дірілдеп,  қалшылдап 
жартасқа жармасып, тағы да  «Берікбол    аға»  деп айғайлады. Бекбай шошып оянды. Қолы  кеудесін 
басып қатты қиналып жатыр екен. Әлгіндегі үрейлі түстен жүрегі дүп-дүп соғып атқалақтап тұр. Кең 
тыныс  алып  төсегінде едәуір  уақыт  жатты.  Бойына  сәл  жан  кіргендей  болды.  Басын  көтергісі  келі. 
Бар  қайратын  бойына  жинап,  екі  ұмтылып  төсектен  басын  зорға  көтерді.  Әлгіндегі  үрейлі  түс  көз 
алдына  келіп  еді,  көңілі  қарадай  қобалжып,  тұла  бойын  бір  түрлі  қорқынышты  үрей  билеп  алды. 
«Өстіп жатып өлемін ғой, ауылдан біреудің келмегені-ай, Берікбол  ағам қайда екен?» деп өзіне өзі 
күбірледі.  Жіп-  жіңішке  арық  саусақтарымен  көрпесін  кеудесіне  қарай  тартып,  арықтап  майлығы 
орталап  кеткен  шұңғыл  көздерін  терезеге  қадады.  Терезе  әйнегіндегі  аяз  шымшылаған  өрнек 
кещегідей емес, бүгін көзіне тым бұлдыраңқы көрінді. Әйнектегі күн де ең алдымен көзіне түсетін, 
үлкен  ақ  көбелек  сияқты  қырау  өрнек  бүгін  жүк  артқан  түйеге  ұқсап  қалыпты.  Етінен  арылған 
жіңішке саусақтарымен  жастығның астын сипалап еді, үнемі азық іркіп салып жүретін ақ дорбасы 
қолына  ілінді.  Оң  қолын  дорбаның  ішіне  тығып,  бұрыш-бұршын  қағып,  алақанына  түскен  нанның 
болымсыз  қоқымын  аузына  салды.  Аз  да  болса  аузына  тамақтың  дәмі  келіп,  сілекей  пайда  болды. 
Аузындағы нан дәмін жұтқанға қимай тамсанып едәуір уақыт отырды. «Енді тамсанатын да ештеңе 
жоқ» деді өзіне өзі күбірлеп. Осы аз ғана талшықтың қуатында сыртқа шығып бірдеңе іздегісі, тамақ 
іздегісі  келді.  Жатақтың  батыс  жақ  түпкірндегі  төсекте  жататын  сабақтасы  Байғазыдан  дыбыс 
білінбейді. Тіпті қыбыр жоқ. Бекбай қорқайын деді 
 
_  Байғазы!  Ей,  Байғазы!–  деп  екі  рет  дауыстап  еді,  ол  қозғалмады.  Төсегінен  сырғып  түсіп 
Байғазының төсегіне келді. Оның бетін ашуға батылдық ете алмай біраз тұрды. Қалтыраған қолымен 
бетіне  бүркелген  жүн әдиалды  жұлып  алды.  Байғазы  оған  күлімсіреп  үйықтап  жатқан  адам  стяқты 
көрініп еді, көзі оның ақсиған тістеріне түскенде жүрегі зыық ете түсті. Жарты дөңгелек дәрі оң жақ 
езуіне жабысып қалыпты. Ажалдың араны өзіне қарай аузын ашып төніп келе жатқанын Бекбай енді 
сезді.  Бұл  1933  жылдың  қаңтар  айы  болатын.  Енді  ғана  13  жасқа  шыққан  Бекбай  сол  жылы  жер-
жерден  қазақтарды  әкеліп  құрған  қалашықтағы  гимназияның  1-  жылдығын  оқып  жүрген.  Қыс 
қысаған сайын асхананың тамағы да сығыла бастады. Иен далаға құрылған бұл қалашық алғашында 
думанды еді, бара-бара мұндағы қазақтар бір-бірден азаюға айналды. Осыдан  төрт айдың алдындағы 
мектептің аста-төк тұрмысы да көзден ғайып болды. Қыс ортасы ауғанша бір күні аш, бір күні тоқ 

болса  да  әйтеуір  оқушылардан  өлім-жітім  болмаған.  Десе  де  екі  айдан  бері  оқушылардың  кей күні 
тісі  айқассада,  кей  күні  тілдерін  жұбына  жеткен  оқушыларға  ақпанның    аяғында  тістеп  қалуы  жиі 
кезікті.  Аштық  әбден  ұдайы  бес  күн    мүлде  тамақ  жоқ  болып  қалды.  Бекбайдың  қалталарын 
қаққанына  да  бес  күн  болған.  Енді  қағатын  қалтасында  қоқым  да  қалмаған.  Бар  қайратын  бойына 
жиып, Байғазының қолын ұстап еді, мұздай суық екен. Бекбай осы жатақтағы екі ересек оқушының 
бір  айдың  алдында  қашып  кетіп,  үсіп  өлген  хабарын  естіген.  Бекбай  кереуеттерді  жағалап  жүріп 
есікке зорға жетті. Темір тұтқадан ұстап бар сдәрменімен итеріп еді, есік ашылмады. Ол құлыпталып 
тұрған  жоқ,  Бекбайдың  дәрмені  есікті  ашуға  жетпей  тұрған.  «Аштан  өлемін,  не  болса  да  сыртқа 
шығып өлейін» деп ойлады. Сөйтті де бар салмағын есікке түсіріп, бар күш- қуатымен итерді.  Аяз 
құрсаулап  алған  қалың  да  үлкен  есік  Бекбайдың  қайратын  бит  шаққан  ғұрлы  көрген  жоқ.  Қайта 
қайырлып  төсегіне  қарады.  Енді  Бекбайда  төсегіне  жете  алатын  хал  қалған  жоқ  болатын.  Бекбай 
дымы құрып, босағаға сылқ етіп құлап түсті. Дәл осы кезде манадан Бекбайға былқ етпеген дәу ағаш 
есік  шиқ  етіп  ашылды.  Бұл  есіктің  бүгінгі  ашылғаны  да  осы  еді,  Бекбай  тани  қойды.  Кіші  ағасы 
Берікбол екен. Бекбайдың үні жерден шыққандай әрең естілді:  
     _ Берікбол!            
 
Берікбол  Бекбайды тани алмай тұрып қалды.  Оның көз алдына бір тірі аруақ тұрған сияқты 
еді.  
 
_ Аға, мен Бекбаймын, _ деп ыңырсыған інісін дауысынан әрең таныған Берікбол жан дәрмен 
құшағына алып кіреуетке келіп отырды: 
 
_  Ойбай-  ау,  өліпсің  ғой,_  деді  жалпақ  алақанымен  Бекбайдың    үрпиген  басынан  сипап. 
Інісінің көз жанары солғындап, үні шықпай ыңырсыған аянышты дауысы қатігез Берікболдың аз да 
болса  буынын  босатқандай  болды.  Қалтасынан  бармақтың  басындай  кішкене  малта  құртты  алып 
Бекбайдың аузына салып:  
 
_ Шайнама, суын ғана жұтып дәмін алып отырсаң болды,_ деді. Сөйтті  де дереу Бекбайдың 
сыртқы  киімдерін  киіндіріп,  арқасына  көтеріп  тысқа  шықты.  Оқушылардың  жатағын  жағалап 
сыртқы  есікке  келді.  Көзі  шүңірейіп  ішіне  кіріп,  денесінде  терісі  мен  сүйегінен  басқа  ештеңсі 
қалмаған, арық қара шал есік күзетіп отыр екен. Аласа төрт көзді терезеден Берікболдың арқасында 
тұрған Бекбайдың қолынан ұстады: 
      _  Бір  рет  ажалдан  қалдың,  балам,_  деді  ол  Бекбайға  тесіле  қарап.  Берікбол  қалтасынан 
жұдырықтай түйіншекті алып терезеден  шалдың қолына ұстатты. «Бұл шалдың әлі де су ішері бар 
ғой» деп ойлады Бекбай.  
 
Берікбол Бекбайды көтерген беті көшесымақтарды жағалап, қалашықтың шетіне алып шықты, 
қалашық дейміз ғой, мұның қалашық деген аты болмаса қыстақтан онша парқы жоқ еді. Бұл шақта 
қыстың  қысқа  күні  де  түс  болып  қойған  болатын.  Ол  Бекбайды  көтерген  беті  қалашықсымақтың 
шетіндегі  қыстаққа  қарай  созылып  жатқан  биік  қабақтың  астын  жағалап,  төбесі  жабық  ескі  қой 
қораға  келіп  кірді.  Мұнда  адам  да,  мал  да  жоқ  екен.  Берікбол  Ьекбайды  арқасынан  түсіріп,  көң 
үйіндісінің  ұстіне  отырғызыған  соң,  анадайын  бұрыштағы  жалпақ  тасты  көтеріп,  оның  астындағы 
шұңқырдан  бір  нәрсе  салынған  тері  тұлыпты  алып  шықты.  Тұлыптың  ішіндегі  тұгел  ауыл  тамағы 
екен. Бекбай қуанғаннан бойына жан кіріп жыбырлап кетті. Азық тілеген көктемгі ақ үрпік балапан 
сияқты,  қос  қолын  көтере  алмай  ағасына  қарай  ыңырсып  аузын  аша  берді.  Ағасы    әуелі  Бекбайға 
темір  торсықтан  азырақ  ашты  шыққан  суық  қара  шай  жұтқызды.  Одан  соң  бір  жапырақ  май 
сорғызды. Сөйтіп тойғызбай жалап-жұқтап ғана тамақтандырды. 
 
_ Сен осында қозғалмай отыр,_ деді Берікбол, _менің көлігім алыста, күн батқанша қалайда 
келемін. 

 
_  Мақұл,  тезірек  кел,_  деді  Бекбай  басын  изеп.  Берікбол  шалбарының  екі  балағын  аңшы 
сияқты  сыптығырлап  буып  алыпты.  Қимылы  лып-лып  етеді.  Лезде  қорадан  шығып  көзден  ғайып 
болды.   
Бекбай  бұл  қорада  түс  ауа  отырғаннан  қыстың  ұзақ  түнінің  бір  уағына  дейін  сарылып  отырды. 
Тамақтанып  азда  болса  да  бойына  қуат  біткендігі  болса  керек,  алғашында  бір  тамаша  үміт  оты 
көкірегін  кернеп,  едәуір  көңілді  отыр  еді.  Уақыт  ұзарып,  қораның  ішін  қараңғылық  басып,  денесі 
мұздай тоңған сайын , көңіліне уайым ұялап , төңірегін үрей қоршай бастады. Берікболдың ажалдан 
құтқарған  қуанышымен  Бекбай    бағанадан  көңілі    лепіріп  ,  таңертеңгі  басына  төнген  өлім  үрейін 
ұмыта  қалған  екен.  Төңірегін  қараңғылық    басып,  қораның  үңірейген  есігінен  басқа  ештеңе 
көрінбеген  кезде,таңертеңгі  өлім  үрейі  желкелеп  жарық  дүниемен  бір  жола  қоштасар  шағы  жетіп 
келген  қорқынышты  сәт  басына  қайта  төніп  келе  жатқандай  сезілді.  Адам  пендесі  үшін  өлім  онша 
қорқынышты  нәрсе  емес,  қорқыныштысы  адамның  қалай  өлуінде.  Бір  кезде  ұлы  атасының:  «Е, 
жасаған,  күнам  болса  кеш,  аманатыңды  қашан  алсаң  да  оңай  өлім  бергейсің»  деп  намазының 
соңынан алақанын жайып тілек тілегенін есіне алды. Ағасы Берікбол аяқ астынан жетіп келмегенде, 
сабақтасы Байғазы құсап сол қаңыраған жатақта мәңгі ұйқыға кетері анық еді. Бекбай өзінің есіктің 
алдында жығылып түсіп қайтып төсегіне жете алмайтынын сезгенге дейін өлемін деп ойламағанына 
таң қалды. «Аштан өлген өлім ең жаман өлім шығар» деп ойлады. Сөйтті де қатулана бар қайратын 
бойына  жинап,  орнынан  көтеріліп  отырды.  «Жоқ,  жарық  дүниенің  есігін  енді  ғана  ашқан,  күнәдән 
пәк  сандаған  сәби  аштан  өлген  шығар.    Бұл  күнәсіз  пәк  өлім  ғой,  қалайша  жаман  өлім  болсын, 
күнәкәр  жауыздардың  өлімі  жаман  өлім»  деді  күбірлеп.  Түн  қараңғылығы  төңеректі  тұмшалап, 
қораның  іші  жылт  етер  жарық  жоқ  көр  сияқты  меңіреу  нәрсеге  айналды.  Бекбай  өліп көрге  жатып 
көрген  жоқ  қой,  десе  де  өткен  жылы  ағасы  Берікқазының  қайнатасы  қайтыс  болғанда  әкесіне  еріп 
адам жерлейтін қабір басына барған. Терең  қазылған көрді  ол қабағына үңіліп әбден көрген, тіпті 
адамдар оны топырақпен көміп, Соүстіне топырақ үйіп қайтқанда елмен бірге қайтқан. «Мүмкін, көр 
дәл  осындай  меңіреу  қараңғы  шығар»  деп  ойлады.  Бекбайдыкі  бір  сәби  қиял  еді.  Өлген  соң  яғнй 
бойдан жан кеткен соң, көрдің қараңғысы не, жарығы не, бәрәбір ғой. Ұжұмақ жеті қабат аспанның 
үстінде делінеді. Оған өлген адамның тәні емес жаны баратын болса керек. Олай болғанда адамның 
жанының көрдің ішінде болмағаны ғой. Бірақ ауыр күнә өткізгендер түсетін тозақ жеті қабат жердің 
астында  деген  сөз  бар.  Мүмкін,  тозақ  дәл  Бекбай  отырған  қора  сияқты  меңіреу  қараңғы  шығар. 
Бекбай  айналасына  қарап  еді,  ештеңе  көре  алмады.  Өткен  жылы  қойшы  жігіттің  айтқан  әңгімесі 
Бекбайдың есіне оралды. Дәл ел жайлаудан түсе қалған кез болатын. Ауыл малын үкімет адамдары 
ештеңесін қалдырмай айдап кетіп қойшы бос қалған. Түскі шайда отырғанда Бекбайдың апасы: 
_  Болмаса  сауып  ішетін  бір  құнажын  тастамады  ғой,  әлгі  Қатайға  көп  жалындым.  Шыбар 
құнажынның  бұзауын  бергім  келмей  мойыншағынан  ұстап  тұрып  едім.  Қатай  кеудемнен  итеріп 
тартып алды,_ деп еді кейіп.   
_ Ой, шеше, кейімеңіз,  _ деген қойшы жігіт,_ бұл жауыздар қазір көрсеткенімен өлгенде Алла тағала 
оларға көрсетеді. Ол көріңде өкіргір дәл тозақтың отына күйіп шырқырайды әлі...  
Осы  сөз  Бекбайдың  құлағына  қайтадан  естіліп,  тозақтың  оты  лапылдап,  соның  ішінде  тісі  арсиған 
біреулер қолдарын ербеңдетіп өліп бара жатқан сияқты елестеді. «Мүмкін, жауыздар тозақтың отына 
күйгенде  дәл  осындай  өртеніп  өлетін  шығар»  деп  ойлады.  Қазақтар:  «адам  жеті  күнде  тозаққа  да 
үйренеді»  деседі  ғой,  мүмкін,  мұның  да  шындық  жағы  бар  шығар.  Адам  баласы  бойынан  жаны 
шықпаса, әйтеуір басына келгеннің бәріне көнетін сияқты. Тек соның ішінен жаны аяулы, қиындық 
атаулыға  төзімі  жоқ  біреулер  ғана  өмірден  тез  торығып,  өзін  өлімге  итеретін  көрінеді.  Бекбай  екі 
қолын    ішігінің  жеңіне  қусырып,  қораның  үңірейген  есігіне  қарап  тағы  біраз  үнсіз  отырды.  Кеше 
кешке  таман    жатағындағы  сабақтасы  Байғазының  әдиялын  беліне  орап  алып,  өзіне  сөйлегені  көз 

алдына  елестеді.  Ол  кезде  Бекбайдың  бір  ауыз  сөз  сөйлеуге  де  зауқы  соқпай  жатыр  еді,  ол 
Байғазының суырлып сөйлегенін онша жақтырмады . Бірақ Байғазы сөйлей берді: 
 
 
_ Әй, Бекей!_ дегенде Бекқазының дуысы қоңырлап ақырын шыққан,_ сен көп ағаларым бар деуші 
едің,_  солардың  болмаса  бірі  келмеді  ғой.  Менің  ғой  ағам  жоқ,  бауырларым  жас,  шешем  мені 
аттандырғанда жылап қалып еді. 
Байғазы осыдан соң сөйлемеген. Мүмкін, үнін шығармай жылаған болуы керек. Бекбай күбірлеп «әй, 
әттеген-ай, ол аштыққа шыдай алмай дәрі ішіп өліп алды ғой» деп ойлады. Мүмкін, Байғазы дәріні 
тамақ  орнына  ішіп  өлген  де  шйғар.  Оған  Бекбайдың  ойы  жетпеді.  Түрлі-түрлі  қорқынышты  ойлар 
қым-қуыт елес беріп, барған сайын тағаты тасылды. Алғашқы орнынан жылжып, сипалақтап жүріп 
бес-алты жерге отырды. 
 Қараңғы  түсе  Бекбайдың  аздап  көзі  ілініп  кеткен  еді,  тыстан  дүбірлеген  ат  тұяғының  дыбырымен 
селк  етіп  оянды.  Аттардың  ауыздығын  қашырлата  шайнағаны,  үзеңгілердің  сылдыры  Бекбайдың 
құлағына  ерекше  жағымды  естілді.  Қасына  өз  ауылы  көшіп  келгендей  қуанып  кетті.  Көкірегіне 
қайтадан жарқырап үміт шырағы жанды, бағанадан бергі кеудесін басып алған үрей мен түрлі-түрлі 
қорқынышты  қиял  лезде-ақ  миынан  көтеріліп  кетті.  Аттарды  жетектеп  Берікбол  қораға  кіргенде, 
Бекбай қуанғаны сондай, сенделектеп орнынан тұрып, ағасына қарай жүрді. Берікбол аттарды байлап 
қойып,  Бекбайды  тағы  да  біраз  азықтандырды.  Киіз  қалтаға  салынған  пысқан  ет  мынау  суықта  да 
онша  қатып  кетпепті.  Тамақтан  соң  Бекбайға  буын  бітіп,  атқа  құлдыраң  қағып  өзі  мініп  алды. 
Аттардың қолтығынан буы бұрқырап терлеп тұрғанына қарап, Бекбай ағасының бұл аттарды  едәуір 
алыс жерден әкелгенін білді. 
Қараңғылық  қоюлай  бере  аттанған  Берікбол  мен  Бекбай  сол  күні  таң  атқанша,  ертеңінде  күн 
батқанша  тоқтаусыз  жүрді.  Мынау  із-тозы  жоқ  қалың  быдырмақ  адыр  ішімен  келе  жатқандарына 
қарап, Бекбай «қашып келе жатырмыз ғой » деп ойлады. Осы ойын анықтағысы келіп: 
_ Берікбол аға, біз неге үлкен жолмен жүрмедік?_ деді. 
_ Біз үлкен жолмен жүре алмаймыз,_ деп Берікбол бір түрлі сырлы кескінмен Бекбайға қарап қойды. 
Созып түсіндірген жоқ. Түсіндіргісі де келмесе керек. 
Бірнеше жерден құрғақ тамақтанып алған бұл екі жолаушы қас қарайып ел орынға отырған уақытта 
ауылдарына келіп жетті. Үйлері шағын қыстақтың шығыс жақ шетіндегі оқшауырақ жерде болатын. 
Бекбай  бір  үйдің  кенжесі  еді.  Ол  әке-шешесін,  ағаларын  қатты  сағынған-ды.  Жүгіріп  үйге  кірді. 
Берікболдың әйелі Гүлсім ауыз үйде пешке от жағып отыр екен.   
_ По, Бекей келді ғой,_деп Гүлсім орнынан тұрды. Ол Бекбайды ертіп ортадағы үлкен бөлмеге кірді. 
Оң  жақтағы  жер  төсектің  үстінде  керістей  болып  үлкен  ағасы  Берікқазы  жатыр  екен.  Асты-үсті 
тақтайлы  орсы  үлгісінде  салынған  кең  үйдің  ішін  сіреп  тұрған  кілем-кілше,  басқа  да  үй 
жиһаздарынан біреу көшіріп кеткендейештеңе көрінбейді. Бекбай өз көзіне өзі сенбей қалды. 
_ Әкем мен шешем қайда?_ деді Бекбай жыламсырап, бір сұмдықтың болғанын іші сезген еді. 
_  Бекей,  жылама,_  деді  оң  жақтағы  жер  төсекте  басын  көтеріп  отырған  Берікқазы,  _  бәрін  жолға 
салып  қойдық.  Жарықтықтардың  да  кеткені  жөн  болды.  Тырнаштап  жиған  мал-  мүліктерін  бір-ақ 
сыпырып  алып  кеткенге  төзе  алмады  ғой.  Бекбай  ағасының  сөзінің  мәнін  іштей  білді.  Осыдан  бір 
жыл  бұрын  тарих  мұғалімі  оқушыларға:  «Тап  біржола  жойылады,  жоғарғы  тап  адамдарының  мал-
мүлкіне кәмпеске жүріледі» деген еді. Бекбайдың құлағына сол бір сөз қайта естілгендей болды. Үй 
ішіне айналдыра тағы бір рет қарап шықты. Өз көзіне қанық үйдің сәнін келтіріп тұратын жылтырар 
нәрселерден ештеңе қалмапты. Әлгіндегі үйлеріне таяған кездегі жүрегін өрекпіткен тамаша қуаныш 
лезде  ғайып  болды.  Үй  ішіне  қараған  сайын  көңілі  құлазып,  иен  далада  тұрғандай  сезіле  берді. 
Керексіз үй мүліктері төр алдында бейберекет шашылып жатыр. Үлкен ағасы Берікқазының босанған 

әйелше белінен төмен оранып отырғанына қарап, оның ауырып қалғанын межеледі. Бұрынғы қорада 
малы мыңғырып, аста-төк  көпіріп жататын малды семияаның жарты-ақ жылда қурап мынадай күйге 
түскеніне Бекбайдың сенгісі келмеді. Кіші жеңгесі Гүлсім екі жапырақ қара нанмен бір шәугім қара 
шәй  құйды.  Жол  бойы  Бекбай  «Жарым  жылдан  бері  жанынан  өтіп  келген  ашаршылықтың  орнын 
ауылға  барған  соң,  тамақты  аямай  ішіп  толтырып  аламын  ғой»  деп  ойлаған  еді.  Енді  оның  орны 
толғаны сол, жандарына кепілдік етуі қиын болып қалғанын сезді. Қара шәйдан асығыс екі-ақ шыны 
ішкен Берікбол лып етіп шыға жөнелді. 
_ Бұл бес-алты күнсіз орала алмайды ғой,_ деп Берікқазы Берікболдың соңынан қадала қарады.  
Бекбай  ауылдың  жағдайын  ертеңінде  бір-ақ  білді.  Мұндағы  аталас  туыс,  құдандалы  ілік-жілік 
адамдардың  көбі  ол  дүниеге  кетіпті.  Кейбіреулері  із-тозсыз  жоғалыпты.  Қайда  кеткенін,  өлі-тірісін 
ешкім білмейді екен. 
Ауылдың  шығыс  жағындағы  аласа  қабақтың  үсті  балалар  ақ  сүйек  ойнайтын  әдемі  көк  текше  еді. 
Текшенің жарымы аштан өлген адамдардың болымсыз томпиған бір-бір уыс топырақ үйінділерімен 
толыпты.  Алғаш  келгенде  екі  аяғында  буын  жоқ  сияқты  орнынан  екі  қолымен  жер  тіреп  тұратын 
Бекбай,  бір  аптадан  соң  едәуір  әлденіп  қалды.  Женгесі  Гүлсімге  көмектесіп,  семияаның  ұсақ-түсек 
жұмыстарына араласып қыбырлап жұмыс істей бастады. 
Берікбол  он  күн  дегенде  тағы  бір  келді.  Ол  аман-  сәлемнен  соң  екі  шыны  ғана  шәй  ішіп  жолына 
түсті.  Аздау  болса  да  бірнеше  күнге  талшық  боларлық  ет  әкеп  тастады.  Бұл  семияның  күнделік 
күйбіңі бір қалыпқа түсті. Жеңгесі су әкеліп шәй қайнатады. Арасында қыстақты аралап одан-бұдан 
сұрап,  аздап  тіске  талшық  етерлік  азық  тауып  келеді.  Мұндай  кездерде  Бекбай  бесікте  жатқан 
кішкене баланы айналдырып,  тұра алмай топ болып жатқан ағасының дәретін төгіп күнді батырады. 
Бір  айдан  соң  білді.  Ағасы  Берікбол  қашып  тауда  жүр  екен.  Азықты  қайдан  табатыны  белгісіз. 
Әйтеуір  ыдыстары  тақырлай  бастағанда,  түнделетіп  келіп  ет  әкеліп  беріп  кетеді.  Үлкен  ағасы 
Берікқазы орнынан тұра алмағанымен кеңірдегі сау еді. Кейде ол «Мені өстіп қойған құдай ғой» деп 
күңірене  кейіп  күні  бойы  басын  көтермей  теріс  қараған  беті  нәр  татпай  жатып  алады.  Мұндай 
шақтарда Гүлсім мен Бекбай екі жақтап жалынып ақшам қараңғылығы түскенде ғана басын көтертіп, 
ауызына дән тигізетін. 
Сұмдықтың үлкені жазға таяғанда болды. Берікбол көп күнге келмей қалды. Үйдегі талшық етерлік 
дән атаулы тақа таусылды. Үшеуі енесін тосқан торғайдың балапанынша Берікболды тосып  
есікке телміріп отырған. Есіктен Берікбол кіріп келгенде,  Гүлсім орнынан жылай түрегелді: 
_ Құдай-ау, неге сонша кешіктің? Бір пәлеге жолыққан жоқсың ба? Екі-үш күннің алдында бір жаман 
тұс  көріп  едім,_  деді  Гүлсім  қазандағы  мақсатсыз  қайнап тұрған  суға  қарап.  Бекбайдың  да  көзінен 
жас ыршып кетіп еді. 
_  Қорықпаңдар,_  деді Берікбол  оң  жақтағы  ағаш  қобдидың  үстіне  келіп  отырып,_  аздап  қиналдық. 
Бұрынғы  бекінген  жеріміз  сезіліп  қалды.  Ұрлап-жырдап  азырақ  азық  әкелдім,  енді  сендерге  қиын 



Поделитесь с Вашими друзьями:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет