Жазушы Шәміс Құмарұлы 15. 04. 1952 жылы Қытай халық республикасының Мори қазақ автономиялы



Pdf көрінісі
бет14/28
Дата08.01.2017
өлшемі1,22 Mb.
#1414
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   28
сайын жазықты шимайлаған ірі қара малдың, ұсақ малдың іздері жиі-жиі кездесе бастады, «өзендегі 
қыстаған елдің ұсақ малының өрістеп жеткен жері осы ғой» деп ойлады. Күн батарға жақындағанда 
тік  оңтүстік  жағынан,  шалғайырақтан  мұнартып  өзен  аңғары  сияқты  қаранор  ой  байқалды.  Күн 
батуға айналды. Бекбай ат пен өзіне пана боларлық ықтасын жер шолып, екі жағына кезек қараумен 
келеді.  Аздан  соң  қамшылар  жағынан  түйенің  жапырақ  өркешіне  ұқсап  екі  аласа  төбешік  көрінді. 
«Соның маңайынан ат арқандайтын жер табылар» деп ойлап, ат басын солай бұрды . Күн енді ғана 
батқан  еді,  Бекбай  аяңдап  келіп  төбешікке  шықты.  Төбешіктің  айналасы  ешқандай  ықтасыны  жоқ 
жадағай әрі тап-тақыр  екен . Алдыңғы жаққа  көз салып біраз тұрды. Шығыс жағынан сызықталып 
болымсыз  қабақсоқты  көрінді.  Батқан  күннің  алакеуім  жарығында  анық  көрінгенімен  недәуір  жер 
секілді байқалды.  «Не де болса соған жетейін, тоңып бара жатсам атымды жетелеп жаяу жүріп  ел 
шетіне  ілінермін»  деп  ойлады.  Төбешіктен  түсіп  солай  тартты.  Көз  байланып  қараңғы  түскенше 
қабаққа  жетуге  асығып  қаттырақ  жүрді.  Бекбай  қанша  қатты  жүргенімен  көрінген  қабақ  оңайға 
жеткізбеді. Ел орынға отырған уақыт мөлшерінде кішкене ағарға келіп түсті, жазықта көрінген қабақ 
осы ағардың шығыс жақ қабағы екенін білді. Ағардың шығыс жақ қабағының қары жұқа әрі азырақ 
жусаны  бар  екен.  Атынан  түсіп,  тізесін  жазып  арлы-берлі  жүрді.  Анау  оңтүстіктегі  өзен  аңғары 
жақтан баяу есіп суық жел соғып тұр .  

 
Атын  тұсап  қойып,  шығыс  жақтағы  қабаққа  шығып  біраз  отырды.  Жемқалтада  азырақ  жемі 
бары есіне түсті. «Атқа жем іліп қойып, бірдем көз шырынын алайын , тоңсам оянып кетермін» деп 
ойлап орнынан тұрды . Торы ат та оқыранды, жануар Бекбайдан жем дәметсе керек .  
 
Бекбай атына жемқалтаның түбінде қалған жемді қармен дымдап жіберіп шылбырын білегіне 
мықтап орап, ерінің көрпесін астына салып жантайды. Алғашыпда көз алдына ауылы, әсіресе Жайна 
елестеп  ұйықтай  алмай  жатыр  еді.  Аздан  соң  қорылдап  ұйқыға  кетті.  Қанша  уақыт  ұйықтағаны 
белгісіз, бір уақытта түсінен шошып оянды. Өне бойы мұздап, екі аяғы ағаш боп тоңып жатыр екен. 
Қатты қалшылдап басын әрең көтерді. Орнынан сенделектеп жүріп әзер тұрды . Торы ат ана жемін 
тауысып  аязда  тықыршып  әрең  тұр  екен  .  Бекбай  орнынан  тұрысымен  оқыранып,  Бекбайға  қарай 
жылжыды.  Бекбайдың  атқа  қарарлықтай  халы  қалмаған  еді.  Екі  аяғын  тепкіленіп,  қолдарын 
ысқыланып  аз  қимыл  жасаған  соң  ,  атының  тұсауын  шешіп,  жемқалтасын  қанжығасына  байлап  , 
атын жетелеп осы ағардың шығыс қабағындағы қара қырдаңмен құлдады . «Ой, Алла, тағы Берікбол 
ағам,  енді  біраз  ұйықтасам  өледі  екем»  деп  өзіне    өзі  күбірледі.  Әлгіндегі  көрген  үрейлі  түсі  көз 
алдына  елестеді.  Баяғы  оқушы  кезі  секілді.  Бірнеше  оқушы  үюлі  жатқан  тастардың  үстіне  шыққан 
сияқты.  Бұл  тастар  тас  емес,  мұзға  айналып,  аяғын,  қолын  қарып  тоңдыра  бастады.  Дәл  осы  шақ 
қолына ұзын бишік ұстаған, қабағы қатулы Берікбол ағасы жетіп келді, Бекбайды бишікпен тартып-
тартып жіберді. Аяқ-қолын бишік осқан Бекбай «баж» етіп шошып оянған еді. Енді біраз ояна алмай 
ұйықтап  қалса,  Бекбай  мәңгі  орнынан  тұра  алмай  қалуы  да  мүмкін  екен.  Көңіліне  осы  қорқыныш 
келгенде,  Бекбайдың  жүрегі  сәл  қобалжығандай  болды.  «Иә,  Алла,  мені  марқұм  Берікбол  ағамның  
әруағы  әлі  қорғап  еріп  келе  жатыр  екен  ғой»  деп  ойлады.  Бойын  тезірек  жылытып  алғысы  келіп, 
аяғын жіти басып тез жүрді. Жүріп едәуір құлдағанда, екі аяғы азырақ жылынғандай болды. Бірақ екі 
қолы  көпке дейін жылынбай ,  саусақтарының ұшы дызылдап келе жатты. Марқұм ағасы  Берікбол 
Бекбайдың қолы тоңып тызылдап кеткенде : 
 
_ Басыңды тырнасаң дереу басылады,_ дейтін . Сол есіне түскен Бекбай, атының шылбырын 
білегіне  орап  жіберіп,  екі  қолының  саусақтарымен  басын  тырналады.  Дегенмен  Бекбайдың  мына 
әдісінің де едәуір өнімі болды. Екі қолының саусақ ұштарының тызылдауы басыла бастады. Берікбол 
ағасының сұп-суық кескінмен келіп, бишікпен аямай осып-осып жібергендегі сұрлы кескіні әлі көз 
алдында  тұр.  Бисмилладан  басқа  бір  ауыз  аят  білмейтін  Бекбай,  ішінен  Аллаға  сиынып,  ағасы 
Берікболға иман тілеп, аз тұрған соң тағы жүрді . 
 
Бекбай  атын  жетелеп  жүрген  сайын  денесі  қаңбақтай  жеңіл  болып,  үп  еткен  желге  ұшып 
кететін сияқты сезілді. Сәл баяуласа болғаны сыртқы денесі емес, кеудесінің іші қалтырап, суық жел 
көкірек  қуысынан  соғып  тұрғандай  білінеді.Аяғын  бұта  қағып  бірнеше  дүркін  жығылды.  Бағанағы 
ұйықтап  оянғандағыдай  емес,  Бекбайдың  көзі  төңірегіне  үйірлесіп,  ұра-жыра,  алдындағы  теріскен 
сияқты  аяқ  қағатын  нәрселерді  анық  көретін  болды.  Үстіндегі  ескі  қара  сеңсең  ішік  Сарсүмбеде 
алғаш кигенде, екі иығынан басып ауыр сияқты сезілген еді, сол ауыр ішік бүгін жұқа шапаннан да 
жеңіл болып кеткендей білініп, барған сайын үстіне пана болмай барады. Қаңырап жатқан иен қарлы 
далада  не  бір  аң,  болмағанда  шиқылдап  ұшқан  құс  атаулы  көрінбейді.    «Мүмкін  ,  түнде  бәрі 
ұяларында  түнеп  қалған  шығар»  деп  ойлады  Бекбай.  Жүре  келе  Бекбай  ұсақ  малдың  шұбырған 
шуырынды ізімен жүрді. Осы іздің қайтсе де бір ауылға апаратыны оған айдай анық еді. Кенет аты 
шылбырды тартып қалып, Бекбайды шалқасынан түсірді. «Ат бірдеңен үрікті ғой» деп ойлаған еді, 
ат  ештеңеден  үрікпеген  екен.  Бекбай  шынтағымен  жер  тіреп  басын  зорға  көтерді.  Жүгеннің 
жақтауына іле салған тізгін салақтап кетіпті де, ат алдыңғы аяғын сол тізгінге өткізіп алған екен. Бір 
қолымен  жер  тіреп,  енді  бір  қолымен  аттың  шылбырына  сүйеніп  ,  орнынан  тұрмақшы  болып  еді, 
тұар  алмады.  Бекбай  өзінің  халінің  азайып,  дымының  құрып  кеткенін  енді  сезді.  Құлағына  ағасы 
Берікболдың : «Сен тірі қал , әйтпесе тұқымымыз бір-ақ құриды» деп сұрлана ақырған ашты дауысы 
естілгендей болды. Демін алып аз отырды. «Мен ата-бабамның атын өшірмеу үшін өлмеуім керек» 

деп күбірледі. Көз алдына Жайнаның күлімсіреген тәтті кескіні елестеді.  «Бекбай сені тосып күнде 
шәй қайнатып қойып, таң атқанша көз ілмей отырамын, сен қайдасың, тез келсеңші» деп айғайлап 
тұрғандай. Қардан шығып тұрған жусан түбіріне оң шынтағын тіреп әуелі тізерлеп алды , онан соң 
екі  қолымен  жер  тіреп  орнынан  тұрды.  Бекбай  қуанып  кетті.  Қалтасынан  қара  шал  берген  кездігін 
алып, тізгінді қиып, аттың аяғынан шығарып, жүгеннің жақтауына қайта орады . 
 
Бекбай  шуырынды  ізбен  тағы  жүрді.  Бағанағыдай  емес,  екі  тізесі  бүгіліп  кететін  сияқты 
болып,  бағанағы  қаңбақтай  денесі  енді  ауырлай  бастағанын  сезді.  Осылайша  сенделектеп  қанша 
жүргені  белгісіз,  бір  уақытта  алдындағы  ойдан  шулап  үрген  иттердің  дауысы  естілді.  Аттың 
шоқтығына  сүйеніп  аз  демін  алып,  айналасына  көз  салды.  Шығыстан  ағарып  таң  белгісі  көріне 
бастаған екен , « па , шіркін ! Ел шетіне келдім ғой» деді Бекбай. Ол алдыңғы жағының жайбір қабақ 
екенін  енді  байқады  .Шуырынды  жол  қабырғалап  кетіп  жатыр.  Өзен  жағасының  қалың  қаранот 
теректері қараңғылық ішінен түнеріп көрініп тұр. Жаттық жазықтан ептеп жығылмай-сүрінбей елге 
ілінгеніне іштей қуанды . 
 
Бекбай бар қайратын бойына жиып, қабырға жолмен еңкейді. «Еңістен тез түсіп кетемін ғой» 
деп ойлаған еді, бірақ олай болмады. Еңістен түсу Бекбайға жазықта жүргеннен қиын болды. Екі-үш 
аттап  еңкейіп  еді,  қайта-қайта  сол  тізесі  бүгіліп,  екі  қолтығы  дірілдеп  жығылып  кете  жаздады.Оң 
жағынан  ентелеп  келген  атының  жалынан  ұстап  біраз  тұрды.  Екі  көзі  өзен  жақта.  Осы  қабырға 
жолдың қалың терекке ілінген жеріндегі болымсыз дөңнің ар жағынан бұрқ етіп түтін көтерілді. «Ел 
тұра  бастады»  деп  ойлады  Бекбай.  Ол  енді  ердің  пыстанындағы  басытқыдан  оң  қолымен  мықтап 
ұстап,  аттың  сулығын  босатып  еді,  аты  қабырға  жолмен  жүре  жөнелді.  Мынау  жақсы  ақыл  болды. 
Бекбай аттың еріне жабысып ар жағынан түтін шығып жатқан дөңнің қасына таяды. Бекбайдың екі 
аяғы енді тіреуге кемей қалды. Азырақ тыныстап алғысы келіп, сол қолындағы аттың тізгінін тартты. 
Ат Бекбайдың халы кеткен қолының тартқанына тоқтамады. Бекбайды сүйреп дөңкілге шыға келді 
де,  алдындағы  киіз  үйге  қарай  тартты  .  Анадайтын  жерде  қолында  құманы  бар  шылауышты  әйел 
қарап тұр еді, ернін сылп еткізіп , белдеуге келіп тоқтаған ат пен адамға қарай жүрді . 
Әйел жеткенше Бекбайдың қолы басытқыдан босап жығылып түсті. Сасқалақтаған әйел қолындағы 
құманын қоя салып : 
 
_  Әй,  Мұстапа,  тез  шықшы,  белдеуге  келіп  бір  адам  жығылып  қалды,_  деп  дауыстады.  Өзі 
келіп  аттың тізгінін  Бекбайдың  қолынан  алып  белдеуге  байлады.  Үйден  ішігін  жамылып  жас  жігіт 
жүгіріп шықты . 
 
_ Мынау үсініп қалған адам сияқты , сүйеп үйге кіргізейік,_ деді әйел. Сөйтіп екеуі Бекбайды 
екі қолтығынан демеп үйге кіргізді. Үйде от маздап жанып , шәугім асулы тұр еді. Шешелі-балалы 
екеуі  Бекбайды  оттың  басына  көрпе  салып  жатқызып  қойды  .  Бекбайдың  буыны  кеткенімен  есі 
дұрыс еді , өзіне жасалған қамқорлықтың бәрін біліп жатты. Тек екі көзі бұлыңғырланып, үй іші мен 
адамдарды анық көре алмады. Сәлден соң :  
 
_Бұл кім екен?_ деген қартаң адамның күжілдеген барылдақ дауысы шықты . 
 
_Атынан  түскен  соң  қайта  міне  алмай  қалған  сияқты,  атының  жалынан  ұстап  белдеуге  әрең 
жетті.  Кім  екенін  қайдан  білейін.  Есін  жиған  соң  сұрармыз,  _  деді  әйел.  Төр  жақтан  ыңқылдап-
гүрсілдеп  бір  үлкен  адамның  киініп  жатқанын    Бекбай  дыбысынан  анық  біліп  жатты.  Үлкен  адам 
гүрс-гүрс жөтеліп сыртқа шығып қайта кірді : 
 
_  Әй,  мынау  үсінген  адам  емес  ,  аты  күйлі  ,  киімі  де  қалың  екен,_кәртең  адам  гүрілдей 
сөйледі,_ ашығып қалған адам ғой , шәй қайнаса, әуелі ауызына жылытпақтап шәй тамызыңдар . 
 
Оттың жылуы ма, жоқ жатып біраз тыныстаған соң бойына қуат біте қалды ма, әлгіндей емес, 
Бекбайдың тынысы кеңіп , қол-аяғына жан кіре бастады. Манадан бұыңғыр тартқан үй іші ап-анық 
болып кетті. Бар қайратын бойына жинап басын көтермек болып еді, басын көтере алмады. Жас жігіт 
жүгіріп келіп Бекбайды қолынан тартып басын көтертті . 

 
_  Әй,  кемпір,  мына  жігітке  орта  шыны  қара  шәй  бер.  Әуелі  өзегін  жалғасын  ,  _  деді  шал 
бұйырып . 
 
Бекбай әуелі орта шыны қара шәй ішті . Онан соң тағы да шалдың нұсқауы бойынша шәйға 
сүт  қосып  ішті  .  Бір  шәй  қайнатымнан  соң  ,  кемпір  ірімшік  араластырған  азырақ  тары  салып  шәй 
құйып  берді  .  Тары  мен  ірімшіктің  дәмі  шыққан  ыстық  шәй  Бекбайдың  ауызына  балдай  татыды  . 
Маңдайынан тер де бұрқ ете түсті . Тарыны жеп , шәй ішіп болғанда , Бекбай ет жеп , сорпа ішкен 
адамдай  ерек  рахаттанды.  Қарны  тоя  қалған  сияқты  сезілді.  Өне-бойы  жеңілдеп  ,  аяқ-қолына 
кәдімгідей  жан  кіріп  серпіле  қалды  .  Қолындағы  шынының  бетін  қолымен  жауып  артына  қарай 
шегініп отырды. 
 
Бекбай  енді  анық  байқады.  Төрдегі  жасы  сексенді  қусырған  өлмелі  кәрі  шал  екен.  Шалдың 
арықтығы сондай, қабақ сүйектері маңдай терісін тесіп шыққалы тұрғандай арсиып , екі көзі суалған 
құдықтай үңірейіп кетіпті. Кемпірі шалдан едәуір жас сияқты. Бүйрек бет, қара торы әйел екен. Ал, 
жасы  жиырмалардағы  домалақ  қара  жігіт  Бекбайға  қайта-қайта  жалтақтап  қарап  қойып,  есік  жақта 
біртізерлеп отыр . 
 
Шал  Бекбайдың  ауызын  жылытып,  бойына  жан  кіргенін  білді.  Көсілген  екі  аяғын  жиып, 
Бекбайға қадала қарады : 
 
_  Жә,  жігітім,  өзің  тәп-тәуір  азамат  екенсің  ,  көктен  түскендей  қайдан  жетіп  келдің?  _Шал 
сұраулы көзін Бекбайға қадады , _ жөніңді білейікші . 
 
_  Қанағат  байдың  баласымын.  Ауылымды  іздеп  келемін.  Былтыр  жазда  Қабадағы 
нағашыларыма  жолаушылап  кеткемін.  Қар  жауысымен  ауылға  оралсам  ,  біздің  елден  ешкім  жоқ. 
Біреулер :  
 «Ауылың  сыртқы  Моңғұлияға  көшіп  кетіпті»  деді  .  Лажым  жоқ,  қайта  нағашыма 
барып  қысты өткіздім. Солай көшіп бара жатқан біреулерден  нағашым біздің ауылдың Бұлғынның 
құйғаны  деген  жерді  қыстап  отырғанын  естіпті.  Жол  білмеймін  әйтеуір,  жол-жөнекей  біреулердің 
көрсетуімен келе жатырмын . Кешеден бері нәр татқамын жоқ. Ашығып қалғаным шын,_ деді Бекбай 

 
_Қанағат  деген  байды  естімеген  екемін.Осы  өткен  күзде  мынау  партизандар  Сарсүмбе, 
Буыршын, Бурылтоғай елін осында айдап келіп, қалың ел мұнда симай қалды ғой. Естуге қарағанда, 
алдыңғы ел Моңғұлияның жеріне өтіп қыстаған тәрізді. Оның үстіне қар қалың болды да,  алыстан 
ауып  келген  елдің  көбі  жұтап  қалды.  Ауып  келген  елдің  баласы  екенсің  ғой,_  шал  басын  изеп  аз 
отырып барып сөйледі,_ Бұлғынның құйғаны алыс емес . Атың семіз екен ғой , осыдан соза аяңдап 
отырсаң екінтіге жетпей жетіп барасың .   
 
_ Онда, таяп қалыппын ғой! _ деді Бекбай қуанып. 
 
_ Егер,_ деп қазан жақтан кемпір сөзге аралаласты . 
 
_ Ауылың Бұлғынның құйғанын қыстағаны сенімді хабар болса, балам, Алла  жеткізсе кеште 
үйіңде отырасың . 
 
Қарны тойып, аз дем алып есін жиған соң, Бекбайдың кеткісі келді . 
 
_  Ата,  сіздерге  рақымет,  осы  үйге  жолықпасам  әуелі  өліп  қалар  екем,  жақсылықтарыңыз 
менен  қайтпаса  құдайдан  қайтар.  Ренжімей  жол  көрсетіп  жіберсеңіздер  ,  мен  аттанайын  ,  _  деп 
Бекбай орнынан тұрды . 
 
_  Әй,  кемпір,_  деді  шал  орнынан  тұрғалы  қозғалып  ,  _  мына  баланың  ауылы  әлі  алыс  , 
жолдағы елдің бәрі жұтап отыр.Жеткенше малтап барсын , бірер тал құрт берші .  
 
Кемпірі орнынан нарау тұрып  ағаш кебеженің қайыспен байланған ауызын шешіп , қақпағын 
ашқан соң едәуір айналып, кішілеу екі тал құрт алып шықты. 
 
_ Ал, қарағым, көп бергенге өзіміз тіске сыздық  қыларлық  ғана қалды,_ деп қара кемпір екі 
тал құртты екі кесек алтын бергендей салмақтап әкеліп Бекбайдың қолына салды . 
 
Бекбай рақымет айтып, кәрияға ілесіп тысқа шықты . 

 
_  Жә,  балам,  көзіңді  жұмып  осы  өзенді  өрлей  берсең    болды  жетіп  барасың,_  деп  шал 
Бекбайды аттандырғалы ертіп атының қасына келді . 
 
Аттың алдына азырақ шөп тастап қойса керек, аш ат сыпырып-сиырып жеп болыпты. Аздаған 
шөптің  қоқымын  теріп  жеп  тұр  екен.  Шал  анадайдағы  шарбақтың  ауызын  ашып  ұсақ  малдарды 
шығарғалы жатқан ұлына қарап  : 
 
_ Әй, Мұстапа, бері келші, _ деп қасына шақырды.  
 
Елтірі  тымағын  баса  киген  Мұстапа  жүгіріп  әкесінің  қасына  келіп,  не  жұмыс  дегендей 
сұраулы көзбен әкесіне қарады . 
 
Мына  жігіттің  қанжығасындағы  жемқалтасын  алып,  шөптің  қоқымынан  нығап  толтырып 
әкелші,_ деп шал Бекбайдың қанжығасындағы жемқалтаны иегімен нұсқады,_ жолда ауылдарға түсіп 
шәй-пәй ішсе атына берсін . 
 
Мұстапа  әкесінің  сөзін  екі  еткен  жоқ  ,  жүгіріп  барып  шөп  үгіндісін  жемқалтаға  тырсита 
толтырып әкеліп Бекбайдың қанжығасына байлады.Айтарға болмаса, Бекбай қатты қуанды. Бір күнге 
аужал  боларлық  азық,  атының  тісіне  сыздық  болатындай  шөп  берді.  Бекбай  атына  мінген  соң 
кәрияның жүзіне сүйіне қарады . 
 
_  Атай,  сізге  рақымет,  Алла  амандық  беріп,  ауылымды  тауып  алсам,  өзіңізге  амандаса 
келермін . 
 
_  Е,  қарағым,  мынау  ел  іргесі  қопақтаған  апалас-төпелес  заманда  кім  азып-тозбайды  дейсің, 
екі күннің алдында тағы бір жігіт елін іздеп осында қонып кетті, _ деп шал Бекбайдың қолын алды,_ 
біраз күннің алдында бір бөлім ел Боғдаға көшіп кетіпті деп естігеміз. Ауылың солай кетіп қалмаса, 
ертеңнен қалмай тауып аларсың . 
 
Шалдың  мына  сөзі  Бекбайдың  жүрегін  қобалжытып  тастады.  Атын  ұрып  жіберіп  ,  өзеннің 
солтүстік  қабағының  үстіндегі  жолмен  шығысқа  қарай  тарта  жөнелді.  Күн  көзі  шығысымен  өзен 
сағасының ала шабырланған қары жіпсіп , күңгейлеу жерлердің тоңы жібіп, жылымық тарта бастады 
.  Өзен  аңғары  қанша  суық  болғанымен  ,  күн  көзі  көтерілген  соң  ызғары  қайтып,  түске  таяғанда 
едәуір маужырап жылынып кетті . 
 
Өзенді өрлей қолтық-қолтықтың бәрі иін тірескен ел екен . Бір бөлім ауылдар көшіп жатыр . 
Өрлеген  сайын  өзен  қабағының  үстіндегі  жазық  азайып  ,  аңғар  тарыла  бастады.  Жол  біресе  өзен 
жағасына  келсе,  енді  бірде  солтүстік  жақтағы  күнгейді  жағалайды.Тіпті  кейде  қыстап  отырған 
ауылдардың    іргесінен  өтіп  жатыр.  Күн  түске  таяғанда  Бекбай  қатар  отырған    төрт-бес  үйлі  екі 
ауылдың  қасынан  өтті.  Іргесінде  түйелері  матаулы  тұр,  тегі  көшкелі  отырса  керек  ,  теректердің 
арасындағы  алаңқыда  бір  топ  сиыр  күн  шуақта  сілейіп  тұр.  Ұршығы  айналып,  көздері  үңірейген 
өңшең арық сиырлар Бекбайдың көзіне бір түрлі қорқынышты көрінді . 
 
Бекбай  елді аралап өзен ішімен күн түс ауғанша  жүрді. Торы ат екі құлағының түбі терлеп, 
аяғы  ауырлап,  жолда  кезіккен  ауылға  қарай  бұрылғыштай  берді.  Торы  ат  аштан  бұрлығайын  деп 
қалған еді, әйтеуір қыстан семіз шыққан жілігіне сүйеніп ғана келе жатыр , ұзақ жол мен аштық екі 
жақтап тең меңдеткен жануар әдеттегі қамшы салғызбайтын елпек адуындылығынан айрылып  әрең 
келеді. Атының жайын Бекбай  анық білді. «Алда ауыл кезіксе бір үйге түсіп, атына жемқалтадағы 
шөпті іліп , шәй ішіп аттанайын» деп ойлады . Сөйтті де алдыңғы жағына көз салды. Өзен ішіндегі ел 
сирей бастаған сияқты.Оңтүстік жақтағы қабақ үстінен мал айдаған адамдардың бараны көрінеді . 
 
Бекбай айналасына көз салып едәуір жүрді. Көшкен елдің жұрты ғана жатыр. Ауыл кезікпеді. 
Күн бесінге таяғанда төрт үйлі шағын ауылға жетіп келді, тайдай-тайдай үш қара ит бірінен соң бірі 
атылып келді. Көздері қып-қызыл , қатты семіріп алыпты. Бекбайдың қамшымен жасқағанына қарар 
емес,  арсылдап  ат  үстіне  қарғиды  .  Шеткі  ақ  үйден  екі-үш  бала  шығып  ,  ит  қамалаған  Бекбайдың 
қасына жүгіріп келіп, иттерді айқайлап жасқап қойды . 
 
Бекбай шеткі үйге келіп түсті, сәби балалардың бастауымен атын белдеуге байлап үйге кірді . 

 
_ Ассалаумағалайкұм! _ деп Бекбай есіктен кіріп келді . 
 
Қазан  жақтағы  қайқы  бас  төсектің  алдында  жіп  иіріп  бір  кемпір  отыр.  Әлі  желегін  алмаған 
жас  келіншек  оң  жақ  босағада  кір  жуып  отыр  екен  .18  жастар  шамасындағы  аққұбаша  қыз  қазан 
жақтағы төсектің үстінде кесте тігіп отыр . 
 
Кемпір желкесіне кеткен шылауышын оң қолымен маңдайына қарай жөндеген соң, Бекбайға 
қарап  ауызын  жыбырлатты.  Бекбай  кемпірдің  дауысын  естіген  жоқ.  Амандасқан  сыңайын  байқап  , 
төрге шығып отырды. Төрде ақ киіз бен қара киізден ойыстырып тіккен от киіз жатыр.Су жаңа екен . 
Ал анау киіз үйдің бас құр, ораулы шилері   бәрі  де өнерлі қолдан шыққаны білініп жарқырап тұр. 
Мынау үйдің мүлкі мен адамдардың киімінен-ақ едәуір ауқатты семия екенін Бекбай білді . 
 
Келіншек  кірін  жуа  берді.  Төсектегі  қыз  кестесін  тігіп  қозғалар  емес,  кемпір  иіріп  отырған 
ұршығын  бір-екі  рет  зырлатып-зырлатып  жіберген  соң,  ұршығын  оң  жамбасына  сүйеп  қойып, 
Бекбайға қарады : 
 
_ Қай ауылдан жүрген баласың ? 
 
_ Қаба жерінен ауылымды іздеп келемін,_ деді Бекбай қысқа ғана . 
 
_  Е,  ұзақтан  келеді  екенсің  ғой,_  деп  кемпір  оң  жақ  босағада  кір  жуып  отырған  келіншекке 
қарады , онан соң арт жағындағы төсекте кесте тігіп отырған қызға бұрылды :  
 
_ Мына бала шалғайдан келе жатқан жолаушы екен , шәй қайнатыңдар,_ деді . 
 
 
Қыз кестесін төсектің іргесіне сүйеп қойып орнынан нарау қозғалып қазан жаққа барды . 
 
Мына  үй  ауқатты  семия  сияқтанғанымен  Бекбайдың  көзіне  адамдары  өте  жүдең  көрінді  . 
Кемпірдің  екі  ұрты  суалып  ,  өңі  көкшіл  тартып  қатты  жүдепті.Ал,  анау  келіншектің  де  сырты 
жылтырағанымен , екі көзі кілмиіп , екі бетінің ұшы шытынап жарылып кетіпті. Өңінің қаралығынан 
болса керек, анау шәй қайнатқалы қозғалған бүйрек бет қара қыздың жүдеңдігі анша байқалмады. Ол 
отты маздатып жағып, мосыға шәугім асты . 
 
Шәй  қайнап,  от  басына  түсірілісімен  Бекбай  тысқа  шығып,  қанжығасындағы  жемқалтаға 
салған  үгінді  шөпті  атына  іліп  қойып  қайта  кірді.  Қыз  шыны  жуып  дастарқан  жайғанда  ,  кемпір 
орнынан  тұрып  қазан  жақтан  жайпақ  ағаш  табақты    алып  Бекбайдың  алдына  қойды.  Табақтың 
түбінде  бір  уысқа  жетер  –жетпес  құрт-ірімшіктің  қоқымы  бар  екен.  Шәй  құйылған  соң,  кемпір 
Бекбайға бұрылып : 
 
_  Қарағым,  мал  отарға,  Қаптық  деген  жерге  кетіп  еді,  жұтап  қалыпты  деп  естиміз.  Қолдағы 
малда  пышаққа  жарар  ештеңе  жоқ  болып,  тілімізді  тістеп  отырмыз,_  деді.    Кемпірдің  өңі  сәл 
қызғылтым тартып, құрғақ шәй құрғанына қысылғаны байқалды . 
 
_ Рақымет, шешей, ел жағдайын біліп келемін ғой  _ деді Бекбай . 
 
_  Қарның  ашқан  шығар,  қарағым,  қоқым  болса  да  шайға  малып  іше  ғой,  бұл  ауылдағы 
еркектің бәрі жаумен соғысамыз деп кеткен . Өлмелі шалымыз бар еді, сыртта жүр,_ деп кемпір ағаш 
табақты Бекбайдың алдына қарай жылжытып қойды . 
 
Абақтыда көп отырып ішегі қуырылып қалған ба, жоқ өзіне осындай бір ынсап біте қалды ма, 
әйтеуір  қанша  аш  жүрседе  Бекбай  аштыққа  төзімділік  көрсетіп  келеді.  Мына  үйде  де  қарны  қатты 
ашып  қиналып  отырсада  өзін  салмақты  ұстады.  Бес-алты  шыны  шәй  ішіп  аяқ-қолы  жылынғанша 
құрт пен ірімшіктің қоқымын алғау қылып асықпай жеді. Бекбайдың ашығып келе жатқанын кемпір 
біліп отырса керек. 
 
_ Қарағым, құрғақ шәй құйды деп ренжіме, жайымыз осы ,_  кемпір ұршығын қайта қолына 
алды, _  сонда баратын ауылың қайда еді? 
 
_ Бұлғын өзенінің құйғанында деп естіп келемін . Қанағат деген кісінің ауылыныкімін,_ деді 
Бекбай . 
 
_  Е,  Бұлғынның  құйғанында  болса  ұзақ  емес  ,  бас  жақта  ғана  ғой,_  деп  кемпір  иегімен 
жоғарғы жақты нұсқап қойды . 

 
_  Рақымет,  шеше,  мен  жүрейін,_  деп  Бекбай  орнынан  тұрды.  Кемпір  артына  қарай  сырғып 
отырып жатып :  
 
_ Әй, ана баланы ит қаппасын, итті қорыңдар,_ деді . Төсектегі  кестесін ұстай алған қара қыз 
еріксіз  төсектен  түсіп  барып  Бекбайға        есік  ашты.  Аты  шөбін  тауысып  тықыршып  тұр  екен. 
Бекбайды көріп оқыранып жіберді. Жемқалтаны қанжығасына байлап жолына түсті. 
 
Кемпірдің    «бас  жақта  ғана  ғой»  деп  иегін  көтере  салғанына  қарап  Бекбай  «ауылыма  келіп 
қалған шығармын» деп ойлаған  еді. Содан күн батарға таяғанда әрең Бұлғынның құйғанына жетті. 
Ақ  шекпен шапан киген , қолында таяғы бар қартаң адам екі  сиыр айдап жаяу өрлеп барады екен. 
Бекбай атын қамшылап көп ұзатпай қуып жетті. Екі сиырда ұршығы айналып арықтан өлгелі тұрған 
малдар екен . Артынан дүрсілдетіп қатты келген ат дүбіріне жалт қараған жаяу, таяғына сүйеніп тұра 
қалды. Сиыр айдаған қартаң сары әйел екен :  


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   28




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет