«4) «Құтты білік» дастанының зерттелуі, құрылымдық-көркемдік ерекшелігі. «Құтты біліктің» түпнұсқасы бізге жетпеген.Оқырман қауымға әзірге дастанның үш көшірме қолжазбасы мәлім.1439 жылы Герата ұйғыр әрпімен көшірілген нұсқасын елшілік қызметте жүрген австриялық шығыстанушы ғалым И.Хаммер Пургшталь 1796 жылы табады.Ол дастанды Венадағы Король сарайының кітапханасына тапсырады.Дастан туралы қысқаша сипаттама жазып, кітаптар катологіне ендіреді.Қолжазба туралы алғашқы мақаланы Париждегі колледждің оқытушы ғалымы, араб, парсы, түркі тілдері кафедрасының меңгерушісі П.А.Жобер «Заметки о турецкой рукописи уйгурскими буквами» деген атпен 1825 жылы Азиятану журналында жариялайды.1857, 1861 жылдары И.Н.Березин мен Н.И.Ильминский дастанның алғы сөзінен алған үзіндіні өз кітаптарында бастырады.1870 жылы венгр ғалымы Герман Вамбери басылымы толық жарияланып болмаса да, дастанды зерттеу жұмыстарының жаңа мүмкіндіктерін аша түседі.
«Құтты біліктің» жариялануы мен зерттелу тарихының жаңа кезеңі В.В.Радлов есімімен байланысты.Ол «Құтты білікке» өз өмірінің жиырма бес жылын арнайды.Оның дастанды зерттеу ісі жолсапарынан басталады.«Құтты біліктің» араб әрпімен жазылған екінші нұсқасын неміс зерттеушісі Б.Мориц 1896 жылы Каир кітапханасынан табады.В.В.Радлов осы нұсқаның көшірмесін 1898 жылдың орта кезінде толық түрде қолға түсіріп, өз тарапынан қайта қарап, Шығыстану институтының Ленинград бөліміндегі қолжазба қорына тапсырады. Вена, Каир екі қолжазбаның негізінде жасалған дастанның толық транскрипциясымен неміс тіліндегі аудармасын В.В.Радлов 1910 жылы жариялайды. «Құтты білікті» жариялау, аудару, зерттеу ісіне жиырма бес жыл өмірін жұмсаған. В.В.Радлов ұйғыр тілінің грамматикалық құрылымы туралы очеркі мен «Құтты біліктің» сөздік индексін құрастыру жұмыстарын ойға алған болатын, бірақ ол ойын іске асырып үлгермейді.С.Е.Малов, В.В.Радловтың аудармасын «поражает мастерством и глубоким проникновением в звук языка» деп өте жоғары бағалайды.
Үшінші нұсқасын Наманган қаласындағы жеке кісінің кітапханасынан 1913 жылы А.З.Валидов тапқан.Бұл дастан нұсқаларының ең сапалысы саналады.Осы нұсқаны 1925 жылы өзбек ғалымы Фитрат қайта тауып, ол туралы мақала жазады, дастан үзіндісін жинақта жариялайды.
«Құтты білік» туралы елуінші жылдарға дейін біршама зерттеулер жинақталады.1951 жылы С.Е.Маловтың атақты «Көне түркі жазба ескерткіштері» жарық көреді.Мұнда дастан туралы қысқаша зерттеу беріледі, шығарма үзіндісі жарияланады, соңында дастанның зерттелу тарихын танытатын әдебиеттер тізімі көрсетілген. «Құтты білік» дастаны туралы жан-жақты зерттеу нәтижелерімен А.А.Валитова, С.Е.Малов, Р.Р.Арат, Ділашар, С.Бамер, К.Кримов, И.В.Стеблева, И.В.Баролина, Д.М.Насилов, А.Егеубаев еңбектері мен «Советская туркология» журналындағы мақалалардан танысуға болады. Белгілі абайтанушы ғалым М.Мырзахметовтың «Құтадғу біліг» және «Абай» атты мақаласы ерекше танылған.
«Құтты білік» жайын әңгімелегенде, әсіресе ақын әрі ғалым Асқар Егеубаевтың еңбегін ерекше атаған жөн.Бұрынырақта баспасөз беттерінен әртүрлі тақырыптағы үзінділерін оқығаны болмаса, қазақ оқырманы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігімен» қауышып кете алған жоқ еді.Көпшілікке беймәлімдеу бұл дүние А.Егеубаевтың аударуымен 1986 жылы қазақ тілінде кітап болып шығып, қолымызға тиген.
«Құтты білік» белгілі-белгісіз себептермен қазіргі ұрпаққа кешігіп жетсе де, оның халық арасындағы қадір-қасиеті бұрыннан-ақ жоғары болған, тіпті таң қаларлық.Бұл ойымызға А.Н.Самойловичтің мәліметіне сүйенген В.В.Бартольдтың пікірі дәлел бола алады: «Кутадгу билиг, несмотря на небольшое число известных до сих пор рукописей, пользовалась в свое время некоторой популярностью, видно из того, что в Сарайчике, был найден глиняный сосуд с подписью содержавщий стихи из Кутадгу билиг».
Асқар Егеубаев «Құтты білікті» 1986 жылы қазақ тілінде сөйлетумен бірге 1989 жылы дастанның қазақ әдебиетіне тигізген идеялық-көркемдік ықпалы жайында кандидаттық диссертация қорғайды.Оның «Құтты білік» жайындағы зерттеу мақалалары мерзімді баспасөз беттерінде бүгінге дейін жарияланып келеді.Асқар Егеубаев «Құтты білік» пен Абай шығармаларындағы ой-пікір үндестігі мен сабақтастығын ашық көрсетіп берген.
2001 жылы жарық көрген Асқар Егеубаевтың «Құлабыз» атты еңбегінде дастанның көркемдік ерекшеліктерін айқын көрсетіп берген.
«Құтты білік» жайындағы ой-пікірлерін Х.Сүйінішәлиев «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері» атты кітабында бастап «Ғасырлар поэзиясы» деген зерттеу еңбегінде дамытып, толықтыра түседі.Сондай кітабындағы мақаласында дастаннан көптеген үзінділер келтіре отырып, «Құтты біліктің» мазмұнында қазіргі қазақ түсінігіне қонымды жолдар аз емес деген қорытынды жасайды.Ол Жүсіп Баласағұн мен Абай шығармаларындағы ой-пікірдің тұтастығы мен үндестігін танытатын бірнеше тақырыпты әңгімелейді.
«Құтты білік» дастаны Ә.Қоңыратбаев пен Н.Келімбетов тарапынан да әжептәуір әңгіме болған.М.Әліпханұлының еңбектері де «Құтты білік» дастанының көркемдік ерекшеліктері мен Абай шығармаларының ұқсастығына арналып жазылған.
А.Х.Қасымжанов пен М.Орынбековтер дастанның философиялық мазмұнын танытып келеді. «Құтты білікті» баршамыздың таныған үстіне тани түскеніміз аса игілікті іс болар еді.Р.Бердібаев айтқандай, аталмыш дастанның алуан сипаттары жөніндегі әңгіменің көбі әлі алда.