Әлде де жоғары сапалы титан губкасы тотықсыздандырғыш ретінде натрийді қолданғанда алынады.
Титан губкасын құймаларға қайта балқыту электродтары шығындалатын вакуумды электр доғалы пештерде жүргізіледі. Ол электродтар ұсақталған титан губкасын престеу арқылы жасалынады. Тигель материалы титанды ластауы мүмкін, сондықтан балқытуды сумен суытылатын мыс құймақалыптарында жүргізеді. Тигель қабырғасында тез қатайған титан мыспен қорытылмайды. Электр доғасы шығындалушы электрод пен балқытылған металдың сұйық ваннасы арасында жанады және біртіндеп электродты балқытады. Металл сапасын арттыру үшін екі мәрте қайта балқытуды жүргізеді. Екінші рет балқытқанда шығындалатын электрод ретінде бірінші балқытудың титан құймасы қолданылады. Вакуумды доғалы қайта балқыту әдісінің кемшілігі – шикіқұрамда титан қалдықтарын пайдаланудың күрделілігі. Қалдықтарды пайдалану вакуумды доғалы балқытуды гарнисажда жүргізгенде ғана мүмкін болады. Балқыған күйінде титан тигель жасалған барлық материалдармен (кремнезем, магнезит, цирконий қос тотығы) қарқынды әрекеттеседі және оттегіге қанығады. Графитті тигельді қолданғанда титан көміртегіге қанығады (1%-ға дейін). Титанның ластануы оның қасиетін күрт төмендетеді. Балқыған металдың тигельмен әрекеттесуінің алдын алу үшін, оның ішкі бетін гарнисаж деп аталатын титан қабыршағымен қаптайды. Соның арқасында балқыған металл қалыңдығы 2-3 мм қатты титанмен жанасады және тигель материалының қоспаларымен ластанбайды.
Бақылау сұрақтары: 1. Алюминий өндірісінің технологиялық үрдісі қандай сатылардан тұрады?
2. Алюминийдің электролизі қандай агрегатта жүзеге асырылады және сол агрегат қандай бөліктерден тұрады?
3. Алюминий алуға арналған электролиздегіште анод пен катод қызметтерін не атқарады?
4. Магний өндірісінде негізгі шикізат болып қандай материалдар табылады және металдық магниді қандай әдістермен алады?
5. Титан өндірісі үшін негізгі шикізат қызметін қандай минералдар атқарады?
6. Титан алуға арналған хлоратордың реакциялық аумағында қандай реакция жүреді?