Жетіген Жетіген қазақ халқының көп ішекті шертпелі аспабы. Жалпы тұрқы ұзынша, жәшік тектес етіп жасалады. Бетіне жұқа тақтайдан қақпақ жабылып, үн беретін ойықтары салынады. Тарихы
Жетіген - қазақ халқының көп ішекті шертпелі аспабы. Жалпы тұрқы ұзынша, жәшік тектес етіп жасалады. Бетіне жұқа тақтайдан қақпақ жабылып, үн беретін ойықтары салынады.
Тарихы
Жетіген — жасалуы да, ойналу әдіс-тәсілі де өте күрделі аспап. Ертеректе ел арасында сақталған көне жетігеннің ішегі аттың қылынан тағылып, тиектің орнына асықтар пайдаланылатын болған. Аспаптың құлақ күйі осы асықтарды әрлі-берлі жылжыту арқылы келтірілген. Ішек сандары жетеу болғандықтан, аспап Жетіген аталған. 18 ғ-да қазақ даласын аралаған саяхатшы-этнографтар И.Лепехин, И.Георги, т.б. екі ішекті домбырадан басқа көп ішекті аспаптардың да болғандығын жазады. Ал саяхатшы А.С. Паллас 1786 жылғы қазақ даласын аралаған сапарында осы күнгі жетігеннің көне түрін кездестірген. “Бұл аспап шыршадан жасалған шағын ғана жәшік, оның түбі ғана бар. Оған ішектер ешбір құлақсыз керілген. Бұл аспапты құлақ күйіне келтіру үшін әрбір ішектің астына кішкене тиек — қойдың асықтары қойылады. Музыкант ішектің ұзын жағын сол қолымен тартады да, оң қолымен дишкантта ойнайды”, — деп жазған. Этнограф-саяхатшылардың осы секілді жазбаларына қарағанда, Жетіген аспабы қазақ халқы арасында 19 ғ-дың ортасына дейін сақталып, бертін келе жоғалып кеткен. Осы этнографиялық сипаттамалар бойынша қалпына келтірілген немесе жетілдіріліп жасалған жетігеннің алғашқы үлгісі өмірге қайта келіп, өнеріміз бен аспаптық музыкамызда орын ала бастады. 1817 жылғы “Сибирский вестник” журналында жазылған анықтама бойынша белгілі шебер Оразғазы Бейсенбекұлы 1966 ж. Жетіген аспабының алғашқы нұсқасын қалпына келтіріп жасап шықты. Бұл алғашқы үлгінің дыбыс ауқымы бір жарым октава болып, 13 ішек тағылып жасалды. Оның ұзындығы 1060 мм, шанақ ені 250 мм болып, бетіне екі-үш жерден тиектер қойылып жасалды. Жетігеннің ноталық жүйесін анықтаған ғалым-зерттеуші Б.Сарыбаев болды. Жетіген аспабына байланысты оны ертеде жеті ұлынан айырылған күйші-өнерпаз жасап, “Жетігеннің жеті күйін” шығарыпты дейтін аңыз бар. Аспаптық-фольклорлық музыкамызда ерекше орын алатын бұл аспап 1970 жылдан бері Т.Сарыбаев, Е.Құсайынов, С.Мерекеев, т.б. музыкашылардың орындауында жаңаша сипатқа ие болды. Жетіген аспабының қазіргі шеберлер жасаған үлгісінің дыбыс ауқымы 2 — 2,5 октаваға дейін жеткізілді. Қазақ халық музыка аспаптары мұражайында жетіген аспабының этнографиялық сипаттамалар бойынша жасалған көне үлгісі мен жетілдірілген үлгілері сақталған. Оларды О. Бейсенбекұлы, Н. Әбдірахманов, Д. Шоқпарұлы, С. Ділманов секілді аспапшы шеберлер жасап шықты. Аспап “ Сазген”, “Мұрагер”, “Адырна”, “Отырар сазы”, т.б. белгілі өнер ұжымдарында ойналып келеді. Жетіген аспабы түркі тілдес халықтардың барлығында да бар және өз тілдік атауларымен аталады. Мысалы, татарлар — “етиган”, тывалықтар — “жадықан”, хақастар — “шатқан” деп атап, музыкалық аспаптарымыздың да этникалық шығу, пайда болу негізінің ұқсас, тектес екендігін байқатады.