Жүйелік проблемалық мәселелер 1. Туризм саласындағы статистика Туризм статистикасының көрсеткіштерін қалыптастыру Әдістемесіне сәйкес ішкі туризм бойынша қызмет көрсетілген туристер саны орналастыру орындарындағы, санаторлық-курорттық мекемелерді және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға келген туристер туралы әкімшілік дереккөздердің деректері жалпымемлекеттік статистикалық байқаулардың деректері негізінде қалыптастырылады. Орналастыру орындарын жалпымемлекеттік статистикалық байқаумен «Уақытша тұру бойынша қызметтер көрсету» экономикалық қызмет түрі бар кәсіпорындар мен дара кәсіпкерлер қамтылады.
Алайда, статистика туристер санын толық қамтымайтынын атап өткен жөн. Мысалы, 2022 жылғы жазғы маусымда мониторинг деректері бойынша тек Алакөл көлінің жағалауында демалушылар саны 1,5 млн. адамды құрады.
Ал, статистика деректері бойынша туристер саны тек 189,7 мың адамды құрайды, бұл мониторинг деректерінен 8 есе төмен.
Осыған байланысты туристерді статистикамен қамту тетіктерін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізу қажет (статистикалық нысан
2-туризм) және оларды мониторинг деректеріне сәйкес келтіру (аудандар мен қалалардың әкімдіктері, статистика департаменті). Ұсыныс Жетісу облысындағы «Қойлық» (Сарқан ауданы) қалашығы мен «Ешкіөлмес» (Ескелді ауданы) петроглифтері тиісінше республикалық және облыстық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері болып табылады.
Алайда, қазіргі уақытта нысандар туристер арасында жаппай қызығушылық тудыратын орындардың бірі емес.
Қазіргі уақытта облысқа туристер санын арттыру мақсатында «Қойлық» қалашығының тарихи-мәдени нысандары мен «Ешкіөлмес» петроглифтерінің әлеуетін пайдаланған жөн. Осы орындардағы нысандарға келетін туристер санын көбейту үшін:
1. «Қойлық» тарихи қалашығын (Сарқан ауданы) және «Ешкіөлмес» петроглифтерін (Ескелді ауданы) мұражайландыру.
Бұл үшін ҚР МСМ:
- объектілерді мұражайландыру, онда археологиялық қазбалар, консервациялау және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу;
- мұражайландыру аяқталғаннан кейін нысандарда визит-орталықтардың құрылысын бастау керек.
Жобаларды іске асырғаннан кейін бір объектіге туристер саны артады, туристік компаниялар үшін ақпараттық турлар, оқушылар үшін білім беру экскурсияларын өткізу мүмкіндігі пайда болады.