Жезқазған қаласындағы №11 жалпы орта білім беретін мектебі
Ғылыми жоба
Тақырыбы: «Телжан Шонанұлы еңбектерінің тарихнамалық мәні»
Орындаған: тарих пәнінің мұғалімі Серуен Ж
Жезқазған - 2020
Телжан Шонанұлының еңбектерінің тарихнамалық мәні
Өткен ғасыр басында қалыптасқан ұлт зиялылары қазақ халқын қоғамдық дағдарыстан шығарар жол – ғылым мен оқу-ағарту салалары деп білді. Және де олар өз шығармаларында халықты өнер-білімнің түрлі салаларымен таныстыру үшін қоғамдық ғылымдарды қалыптастыруға тырысқан еді. Нәтижесінде жиырмасыншы жылдары қазақ зиялыларының алдында ұлттық ғылымды барынша жандандыру мәселесі көтеріліп, соған орай біршама жұмыстар атқарылғандығы зерттеу жұмыстарының барысында біршама қарастырылған болатын. Ғалым Телжан Шонанұлы да көптеген еңбектер қатарын жазып, ұлт ғылымының өркендеуіне үлес қосып, өзінің жан-жақты ғылымдар саласын меңгергендігін байқатты.
Ел өміріндегі қажеттілікті өтеу барысында қоғамдық ғылымдармен қатар жаратылыстану ғылымының мамандарын даярлап шығару ісіне Т. Шонанұлы да қол ұшын берді. Соған орай Т. Шонанұлының ғылыми мұраларының бір тобын – жаратылыстану ғылымы бойынша жазылған еңбектері құрайды. Мысалы, “Тамшының тарихы” (Жас қазақ. – 1924. – № 5-6); “Нұх кезіндегі топан деген не?” (Жас қазақ. – 1924. – № 5-6); “Мектепте аймақтану” (Жаңа мектеп. – 1925. – № 3); “Жазғы серуенге қыс қалай әзірленді?” (Жаңа мектеп. – 1928. – № 1-4-5); “Жағрафия оқыту әдісінің жемісі”(Жаңа мектеп. – 1929. – № 4); “Жағрапияның алғашқы сабақтары” (Жаңа мектеп. – 1927. – № 1-8) және т.б.
ΧΧ ғасырдың 20-шы жылдарында түрлі ғылым салаларымен қатар өлкетану, әсіресе мектептегі өлкетану ісінің қолға алынуы жаңа бастама болды. Кеңестік Қазақстан жағдайында өлкетанудың негізінің қалануына жұмыстың бастапқы тарауында аталынып өткен Қырғыз өлкесін зерттеу қоғамының орны ерекше болды. 1924 жылдан бастап қоғамның негізгі бағыттарының бірі – мектепте өлкетану бөлімдерін ұйымдастыру болды. Бұл бөлімге ең бірінші кезекте төмендегідей міндеттер қатары жүктелді: қолда бар маңызды материалдарын мектептік өлкетану ұстанымдарына бейімдеу, өлкетану жұмыстарына оқушылар мен ұстаздарды тарту, мектепте өлкетану үйірмелері мен ұйымдарын нығайту болды.
Телжан Шонанұлы Қазақстанды зерттеу қоғамының қызметінде жүріп республикадағы өлкетану жұмыстарына қатысты істер атқарғандығын мұрағат құжаттары да айғақтайды. Мәселен, 1927 жылдың 12 сәуірінде Қоғамның кезекті отырысында Шонанов, Мелков, Ахмедов, Алдабергенов, Жолдыбаев, Дулатовтарға қоғамның жұмысымен қатар өлкетану жұмыстарына қатысты лекторлық курстар даярлау ісі жүктелсе, ал 1929 жылы 28 сәуірде Өлкетану штаты құрылып, өлкеде түрлі мәдени шаралар жүргізу үшін Ерназаров (төраға), Жандосов, Жолдыбаев, Айтмағанбетов және Шонановты бекітеді [1].
Сондай-ақ Қазақстан Халық Ағарту комиссариатының тікелей тапсырмасымен қоғам мектептерге Қазақстанның географиялық карталарын дайындап, оқулықтар мен әдістемелік құралдарды өңдеп, қазақ тіліне аударды.
Ғалымның аталған сала бойынша жазып қалдырылған еңбектерінің ерекшелігі – әрбір ұсынылған материалдың нақты да дәлелді болып, ғылыми тұрғыда ұсынылуында еді. Мәселен, “Мектепте аймақтану” атты мақаласында автор өлкені зерттеу турасында өз ойлары мен тілектерін жазды. ... Аймақтану деген не? Нені қалай үйретеді? Өз алдына бір пән бе? Болмаса педагогиканың тәрбие беретін бір әдісі ме? – деп [2], жүйелі мақсат қою арқылы мәселенің мәнін ашуға тырысады.
Осыған орай Телжан Шонанұлы сол кезеңдегі әр түрлі топтағы ғалымдардың мектептегі аймақтануға қатысты көзқарастарын талдап, өлкетануды еңбек және қоршаған орта арқылы оқытушыларды оқыту мен тәрбиелеу құралының бірі ретінде көрсетіп берді. Телжан Шонанұлы: «Аймақтың табиғатын, кәсібін, қоғам тұрмысын білу керек. Мұның бәрі түрлі ғылымның басын құрайды, бір ғылым болып шығарылмайды. Аймақтану – комплексті жүргізудің негізі, үйренудің, білудің әдісі... Осы аймақтануға байланысты “аймақ” деп біреулері бүтін Қазақстанды айтады. Біреулері уезін иә губерниясын айтады. Ал біздіңше, қазақ мектебінде “аймақ” деп бүтін Қазақстанды айту керек” – деп [2, 31 б], тұжырымдайды
Сондай-ақ Телжан Шонанұлының “Жағрафияның алғашқы сабақтары” атты мақалаларында мектеп оқушыларына жағрафия пәнін оқытудың жеңіл жолдарын ұсынады. Жағрафияның ең негізгі құралы ретінде картаны пайдаланғаны байқалады. “1926 жылдың ортасында қазақ пәнінде карта шықса керек. Менің өзім жазусыз карта алып керегеге ілдіріп қойып, жер бетінің бедерін, шектерін, тауларын, ауа-райы, топырақ жағдайы сықылды нәрселерін сол карта бетіне салғызамын. Тек картамен таныстырғанда, асықпай, жайлап балалар картаны толық танырлық қылып бастау керек. Күн, сағат жасау, төрт түсті, мердиан табуды балаларға үйрету қажет” – дей келіп, автор, картамен толық таныстырудан бұрын балаларға жердің домалақ екенін білдіріп, картамен қатар глобусты алып жүруді ескертеді. Ол үшін ең алдымен балаларға мердиан мен параллель ұғымдарын меңгертіп, кейіннен мердиан табуды үйренген балаға қолдан күн сағат жасату әдісін көрсетеді. Яғни бірінші кезекте тәжірибе жасау әдісін толыққанды меңгеру қажеттілігін ескертеді [3].
Жалпы Кеңес үкіметі тұсында Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Телжан Шонанов сынды және басқа да ұлт зиялыларын қатты толғандырған тіл мәселесі еді. Кез келген халықты ұлт ретінде жойып жіберудің алғы шарты ана тілін жоғалтудан басталатыны белгілі.
“Тіл жоқ жерде халық біріншіден ұлттық бет-бейнесінен айырылып қалады, екіншіден рухани, мәдени тозғындауға ұшырайды. Тілсіз, сөзсіз ақыл мен ойды қозғай алмайсың. Ана тіліне айрықша маңыз беріп, оны қастерлеу парыз” – деп [4, 126 б.], Телжан Шонанұлы ұлт зиялыларының тілге қатысты өз ойларын жалғастыра отырып, өз кезегінде қазақ тілінің өркендеуіне және оның жазу мәдениетіне, жалпы ұлттық мектептің дамуына ерекше мән береді. Телжан Шонанұлы А. Байтұрсыновты өзіне ұстаз санап, одан тек үйреніп қана қоймай, саяси істерде де, оқу-ағарту саласында да қоян-қолтық араласып отырған. Алайда Телжан Шонанұлы мен А. Байтұрсынұлының мұндай өзара бірігіп, ұлтына жанашырлық танытуы олардың қазақ тіл біліміне арнап оқу құралдарын құрастыру істерінен анық байқалады. Соның бір белгісі А. Байтұрсынов пен Т. Шонанұлының бірлесе отырып құрастырған “Оқу құралы” болды.
Бұл аталып отырған жұмыстарында ана тілінің шұбарланып кетпеуін ескере отырып, оқу мазмұнының жүйелігін, ұстанған материалдың сабақтастығын, біртіндеп күрделіге қарай ауыса түсетін оқу бағдарламалары мен оқулықтарын шәкірттердің ой-өрісіне жеңіл қабылданып, тақырыпты терең түсінуіне Т. Шонанұлының үлес қосқаны сөзсіз. Мәселен, “Диаграмдар мен графиктер қандай болады, қалай салынады” атты кітабында: “Диаграмм деген не? Цифрды көзге көрнекті қылып геометрияның түрлі пішіндері мен сызықтармен көрсетуді диаграмм дейді” – деп [5], қарапайым түрде ана тілімен баяндау арқылы оқыту жүйесіне жеңіл әдістердің жолын ұсынуға тырысады.
Ана тілінің жұмысы бастауыш мектепте бес салаға бөлінеді: сауат аштыру, оқу, грамматика мен еміле, тіл дамыту... Ана тілі әдісі – ана тілін дұрыс жүргізудің техникасы” – деп [6], кітапқа алғысөз жазған авторлардың меңзеген ортақ мүддесі – ана тілінің тазалығын ойлай отырып, аталған оқу құралын төмендегідей тарауларға бөледі:
1 Сауаттандыру әдісі,
2 Сауат аштыру сатылары;
3 Бастауыш мектепте тіл ширату жұмыстары;
4 Грамматика мен тіл үйрету әдістері;
5 Жазып үйрену әдісі.
Жалпы тіл тазалығы мәселесі Телжан Шонанұлының мақсатты ойларымен тікелей байланысып жатты деуге болады. “Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады” деген халықтың нақыл сөзін жадында ұстаған ғалым, тұрмыста тілдің мықты құрал екенін көрсетіп, тілдің қоғам тұрмысы үшін күшті қару бола алатынын есепке алады.“Тұрмыстағы күшті құралдың міндетін атқару үшін тілді жетілдіруіміз, тезден өткізуіміз, безендіруіміз керек. “Өнер алды қызыл тіл”. Бұл талассыз шын. Бірақ біз тілімізді ажарлау үшін, безендіру үшін онша қам етпейміз. Жай бір өзара әңгімелескенде болсын, мінбеге шығып баяндама немесе жиылыста шығып сөйлегенде болсын тілімізді безеу жағын ойламаймыз” – деп, өз ойын ашық айта отырып, ана тілінің қадірін кетіріп, ойдың үстінен дөп түсе алмай, мағанасының бұзылып, басқаға еліктеп, орыс тілін қоса сөйлемесе сөзінің дәмі кірмейтіндерге: “Бізде тағы бір кемшілігі сол, қазақша сөйлесек, арасында орынсыз жерде шоқпыттап орысша араластыра береміз. Сөзіміз иа орысша емес, иа қазақша емес “бәлду батпақ” болып кетеді. Бұдан орыс тілінен без деушілік тумайды. Жоқ, орыс тілін білуіміз керек. Бірақ, қазақша сөйлесек оның ішінде орыс тілін орынсыз тықпалау жосықсыз” – деп [7], реніш білдіреді.
Тіл мәселесіне үлкен жанашырлық танытушы Телжан Шонанұлы еңбектерінде тіпті тіл заңын орынсыз бұзушыларға да ашық түрде қарсылық білдіру де байқалады. Мәселен, “Тілін бадырайтқан закон елең қылмай, орысшаға ұялмай кісінің өз атын әкесінің атынан бұрын жазуы, таза атын жазбай “бәленшеұлы” деп әкесінің атымен ғана жазу жазылған сөзді сорақы етіп шығарады. Сондықтан жазылған сөз жалпыға түсінікті болу үшін ол әдетті тастау керек. Кісінің әкесінің атын өз атының алдына келтіріп жазуы керек. Содан ықшамдамай екеуінің біреуін ғана жазу керек болса, әкесін қоя беріп қана өз атын ғана жазу керек” – деп жазады. Телжан” немесе тек “Телжан” деп қана таныстырып отырады.
Достарыңызбен бөлісу: |