Жылдар аралығындағы зерттеулердегі есімдіктерді жіктеуге қатысты ұстанымдар


ГРАММАТИКА МЕН ОНЫҢ САЛАЛАРЫ, МОРФОЛОГИЯНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ



бет21/130
Дата10.05.2022
өлшемі0,72 Mb.
#33868
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   130
Байланысты:
емтихан сұрақтары (1)

8. ГРАММАТИКА МЕН ОНЫҢ САЛАЛАРЫ, МОРФОЛОГИЯНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Жалпы грамматика гректің «grammatika», «gramma» – əріп, жазу деген сөздерінен шыққан. Грамматика ұғымы, біріншіден, тілдіңқұрылымы, яғни морфологиялық жəне синтаксистік категориялар, сөз тұлғалары мен синтаксистік құрылымдар, сөзжасам тəсілдерінің жүйесіне; екіншіден, тіл құрылымын зерттейтін тіл білімінің бір саласына; үшіншіден, жеке грамматикалық категориялардың қызметіне қатысты қолданылады.

Сөздің сөйлемдегі қолданылу заңдылығын қарастыратын ғылым ретінде грамматика тілдің грамматикалық құрылысын, яғни грамматикалық бірліктерді байланыстыратын жəне олардың ара- жігін ажырататын грамматикалық құралдар мен амал-тəсілдердің сөз тұлғасы, сөз құрамы, сөйлем құраудағы қызметін зерттейді. Сонымен қатар сөздердің түрлену жүйесі мен грамматикалық мағыналары, олардың арасындағы байланыс пен қарым-қатынас, сөздердің тұлғалану ерекшеліктері, бір-бірімен тіркесуі де грамматиканың зерттеу нысаны болып табылады.

Ғалым Қ. Жұбанов «грамматика өз алдына ғылым деп танылған соң жəне ол бірнеше ғылымдардан құралып пайда болған деп білгесін, алдымен грамматикаға кіретін ғылымдардың бəріне ортақ жалпы қасиетін ашып алу керек еді; əрі мұның бəрін де осы жалпы қасиет желісімен матастырып, өзара біріктіріп басын қосу керек еді; сондай-ақ тіл ғылымының басқа тарауларымен грамматика пəндерінің арасында қандай айырмашылық барын ашу керек еді» деген тұжырым жасай отырып, грамматиканы «тіл формаларын тексеретін тіл ғылымының бөлімі», «түрлі сөздердің жақын-алыстығын тергей, əр тобына белгілі форма тағатын, сөздер ауыл-үй қонғанда, оларға тиісті орын сайлап беретін ғылым саласы» деп түсіндіреді.

Ғалымның пайымдауынша, грамматика процесті қарайды. Басқаша айтқанда, морфология – қызметші; ол лексиканың қызметшісі болғандықтан, түбірлер тудырады; синтаксистің қызметшісі болғандықтан, жалғау, жалғаушылықты қарайды. Бұл пайымдаудан грамматиканың тіл бірліктерінің құрылымдық, тұлғалық өзгерісі мен байланысын, өзара қарым-қатынасын, яғни грамматикалық құрылысын зерттейтін сала екендігі айқындалады.

Қ.Жұбановтың грамматикалық зерттеулеріне көз жүгіртсек, ғалымның бұл саланы: 1) дыбыс жүйесі (фонетика), 2) сөз тұрпаты жүйесі (морфология), 3) сөйлем жүйесі (синтаксис) деп бөліп қарастырғанын көреміз. Ғалым өзінің «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулерінде» грамматиканың жекелеген салалары туралы айтудан бұрын, жалпы «грамматика» терминінің мән мазмұнын, зерттеу объектісін, сонымен қатар оның құрамына нелер, қандай категориялар кіреді? деген мәселенің басын ашуды мақсат етеді. Бұл ретте әлемдік тіл білімінің тәжірибелерін, атап айтқанда, Марр, Шапиро, Пешковский, Петерсен, Фортунатов, Ф. де Соссюр т.б. ғалымдардың ойтұжырымдарына сүйене отырып, тілдің грамматика саласының құрамдас бөліктері туралы, яғни «грамматиканың қандай пәндерден құралатындығы жайлы» әлемдік тіл біліміндегі үш бағытты атап көрсетеді. Олар:

1) Грамматика морфология және синтаксис салаларынан тұрады деп танушылар. Бұл бағытты ұстанушылар «форманы жүйелі түрде ұсынушы батыста Фердинанд де Соссюр, Ресейде академик Фортунатов болды, ал Петерсен, Пешковский – солардан өрбігендер». Қ.Жұбанов бұл бағытты ұстанушыларды «формашылдар» деп атайды;

2) Грамматикаға фонетика саласын да қосып атаушылар. Қ.Жұбанов бұл бағыттың өкілі ретінде Богородицкийдің («үнді-европа тілдерінің ғалымы, грамматика мәселесінде психологизм ағымын қолдаушы») «Орыс тілінің жалпы курсы» деген кітабындағы: «Грамматика – тіл ілімінің бір тарауы. Ол үш тараудан (бөлімнен) құралады – фонетика, морфология, синтаксис», – деген пікірлерін келтіреді. Ғалым бұл бағытты ұстанушыларды «психологистер» деп атайды.

3) Грамматиканы үш пәннен (морфология, синтаксис және лексикология) құралады деп танушылар. Ф. де Соссюр «формашыл» бағыттың негізін қалағанмен, грамматика салаларын атауда «тіл қалпының ішіне тілдің сөздігі де кіретін болғандықтан, лексикологияны да грамматиканың бір тарауы деп атайды.

Қ.Жұбанов фонетиканы да грамматикамен тығыз байланысты сала деп таныған. Ғалым грамматиканың құрамына морфология мен синтаксисті ғана кіргізетін ғылыми бағыттарды біле тұра, «фонетика дыбыстардың ұстасу амалын қарайды, демек, морфологияның міндетін қарайды, фонетика синтаксисті де қарайды», – деп, өзінің «Қазақ тілі грамматикасының кейбір мәселелері» атты еңбегінде фонетиканы морфология, синтаксис мәселелерімен бірге қарастырған. Бұдан біз Қ.Жұбановтың жалпы грамматика мәселесіне екі тұрғыдан келгендігіне көз жеткіземіз, бірі тар ұғымда, грамматика – морфология және синтаксис салаларынан тұрады, кең ұғымда ол фонетиканы да қамтиды.

Қазіргі қазақ тіл білімінде де «грамматика» ұғымы Қ.Жұбанов ғылыми негізін қалаған бағытпен қалыптасты. Оған дәлел – академиялық грамматикалардың Қ.Жұбановтың ізімен кең ұғымда тіл білімінің фонетика саласын да қоса қамтуы. 1967 жылы жарық көрген академиялық грамматика, сондай-ақ 2002 жылы жарық көрген «Қазақ грамматикасында» фонетика саласына көлемді орын берілген.

Тілдің грамматикалық құрылысы аса күрделі. Оның бұл қасиеті тілдің грамматикалық құрылысына негіз болатын тіл бірліктері, атап айтқанда, дыбыс, сөз, сөз тіркесі жəне сөйлемдердің құрылысы мен құрылымының əр қырынан жан-жақты зерттелуімен байланысты анықталады. Осыған орай ғалым К. Аханов грамматиканың тарихи грамматика, сипаттама грамматика, салыстырмалы грамматика тəрізді түрлерін бөліп көрсетсе, ғалым Ə. Хасенов грамматиканы зерттеу материалдарының бағыт-мақсатына қарай сипаттамалы (синхрондық), тарихи (диахрониялық), туыстас тілдердің грамматикалық құрылысын салыстыра (салыстырмалы) жəне құрылысы жағынан бөлек-бөлек топқа жататын тілдерді салғастыра (салғастырмалы) тексеретін грамматика деп топтастырады. Ғалым, сондай-ақ грамматиканың формалды грамматика, нормативті грам- матика, мектеп грамматикасы, академиялық грамматика тəрізді түрлерін де атап өтеді. Грамматиканың бұл түрлерін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Олардың əрқайсысының өзіндік зерттеу бағыты, мақсат-міндеттері болғанымен, бір-бірімен əрдайым тығыз қарым-қатынаста болып, бірін-бірі толықтырып, дамытып отырады.

Морфология – тілдік білімді объективтендіретін, ғалам туралы білімді құрайтын сала. Онда морфологиялық категориялар мен тұлғалардың тілде қалай концептуалданатыны туралы білім қоры жинақталып, адамның концептуалды жүйесін құруда маңызды орын алатын, ғалам бейнесін қалыптастыратын «уақыт», «сан-мөлшер», «персоналдылық», «модальділік» т.с.с. негізгі концептілердің тіл туралы білімді құраудағы орны сипатталады.

Концептуалды жүйеден морфологияның концептуалды кеңістігін құрайтын бөлігін айқындауға болады. Алайда ол концептуалды жүйенің басқа бөліктерінен тыс, дербес бола алмайды. Себебі концепті мазмұны біркелкі сипатта емес, оның түрлі бөліктерін объективтендіру үшін тілдің бірнеше деңгейі қатысады. Когнитивті лингвистикада дәстүрлі лингвистикада сараланған лексика, морфология, синтаксис, семантика сияқты салалар өзара бірлікте қарастырылып, тілдік формаларда көрініс тапқан, адамзаттың ойлау жүйесіне тән жалпы ұстанымдар айқындалады. Әрбір тілдік бірлік терең когнитивті үдерістерді айқындап, мағынаның құрылымдалу тәсілін айқындайтын механизм іспетті.

Тілдік білім морфологияның концептуалды кеңістігінде сақталып, репрезентацияланады. Онда тілдік мағына, категориялар мен тұлғалар туралы білімдер сақталып, ғаламның тілде қалай концептуалданатыны көрінеді. Тілдік емес бірліктермен қатар болмыс нысандарының бірі ретінде тіл де концептуалданады. Тілдік білімнің концептуалдану жолдарының бірі – морфология. Морфология деңгейіндегі концептуалдау ерекшелігі – ол білімді құрылымдай отырып, лексикалық жолмен берілген концептуалды материал үшін қабат, тор түзіп, белгілі бір деңгейде лексиканың қажетін өтейді.

Когнитивті тұрғыдан алғанда, морфологияның негізгі бірлігі – морфологиялық категория болып табылады, ол сөз тұлғаларында көрініс тауып, парадигмаға бірігеді. Морфологияны морфема деңгейіне қатысты ғана емес, сөздердің түрлі топтарын репрезентациялайтын тұтас морфологиялық құрылымдар деңгейінде қарастыру қажет. Морфологиялық категориялар мен тұлғалар концептуалды деңгейде, негізгі танымдық үдерістер қатарында сипатталады. Морфологияның ғалам туралы білімді тіркеп, жіктеуі, категорияларға бөлуі осыған байланысты болады. Морфологияның категориялау үдерістерімен байланысы морфологияның ғалам туралы білімді қалай объективтендіріп, топтастыратынын да көрсете алады. Морфологиялық бірліктердің когнитивті қызметі ойлау үдерісімен, адамның интеллектуалды және ментальді қызметімен, ақпаратты өңдеу, сақтау, жіктеуімен байланысты болады. Морфологияда концептуалды жүйенің маңызды бөліктері категорияланады. Сол себепті морфологиялық категориялар мен тұлғалар категориалды мағынаның ерекше деңгейінің жалпылану, репрезентациялану жолы болып табылады. Концептуалды жүйенің категориалды бөлігі морфологиялық жолмен берілетін концептілер түрінде көрініс тауып, морфологияның концептуалды кеңістігін құрайды, морфологиялық репрезентацияның тілдегі когнитивті негізін түзеді.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   130




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет