Сталинизм
Қазақстанда тоталитарлық жүйенің орнығуы. 1928 жылдан Кеңес өкіметінің басшылығына келген И.Сталин 1929 жылды «ұлы бетбұрыс» жылы деп атады. 30-жылдардың басында сталиндік аппарат «миды шаюдың» неше түрлі әдістеріне кірісе бастады. Бұл мақсат үшін радио, газеттер, өнердің кез келген түрі белсенді түрде пайдаланылды. Барлық жерде еліктеуге болатын өзіндік «шамшырақтар» жасала бастады. Мысалы, жастарды Қиыр Шығысқа аттандыруда комсомол мүшесі Хетагурованың бастамасы, шахталардағы еңбек өнімділігін арттыруда Алексей Стахановтың т.б. есімі шебер пайдаланылды. «Ми шаюдың» шектен шыққан түрі қаза тапқан оралдық пионер Павлик Морозовтың есімін пайдалану болды. Идеологиялық қызметкерлердің қолымен өгей әкесін ұстап берген Павлик Морозовтың жалған бейнесі жасалды. Бұл жағдайда сталиндік насихат адамдарды сөз жеткізу мен ұстап беруге ашық итермеледі, оларды жалған қырағылыққа шақырды. Болуы мүмкін әр түрлі жаулардың тіміскі әрекеттерінен сақтандыруға шақырған плакаттар барлық жерде ілулі тұрды. Әркімнің жеке өміріндегі кез келген факті немесе абайсызда айтылған сөз жұмысшылар, студенттер мен оқушылардың жалпы жиналыстарының басты талқылайтын мәселесіне айналды. Елде адамдардың бір-біріне деген сенімсіздігінің, қорқыныш пен қорғансыздықтың ауыр жағдайы орнады.
БК(б)П ОК-нің 1923 жылғы маусымда өткен мәжілісінен кейін ұлттық идеялардың көріністерін неғұрлым қатаң қуғындау орын ала бастады. Ұлт зиялыларының өкілдері ұлтшылдық басмашылармен байланыс, Кеңес өкіметін құлатуға ұмтылғаны үшін айыпталды. Олар қуғын-сүргінге ұшырады. 1922 жылы басшылық қызметтегі «Алаш» партиясының барлық бұрынғы мүшелері орындарынан қуылып, ал 1924 жылы бірқатар қазақ коммунистері республикадан Орталыққа шақыртылып алынды.
Өлкедегі коммунистік күштерді бір партиялық ұйымға топтастыру шаралары жүзеге асырылды. 1924 жылы коммунистік партия қатарына республикадан 7 944 адам, оның ішінде 2000 қазақ мүшелікке өтті. 1925 жылы 1 желтоқсанда өткен РКП(б) Бүкілодақтық V конференциясынан кейін ауыл коммунистерінің қатары толығып, жергілікті партия ұйымдары қалыптаса бастады. Республиканың партия ұйымы 1932 жылы толық қалыптасып, өлкедегі шешуші күшке айналды. Алайда партия қатарына жалған белсенділер көбірек еніп, бюрократизм, көсемге табынушылық, жалған ақпарат берушілік, жағымпаздық дәстүр мен партия өктемдігі орнықты.
Өлкеде жастар қозғалысы да өріс ала бастады. Ғани Мұратбаев, Мирасбек Телепов, Федор Рузаев т.б. жалынды жастардың есімдері республикаға кеңінен танылды. Кәсіподақтар мен әйелдер арасындағы жұмыс та жолға қойылды. Кәсіподақтар сауатсыздықты жою, сенбіліктер ұйымдастыру, еңбекшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту ісіне белсене араласты. Қазақ әйелдері арасынан шыққан белсенділер Н. Құлжанова, Н. Арықова, А. Оразбаева, Ш. Иманбаевалардың есімдері бүкіл Қазақстан жұртшылығына әйгілі болды.
Қазақстандағы 1920-1940 жылдардағы қоғамдық-саяси жағдайдың күрделілігі сол дәуір оқиғалары: В. И. Лениннің ізбасарлары - И. Сталин мен Л. Троцкий және басқалардың арасындағы билік, саяси көсемдік үшін тайталаспен ерекшеленді. Сонымен қатар бұл қайғылы оқиғалар: аштық пен жаппай қуғын-сүргін, тоталитарлық таңбасын мәңгі иемденген режимнің жазықсыз адамдарды қуғындауы мен күштеп жер аударуы еді. Жүйенің тоталитарлық табиғаты жүргізілген саяси қуғын-сүргінде өз көрінісін тапты.
Халықтың есінде 30 жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргінде ешбір жазықсыз миллиондаған адамдардың өмірін әкеткен сталинизмнің «ұлы бетбұрыс» кезеңі мәңгі бақи қалды. Көлемі жөнінен теңдесі жоқ бұл қылмыстардың негізін Ресейдегі Қазан революциясы мен Азамат соғысы қалады. 1930 жылдары Кеңес елінде социалистік қатынастар қалыптасып, сталиндік жүйе толық орнықты.
Қазақстанда республика жұртшылығына қысым жасау саясаты, әсіресе 1925 жылы қыркүйекте БК(б)П Қазақ өлкелік партия Комитетінің бірінші хатшылығына Ф. И. Голощекиннің келуімен қатаң сипат ала бастады.
Өлкелік партия комитетінің ұйымдастыру-нұсқаушылық бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған Н.Ежовтың кезінде жергілікті мамандарды қудалау күшейе түсті.
20-жылдардың соңында жағдайдың шиеленісуі мен адамдардың бір-біріне деген жаппай сенімсіздігі басталды. Орталықтағы және ұлттық республикалардағы «троцкийшіл-зиновьевтік оппозициямен» және «оңшыл оппортунистермен» күрестің өсуі ұлт-азаттық қозғалыстың өкілдеріне қарсы қуғын-сүргін ұйымдастыру түрінде көрінді. 1928 жылдың соңында «буржуазияшыл ұлтшылдар» атанған «Алашорданың» бұрынғы қайраткерлерінің бәрі тұтқындалды. «Алаш» партиясының өкілдерін қылмыстық қудалау мақсатында кез келген айла-шарғы, құралдар пайдаланылды. Баспасөзде олардың атын қаралайтын мақалалар жарияланып, тікелей арандату әрекеттері жасалды, олардың отбасы мүшелері тұтқындалды. Мысалы, «Алашорда» мүшелеріне қарсы сот процесін бастау үшін 1922 жылы Шу жазығында өткен, ұмытылып кеткен Қаратай Әубәкіровтің ісі пайдаланылды. Бұл кезеңде Ж. Аймауытов, Ә. Байділдин, Д. Әділевтер атылып, қалғандары әр түрлі мерзімге түрмеге жабылды. Олардың кейбіреулері (М. Дулатов т. б.) лагерьлерде қаза тапты, қалғандары (А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев т. б.) жазасын өтегенімен, 1937 жылы «Алашорданың» қызметіне араласқаны үшін қайта айыпталып, 1937-1938 жылдары атылды. Ұлттық зиялылар өкілдерінің құрамында М. Тынышбаев, X. Досмүхамедов, Ж. Досмұхамедов, Ж. Ақбаев т. б. бар басқа бір тобы (40-тай адам) 1930 жылдың қыркүйек-қазан айларында тұтқындалды. Көп ұзамай олардың 15-і (М. Тынышбаев, Ж. Ақбаев, X. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, Қ. Кемеңгеров т. б.) Ресейдің орталық қаратопырақты облысына жер аударылды. Олардың барлығы дерлік 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшырады.
Достарыңызбен бөлісу: |