3. Ғылыми жаңалығы мен жобаның маңызы. Қоғам өміріндегі ұлы өзгерістер ұлттық тарихи-мәдени құндылықтарымызды аса маңызды мәселе ретінде жан-жақты зерттелуіне толық жол ашты. Саяси-әлеуметтік, экономикалық, халықаралық салада да оң өзгерістер болып жатқанын, тәуелсіз Қазақстан республикасының дербес жол таңдағанын әлемдік қауымдастық біліп, танып отырғаны бүгінде жаңалық емес, ақиқат. Қазақ жұрты өзінің рухани ескерткіштерін түгендеп, генетикалық мәйегіне зер салып, нағыз ұлттық көркемдік-эстетикалық байлықтарын жүйелі түрде зерттеп, жаңа бағытқа бет алғаны, өзгесін айтпағанда, гуманитарлық ғылымдардың барлық саласында байқала бастады. Тіпті Еуропа, Америка Құрама Штаты, шығыс мемлекеттерінен зерттеуші-ғалымдар келіп қазақ фольклорын, қазіргі әдеби даму процесін зейін қоя зерттей бастауы мемлекеттің саяси-экономикалық қана емес, рухани-мәдени құндылықтарының көркемдік-эстетикалық, танымдық-философиялық қуатын байқатса керек.
Академик С.Қирабаев өзінің «Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет» атты еңбегінде: «Өмір бойы сыртқы елдердің шабуылы мен отаршылдығына қарсы күрескен халықтың әдебиетінде тәуелсіздік, бірлік идеясы ұлттық идея болғанын еске алуға болады. Ұлт әдебиетіндегі осы идеяның жаңғырып, жаңаша естілуі бүгінгі әдебиеттік көзқарас пен дәстүрдің жаңа байланысын зерттеуге жол ашады. Осы ұлттық дәстүрді қолдап, елдің тәуелсіздігін ту еткен азаматтардың, ақын-жырауларымыздың көпшілігі кеңес заманында ұлтшыл ретінде қуғындалып, жойылып кеткені белгілі. Солардың шығармашылық жолын терең зерттеп, ой-пікірлерін, көркем образдарын бүгінгі күннің көкейкесті мәселелерімен үндестіру қажет» [1,6], – деп жазғаны әр кезең әдебиеті өкілдерінің қай-қайсынына да қатысы бар екендігін аңғартады.
Ұлт мәдениетінің ғасырлар бойы желісін үзбей дамып келе жатқан арналы бір саласы халық поэзиясы, тіпті халық ақындарының өмірі мен шығармашылығы бүгінгі таңға дейін зерттелмеді деген ұғым қалыптаспаса керек. Керісінше бұрын жасалған ғылыми жетістіктерімізді бағалай келе алдымызда ұлттық рух, ұлттық мінез халық менталитеті өресінде терең зерттеу мәселесі тұрғанын айтпауымыз қажет.
Мәселен Ж.Жабаев, К. Әзірбаев, Н. Байғанин, И. Байзақов, тағы басқа халық ақындарының шығармашылығы өткен ғасырдың өзінде арнайы зерттеу нысанасында болғандығын қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы айғақтайды. Кейінгі кезде Жетісу, Батыс, Шығыс өңірлерінде қалыптасқан ақындық мектеп өкілдері Сүйінбай, Түбек, Жамбыл, Құлмамбет, Шашубай, Қуандық, тағы басқа ақындардың шығармашылық мұрасы қарқынды, жаңа деңгейде зерттеле бастады. Бұл бағдарда еліміздің солтүстігіндегі ұлттық көркем мәдениетте құндылық деңгейіне Арқаның ақындық мектебінің ірі өкілдері кеңестік көлеңкемен көмескіленіп, зерттеу обьектісінен тысқары қалғаны ақиқат. Тек қоғамдық бетбұрыстардың соңғы он-он бес жылдар көлемінде Кемпірбай, Орынбай, Шал, Арыстанбай, Біржан, Ақан, Балта, Шашубай тағы басқа жыр тарландарының өмірі мен шығармашылығы жан-жақты зерттелініп, ғылыми айналымға түсті.
Алайда бұл алда болар игілікті ізденістерге салынған жол ғана. Әлі де болса Арқаның ақындық мектебінен нәр алған бірқатар жыр саңлақтарының әдебиет тарихынан алар орны айқындалмай жатыр. Кеңес дәуірінде жалпы ұлттық рухқа суарылған еңбектерді зерттеуге социалистік реализм шеңберіндегі ғылым құлықты болмады. Қазақ халқының ұлттық мінезін, өзінің дара табиғатын кеңес дәуірі ескіліктің сарыны деп таныды. Осындай рухтағы еліміздің барлық өңіріндегі халық ақындарының шығармашылық мұрасын толықтай зерттеу ісінің кейінгі тәуелсіздік жылдары ғана қарқын ала бастауы сондықтан болар.
Жоба тақырыбынан өрбитін Қазақстанның әр өңірінің айтыс өнері тұлғаларының өмір деректеріне, ғылыми-шығармашылық мұраларына қатысты зерттеу еңбектер XX ғасырдың орта кезеңінен бастау алады. Осы жұмыстардың ішіндегі ең елеулісі Кеңестер Одағындағы ең үздік әдебиеттанушылық зерттеу еңбек боп танылған – филология ғылымдарының докторы, профессор Е.Ысмайыловтың 1956 жылдары жарық көрген «Ақындар» атты монографиясы. Монографияда Көкше өңірінен шыққан Шал ақын, Орынбай, Арыстанбай, Шөже, Соқыр Тоғжан, Біржан сал, Ақан сері, Ш.Отызбаев, Қ.Жұбандықов,М.Асайынов, М.Тырбиев сияқты өнерпаз тұлғалардың өмір белестеріне, шығармашылық тұлғаларына талдау, сипаттама беріледі [2,55].
Әдебиеттануға, өнертануға қатысты 1920 жылы жарық көрген Мағжан Жұмабаевтың «Ақан сері» атты әдеби-тарихи сипаттағы ғылыми очеркі – қазақтың талантты халық композиторы, әнші, ақын, Ақан сері Қорамсаұлының өміріне, ақындық, өнерпаздық жолына, шығармашылық мұрасына қатысты ең алғаш зерттеліп, талданған көркемдік-эстетикалық, ғылыми тұрғыда пайымдалған бірегей еңбек. Бұл очерк Мағжан Жұмабаевтың 1989 жылы Алматы қаласынан шыққан шығармалар жинағына енгізілген [2,108].
Сал-серілер, өнерпаз тұлғалар шығармашылық өмірбаяны композитор, өнертанушы – академик Ахмет Жұбановтың Алматы қаласынан 1975 жылы шыққан «Замана бұлбұлдары» еңбегінде жан-жақты қарастырылады [3,54].
Академик Сәбит Мұқановтың «Өсу жолдарымыз» (1960) [4,14], «Жарқын жұлдыздар» (1964) [5,15], профессор Б.Кенжебаевтың «Әдебиет белестері» зерттеулерінде де көңіл бөлінеді [6,210].
Айтыс өнері тұлғаларының шығармашылығы әдебиеттанушы ғалымдар баспадан шығарған оқулықтарда да көрініс тапқан. Мәселен, М.Әуезовтің жоғары оқу орындары студенттеріне арналған «Әдебиет тарихы» (1927;1991) [7,140], профессор Х.Сүйіншәлиевтің «ХІХ ғасыр әдебиеті» (1992) [8,79], профессор Қ.Жұмалиевтің «ХVIII-XIX ғасырлардағы қазақ әдебиеті» (1967) оқулықтарында олардың өмір мен шығармашылық жолдары хрестоматиялық зерттеулердің өзегіне айналған [9,194].
Айтыскер ақындар мұралары 1962 жылы шыққан «ХVIII-XIX ғ.ғ. қазақ ақын-жазушылары», 1985 жылы шыққан «XIX ғасырдағы қазақ поэзиясы» [10,88], 1992 жылы шыққан «Қазақ поэзиясының антологиясы» жинақтарына, «Бес ғасыр жырлайды» (1984) [11,102]антологиясына да енгізілген.
Сонымен қатар, суырып-салма өнерінің тұлғалары туралы мәліметтер төмендегідей еңбектерде көрініс тапқан: Ақын-жазушылар (қысқаша өмірбаяндық мәліметтер мен библиографиялық деректер) - А., 1979; Халық мұрасы (тарихи және этнографиялық шолу) -А., 1974 [11,28]. Қазақстан ұлттық энциклопедиясы.- А., 2004 [12,32]; «Қазақтың қазіргі халық поэзиясы».-А. 1973; «Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы» 1975 [13,42]; Керімов Ш. Әнші - ақындар поэзиясындағы дәстүр мен даралық мәселесі. К.Д.А. 1991 [14,16]; Ш.Уәлиханов «Қазақтың халық поэзиясының түрлері» / Кітапта: Ш.Уәлиханов. Таңдамалы шығармалар жинағы. А., 1985 [15,46]; Негимов С. Өлең өрімі. А., 1996 [16,34]; Тілеубердина Г. Көкен Шәкеев шығармашылығы. К.Д.А. –А., 2010 [17]. Айтыс өнерінің жанрлық, теориялық сипаттары фольклортанушылық зерттеу еңбектерінде көрініс тапқан: Қазақ әдебиетінінің тарихы, 1 т., 2 кітап,[18], Ғабдуллин М. Қазақ халық ауыз әдебиеті. Алматы. 1974 [19], Садырбаев С. Фольклор және эстетика. Алматы. 1976. [20], Турсунов Е.Д. Возникновение баксы, акынов, сэри и жырау. Астана. 1999 [21]. Көпейұлы М.Ж. Қазақ фольклоры, ауыз әдебиет үлгілері. Алматы. 2006 [22].
Тәуелсіздік кезеңінде айтыскер ақындар тың тақырып, жаңа форма, ұшқыр ой ұсынып тыңдарман мен көрерменнің ықыласына бөлене бастады. Зерттеуші ғалымдар да осыған сай ауқымды жұмыс атқарды. Атап айтар болсақ: Нұрғали Р. Айтыстың драмалық сипаты. Астана, 2003 [23], Қойлыбаев Ш. Қазіргі айтыстың идеялық-көркемдік ерекшеліктері. К.Д.А. [24], Имашев Б. Айтыстағы сатира мен юмор. К.Д.А. [25], Асылбекова Ж. Қазіргі айтыстың тілдік ерекшеліктері. Астана , 2003 [26], Рақымов Б. Айтыстың жанрлық жүйесі. Астана, 2003 [27] Тебегенова А.Т. Жамбыл шығармашылығына жаңаша көзқарас: ұлттық сипат және дәстүр жалғастығы. Өскемен, 2012 [28], Серғалиев М. Айтыс тілінің синтаксисі. Астана, 2003 [29] зерттеу еңбектерін тілге тиек етуге болады болады.
Тәуелсіздік тұсындағы айтыс жанрының кемелденуі айтыс мәтіндерінің тұтас жинақ, түпнұсқа формасында жарық көруіне себеп болды. Оған дәлел ретінде: Мэлс Қосымбаев пен Айбек Қалиевтің айтысын [30], Дәулеткерей Кәпұлы мен Мұхамеджан Тазабеков айтысы [31] жинағын, Айтмұхамбет Исақов пен Қайыртай Ақылбековтың айтыс жинағын [32], Аманжол Әлтаев пен Ермек Жұматаевтің айтысы [33], Елмірбек Иманәлиев пен Айнұр Тұрсынбаеваның [34] сөз жарысын атауға болады.
Алайда, тәуелсіздік тұсындағы айтыс мектебінің өкілдері жайында арнайы ғылыми зерттеу еңбектер толыққанды қарастырылмаған. Сондықтан ғылыми Жобаның зерттеу объектісі болып отыр.
Тәуелсіздік тұсындағы еліміздің әр аймағының айтыс өнері тұлғаларының творчествосының жалпы жүйесіне тарихи тұрғыдан, яғни өткенді (ретрогноз), бүгінгіні (презентогноз), болашақты (прогноз) деректілік негізінде тану тұрғысынан кең ауқымды, тұтас зерттеу объектісі ретінде қарастырылады.
Ұлттық өнерді ұлықтаушы өнерпаздар Баянғали Әлімжанов, Құдайберлі Мырзабеков, Арман Бердалин, Әбілқайыр Сыздықов, Жібек Шахмарданқызы, Қонысбай Әбіл, Әсия Беркенова, Айбек Қалиев, Жадыра Құтжанова, Ринат Зайытов, Айнұр Тұрсынбаева, Мэлс Қосымбаев, Мұхамеджан Тазабек, Серікжан Қажытай, Бекарыс Шойбеков, Әселхан Қалыбекова, Тәушен Әбуова, Балғынбек Имашев Аманжол Әлтаев, Досымхан Қапбасов уақыт пен әлеуметтік ортаның, адам мен қоғамның «жанды» шежіресі ретінде рухани мәдениет аясындағы мән-маңызы айрықша. Осы тұрғыдан келгенде, айтыс мектебі мәселелерін әлемдік әдебиеттану мен тілтану үдерісінде сөз ете отырып, айтыс өнері мұраларының өзіндік ерекшелігі, оның басымдық сипаттары айқындалады. Әрі айтыс өнері мұраларының әлемдік мәдени үрдістегі қоғамдық, эстетикалық, тәрбиелік мәнінің жоғары сипатта болуы зерттеудің негізгі маңызын құрайды. Аталған тұлғалар мұраларының толық академиялық басылымдарын тек-тамыры мен қалыптасу жолдарын зерделеп, ғылыми айналымға енгізу жобаның жаңашылдығы.
Түрлі оқиғаларға толы соңғы бір ғасырдың аясында айтыс ақындарының бірнеше буыны қалыптасып, ұлттық мәдениетке зор үлестерін қосқандығының куәсі боламыз. Айтыс өнері тұлғаларының творчествосын зерттеуге арналған бұл еңбекті жоғары оқу орындарында қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерге қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ тілін оқыту әдістемелерінен оқылатын дәрістерде қосымша құрал ретінде пайдалануға болады. Жоба материалдарын тіл теориясы, әдебиет тарихы мен теориясы жөніндегі зерттеулерде, фольклортанушылық зерттеулерде қазіргі заман поэзиясы жанрларының мәселелеріне арналған еңбектерде, этнолингвистика, лингвомәдениеттану мен халық ауыз әдебиеті пәні бойынша жүргізілетін филологиялық бөлімдердің бакалавриаты мен магистратурасы студенттеріне арналған арнаулы курстар мен арнайы семинарлар жүргізуде қолдануға болады. Аймақтық айтыс өнерінің тұлғалары шығармаларының поэтикалық тіл ерекшеліктерін, түрлі ізденіс-тәжірибелерін талдаудан туындаған қорытындылар болашақта әдебиет пен тілге қатысты зерттеу еңбектерге септігін тигізеді. Сонымен қатар зерттеу жұмысын поэзиялық шығармаларды бұдан кейінгі зерделеу барысында теориялық еңбек ретінде басшылыққа алуға болады.
Жоба идеяларын қолданып жүрген ұқсас идеялардан түбегейлі айырмашылығы бар. Бұл жобада айтыс өнері тұлғаларының қатарындағы Баянғали Әлімжанов, Құдайберлі Мырзабеков, Арман Бердалин, Әбілқайыр Сыздықов, Жібек Шахмарданқызы, Қонысбай Әбіл, Әсия Беркенова, Айбек Қалиев, Жадыра Құтжанова, Ринат Зайытов, Айнұр Тұрсынбаева, Мэлс Қосымбаев, Мұхамеджан Тазабек, Серікжан Қажытай, Бекарыс Шойбеков, Әселхан Қалыбекова, Тәушен Әбуова, Балғынбек Имашев Аманжол Әлтаев т.б. бұрын жарияланбаған ел арасында сақталған мұраларын ғылыми тұрғыда зерделеп, жұртшылық арасында насихаттау болып табылады. Шет елдерде және көршілес Ресейде өлкетану, аймақтық мәдениеттану, әдебиеттану мәселелері кеңінен қарастырылып, жолға қойылған. Ұлттық контексте олардың орны мен маңызы аймақтық фактор ретінде бағаланады. Осы орайда біздің жобаның идеясы да осы түбегейлі игілікті мәселелерді зерделеу болып табылады.
Ұсынылып отырған жобада қазақ елінің әр өңіріндегі айтыс мектептерінің қазіргі өкілдері шығармашылығында бұрын айтылмаған мәселелер төмендегідей тұңғыш рет назарға ұсынылды. Атап айтқанда, дәстүрлі халық өнері тұстастығының сақталуы, жалғасу жайы, оның суырыпсалмалық өнерінің тек айтыстарға ғана емес басқа да фольклорлық жанрлардағы шығармаларына қатыстылығы айтылады. Сонымен қатар, арқаның айтыс мектебін қалыптастыруы мен дамытудағы еңбегі ақындық орта дәстүрі аясында ашылады. Ақындардың алғашқы ізденістері, ақындық өнерінің қалыптасуы, өсу – даму жолдарына, ақындардың шығармашылық жолын сөз етумен қатар, шығармашылық лабораториясына да біршама үңілеміз, ақындар өлеңдерінің идеялық – тақырыптық жағына, оның өресі мен аумағы секілді жәйттерді біраз сипаттаймыз. Ақындар айтыстарындағы тарихын, қозғаған мәселелерін деңгейіміз жеткенше түсіндіруге тырысамыз. Ақындар мұрасындағы сол дәуірдегі саяси – әлеуметтік, тарихи – мәдени жағдайлардың көрінісінің себеп – салдары тұжырымдалып, ақын өлең, жыр, толғауларының поэтикалық болмыс – бітімі тұңғыш рет ғылыми тұрғыдан талданды. Айтыстағы өнерлері салғастырыла тексеру арқылы көркемдік жүйесі сараланып, ақындардың сөз бәсекесіндегі ұстаным – деңгейі нақтыланды.
Жоба идеясының негізі ұлттық құндылықтарға негізделгендіктен, жоба Қазақстанда орындалады.