Қазақстанда индустрияландыруды жүргізудің қажеттігі, ерекшеліктері (1920-1940 жж.)
Индустрияландыру – ірі өнеркәсіпті, ең алдымен ауыр өнеркәсіпті құру және дамыту, ірі өнеркәсіптік өндіріс негізінде бүкіл халық шаруашылығын қайта құру. Индустрияландыру тек социалистік құрылысқа ғана тән кезең емес. Ол - елді жаңғыртудың міндетті шарты. 1920 жылдардың ортасына қарай КСРО үшін бірнеше себептерге байланысты индустрияландыруды жүзеге асырудың қажеттігі туды. Біріншіден, 1925 жылға қарай қалпына келтіру кезеңі аяқталды. Негізгі көрсеткіштер бойынша кеңестік экономика соғысқа дейінгі деңгейге жетті. Өнеркәсіптік өндірістің өсуін қамтамасыз ету үшін істеп тұрған зауыттарды қайта жабдықтау ғана емес, жаңа заманғы кәсіпорындарды құру қажет болды. Екіншіден, елдің экономикалық әлуетін тиімді орналастыру мәселесін шешу міндеті тұрды. Ел бұрынғыдай аграрлы, шаруа елі болып қала берді. Қалаларда жұмыссыздық деңгейі өсіп, әлеуметтік шиеленісті күшейтті. Үшіншіден, елдің халықаралық деңгейде экономикалық және саяси оқшаулануы индустрияландыруды жеделдетуді талап етті. Капиталистік дұшпандық қоршауда қалған КСРО-ға тұрақты соғыс қаупі төнді. Аграрлы ел өнеркәсібінің жоғары дамыған ірі мемлекеттермен әскери қақтығыс болған жағдайда оларға қарсы тұру мүмкіндігі болмады.
Өнеркәсіп құрылысын жүргізудің карқынды түрде өсуі жұмыс күшінің тапшылығына алып келді. Құрылыс нысандарын жұмыс күшімен қамтамасыз ету және жұмысшы қазақтарды үйретуге бөлінетін қаражатты үнемдеу мақсатында биліктегілер елдің жұмыссыздық шарпыған батыс аудандарынан жұмысшылар тартты. 1931 - 1940 жылдары республикаға 559 мың жұмысшы келді. Жұмыс күшін толықтырудың тағы бір қайнар көзі арнайы қоныс аударылғандар: орталык аймақтар мен Сібірдің кулакқа жатқызылып, дүние-мүлкі тәркіленген шаруалары болды.