15.Қазақ хандығының құрылуы – ХІV-ХV ғғ. Қазақстан аумағындағы феодалдық мемлекеттердің саяси дамуының заңды нәтижесі
Қазақ хандығы туралы бізге жеткен нақты жазба деректердің бірі Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегі. Жалпы бұл еңбек Моғолстан хандығы тарихына арналған.
Қазақ хандығы — шаруашылықтың дамуы, өндіргіш күштердің өсуі, феодалдық қатынастардың қалыптасуы нәтижесінде ерте заманнан бері Орта Азияның ұлан-байтақ өңірін мекендеген көшпенді тайпалардың бірыңғай этникалық топ — қазақ халқының негізінде бірігуі арқылы XY-ғасырдың орта шенінде құрылды. Қазақ хандығының құрылуына 1457-жылдан кейін Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілхайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап шығыс Дешті-Қыпшақтан батыс Жетісу жеріндегі Шу мен Талас өңіріне қоныс аударуы мұрындық болды.
Алғашында Қазақ хандығының территориясы батыс Жетісу жері, Шу өзені мен Талас өзенінің алабы еді. Ежелден осы алапты мекендеген тайпалар Дешті- Қыпшақтан қоныс аударған қазақ тайпаларымен етене араласып кетті.