Қазақстан халқы ассамблеясы – республикадағы ұлтаралық татулық пен келісім негізі
Бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) маңызды рөл атқарады. ҚХА басты міндеті мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыру, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру болып табылады.
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтты. 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Президенттің Жарлығы шықты. 2007 жылғы мамыр айында Қазақстан Республикасы Конституциясына бірқатар өзгерістер енгізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді, ол ҚР Парламенті Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. Осы арқылы Ассамблеяның қоғамдықсаяси рөлі айтарлықтай артты. 2008 жылғы 20 қаңтарда Президент «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы әлемде баламасы жоқ заңға қол қойды. ҚХА еліміздің саяси жүйесінің толыққанды субьектісіне айналды. Оның қызметінің нормативтік құқықтық негіздері айқындалды.
• Ассамблеяның өңірлердегі құрылымдарын облыс әкімдері басқарады. Ассамблеясының және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен елорда ассамблеяларының құрамы этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестік өкілдерінен, мемлекеттік органдар өкілдері мен қоғамдағы абырой-беделі бар тұлғалардан құралады. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған Парламент Мәжілісінің 9 депутаты елдегі барлық этностардың мүддесіне қорғайды. Сонымен қатар қазақстандық этникалық қоғамдастықтардың Парламентте өкілдік етуі олардың саяси партиялар арқылы өкілді органдарға тікелей қатысуы негізінде де жүзеге асырылады
• Нұрсұлтан Назарбаев 7 жаңа міндет қойды, оны жүзеге асыру ісіне Ассамблея тікелей қатысуы тиіс. Бұлар – бүкілқазақстандық мәдениетті дамыту, халық бірлігін ортақ рухани-моральдық құндылықтар негізінде нығайту, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, мемлекеттік тілді және үштілді білім беруді одан әрі дамыту, транспарентті мемлекеттегі қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету, этносаралық қатынастарды саясиландыруға жол бермеу, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы серіктестермен мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту жұмыстары. ҚХА өзінің 20 жылдық белсенді жұмысында орасан біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтап және халықтық дипломатия институты үлгісіне бейімделе отырып, ұзақ даму жолынан өтті.
• Ассамблеяның мақсаты – қазақ халқының топтастырушылық рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық біркелкілікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде республикадағы этносаралық келісімді қамтамасыз ету.
• Ассамблеяның негізгі міндеті – этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, ел бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамының негіз қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту.
• Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентiне — Елбасына Қазақстан халқы Ассамблеясын өмiр бойы басқару құқығы тиесiлi. Ассамблея құрылымдық жағынан Ассамблея сессияларынан, Ассамблея кеңесі мен Хатшылығынан, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың ассамблеяларынан тұрады. Ассамблея сессиясы (Ассамблея мүшелерінің жиналысы) – оның жоғары басшылық органы. Сессияны Қазақстан Республикасының Президенті қажеттілікке қарай, бірақ жылына кемінде бір рет шақырады. Сессиялар аралығындағы кезеңде Ассамблеяны басқаруды Ассамблея Кеңесі жүзеге асырады. Кеңеске республикалық этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, министрлер, облыс әкімдері енеді. Ассамблея Төрағасының этномәдени бiрлестiктерден тағайындалатын орынбасарлары алмастыру тәртiбiмен Кеңестiң ұсынымының негiзiнде ҚР Президентiнiң өкiмiмен тағайындалады. Ассамблеяның жұмыс органы Ассамблея Хатшылығы Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымында дербес құрылымдық бөлiм болып табылады. Хатшылықты бiр мезгiлде Ассамблея Төрағасының орынбасары болып табылатын Хатшылық меңгерушiсi басқарады. Осы тетіктер Ассамблеяның мемлекеттік басқару мен қоғамдық қатынастардағы нақты әрекет етуі мен тиімділігінің негізі.
Достарыңызбен бөлісу: |