Қазақ мәдениетінде үлкен орын алатын «Айқап» журналының басты тақырыптары
Ұзақ уақыт күш-жігер жұмсап, аянбай еңбектенуінің арқасында М. Сералин 1910 жылдың аяғында журнал шығаруға рұқсат алды.
“Оқиғалар” айдарынан көрініп отырғанындай, жер-жерден Ташкент, Верный, Шымкент, Әулиеата, Орал, Қостанай, Торғай, Ақтөбе, Маңғыстау, Бөкей Ордасы, Омбы, Қапал, Семей, Аягөз және басқа жерлерден хабарлар түсіп тұрған.
“Бізге не істеу керек?” деп аталған мақаласында “Айқап” өз бағдарламасын былай деп белгілеген:
“1. Отырықшылыққа көшу, қалалар тұрғызу, жерден қол үзбеу.
2. Мектептер мен медреселер ашу, білімді әрі мәдениетті болу.
3. Дін істерін өз қолына алу, өз мүфтиін сайлау.
4. Мемлекеттік Думаның мінберінен халық мүдделерін қорғау және оларды үкіметке жеткізе алатын депутаттардың болуы.
5. Петербургте тұрақты өкілдік болуы.”
“Айқап” нөмірден-нөмірге жер мәселесіне зор көңіл бөліп отырды. Бұл түсінікті де. Патша өкіметі орыс және украин шаруаларын қоныс аудару қозғалысының қарқынын ұлғайту мақсатына қазақтардың құнарлы жерлерін күштеп тартып алу жолымен “қоныс аудару қорын” құрды. “Айқап” жетекшілері мұндай жағдайда көшпелілер мен жартылай көшпелілердің отырықшылануы, “тұрғылықты ауылдық елді мекендер” салу, егіншілік негізінде қазақ шаруаларының тұрмыс-салтын өзгерту қажет деп саналды. “Айқап” журналы ағарту ісі мен мәдениеттің жаршысы болды. М. Сералин “біздің ғасырымыз-ғылымның ғасыры” деп санады. Ол Ш. Марджанидің, Ы.Алтынсариннің ізбасары болды. Жәдидшілдіктің, жаңа әдіспен дауыстап оқытудың атасы И. Гаспринскийді өзінің ұстазы және тәләмгері деп білді. Сонымен бірге М. Сералин “Айқап” беттерінде мұсылмандардың қасиетті кітабының мазмұнын ыңғайлы, түсінікті нысанда баяндауға тырысқан авторлардың мақалаларын жариялап отырды.
“Айқап” журналының қазақ фольклорын зерттеудегі, абайтануды қалыптастырудағы, орыс және дүниежүзі классикалық әдебиетінің рухани мұрасын насихаттауда атқарған рөлі зор. Сонымен бірге журнал беттерінде кейде жаңа әдіспен оқытуға түрік-татар көзқарасын уағыздайтын жарияланымдар басылып отырды. М. Ж. Көбеевтың, Д. Қашқынбайұлының және басқалардың мақалаларында діншілдік және шариғатқа бейімдік сарыны болды. “Айқап” беттерінде түркі-татар тілінде жаңа әдіспен оқытуға артықшылық берген, А. Байтұрсыновтың қазақ жазуы саласындағы реформаторлық ізденістеріне қарсы шыққан авторлар ұйымдастырылған түрде жарияланып отырды.
Достарыңызбен бөлісу: |