Қоғамдық-саяси жүйеде 20- жылдардың ортасында орныққан қатаң әкімшіл-әміршілдік жүйе 40–50 жылдары шарықтай түсті. Бұл қоғамдық-саяси өмірдің барлық саласынан көрініс тапты. Адамның табиғи құқығын шектеу, ұлттық мүддені ескермеу, мемлекеттік басқару жүйесіне ықпал жасау сияқты олқылықтардың шегі болмады. Қоғамдық-саяси және мәдени өмір орталықтан басқарып отырған Коммунистік партияның қатаң бақылауына алынды. Сталиннің жеке басына табыну қоғамдық өмірде берік орын алды. Үкімет басшылары түрлі желеулермен заңдылықтарды өрескел бұзып, мемлекеттік билікті теріс қолданып жатты. Оған өзгеше ойлайтын адамдарды қудалауға жаңа науқан ашқан БКП (б) Орталық Комитетінің 1946 жылдың 14 тамыздағы “Звезда” және “Ленинград” журналдары туралы қаулысы бұл құбылыстың нақты дәлелі бола алады. Қазақстан партия комитеттері өз жұмысын аталмыш қаулының аясында жүргізді.