Абай мұрасының әлемдік мәдениеттегі маңызы
Абай (Ибраһим) Құнанбаев (1845-1904) — ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер[1], либералды көзқарасын исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен.[2]
Абай Шығыс пен Батыс мәдениеті мен өркениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» - тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.[3]
«Қара сөздер» атты философиялық шығармасында, Абай әрбір сөзімен ұлттық сананы қалыптастыруға, ел мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге ұмтылды. Өркениетті елдердің қатарына қосылудың бірден бір жолын білім мен ғылымды игеруден көрді және ел бірлігі ұлт тұтастығының кепілі деп таныды. Осы орайда, мемлекет басшысы өз мақаласында, Абайды рухани өміріміздің темірқазығы ретінде қабылдауға шақырып, мол мұрасының елдің дамуына тигізер пайдасы зор екендігіне аса мән беріп және ақын сөздерінің бүгінгі заманда да көкейкестілігіне жұртшылықтың көңілін аударады.
Абай философия тарихында әділетті қоғам орнату идеясын көтерген тұлғалардың бірі саналады. Демек, Абай шығармалары елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін нығайтатын, мемлекетті сыйлаудың, билік жүргізетіндерге қойылатын талап-шарттардың мән-маңызын түсіндіретін темірқазық болуы тиіс. «Бас басына би болған өңшең қиқым, мінеки кетірді ғой елдің сиқын» деп ашына айтқан кемеңгер тұлға, мемлекетті билеу формасының озық үлгісі ретінде меритократиялық құрылымға ерекше мән береді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірігуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық болуы тиіс». Абай жырлап өткен бабалар арманы мен өсиетін бүгінгі ұрпақ, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі және болашақтағы даму жолында абыроймен іске асыра алатынына сеніміміз мол. Себебі қазіргі заманғы қазақ жастарының бойынан талап пен жігерді, білім мен іскерлікті, ұлттық намыс пен қайсарлықты көреміз. Мемлекет басшысының жарияланған мақаласы тарихи датаны әлемдік деңгейде ақыл-парасатпен атап өтуге бағыт-бағдар беретін, өз сәтінде жарық көрген бағалы еңбек деп санаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |