Қазақ халқының ұлттық-демократиялық қозғалысының жұрт кеңінен таныған көшбасшысы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов болды. Ол 1870 жылы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысына қарасты №7 ауылда дүниеге келді. Әлихан білімді, бостандық пен әділдікті жоғары бағалаған ортада өсті. Оның дүниеге көзқарасын қалыптастырып, дамыта түсуінде қазақтың халық ауыз әдебиетінің орасан зор ықпалы болды. Ал саяси көзқарасын қалыптастыруына Ұлы француз революциясының биік мақсат-мұраттары зор ықпал етті. 1890 жылы ол Омбы техникалық училищесін, 1894 жылы Санкт-Петербург Императорлық Орман шаруашылығы институтының экономикалық факультетін бітірді. Оқуды аяқтаған сон ол Омбы орман шаруашылығы училищесінде, Омбы қоныс аударушылар басқармасында біраз уақыт педагогтық, ғылыми және әкімшілік қызметтер атқарды.