Алаш зиялыларының ұлт бостандығы жолындағы мақсат-міндеттері
Алаш зиялыларының саяси және рухани күресіндегі негізгі мақсат, орасан міндет, ол ұлтымызды ұйыстыру, сол арқылы елдігімізді айқындау десек, онда осындай ұланғайыр сауапты істің аясында ана тілімізді сақтау мәселесі тұрды. Алаш қайраткерлерінің қай-қайсы да тілдің саяси, қоғамдық һәм рухани үлкен күш, ұлтты біріктіруші қуатты құбылыс екендігін жақсы сезінді. Сондықтан да Алаш сияқты аса ірі қозғалыстың рухани тінінде қазақ тілі мәселесі ерекше орынға ие болды
«Қазақ» газетінің 1917 жылғы қарашаның 21-інде 251 санында Алаш партиясы бағдарламасының жобасы жарияланды. Бірінші жалпы қазақ съезінің шешімдеріне сәйкес Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Елдес Ғұмаров, Е. Тұрмұхамедов, Ғ.Жүндібаев, Ғазымбек Бірімжанов дайындаған партия бағдарламасының жобасы он баптан тұрады. Олардың ең маңыздылары мыналар:
І. Мемлекеттік қалпы. Россия демократическая, федеративная республика болу. Демократия мағынасы мемлекетті жұрт билеуі. Федерация мағынасы – құрдас мемлекеттер. Федеративный республикада әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болды. Әр мемлекет өз тізгінін өзі алып жүреді. Осы бапты қазіргі саяси терминдермен түсіндірсек, Алаш партиясы мемлкеттік құрылыс мәселесіне Россияның терезесі тең (құрдас) мемлекеттердің федеративтік одағы болуын, оған мүше болған әрбір субъект (құрдас мемлекеттер) өзінің егемендік құқы бар (іргесі бөлек) болуымен бірге жалпы федеративтік одақ мүдделерін қорғауда «ынтымағы бір» болуын талап етті.
ІІ. Жергілікті бостандық. Қазақ жүрген облыстардың бәрі байланып, өз тізгіні өзінде болып, Россия федерациясының бір ағзасы болу. Реті келсе, қазақ автономиясы сыбайлас жұрттармен әзірге бірлес болу, реті келсе бірден-ақ өз алдына жеке болу. Алаш партиясы әділдікке жақ, нашарларға жолдас, жебірлерге жау болады. Күш-қуатын игілік жолына жұмсап жұрт тартқан айту жағына бастайды. Алаш партиясы бағдарламасының осы бабында екі түбірлі мақсат айқындалған: бірінші – Россия Федеративтік мемлекетінің құрамдас бөлігі болуға тиіс қазақ автономиясы бүкіл қазақ халқы мекендеген жерге иелік етеді және тең құқықты федерация мүшесі ретінде оған нұқсан келген жағдайда Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет болып бөлініп шығады. Екінші — өзінің нақтылы саяси қызметінде Алаш партиясы жалпы адамзаттық игіліктерді басшылыққа алып, әділдікке жақ, зорлыққа қарсы болады.
ІІІ. Негізгі. Құқық. Россия республикасында дінге, қанға қарамай, еркек-әйел демей адам баласы тең болу. Жиналыс жасауға, қауым ашуға жария сөйлерге, газет шығаруға, кітап бастыруға еркіншілік: хұқмет қызметкерлері, иесінен рұқсатсыз һәм кім табалдырығын аттаушылық, сот сұрамай, билік айтылмай, тұтқын қылмаушылық, қылмысты болған адам судья бар жерде 24-сағат ішінде, судьясыз жерде бір жетіден қалмай судьяға тапсырылып жабу. Кісі хатын ашқанға айып, оқығанға жаза болу.
IV. Дін ісі. Дін ісі мемлекет ісінен бөлек болады. Дін біткенге тең құқық. Дін жоюға ерік. Кіру-шығу жағына бостандық. Муфтилік қазақта өз алдына болады. Неке, талақ, жаназа, балаға ат қою сияқты істер молдада болу, жесір дауы сотта қаралады.
V. Билік және сот. Әр жұртқа билік пен сот тұрмыс ыңғайына қарай болуы. Би және судья жергілікті жұрттың тілін білу керек. Аралас жерде соттың тергеу-тексеруі мен үкімі жергілікті жұрттың тілін білу керек. Аралас жерде соттың тергеуі – тексеруі мен үкімі жергілікті жұрттың қай көбінің тілінде айтылуы. Би мен судья орнынан тергеусіз түспеу. Билік және сот жүзінде жұрт біткен тең болады; құдайдан соңғы күшті би мен судья болып, кімде болса, олардың үкіметіне мойын ұсынады. Айтылған үкім тез орнына келуі керек. Зор жазалы қылмыстар присяжный сотпен қаралады. Қазақ көп жерде сот тілі қазақ тілі болады. Присяжный қазақтан алады. Қырдағы ауыл, болыс ішінде билік пен сот жұрт қалаған ереже жолымен атқарылады.
VI. Ел қорғау. Ел қорғау үшін әскер осы күнгі түрде ұсталмауы тиіс. Әскерлік жасына жеткен жастар жерінде үйретіліп, жерінде қызмет ету керек. Әскер табына бөлгенде туысқан табына қарай бөлу. Әскерлік міндеттерін қазақ атты милиция түрінде атқару.
VII. Салық мәселесі. Салық мал-ауқат, табысқа қарай, байға-байша, кедейге-кедейше әділ жолмен таратылуы керек.
VIII.Жұмысшылар. Жұмысшылар закон панасында болуы керек. Қазақ жерінде завод-фабрика аз, сондықтан қазақтың жұмысшылары да аз. Алаш партиясы жұмысшылар турасында социал демократтардың меньшевик табының бағдарламасын жақтайды.
IX.Ғылым-білім үйрету. Оқу ордаларының есігі кімге де болса ашық және ақылсыз болады. Жұртқа жалпы оқу жайылуы. Бастауыш мектептерде ана тілінде оқуы; қазақ өз тілінде орта мектеп, университет ашуы; оқу жолы өз алдына автономия түрінде болуы; үкімет оқу ісіне кіріспеу; мұғалімдер, профессорлар өзара сайлау мен қойылуы, ел ішінде кітапханалар ашылуы керек.
X. Жер мәселесі. Төтенше жиналыс негізгі заң жасағанда жер сыбағасы алдымен жергілкті жұртқа берілсін деуі; қазақ жер сыбағасын отырған жерлерден алып орналасқанша, қазақ жеріне ауған мұжық келмеуі, бұрын алынған жерлердің мұжық отырмағандары қазаққа қайтуы; қазаққа тиетін жер сыбағасын жергілікті комитеттер кесуі, сыбаға өлшеу – норма жерлердің топырағы мен шаруалық түріне қарай жасалуы; сыбағадан артылған жер земство қолында болуы тиіс; Артық тұрған жерден ел өскенде ауық-ауық сыбаға кесіліп берілуі. Түркістанда жермен бірге су сыбағасы да кесілуі жерді қазақ үйі басына иленбей ауыл-аймақ туысқан табына меншіктеп алу, өзара әділдік жолымен пайдалануы керек. Жер заңында жер сату деген болмау, әркім өзі пайдалануы керек. Пайдасынан артық жер сатылмай, земствоға алыну. Жердің кені, астығы, байлығы қазынаныкі болып, билігі земство қолында болу. Аса зор ағаш, өзендер мемлекеттік болып, аз ағаш және көл байлықтары земство мүлкіне саналуы керек. Міне, осы Алаш партиясының тарихи бағдарламасының мәтіні осылай еді. Көлемі жағынан шағын, мазмұны жағынан терең осы бағдарлама жобасы 1917 жылғы қараша айының ортасында өткен Құрылтай съезінде өткен сайлауда Алаш партиясының үлкен табысқа жетуін қамтамасыз етті.
Достарыңызбен бөлісу: |