Будённый жылқысы — салт мінілетін жылқы тұқымы. 1921 — 48 жылы Ресейдің Ростов облысының С.М. Буденный атындағы және 1-атты Армия атындағы жылқы зауыттарында таза тұқымды Дон мініс жылқысы мен Қара теңіз жағалауының жылқыларын будандастыру арқылы шығарылған. Буденный жылқысы ірі, дене бітісі мығым келеді. Басы етсіз, қаз мойын, шоқтығы биік, аяғы сіңірлі, тұяғы берік. Шоқтығына дейінгі орташа биікт. 163 — 166 см, кеуде орамы 190 — 195 см; жіліншік орамы 20—21 см. Айғырының салм. 550 кг, биесінікі — 500 кг. Жаңа туған құлынының салм. 50 кг. Буденный жылқысының ұшқырлығы 1200 м-де 1 мин 16 с; 2000 м-де 2 мин 36 с; 3600 м-де — 3 мин 29 с. Қазақстанда Буденный жылқысын жетілдірумен Алматы облысындағы Қызылағаш жылқы зауыты шұғылданады.
Дон жылқысы. Мұның шыққан жері — Дон өзенінің маңайы. Жергілікті жердің ауа райына өте төзімді келеді. Дон тұқымының басы ашаң, сәл ұзындау, маңдайы томпақ, шортан басты келеді, көздері үлкен, шығыңқы, томпақ, танаулары делдиген, жұқа құлақтары сереңдеген, мойнының ұзындығы орташа, түзу, кейде ұзын, ашаң немесе етті, толық болады, көкірегі кең, қабырғалары ұзын, арқасы тегіс, сауыры ұзын және тік, жауырыны қысқа, тік біткен алдыңғы аяқтары түзу, аралары кең, артқы аяқтары қайқылау, тұяқтары берік, дөңгелек, үлкен болып келеді. Дон жылқысы салт мінуге қолайлы.
Таза қанды, салт мінетін жылқы. Бұл өте жүйрік, әсіресе жақынға шапқанда ұшқыр келеді. Қазір біздің елде оны өсіру үшін көптеген жылқы заводтары ұйымдастырылды. Таза қанды, салт мінетін жылқыны үнемі ипподромға сынайды. Бұлардың айғырлары жергілікті жылқы тұқымын жақсарту үшін қолданылады. Ол өте сымбатты, тұлғасы зор, әсем денелі, көркем тұлғалы жылқы. Күтімді жақсы керек етеді, жем-шөпті өте талғап жейді.
Көшім жылқысы – ет-сүт бағытындағы, мініп-жегуге арналған жылқы тұқымы.
Қазақ жылқысы биелерін орлов, орыс желісті және таза қанды салт мініс дон жылқысы айғырларымен шағылыстырып, олардың буданын «өзара» сұрыптау арқылы Батыс Қазақстанның жылқы зауыттарында шығарылған. Жеке тұқым ретінде 1976 жылы қабылданған.
Көшім жылқысы қазақ жылқысынан едәуір ірі, бітімі шымыр, басы ірі, мойны тым ұзын емес, шоқтығы биік, әдемі, кеудесі кең, қабырғасы шеңберленіп біткен, жаялы, белді, кейде қайқы бел келетіндері де бар, сүйегі берік, жұмысқа төзімді, тебіндетіп бағуға жақсы бейімделген.
Орташа өлшемдері (см):
тұрқы 160,9;
айғырының шоқтығына дейінгі биіктігі 158,2;
кеуде орамы 192,2;
жіліншік орамы 21,9;
биесінің өлшемі осыған сәйкес: 157,2; 154,1; 186,5; 20,6;
Айғырының орташа салмағы 540 кг,
ал биесінің орташа салмағы 492 кг.
Достарыңызбен бөлісу: |