Жж Қазақ әдебиетіндегі Тың. Экология тақырыбы Орындаған: Хайрол А



бет2/2
Дата10.10.2022
өлшемі63,72 Kb.
#42265
1   2
Байланысты:
бөж тың экология

Сұлушаш – негізгі кейіпкер. Жырдағы сұлушаштың портреті:
Қарақат көз, қыр мұрын, ұзын кірпік,
Тістері меруерттің тізген тасы.
Бетінен нұры бөртіп, қаны тамған
Толқыған сұлу айдай кесер басы.
Мойыны иірілген аққу сынды,
Тамағы торғындай боп тартты күнді.
Қан-қызыл, жұқа ерін, оймақ ауыз,
Қиылып құмырсқадай белі үзілді.
Тілеуберді бай – сұлушаштың әкесі.
Алтай – сұлушаштың сүйген жігіті, кедей. Тілеуберді байдың жылқышысы. Алтайдың поэмадағы портреті:
Күн-күн санап толқыды туған айдай,
Қап-қара көз, қыр мұрын, қасқа маңдай.
Қаз мойынды, кең иық, кесек тұлға,
Тіп-тік боп тауда өскен қарағайдай.
Қайсар – алтайдың досы. Сұлушаш пен алтайдың қашып кетуіне көмектескен сенімді жолдасы.
Сейіл – алтайға сұлушаштан хабар әкелуші жігіт.
Тортөбел – алтайдың мінген аты. Тортөбелдің поэмадағы сипаты:
Сарлатып қос тортөбел жортты желіп,
Тер шығып, бойларына кірді желік.
Аузымен ауыздықты сүзе шайнап,
Ойнады үстерінде аппақ көбік.
Танаудан будақ-будақ дем шығарып,
Желпілдеп желбезегі желеуленіп,
Түйіліп, қамшылатып құлақтарын,
Келатқандай қауіпті көзі көріп…
«сұлушаш» – бас бостандығы, өз бақыты үшін күрескен алтай, сұлушаш, қайсардың қайғылы қазасымен аяқталған трагедиялық поэма.

С. Мұқанов – проза саласында қарқынды еңбек еткен жазушы. С. Мұқановтың «Мөлдір махаббат», «Ботагөз», «Теміртас», «Өмір мектебі», «Аққан жұлдыз», «Балуан Шолақ», «Сырдария» атты прозалық туындылары бар. Жазушының проза жанрындағы ізденісінің сәтті жемісі – «Ботагөз» романы алғаш рет 1938 жылы «Жұмбақ жалау» деген атпен шыққан Кейіннен жазушы өңдеп, толықтырып шығарманың негізгі кейіпкерінің есімімен «Ботагөз» деп атаған. Роман 1) «Тұңғиықта»; 2) «Таң атарда»; 3) «Күн күлімдегенде» деген үш бөлімнен тұрады. Сегіз тараудан тұратын «Тұңғиықта» бөлімінде қазақ ауылының патшалы Ресейге бағынышты халі, Романовтар әулетінің 300 жылдығын салтанатпен атап өту оқиғалары сөз болса, жеті тараудан құралған «Таң атарда» бөлімі патшаның 1916 жылғы қазақтан майданның қара жұмысына адам алу жөніндегі жарлығына байланысты халық көтерілісі баяндалған. Романның төрт тараудан тұратын «Күн күлімдегенде» деген үшінші бөлімі 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының 1917 жылғы орыс төңкерісіне ұласуы, азамат соғысы дәуірінің шындығы сияқты дәуірлік мәні бар оқиғалар көрсетілген. Романның кейіпкерлері:


Ботагөз – оқыған, өзіндік ой-өрісі қалыптасып, төңкерістік дәрежеге дейін жеткен жаңа тұрпатты қазақ қызы. Ботагөз бойындағы қасиеттер: адалдық, әділдік, махаббат, достыққа беріктік, сабырлылық, батылдық.
Асқар – Досан деген кедейдің баласы. Өз бетімен оқып саяси санасы қалыптасқан күрескер азамат. Сабырлы, ойлы, білімді, табанды, алған бетінен қайтпайтын бірбеткей.
Амантай – еңбекші қауымға ықпалды, сөзіне берік, тиянақты адам, әділетсіздікке төзбейді, кекшіл, намысшыл.
Темірбек, Кенжетай – Ботагөздің ағалары. Амантайдың ақыл-кеңесімен жалшылықтан кетіп, қаладан кәсіп іздеп, өндіріске араласады.
Бүркітбай – Өз жолын таба алмай адасып барып, Амантайдың ықпалымен көтерілісшілерге қосылады.
Итбай – ескі қазақ ауылының билеушісі, надан, дөкір, байлық пен күшке сенген, патша әкімшілігіне сүйенген адам. Ботагөзді тоқалдыққа алмақ болғанда ,«Қыз ағалары бермейді», – деген Амантайға: «Малдың боғын жегелі отырған кедей көзіне көп мал көрсетсе, бермек түгілі лақтырып жіберер», – деп, адамнан малды жоғары қояды.
Алексей Кулаков – отаршылдық пиғылды берік ұстанған, қазақтарға менсінбей қарайтын, қанаушылық, талаушылық саясат жүргізуші.
Базархан, Мадияр – патша өкіметімен ауыз жаласқан, төңкеріс идеясына қарсы адамдар.
Роман жауыздықты әділдіктің жеңуімен аяқталған. Романның бас кейіпкері Ботагөз Шалқар көлінің ортасындағы діңгек таста Асқар, Амантай бастаған көтерілісшілерді тумен қарсы алады. Жазушы романды: «Күн көзіндей жарық бар Ботагөздің көзінде, телегей теңіз тарих бар Ботагөздің сөзінде» деп аяқтаған.

«Ботагөз» – заман шындығын тартымды мазмұнмен, соны шеберлікпен суреттеген роман.


С. Мұқановтың «Аққан жұлдыз» шығармасы – қазақ халқының біртуар азаматы Шоқан Уәлиханов туралы зерттеу еңбектер мен фактілер негізінде жазылған роман.
Жазушы өмірінің үш күрделі кезеңін қамтитын «Азапты жол», «Азатты жол», «Есею жылдары» атты үш кітаптан тұратын «Өмір мектебі» – дүниежүзілік мемуарлық әдебиеттің дәстүрін қазақ әдебиетіне енгізген, қазақ әдебиетін жанрлық жағынан байытқан туынды. «Азапты жол» деген бірінші кітапта жазушының жетімдік жағдайында өткен балалық шағы, өскен ортасының феодалдық-патриархалдық қатынастары туралы айтылса, екінші «Азатты жол» кітабында халықтың азаттық жолындағы күресі, жас Сәбиттің білім іздеуі, қоғамдық істерге араласуы баяндалған. «Есею жылдары» деген үшінші кітапта Сәбиттің ақындық, жазушылық, қоғамдық қызметінің қалыптасуы, азамат ретінде есеюі сөз болған. Үш кітаптың да өн бойында халықтың ұлттық, отаршылдық езгіге қарсы бой көтеруі, азаттық жолын таңдауы, жаңа қоғам орнату жолындағы халық пен халық ұлдарының азаматтық өсу жолы желі болып тартылған. «Өмір мектебі» тек Сәбит өткен мектеп емес, халық өткен мектеп болып табылатындығы туралы сыншы М.Қаратаев: «Өмір мектебі – халықтың жартығасырлық өмірінің шежіресі», – деп атап көрсеткен.

С. Мұқановтың «Өмір мектебі» романынан алынған үзінді «Лашын» әңгімесіндегі оқиға Балтабай ауылында өткен. Шығармада Балғабайдың Ахметінің құсбегілік, аңшылық өнері, лашынды құстарға салу шеберлігі туралы әңгімеленген. «Есіл бойында» үзіндісінде Есіл өзенінің әсем көрінісі, «Есіл тасып барады» әнінің тарихы айтылған. Әңгіменің кейіпкерлері:


Мырзатай – негізгі кейіпкер. Бес болыс Керей-Уақтың ең ірі әншісі, жасы елу-алпыс шамасында. Орталау толық денелі, қаба қара сақалды, жуан мойынды, елге әдемі қоңыр әнімен, ойнақы мінезімен өте сүйкімді боп күн кешкен кісі.


Байтүменов Бекберді – Керей елінің болысы. Орыс тіліне жетік адам.


Ұлпа – Бекбердінің қызы.


Мұратбек – Ұлпаға ғашық жігіт, кедей табынан шыққан.


«Есіл тасып барады» әнін Мұратбекке арнап Ұлпа шығарған.


«Саятшы Ораз» әңгімесі мерген, саятшы Ораз туралы. Кейіпкерлері:


Ораз – саятшы, негізгі кейіпкер. Орта бойлы, кең жауырынды, төстік кеуделі, ұзындығы кіндігіне түсетін қалың ақ сақалды, кішірек келген дөңестеу мұрынды, ойнақылау келген дөңгелек қара көзді, желкілдеген ұзын ақ қасты, кең маңдайлы, әжімсіз қызыл күрең кескінді, қайырымды адам.


Мұқан – Ораздың көршісі. Науқасқа ұшыраған адам.


Зәуре – Мұқанның қызы.


Сүлеймен – Зәуренің күйеуі. Орта дәулетті, сараң адам.


Бағила, Ұлтуған – Мұқанның қыздары.


Мағаз, Жанкүміс – Ораздың балалары.


С. Мұқановтың өмірді кең бейнелейтін көлемді шығармасының бірі – «Сырдария» романы. 1930 жылдары драматургия жанрына келген С. Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов», «Сәкен Сейфуллин», «Қашқар қызы» атты тарихи тұлғаларға арнаған үш пьесасы бар.


С. Мұқанов – қазақ әдебиеттану ғылымына, фольклористикаға, этнографияға көп үлес қосқан ғалым. Сәбиттің «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті тарихының очерктері», «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» және Абай мен Шоқан өмірі туралы зерттеулері бойынша жазған «Жарқын жұлдыздар» деген ғылыми-зерттеу еңбектері – қазақ әдебиеті ғылымына қосылған құнды еңбектер.


Ұлттық мәдениет тарихындағы ірі тұлға, ана тілдің тұнып тұрған тұнығын шығармаларында кеңінен қолданған, туған халқының асқақ рухын әспеттеген, сөз зергері Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов 1902 жылы Солтүстік Қазақстан өңірінде Жаңажол ауылында орта дәулетті отбасында дүниеге келген. Алғашында ауыл молдасынан оқып, хат таныған болашақ қаламгер 1917 жылы Қостанай уезінің Обаған болысындағы екі сыныпты орыс мектебіне оқуға түскен. Болашақ жазушының көркем әдебиетке деген құштарлығын оятуға осы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген ақын әрі көрнекті педагог Бекет Өтетілеуовтің ықпалы ерекше болған. Ғ. Мүсірепов Б. Өтетілеуовтің көмегімен Пресногорьковтегі жоғары бастауыш училищеге қабылданып, 1921 жылы тамамдаған соң, 1923 жылы Орынбор қаласындағы жұмысшылар факультетіне оқуға алынған.


Зерттеуші-ғалымдар Ғ. Мүсіреповтің шығармашылық жолын үш кезеңге бөліп қарастырған. Бірінші кезеңге 1928-1932 жылдардағы «Тулаған толқында», «Өмір ертегісі», «Көк үйдегі көршілер», «Алғашқы адымдар», «Қос Шалқар», «Күсен» сияқты жазушының алғашқы аяқ алысын байқатқан шығармалары; екінші кезеңге 1932-1938 жылдардағы «Талпақ танау», «Шұғыла», «Бір адым кейін, екі адым ілгері» әңгімелері, ана туралы новеллалары, «Қыз Жібек» драмасы, Б.Майлинмен бірге жазған «Амангелді» пьесасы Ғ. Мүсіреповтің қалам қайратын, шеберлік келбетін көрсеткен, қазақ әдебиетін байытқан туындылары; үшінші кезеңге 1939 жылғы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясынан бастап, суреткердің проза мен драматургиядағы тартымды да тағылымды туындылары жатады.


Ғ. Мүсірепов – қысқа көлемді әңгіме шебері. Әдебиетке 1920 жылдардың екінші жартысында келген Ғ. Мүсіреповтің алғашқы көлемді туындысы «Тулаған толқында» хикаятында 1916 жылғы дүрбелең кезіндегі ауыл тіршілігі, әйел тағдыры, азамат соғысы оқиғалары бейнеленсе, «Қос Шалқар», «Көк үйдегі көршілер», «Алғашқы адымдар» әңгімелерінде еңбекші халықтың сана-сезімінің өзгергені суреттелген. Жазушының азаматтық және қаламгерлік келбетін айқындаған, 1932 жылдың сұмдығы мен қулығы әшкереленген «Талпақ танау», «Шұғыла» әңгімелері батылдығымен, қайсарлығымен ерекшеленетін, өз кезеңіндегі қазақ әңгімесінің айтулы үлгілеріне жатады. «Шұғыла» – автордың жазушылық мәнерін, азаматтық келбетін танытқан батыл шығарма.


Ғабит Мүсіреповтің әдеби шығармаларының бір саласы – новеллалар мен әңгімелер. «Автобиографиялық әңгімесінде» автордың өзі: «ХІХ ғасырдағы орыс классиктерін мен рабфакта ұғынып шыққандаймын. Әсіресе Гоголь, Чехов, Горький бағыты ойыма қона кетуші еді», – деп жазғандай, жазушының қазақ әдебиетінің проза жанрына енгізген идеялық-көркемдік жаңалықтары осы аталған суреткерлер тәсілін меңгере отырып, ана тақырыбына жазған сегіз новелласынан анық байқалады. М. Горький шығармаларының негізінде жазған «Адамның анасы», «Өлімді жеңген ана», «Ана кесімі айнымайды» және өзінің төл туындылары «Ашынған ана», «Ананың арашасы», «Ананың анасы», «Ақлима», «Ер ана» новеллаларындағы ана тұлғалары – қазақ әдебиетіне тұңғыш қосылған көркемдік жаңалықтар. Әйтілес қарт, Жалпақ балуан, Бала би сияқты кейіпкерлер қатысқан «Ананың анасындағы»: «Менің атым – әйел, мына қыздың анасымын! Бәрің де анадан тудыңдар! Анамен алыспайды да, атыспайды да…», – деген сөздер Ананың қайсар күштің иесі екенін көрсетсе, «Ашынған анадағы»: «…Өмір өзін сондай сіліккен, енді өмірді өзі сілкуге жарап қалған қайратты ана», – деген үзінді Ананың өр рухын танытады. «Ананың арашасында» жазушы қара күштің ана жүрегін мойыта алмағанын суреттеу арқылы «Ана алдында өлім де мойынсынады, өлімді өмір жеңеді» деген идеяны көрсеткен. «Ер ана», «Ақлима» әңгімелері Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Ананың ерлігі мен Ана жүрегінің кеңдігін көрсеткен.


Ғ. Мүсірепов «Арқаның әңгімесі», «Көздің әңгімесі», «Тастың әңгімесі» түрінде жазған символикалық көркем новелла – «Жапон балладасында» үш символды біріктіріп тұрған ортақ бейне – өлім бейнесі – атом бомбасының зардабын жан-жақты ашып көрсеткен. «Кездеспей кеткен бір бейне» шығармасының басты кейіпкері Еркебұлан арқылы Сәкен Сейфуллин өмірінің бір эпизоды алынған. Сәкен өлімін домбыра ішегінің үзілуі арқылы берген бұл шығарма – ақындық шабыттан туған шығарма.


Жазушының қызықты да тартымды, әзіл мен қалжыңды араластыра жазған «Боранды түнде» әңгімесінің кейіпкерлері:
Қайсар – негізгі кейіпкер.Өзінен басқа туысқаны жоқ жалқы жігіт. Жалғыз Күреңтөбел деген аты, Көкдауыл атанған тайыншадай ірі, сұрғылт иті бар.

Бәден апай – Қайсардың шешесі. Балалардан барын аямайтын адам.


Кәмен – Қайсар алып қашпақ болған қыз. Келбетті, жылы жүзді, қою шашты, бұрымды қыз.


Бекберген – Кәменнің әкесі.


Кәмер – Кәменнің сіңілісі


Қадыр – Бекбергеннің немере ағасы. Елулер шамасындағы шықшытты, қоңқақ мұрын, сұрғылт түсті адам.


Асылқан – Қадырдың баласы, Кәменнің немере ағасы.


Зағипа – Қайсардың ауылындағы өсекші әйел.


Дина – баланың шешесі.


Күреңтөбел – Қайсардың тұлпары.


Көкдауыл – Қайсардың қасқыр алатын иті.


Әңгіме баланың Кәмен тығылып жатқан Қадырдың ауылына боранды түнде адасып келіп, Кәменді ауылға алып келуімен аяқталады.


Ғ. Мүсіреповтің Ана тақырыбындағы шығармаларының жиынтығы – «Ұлпан» романы тарихи ел шежіресінің мазмұнына құрылған роман. Шығарманың бас кейіпкері Ұлпан ақылдылығымен, алғырлығымен, бірбеткейлігімен, парасаттылығымен айналасы он-он бес жылда дүйім елді билеген ақылды ана атанған. Жазушы сомдаған Ұлпан қазақ әйелінің жиынтық образы, аналардың анасы, ел билеген көсем, сөз бастаған шешен, қоғам қайраткері дәрежесінде суреттелген. Романның кейіпкерлері:

Есеней – негізгі кейіпкер. Керей – Уақты билеген, атақты бай, аузы дуалы би.


Ұлпан – Арқабай батырдың он бес-он алты жастар шамасындағы өжет қызы.


Мырзаш – Түлен саудагердің Ұлпанды айттырған таз баласы.


«Түрікпен» Мүсіреп пен аңшы Мүсіреп – Есенейдің серіктері.


Шынар – Ұлпанмен мұңдас, сырлас әйел.


Біжікен – Есеней мен Ұлпанның қызы.


Торсан – Біжікеннің күйеуі.


Шоқан – Торсанның ұлы.


Ешеналы – Есенейдің немере інісі.


Жәукен – Торсанның екінші әйелі.


Ғ. Мүсіреповтің проза жанрындағы алғашқы көлемді еңбегі – қазақ әдебиетіндегі кеңес халықтарының фашистік Германия басқыншыларына қарсы ауыр, қаһармандық күресін суреттеген тұңғыш әрі тартымды туындысы «Қазақ солдаты» романының оқиғасы нақтылы өмірде болған Кеңес Одағының батыры Қайырғали Смағұловтың өмір жолына негізделген. Қайырғали Смағұлов – романның бас кейіпкері Қайрош Сарталиевтің прототипі. Роман бақташы бала Қайроштың ауылы «Қайрақтыдан» қашып шығып, Атырау қаласына келуінен басталған. Романның бірінші бөлімі бас кейіпкер Қайрош өмірінің он үш жылын қамтыған. Екінші бөлімде шекара, соғыс алдындағы жағдай кең түрде баяндалған. Үшінші бөлімде қатерлі шайқас, Кавказ, Новороссийск, Ростов, Керчь түбіндегі қанқұйлы соғыс қаһармандарының ерлігі мен сезімі, етігімен су кешкен жалынды жауынгерлер қимылы, екінші дүниежүзілік соғыстың жанды панорамасы шынайылықпен суреттелген.


Романның бас кейіпкері Қайрош – Отанын шексіз сүйетін жастың типтік бейнесі. Роман кейіпкерлері
Қайрош – негізгі кейіпкер.

Шеген, Бораш – Қайроштың балалар үйіндегі достары.


Қаракемпір – Қайроштың анасы.


Мария апай – балалар үйінің қызметкері.


Ақбота – Қайроштың сүйген қызы.


Семен Зонин, Владимир Толстов, Василий Гришин, Петр Ушаков, Самед Абдуллаев – Қайроштың қарулас достары.


Политрук Ревякин, майор Русаков, капитан Мирошник – командирлер


«Қазақ солдаты» – қаһармандық бейне жасаған, адамның жан сұлулығын жырлаған патриоттық шығарма.


Сан алуан тағдыр мен сан қырлы қаһармандардан тұратын, драмалық тартысқа, шытырман шиеленіске құрылған, кейіпкер тұлғасы керемет сомдалған, халықтың тұрмыс-салты бар ажарымен суреттелген «Оянған өлке» – қазақ әдебиетіндегі күрделі де көлемді әрі таңдаулы роман. Роман кейіпкерлері: Игілік би, Жұман бай, Күреңкөз қожа, Бұланбай, Сүгірәлі, Омар, Айғанша тоқал, Көпей бәйбіше, Игіліктің ұлы Ордабай, Байжан, Сандыбай үйші; басқа ұлт өкілдері: Никон Рязанов, Ушаков, Лиза, Андрей, Шило, Степан Бушуев.
Жазушының «Жат қолында» романы – ХХ ғасырдың басы мен он жетінші жылға дейінгі аралықтағы ағылшын, орыс, француз, американ капиталистерінің қазақ даласына сұғына кірген кезеңдегі оқиғаны суреттеген күрделі туынды.

Ғ. Мүсірепов 1930 жылдардың бас кезінде драматургия саласына да қалам тартқан. Драматургтің «Қыз Жібек» атты музыкалы драмасы жаңа туған ұлттық театрдың шымылдығын ашқан алғашқы қарлығаштардың бірі болып саналған. «Ақан сері – Ақтоқты», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиялары Ғ. Мүсірепов шығармашылығының ең құнарлы, ең жемісті туындылары болып табылады. Биік талапқа сай жазылған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясының кейіпкерлері:


Қозы мен Баян – негізгі кейіпкерлер, бірін-бірі сүйген жастар.


Күнікей мен Мақпал – Қозы мен Баянның аналары.


Қарабай – Баянның әкесі. Дүниеқоңыз, тасжүрек адам.


Қодар – қара күштің иесі.


Жарқын – ақын


Жантық – Жарқынға қарама-қарсы бейне. Екі адамды атыстырып-шабыстырып жүретін, пайдакүнем, алаяқ, қу адам.


«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясы халық ауыз әдебиетінің асыл қазынасының негізін сақтай отырып, өскелең өнер талабына сай жазылған көркем туынды.
Ер басына күн туған 1932 жылдың қилы кезеңінде бес азаматтың атынан қылышынан қан тамған жоғары орынға ашық хат жазған, Б.Майлинді қаралаушыларға: «Бейімбер халық жауы болса, менде халық жауымын», деп батыл қарсы шыққан қайсар тұлға, үлкен дарын иесі, зерделі сөз зергері Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов 1985 жылы қайтыс болған.
Әдеби шығармаларымен қазақ әдебиетінің проза жанрын дамытқан көрнекті қазақ жазушысы Ғабиден Мұстафин 1902 жылы Қарағанды атырабында Нұра өзені бойындағы Сартөбе деген жерде шағын дәулетті отбасында дүниеге келген. Жасында ауыл молдасынан оқып хат таныған болашақ жазушының адамшылық, имандылық тәрбиесіне әділдігімен, шариғат жолына тазалығымен аймағына беделді болған әкесі Мұстафа қажының ықпалы зор болған. Мұстафиннің орысша оқуы Спасск зауытындағы орыс-қазақ мектебінен бірер жыл сабақ алуымен шектелген. 1918 – 1925 жылдары әр түрлі әкімшілік қызметтер атқара жүріп, өмір «мектебінен» көп сабақ алған Ғ.Мұстафиннің «Сәрсен мен Боқаш» деген алғашқы тырнақалды әңгімесі 1927 жылы «Жыл құсы» альманағында жарияланған және осы жылы «Ер Шойын және басқалар» атты тұңғыш жинағы жарыққа шыққан. Өзінің қаламгерлік қайратын әңгіме жанрынан бастаған Ғ.Мұстафиннің «Тұтқын», «Күлмеген адам», «Құлаған құз», «Керуен», «Қашқын», «Қан» деген әңгімелері, «Айғақ» атты шағын пьесасы бар. Алғашқы романы 1941 жылы «Өмір не өлім» деген атпен жарыққа шыққан. Жазушының «Шығанақ», «Миллионер», «Қарағанды», «Дауылдан кейін», «Көзкөрген» атты көлемді шығармалары қазақ әдебиетінің роман жанрына қосылған бай мұра қатарына жатады. Ғ.Мұстафиннің дерекке негізделіп, нанымды бейнелер жасаған, тары өсіруден бірнеше рет дүниежүзілік рекорд жасаған диқан ата Шығанақ Берсиев өмірін шынайы реалистік сипатпен суреттеген «Шығанақ» романы 1945 жылы жарыққа шыққан.

Романның бас кейіпкері Шығанақ мінез-құлқы, психикасы, өмір сүруі жағынан ұлттық дәстүрді бойына сіңірген, іске шебер, ақылға бай, тәжірибесі мол, өнегелі бейне болып суреттелген. Шығанақтың жер, еңбек ету туралы өзіндік пікірі, көзқарасы қалыптасқанын: «Егінді қанша ұқсатып салсаң да, аспаннан тамбаса еңбегің еш. Сендерді әлі күнге дейін аспан асырайды. Сарыарқаның қасиеті осы ғой», – деген сөздерінен көруге болады.


Шығарманың бас кейіпкері Шығанақ жайлы академик-жазушы М. Әуезов: «Шығанақ бейнесінде еңбек таразысын танытатын өзі дана, барынша кең пейілді адам бейнесі жақсы сипатталған», – деп жазған. Шығанақтың тұлғасы мен ерлігі әлем жұртшылығының назарын аударған. Шығанақ Берсиевке арнап атақты неміс ақыны Бартольд Брехт арнаулы поэма жазған.


1948 жылы жарияланған колхозды ауылдың жаңа кезеңін, ел өмірін суреттейтін «Миллионер» повесі «Шығанақ» романының заңды жалғасы іспеттес. Шығарманың кейіпкерлері Жанат, Жомарт, Жақып қайтсем еліме, жұртыма, жақсылық әкелем, қайтсем елге септігім тиеді деп, биік мақсатқа, ізгі мүддеге ұмтылатын патриоттық бейнеде алынған.


Ғ. Мұстафиннің «Қарағанды» романы – жұмысшы табының қалыптасу жолын кеңінен бейнелеп, терең ашқан, өндірістік ортаны суреттеген, жұмысшылар бейнесін жасаған, «Өмір мен өлім» негізінде қайтадан жазылған өндіріс тақырыбындағы тұңғыш роман. Роман кейіпкерлері: Мейрам, Жанәбіл, Ермек, Ардақ, Балжан, Жанат, Алма, Күлпаш жұмысшы табы мен техника маманының алдыңғы қатарлы өкілдерінің бейнесі ретінде шебер мүсінделген. Романның бас кейіпкері Мейрам үнемі рухани өсу үстінде суреттелсе, ең бір тартымды кейіпкер – табиғаты нәзік, аяулы жан – Ардақ қаршадайынан қиындық көріп өскен, дүние тарлығын басынан кешірген, «Бұлаңдап емес, булығып өскен бойжеткен. Көрген рақатынан бейнеті көп. Күлкісінен кірбіңі басым. Шаттығынан күрсінуі мол. Жалғыз-ақ үміті – жарқын болашаққа сеніммен» өмір сүретін бейнеде сипатталған. Романда қазақ жұмысшыларының өсіп, марқаюына, техника тетігін игеруіне қамқорлық жасаған Щербаков, Козлов, Лапшин, Потапов, Горбачев сияқты іскер адамдар да бейнеленген.


Ғ. Мұстафиннің Қазан төңкерісі мен қазақ ауылын көркемдік тәсілмен бейнелеген ең шоқтығы биік шығармасы – 1959 жылы шыққан «Дауылдан кейін» романы. Романда Қазақстанда жаңа экономикалық саясат басталғаннан байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу кезіндегі басты оқиғалар қамтылған. Шәкен бай бастаған үстем тап өкілдері мен Аман төңірегіне топталған кедейлер қауымының күресі нақтылы іс-әрекеттермен көрінген.


Жазушының көргені мен көңілге түйгені негізінде жазылған көркем мемуарлық шығармасы – «Көзкөрген» романы. Кейіпкері Сарбаланың ойы арқылы берілген роман сюжетінде ХХ ғасыр басындағы қазақ ауылының тыныс-тіршілігі кең суреттелген. Мақалаларының, рецензияларының, баяндамаларының, пікірлерінің жинағы «Ой әуендері» деген кітабы үшін Ғ. Мұстафинге Қазақ КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілген.


Жазушының өнер жолын саралай келіп, белгілі сыншы-ғалым З.С. Кедрина: «Ғ.Мұстафин – тың тақырып, соны жаңалыққа алдымен баратын батыл да ізденімпаз жазушы», – деп бағалаған.




Сан қырлы, алуан сырлы шығармаларымен халық ықыласына бөленген өр ойлы, нәзік сезімді, азамат жазушы Ғабиден Мұстафин 1985 жылы қайтыс болған.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет