Жүйке жүйесінің бөлімдері Жұлынның құрылысы мен қызметі
Жүйке жүйесі (нервная система) - адам мен жануарлар организмдерінің қоршаған ортаға бейімделуін реттейтін жүйе. Жүйке жүйесін зерттейтін морфологияның бөлімін гр. neurologia (грек, neuron — жүйке, жүйке жасушасы; logos — ілім) деп атайды. Жүйке жүйесінің қызметтері рефлекстер арқылы іс жүзіне асады.
Жүйке жүйесі организмдегі орналасу орындары (топографиясына) мен құрылысына сәйкес: орталық және шеткі бөлімдер болып екіге бөлінеді. Жүйке жүйесінің орталық бөліміне ми және жұлын, ал шеткі бөліміне — мидан және жұлыннан организмнің шеткі аумақтарына таралатын мүшелер: жүйке түбіршіктері, жүйкелер, жүйке тораптары, жүйке түйіндері (ганглийлері) және жүйке талшықтарының ұштары жатады
Организмдегі қызметтеріне байланысты жүйке жүйесін үш бөлімге бөледі. Олар: сомалық (денелік), парасимпатикалық (ішкі мүшелік), симпатикалық (тамырлық).
Жүйке жүйесінің сомалық бөлімі - дене, яғни тірек-қимыл аппараты және тері жабыны мүшелерінің, парасимпатикалық бөлімі — ішкі мүшелер мен бездердің, симпатикалық бөлімі — тамырлар жүйесі мүшелерінің қызметтерін реттейді. Парасимпатикалық және симпатикалық бөлімдерді біріктіріп, жүйке жүйесінің вегетативтік бөлімі деп атайды.
Жүйке жүйесінің тәндік бөлімі ағзаның сыртқы ортамен байланысын жүзеге асырады, тітіркендіргіштерді қабылдайды. Адам еркіне байланысты козғалыстарды басқарады.
Жұлынның құрылысы мен қызметі
Жұлын - орталық жүйке жүйесіне жатады. Жұлын цилиндр пішінді омыртқа жотасының өзегінде орналасқан, ұзындығы 42-45 см, салмағы 34-38 г. Жоғарғы шеті сопақша мимен жалғасады, төменгі шеті екінші арқа омыртқаға дейін созылын жатады. Жұлынның алдыңғы және артқы жағында ұзынынан созылған тік жүлгелері болады. Ол жұлынды оң және сол жақ жартыға бөліп тұрады. Жұлынның дәл ортасында іші жұлын сұйықтығына толы жұлын өзегі бар. Өзектің айналасында пішіні көбелекке ұқсаған жұлынның сұр заты (нейронның денесі мен қысқа өсінділерінің жиынтығы) бар. Сұр заттың сыртын ақ заты (нейронның ұзын өсіндісінің жиынтығы) қоршап жатады. Сонымен жұлын құрылысында ақ заты сыртында, сұр заты ішкі жағында орналасады. Жұлынның сұр затының алдыңғы, артқы бүйірінде екіден түбірлері (өсінді) болады. Алдыңғы түбір козғалтқыш жүйке талшықтарынан, артқы түбір сезгіш жүйке талшықтарынан түзіледі. Әр омыртқаның бүйір тұсынан жұлыннан екі жаққа 31 жұп жұлын жүйкелері таралады. Әрбір жұлын жүйкелері алдыңғы және артқы түбірлердің қосылуынан пайда болады. Түбірлер омыртқааралық тесіктерден шығып, бірімен-бірі қосылып аралас жұлын жүйкелерін түзеді. Аралас жүйке дейтін себебі: жүйке талшықтарының бір тобы қозуды орталық жүйке жүйесіне, екіншісі одан қозуды шеткі мүшелерге өткізеді. Жұлыннан тарайтын жүйкелердің құрамында әрі сезгіш, әрі қозғалтқыш жүйке талшықтары болады. Жұлын жүйкелері қолдың, тұлғаның және аяқтың қаңқа бұлшықеттеріне таралады. Орталық жүйке жүйесіне өтетін қозу жұлынның тек артқы түбірі арқылы өтеді. Ал одан келетін козу жұлынның тек алдыңғы түбірі арқылы жүреді. Егер екі түбірден шыққан жүйке талшықтарының бірімен-бірі қосылған жері жарақаттанса (кесілсе), жүйкелердің сезгіштігі де, қозғалтқыштық әрекеті де жойылады.Жұлынның қызметі: жұлын екі түрлі қызмет атқарады: рефлекстік және өткізгіштік.