Рефлекстік қызметі: жұлынның әр жерінде жүйке орталығы бар. Жүйке орталығы деп жұлынның түрлі бөлімінде орналасқан қандай да болмасын мүшенің жұмысын реттейтін жүйке жасушаларының жиынтығын айтады. Мысалы, тізе рефлексі орталығы жұлынның бел бөлімінде; зәр шығару орталығы сегізкөз бөлімінде; көз қарашығын үлкейтетін орталық арқа бөлімінде және т. б. орналасқан. Жұлынның жүйке орталықтары рецепторлар және мүшелермен тығыз байланысты. Қозғалтқыш нейрондары - дене, аяқ-қол бұлшықеттері, тыныс алу еттерінің жиырылуына әсер етеді. Жұлынның қатысуымен қозғалу рефлексі жүзеге асады. Жүрек, тыныс алу, ішкі мүшелер жұмысында өзгерістер болады.
Өткізгіштік қызметі орталыққа тебетін (өрлеу, қозуды миға жеткізу) және орталықтан тебетін (қозуды мидан жұлын арқылы мүшелерге жеткізу) өткізгіш жолдардан тұрады. Орталыққа тебетін өткізгіш жолдармен қозу миға беріледі. Орталықтан тебетін өткізгіш жолдар арқылы қозу мидан жұлынның төменгі бөлімдеріне, одан мүшелерге өтеді. Жұлынның қызметі тікелей мидың бақылауында болады.
Жұлынның да, мидың да сыртын үш түрлі қабықша қаптап жатады. Сыртқысы - қатты, ортаңғысы - торлы, ішкісі - жұмсақ қабық-шалар деп аталады. Ми мен жұлын жұмсақ қабығының қабынуынан көбіне сәбилер немесе жас балалар менингит - делбе деп аталатын жұқпалы ауруға шалдығуы мүмкін. Аурудың жалпы белгілері: бас ауырады, құсады, есінен айырылады және т. б.
Жүйке жүйесінің құрылысы, маңызы
Адам денесінде болатын жүйке жүйесі мүшелерін негізінен жүйке ұлпасы құрайды. Жүйке ұлпасының негізін жүйке жасушалары құрайды. Жүйке жасушалары – нейрондық денеден, ұзын және қысқа өсінділерден тұратыны сендерге жүйке ұлпасынан таныс. Нейронның денесінде цитоплазма мен ядро болады. Ұзын өсіндісі - аксон ми мен жұлынның дененің кез келген бөлімімен байланысуын қамтамасыз етеді. Аксонның сырты май текті ақ қабықшамен қапталған. Бұлар шоғырланып ми мен жұлынның ақ затын түзеді. Нейронның тарамдалған көптеген қысқа өсінділері - дендриттердің сыртында ақ қабықша болмайды. Бұлардың жиынтығы мен нейронның денесі сұр зат түзеді. Нейронда ұзын әрі тарамдалмаған (тек ең ұшы сөл ғана тарамдалады) бір аксон болады. Нейронның денесіне қозу (хабар, сигнал) дендриттер арқылы келеді.