Конвергенция, окклюзия және жеңілдену құбылыстары. Орталық жүйке жүйесіндегі бір нейронда әр түрлі жолдармен жүретін импульстар тоғыса алады. Осыны конвергенция құбылысы деп атайды. Әр түрлі талшықтардағы импульстердің бір нейронда тоғысу кезінде олардың әлсіреуі де (окклюзия), кушеюі де (жеңілдену) мүмкін. Окклюзия кезінде, мысалы, екі афференттік талшық арқылы бір мезгілде жүйке орталығындағы бір немесе бірнеше нейрондарға жететін импульстер тудыратын эффект сол афференттік талшықтарды жеке-жеке тітіркендіргенде туатын эффектілердің қосындысынан аз болады. Жеңілдену – бұған кері құбылыс. Әр түрлі жүйке жолдары арқылы импульстер 2 не 3 нейронға бір мезгілде жеткенде пайда болатын эффектілердің қосындысынан артық болады.
ОЖЖ жұмыс қызмет етудiң үйлестiретiн ұстанымдары Көптеген мүшелердің қызметтерін біріктіріп, байланыстырып, сыртқы ортаның әсеріне бейімделуін орталық жүйке жүйесінде ағзаның қызметтерінің үйлестірілуі дейді. Орталық жүйке жүйесінің рефлекторлы реакцияларды үйлестіруі қозу мен тежелудің бір-бірімен байланысына және олардың қасиеттеріне негізделген. Координацияның жалпы заңдылықтары немесе принциптері айқындалған.
Жалпы ақырғы жол принципі. Бұл принципті ағылшын физиологы Ч.Шеррингтон қалыптастырған. Әртүрлі көптеген афференттік талшықтар арқылы орталық жүйке жүйесіне келетін импульстер 1 ғана қондырма немесе эфференттік нейрондарға тоғысуы (берілуі) мүмкін. Бұл принцип эфференттік нейрондардан афференттік нейрондар санының әлде қайда көп екендігімен түсіндіріледі, сондықтан афференттік нейрондар эфференттік және қондарма нейрондардың денелері мен дендриттерінде көптеген синапстарды түзеді. Ақырғы жол әр түрлі рефлекстердің орындалуына қатынаса алады және организмдегі кез келген рецепторлық аппаратпен байланыста бола алады. Жалпы ақырғы жолы бар рефлекстерді одақтастар және онтогонистер деп ажыратады. Біріншілері бірін-бірі қолдайды, күшейтеді, ал екіншілері, керісінше бірін-бірі тежейді, яғни, өзара жалпы ақырғы жол үшін «күреседі».