Протеинурия (кіші дәретте ақуыздың пайда болуы) қан құрамындағы ақуыз деңгейінің төмендеуіне және жайылған кең түрдегі ісіктің пайда болуына себепші. Кіші зәр тұнбасында эритроциттер және әр түрлі цилиндрлер пайда болады.
Аралас түрілі гломерулонефритпен ауыратын жүкті әйелдердің 25%-ында кездеседі. Оған гломерулонефриттің гипертониялық және нефритті түрлерінің белгілері тән. Осы түрінде әйелде жүктілік гипертензиясы болмаған кезде де жүкті әйел эклампсиясына ұқсас бұлшық еттердің тартылуы, яғни тырыспасы болады. Аурудың ұзақтығы әр түрлі (2-5 жыл және одан да көп) болса да гломерулонефриттің барлық түрлері терминальды сатыға-созылмалы уремияға өтуі мүмкін. Гломерулонефриті бар әйелдерде жүктіліктің өтуі әр түрлі асқынулар дамуымен қатар жүреді. Ең алдымен негізгі ауруы (бүйрек ауруы) күшейе түседі, 40%-дық жағдайда жүктілік гипертензия жағдайы дамиды және ол ауыр түрде өтеді. Перинатальды өлімнің жоғары болуы, іштегі баланың жиі өлуі ауыр асқынуларға жатады. Сондықтан гломерулонефриті бар жүкті әйел жоғарғы қауіпті топқа жатады. Басқа патологиялық жағдайларға қарағанда жиі кездесетін бала орнының мезгілінен бұрын ажырауы, әсіресе гломерулонефрит пен жүктілік гипертензиясының қатар келуі ана мен бала үшін өте қауіпті. Осы жағдайда бала орнының мезгілінен бұрын ажырауы байқалады, қанның ұю қасиеті бұзылады, қан кету және тромбоз болу қаупі туады.
Жүктілік кезіндегі гломерулонефрит қауіптілігінің үш дәрежесі
1-ші дәрежесі – гломерулонефриттің латентті түріндегі науқастарда байқалады; 2-ші дәрежесі – нефритті түріндегі науқастарда байқалады; 3-ші дәрежесі – гипертониялық және аралас түріндегі науқастарда байқалады. Бүйрек қызметінің жетіспеушілігі байқалатын гломерулонефриттің барлық түрінде жүктілік дамуының ең жоғарғы қауіптілік дәрежесінде жүктілікті тоқтатады. Гломерулонефриттің латентті түрі анықталынса, жүкті әйел дәрігер қадағалауында болады, негізгі ауруының өтуі нашарласа немесе жүктілік гипертензиясы косылса, сонымен қатар босанудан 2-3 апта бұрын ауруханаға жатқызылады. Гломерулонефриттің созылмалы, латентті түрлерінде терапевт пен акушер-гинеколог мамандардың тұрақты қадағалауында болған жағдайда жүктіліктің дамуына рұксат етіледі, ал басқа түрлерінде бала көтеруге (жүкті болуға) рұқсат етілмейді. Жүктіліктің 7-10 аптасынан бастап жүкті әйелді ауруханаға жатқызып, гломерулонефриттің түріне байланысты акушерлік әдіс анықталады.