Оқу зерттеуі іс-әрекетіндегі субъект-субъект қатынасының дамуы. Қалыптасқан оқу процесінде стандарттық позициялық схема «мұғалім - оқушы» жүзеге асырылады. Мұғалім білім береді, оқушы білім алады, ол процесс қалыптасқан дәстүрлі сынып-сабақ тәсімі түрінде өткізіледі.
Зерттеу іс-әрекетін дамыту барысында аталған тәсімде қарама-қайшылықтар туады: сынып тақтасында көрсетіліп берілетін білімнің дайын эталоны жоқ, табиғатта көрінетін құбылыстар дайын тәсімдермен түсіндіруге жатпайды, нақты жағдайларға байланысты өзіндік талдауды қажет етеді. Бұл қоршаған ортадағы түсінудегі білім саласындағы объект-субъектілік парадигманың эволюциялық өзгеруіне, біртіндеп «әріптес-әріптес» бірлестігінің туындауына әкеліп тірейді.
Мұғалім «жетекші-кіші жолдас» жұбы тәсімі бойынша практикалық әрекеттегі дағдыларды оқушыларда қалыптастырады. Мұндай ұстаз бен шәкірт аралығындағы қатынас жетекшінің жоғары беделі арқылы жүзеге асырылады.
Зерттеу іс-әрекетінің жобалау мен конструктивтік іс-әрекеттерінен айырмашылығы. Зерттеу іс-әрекетінің негізгі нәтижесі зерттеу рәсімінің негізінде әртүрлі шындықты анықтайтын интеллектуалдық өнім болып табылады. Зерттеудің негізгі жетістігі - шындықты анықтау екенін баса көрсету қажет. Конкурстар мен конференцияларда практикалық мәні бар талаптар, зерттеу нәтижесін практикалық жағдайда қолдану мүмкіндігі, зерттеудің әлеуметтік мәні (мысалы табиғатты қорғаудың мәні) ғана айтылады. Мұндай іс-әрекет (әрине, өзіндік мәні бар) зерттеу іс-әрекетінің құралымен әлеуметтік-практикалық атқарымдарды іске асыруды көздейді.
Зерттеу мәселелерін іске асырудың ерекшеліктері. Зерттеу тақырыбына жастардың жасына, психологиясына байланысты белгілі бір талаптар қойылады. Жасөспірімдердің білім деңгейінің әлі де жеткіліксіздігіне, көзқарастың толық қалыптаспағанына, өзіндік талдау деңгейлерінің толық дамымауына байланысты оларға зерттеу саласында көп тапсырма беру олардың жалпы білім деңгейіне, дамуына нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан ғылымның кейбір мәселелерін зерттеуді мектептерде жүргізу тиімді болмауы да мүмкін. Мұндай ғылыми мәселелер оқушылардың жобалау, зерттеу жұмыстарын жүргізудің жалпы талаптарын қанағаттандыруы қажет.