Күрделігі бойынша мәселелерді жіктеу.Мұндай мәселелерге қойылатын талаптарға эксперименттік материалдардың көлемінің, математикалық аппараттардың, пәнаралық талдаудың шектеулігі жатады. Эксперименттік деректерді талдау күрделігі бойынша мәселелер практикалық, зерттеулік және ғылыми болып бөлінеді.
Практикалық мәселелер нақты құбылысты суреттеу үшін қолданылады. Бұл жағдайда нақты параметрдің (мысалы, температураның) өзгеруі, соған байланысты басқа параметрдің (мысалы көлемнің) өзгеруі зерттеледі. Егер, нәтиже тұрақты болса, онда талдауды қажет етпейді.
Зерттеу мәселелері білім беру ұйымдарында қолданылатын мәселелердің жиынтығын анықтайды. Оларда зерттелетін шама бірнеше қиын емес факторлардан тұрады (мысалы, жердің ластануының зауыт құбырына дейінгі ара қашықтыққа, метеожағдайға, желдің бағытына тәуелділігі). Факторлардың зерттеу нысанына әсері оқушылардың шамасы келетін талдауының жақсы мысалы бола алады.
Ғылыми мәселелерде зерттеу шамаларына әсер ететін факторлар көп және күрделі болады. Мұндай мәселелерді талдау кең білімді және ғылыми интуицияны қажет етеді, оларды білім процесінде қолдану аса қиындықты тудырады, сондықтан тиімді болмауы мүмкін.
Зерттеу нәтижесін көрсете білу. Қазіргі кезеңде зерттеу нәтижесін көрсете білудің маңызы барлық жұмыстар үшін аса зор. Зерттеу жұмысының нәтижесін көрсетудің бірнеше қалыпты көрсеткіштері бар: тезистер, ғылыми мақала, ауызша баяндама, диссертация, монография, мақала. Осы әр көрсеткіштің тілі, көлемі, құрылымы анықталған. Нәтижелерді көрсетуде жетекші мен оқушы алдын ала қай жанрда жұмыс істейтінін анықтап алулары керек, содан кейін сол жанрдың талаптарына сәйкес жұмыс істеулері тиіс. Қазіргі кездегі жастар конференцияларында қолданылатын жанрлар: тезистер, мақалалар, баяндамалар. Жанрлардың бұл түрінде зерттеу жұмыстарының нәтижелелері ғана емес, сонымен қатар рефераттар немесе сипаттау жұмыстары да берілуі мүмкін.
Жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар саласындағы оқушылардың шығармашылық жұмыстарының жіктелуі. Конференциялар мен конкурстарға берілген жұмыстарды мынадай түрлерге бөлуге болады:
- проблемалық-реферативтік - бірнеше әдебиет көздеріне негізделіп жазылған, әр көздердің деректерін салыстырып, қойылған мәселе бойынша өз көзқарасын қалыптастыратын шығармашылық жұмыстар;
- эксперименттік - ғылымда сипатталған және белгілі нәтижесі бар шығармашылық жұмыс. Көбінесе суреттеу түрінде беріледі және нәтиженің ерекшеліктеріне өзіндік түсініктеме бере алатын шығармашылық жұмыстар;
- табиғи және суреттемелік - белгілі бір құбылысты бақылауға және сапалы сипаттауға бағытталған шығармашылық жұмыстар. Ғылыми жаңалықтың элементтері болуы да, болмауы да мүмкін. Айырмашылық ерекшелігі зерттеудің әдістемесінің болмауы мүмкін. Табиғи жұмыстардың бірі ретінде қоғамдық-экологиялық бағыттағы жұмыстарды атауға болады. Соңғы кезде «экология» терминінің тағы бір лексикалық мағынасы пайда болды: қоршаған ортаның антропогендік ластануына қарсы қозғалыс экологиялық деп айтылатын болды. Бұл бағытта жасалған зерттеу жұмыстары, көбінесе, оларда ғылыми әдістің жоқтығын көрсетеді.
- зерттеулік - ғылыми тұрғыдан қарағанда нақты әдістемелік негізде жасалған және осы әдістеме бойынша алынған эксперименталдық материалдар бар және осы материалдар негізінде зерттеу құбылысы бойынша талдау және қорытынды жасалған шығармашылық жұмыстар. Мұндай жұмыстардың ерекшіліктері – зерттеу бойынша анықталатын нәтижелердің алдын-ала белгісіздігі.