Қимыл-қозғалысты ойындар. Балалардың қозғалу белсенділігін арттыру үшін топ ішінің әр бұрышында әр түрлі материалдан жасалған ойыншықтар орналасқан. Балалар жұмсақ сырғымадан сырғанауды, әр-түрлі көлемдегі доптармен ойнауды, баспалдақтарға мініп, одан түсуді, гимнастика жасауды, тастармен ойнағанды, суарғанды, арам шөп жұлғанды, ойыншықтарды сүйрегенді жақсы көреді. Балалар бір заттың үстіне отырып жүргенді, сырғанағанды, музыкамен билегенді, қол және аяқ координациясын сақтауды да жақсы көреді.
Мысалы: Жолмен (жалғыз аяқ жолмен). Тәрбиеші өзіне балаларды шақырады да суретті көрсетіп, жолдың қандай түзу екеніне назар аударады (аралығы 20-30см екі қатар сызық). Бұдан кейін балаларға, сызықтан шықпастан, осы жол бойымен қыдыруды ұсынады. Балалар бірінің артынан бірі бір бағытпен жүреді де сол тәртіппен қайта қайтады.
Бұл ойынды учаскеде өткізген жақсы. Балалардың бір-бірімен соқтықпасы үшін, ойынға бір мезгілде 5-6 адам қатыстырылады.
Күзде учаскедегі жолды ағашқа қарай бағыттап, балаларға сол жолмен жүріп отырып 2-3 жапырақ әкеліңдер деп ұсынған жақсы болады. Бұл тапсырма ойынды жандандыра түседі. Ойын үйдің ішінде өткізілгенде, жолдың аяқталар жеріне жалаулар немесе басқа ойыншықтар қою керек, балалар оларды алып келеді.
Кішкене өзен арқылы. Тәрбиеші екі сызық сызады да (үйдің ішінде жіпті пайдалануға болады) балаларға: мынау – «өзен», - дейді; оның үстіне тақтайдан көпір (ұзындығы 2-3м, ені 25-30см) салады да балаларға: «Көпір арқылы жүруді үйренейік», - деп ұсынады. Балалардың бір-біріне соқтығыспай тек тақтайдың үстімен ғана жүруін бақылай отырып, тәрбиеші балаларға суға құлап кетпеуі үшін жай жүру керек деп ескертеді: балалар тақтаймен ары-бері 2-3 рет жүріп өтеді.
Поезд.
Тәрбиеші «Поезд» ойынын ойнауды ұсынады: «Мен паровоз боламын, ал сендер кішкентай вагонсыңдар». Балалар бірінің соңынан бірі алдында тұрғанның киімін ұстап колоннаға тұрады. «Кеттік», - дейді тәрбиеші, балалардың бәрі «шу-шу» деп дабырлап, оның артынан жүре бастайды. Тәрбиеші поезды бір бағытта, одан кейін екінші бағытта жүргізеді, одан кейін жүруді баяулатады, ақырында тоқтайды да: «Кідіріс» («Аялдама»), деп хабарлайды. Біраз уақыттан кейін тағы да гудок беріледі де поезд қайтадан жолға аттанады.