II. Көркем шығарманы әдеби талдау жасаудың маңызы 2.1. Әдеби талдау және оның маңызы Көркем мәтінді талдау шығармашылық жұмыстарды талап етеді. Көркем мәтінді оқыту мен талдауда оқушының мәтін мазмұнын меңгеруіне көңіл бөлу керек. Көркем шығарманы оқығанда, оқушылардың ол туралы өзіндік әсері, пікірі туындайды. Оқушылардың зейіні, есте сақтау, қабылдау қасиеттеріне қарай мұғалім мәтінді тұтастай емес, ең негізгі басты мәселелерін ғана мазмұндатып, оны меңгеруді одан әрі жалғастырғаны тиімді болады. Үзіндіні мазмұндағанда, оқушыларды мүмкіндігінше жазушы тілімен мазмұндатуға икемдеу керек. Оқушыларды әңгімелеу, мазмұндау кезінде жиі мәтінге үңілдіріп, кейбір негізгі мәселелерді мәтінге жуық айтуды талап етемін. Көркем шығарманы үйге тапсырма ретінде бергенде, түсініксіз сөздерді, сөйлемдерді оқушылардың алдын ала белгілеп келуін талап еткен жөн. Сабақ барысында шығарманың мазмұнына талдау жұмысын жүргізгенде, күрделі, түсініксіз сөздерге түсінік беру керек.
Әдеби талдаудың басты мақсаты-оқушылардың өзіндік қабылдауларын, пікірін әдебиеттану ғылымының талабына сай ғылыми арнаға бағыттау болып табылады
Көркем шығарманы талдаудың ғылыми жүйесін жасаған әдіскер ғалымдар: Ә. Қоңыратбаев, Ә.Көшімбаев, Ә. Дайырова, Т. Ақшолақов, т.б. Көрнекті әдіскер, ғалым Төлеутай Ақшолақов көркем шығарманы талдау мәселесіне таза әдеби - эстетикалық жолмен қарауды ұсынды ». Біз шәкірттерді сөз сырына бойлатуымыз керек. Бүкіл кілт - осында. Өйткені, көркем әдебиетте сөз -мазмұн да, форма да. Шәкірттерді сөздің алуан сырына үңіле білуге үйрету - әдебиет шығармасын танытудың басты жолы. Ақын шығарма құрылымында сөздерді қандай кәдесіне жарата білген, сөз кірпіштерін қаншалықты қиыстыра қалай білген, шығарманың бүкіл бітімін қалай сомдаған, қандай жаңа поэтикалық жаңалықтар әкелген, қандай сом образдар жасаған, мұғалім осыған үнемі, сабақ үстінде, сабақтан тыс уақытта шығармашылық тапсырмалар беру арқылы үйретіп, баулып отырса, шәкірттер өнер туындысының қадыр қасиетін танумен, астарлы сырына үңіле білумен қатар, жазушы стилін, шығарма стилін аңғарар еді.
Тегінде, баланы өздігінен жұмыс істеуге, өздігінен білім алуға үйрету -ең ұтымды жол». Ахмет Байтұрсынұлы шығарма тілін ақын тілі және әншейін тіл деп жіктей келіп: «Бұл екі тілдің арасындағы айырмасы мынау: әншейін тіл көбінесе сөздің дұрыстығын, анықтылығын, тазалығын дәлдігін талғайды. Ақын тілі сөздің дұрыстығының, тазалығының, дәлдігінің үстіне көрнекті, әуезді болу жағын талғайды» деп жазады. Көркем туындының құрылысы әр тарапты көптеген компоненттердің бірлігінен тұрады. Олар көркем шығарма тілінің заңдылығына бағынады және тілдік жүйе түзеді. Осы жүйені жасайтын жазушының өзі. Осыдан «автор бейнесі» мәселесі туындайды». «Автор бейнесі»-көркем әдебиет тілінің ішкі сапалық қасиеттері мен заңдылықтарын анықтауға мүмкіндік беретін категориялардың бірі әрі негізгісі болып табылады. [6.64 б].Автор өзі жазып отырған шығарманың өн бойында ойы мен идеясын, көзқарасын, психологиясын танытып отырады, яғни әрбір көркем шығарманы оқығанда автор бейнесін де байқауға болады. Көркем мәтінде жазушы өз идеясын, көзқарасын жеткізуде оқырман қажетіне жарайтындай, түсініп оқитындай тілдік бірліктерді қолданады.
Көркем мәтінді талдауда композиция, сюжет, жазушы стилі, көркем туынды негізінде жатқан идея, оның көтерген мәселесі ерекше назарға алынады. Әдеби талдау арқылы оқушылардың әр түрлі реңдегі эмоциясына, сезіміне әсер етеді, ойларына ой, пікірлеріне пікір қосып, бүкіл жан дүниесін оятады.
Көркем мәтінді терең түсіну, талдауда әңгімелеудің де маңызы ерекше деп санаймын. Әңгімелеу әдісінің тәжірбиемде қолданып жүрген мынадай түрлері бар: мәтінге жуық, көркем мәтін ізімен әңгімелеу, оқушының өзіне ұнаған эпизодын, әсерін әңгімелеу, шығармашылық жолмен әңгімелеу болып табылады. Мәтінге сәйкес әңгімелесу баланың еске ұстау қабілетіне әсер етеді, зерделілікке, ұғымдылыққа, алғырлыққа баулиды. Сондай -ақ ең бастысы, оның сөздік қорын, тіл байлығын, өз сөйлеу тілінде пайдалануға үйретеді. Көркем мәтінді дұрыс, нақты түсінуге жетелейді. Тұжырымды әңгімелеудің өзіндік басты ерекшелігі - оқушылар ең басты, негізгі мәселелерді бөліп алып, тиянақты, қысқа ғана айтулары керек. Әңгімелеудің бұл түрі оқушыларды нақты сөйлеуге , ойын шашыратпай, қысқа ғана, негізгісін айтуға баулиды. Шығармашылықпен еркін әңгімелеу оқушылардың қиялын, арманын ойын дамытады, қабілетіне әсер етеді. Оқушылар мәтіннен негізгі ұғымды толық меңгеріп, талдау жұмысы жүргізілгеннен кейін, осы әңгімелеуді орындауға болады. Оны барлық баладан талап ету де міндетті емес. Оқушылардың өз тілегі, ынтасын ескерген жөн. Шығармашылықпен әңгімелеу көркем мәтін негізінде жатқан авторлық ойдан ауытқымау керек, қайта сол ойды дамыту қажет. Көркем мәтінді бірінші не екінші жақта әңгімелеуде, автор баяндауын өзгертіп, мәтін мазмұны, негізгі айтар ойы өзгертілмейді. Тек бірінші жақта жазылса, оны үшінші жақта әңгімелеу талап етіледі. Әңгімелеудің бұл түрінің маңыздылығы оқушының тілін дамытады, кейіпкерлер іс -әрекетін түсінуге, талдауға баулиды. Әсіресе, бас кейіпкер атынан сөйлеу қызықты да, күрделі де болып келеді. Бұл жұмыста оқушылар кейіпкер іс-әрекетін тереңірек түсінеді, өз сезімін, толғанысын да арқау етеді.