Салт пен дәстүрге берілген анықтамалар орынды болғанмен,
олардың ұғымдық мағынасы бір-бірінен толық ажыратылмаған. Бұл
олқылық С.Қалиев зерттеуінде былай толықтырылады: «Салт - адам
өмірінің күнделікті тіршілігінде қолданылатын мінез-құлық, қарым-
қатынас ережелері мен рәсімдердің жиынтығы. Дәстүрдің мазмұны салттан
әлдеқайда кеңірек. Ол - қоғамдық сананың барлық салаларымен байланыста
бірыңғай көзқарасын негіздейтін үрдіс. Ол – ғылымда, әлеуметтік ортада
байқалатын құбылыс. Дәстүр идеологияға жақындау да, салт қоғамдық
психологиямен мазмұндас» [220]. Сонымен әдет, ғұрып, салт, дәстүрлер -
бір-бірінен аз да болса айырмасы бар әлеуметтік өмірдің әртүрлі жақтарын
қамтитын ережелер. Олар бірін-бірі толықтырып, және жаңарып отырады.
Қасиетті қазақ халқының салт-дәстүрлері өте көп. Соның ішінде
қазіргі жастар біле бермейтіндеріне қысқаша тоқталсақ.
Ақ құйып шығару. Халқымызда: «Үйге кірген жыланға да ақ құйып
шығарады» деген мәтел бар. Қазақтың ақ деп атайтыны: сүт, қымыз, шұбат,
айран. Қалың өрт келіп қалғанында алдынан ақ шашады, үйге жылан кіріп
кеткенінде басына сүт не айран құйып үйден шығарып барып өлтіреді. Бұл
қазақтың үйіне келген жауына да жамандық жасамайтын ұлттық мінезінен
шыққан әдет.
Ат тергеу. Ол – адамды сыйлауға арналған ізеттілік әдет-ғұрып.
Ұлттық болмыс бойынша әйелдер атасына, қайнағасына, қайнысына,
қайынсіңілісіне атын атамау үшін қосымша ат қояды. Мұны ат тергеу деп
атайды. Мұндайда қойылатын аттардың кейбірі мынандай: «Мырза
қайнаға», «бай атам», «би аға», «тентегім», «еркежан», «шебер шешей», «ақ
әже», «сырғалым», «шашбаулым». Жеңгелері қайныларына әзілдеп,
бойлары тапал болса «сұңғақтым», жайбасар болса «жүйрігім» деп те ат
қояды. Ер адамдар да өзінен үлкендерді Мәке, Сәке деп құрметтейді.
Анттасу. Жаудан кек қайтару үшін, адамдар бір-біріне деген
адалдықтан айнымау үшін, еларалық тату келісімді сақтау үшін ант
айтатын салт-дәстүр бар. Халық антын бұзған адамды «Ант атқан» деп жек
көріп, «Уа, айтылған ант, серттескен уәде, алысқан қол қайда?» - деп,
кінәласады.
Достарыңызбен бөлісу: