«Тарихи Рашидидің» екінші бөлімінде Мұхамед Хайдар Сұлтан Сайд ханның саяси өмірінің алғашқы жылдарын сипаттаған. Осы жерде қырғыз-қайсақтарға (қазақтарға – авт.) үш бөлімін арнайды.
1. «Сұлтан Сайд хан туралы оқиғалар» деген тарауда ғалым Қашқарлық және парсылық аударманы салыстыра отырып, өзі аударған парсылық аударманы былай берген:
– Көктемнің басында Кетебе Қасым ханға қашып келеді. Өзбектер тартып алмасын деп, оларға Сайрамды беруге мәжбүр болады.
– Көктемнің басында Кетебе Қасым ханға қашып келеді. Өзбектер тартып алмасын деп, оларға Сайрамды беруге мәжбүр болады.
Ал Қашқарлықта – «…өзбектер қаланы алмасын деп беруге мәжбүр болды» деген сөз жоқ.
– Керей хан мен Жәнібек сұлтандар бастаған сұлтандар онша көп емес топпен Әбілқайырдан қашып Моғолстанға келеді.
Ал Қашқарлықта – «.. онша көп емес топпен келеді» деген сөз жоқ [6, с. 151].
– Осы уақытта хан болып, Әдік сұлтанның ұлы Тахир хан болды. Тахир өте қатігез адам болған.
Ал Қашқарлық аудармада – «… дәрежесі өте төмен» деп берілген [6, с. 153].
В.В.Зернов пікірі
Бұдан ары қарай ғалым 860-944 хижра жылдары аралығындағы, яғни 1456-1537,8 жылдары, яғни сексен жылдай билеген хандар есімін бере отырып, олар: «Жошылық Керей мен Жәнібек шамамен туыс бауырлар, бірақ кімнің ұлдары екені белгісіз. Олар шамамен 1456 ж. өмір сүрген. Керейдің ұлы – Бұрындық, Жәнібектің ұлдары – Әдік пен Қасым және Әдіктің ұлы Тахир» деп берген Мұхаммед Хайдар мәлімете сүйене отырып, «Жәнібекті Барақтың ұлы болуы мүмкін. Ал Әдікті Жәнібектің ұлы – қырғыз-қайсақ ханзадасы» деп Қасым хандығындағы Ораз-Мұхамедтің шығу тегін осымен байланыстырған [6, с. 228-229].
Қорытынды
В.В. Вельяминов-Зернов деректердегі мәліметтерді осылай талдай келе, келесідей тұжырым жасаған: «… біз Барақтың ұлы Жәнібек және оның ұлы Жәдік – Орта Азия тарихында өзіндік орны бар тарихи тұлға болғанын, олардың Ораз-Мұхаммедтің арғы-тегі екендігіне енді күмәнданбаймыз» дей келе, М.Х. Дулатидің «Тарихи Рашиди» еңбегіндегі фактілерге сенім білдіріп, «Мұхаммед Хайдар бұл іспен жақын таныс болғандықтан да қателесуі мүмкін емес» [6, с. 271-272] — деген ой түйіп, қазақ сөзінің мәніне тоқталып өткен. Зерттеуші-ғалымның бұл тұжырымын Қазақ хандығының қалыптасу тарихына қатысты ғылыми ой білдірген кейінгі ғалымдар басшылыққа алып отырғаны белгілі.