Жоспар: І қ. Жұбанов тұңғыш лингвист



бет5/15
Дата13.05.2022
өлшемі164,17 Kb.
#34286
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15
Байланысты:
ЖҰБАНОВ

Профессор Қ.Жұбановтың ғылыми-шығармашылық жолын зерттеп-зерделей отырып, оны үш кезеңге бөлуге болады:

1. 1918-1927-жылдар. Ғалымның Темір уездік және Ақтөбе губерниялық ағарту бөлімдерінде инспектор қызметінде жүрген кезеңі.

2. 1928-1932-жылдар. Ғалымның Республика халық ағарту Комиссариатында қызмет еткен және Ленинград аспирантурасында білім алған жылдары.

3. 1932-1938-жылдар. Ғалымның ғылым жолындағы ізденіс жылдары: ғалым - ұстаз, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде кемелдену кезеңі.

Қ.Жұбановтың ғылыми-шығармашылық және ағартушылық жолын осындай кезеңдерге бөлу оның ғылыми-әдістемелік мұрасының қайнар көздерін анықтауға, оны жан-жақты зерттеп-зерделеп, бүгінгі күні өміршеңдігін айқындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ оның ғұлама ғалым, ірі әдіскер, қоғам қайраткері ретінде қалыптасуына тарихи-әлеуметтік тұрғыда қайшылығы мол сол дәуірдің ықпалы күшті болғаны нақты көрінеді. Ғалымның өз заманындағы және өзіне дейінгі әлемдік және отандық әдістеме ғылымының алдыңғы қатарлы идеяларын терең меңгеріп, әдістеме мәселесін басқа ғылымдар саласымен бірлікте, біртұтастықта қарастырғаны анық. Бұл Қ.Жұбановтың қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімінің іргетасын қалауда ерекше орын алатынын, оның күрмеуі көп күрделі мәселелерді шешуде алдыңғы топтың қатарында болған ірі әдіскер-ғалым екенін дәлелдейді.

1918-1927-жылдар. Қ.Жұбановтың өмірі мен шығармашылығын алғаш зерттеушілердің бірі, танымал ғалым, профессор Р.Сыздықова оның оқу оқып, сауаттану кезеңінің өткен ғасырдың алғашқы он жылдығымен тұстас келетінін ескерте отырып, былай дейді: «...бұл-еліміздегі түркі халықтарының оқу-ағарту тарихында «төте оқу» немесе «жадид» деген жаңа белес етек алған кезең болатын. «Төте оқу»- бұрынғы арабша хат танытып, мұсылман діні негіздерін үйрететін оқудың орнына, азаматтық білім беретін, яғни есеп, география, жаратылыстану, шаруашылық негіздерін үйрететін жаңа оқу түрі болды. Бұл жаңа ағым заман талабынан, атап айтқанда, Ресейде дамып келе жатқан капиталистік қарым-қатынас мүддесінен, 1905 жылғы буржуазиялық-демократиялық революциядан кейін ояна бастаған халықтық сананың, елдегі жалпы революциялық-демократиялық хал ахуалдың тікелей ықпалымен туған құбылыс болғаны аян. Бұл құбылысты қазақ даласында халық бұқарасы қоштап, қабыл алғаны да белгілі. Бұл құбылыс 20-ғасыр басында-ақ қазақ бұқарасының ояна бастағанын, қазақ қауымының рухани дүниесі көрсоқыр болмағанын танытады.

Өткен ғасырдың соңғы ширегінде «Кел, балалар, оқылық!» деп жар салған Ы.Алтынсариннен бастап, «Оян, қазақ!» деп ашық үгітке кеткен М.Дулатовтың, сары маса болып, қазақты оянсын деп сөзбен шаққан А.Байтұрсыновтың шаққан ұрықтары құнарлы топыраққа түсіп, көктей бастағанын көрсетеді. Қ. Жұбанов – осы егіндіктің өркені!» [7].

Қазақ даласындағы осындай тартысты кезеңде сауатын ашып, білім іздеп, шарқ ұрған Құдайберген Жұбановтың ағартушылық жолды таңдауы да кездейсоқтық емес еді. Алдымен болашақ ғалымның бұл жолды таңдауына ұстазы, сол замандағы Ақтөбе өңіріне танымал көзі ашық азамат Ғабдолла Беркіновтің ықпалы күшті болғанын атап айтқымыз келеді. Ол шәкірті Құдайбергеннің білімге деген құштарлығын байқап, Орынбордағы «Хұсайния» медресесіне оқуға дайындап, өмірге жолдама береді. 1915 жылы «Хұсайнияның» алғашқы оқу жылын аяқтаған 16 жастағы білімді балаң жігіт Құдайберген Жұбанов сол кездері аты біршама танылып қалған ағартушы - журналист Ж.Тілепбергеновпен бірлесіп, атақты «Қазақ» газетінің бетінде «Өнегелі мұғалім» атты хабарлама жариялайды. Бұл мақалада төмендегідей жолдар бар: «Темір уезі, Темір-Орқаш болысының 3-ауылында өткен октябрьден бастап, бір мұғалім төте жол, қазақ емлесімен отыз шамалы бала оқытып жатыр, ай ішінде балалары тіпті жақсы болып кетті. Баста жадит деп жақтырмаған адамдар осы күні дұрыстығын түсіне бастады. Бұл мұғалім-Ғабдолла Беркінов, ескіше оқыса да, пікірі түзу, зерек көрінеді. Ағайындарға айтып қарағанмен, ештеңе шықпаған соң, өзінің шағын дәулетімен ықтият етіп, 50-60 сом ақша шығарып, балаларға керекті кітап-саймандар алып, өз үйінде оқытып жатыр» [17].

Кейін ағарту саласында көп жыл тынымсыз еңбек еткен қарт ұстаз Абдолла Беркінов өз естелігінде былай деп жазады: «Сексеннің сеңсең бөркін кисем де, осыдан жарты ғасырдан астам уақыттағы сол бір кездің суреттері сол қалпында көз алдымда. Ащықұдықтан «Үміт» мектебі ашылып, Құсайын Ашығалиев екеуміз сабақ беріп жүрдік. Бірде орта шаруа Қуан екі баласын ертіп келіп мектебімізге қосты. Үлкені - Құдайберген, кішісі-Ахмет, осы «Үміт» мектебінде алғаш рет қалам ұстап, білім тарауларын ашты. Қуанның екі баласы да зеректігімен көзге түсті. Бір ерекшелігі-үлкені салмақты, ойшыл еді, ал Ахмет-күлдіргі, ұтып сөйлейтін. Құдайберген 14 жасқа келгенше осы біздің мектепте білім алды. Одан кейін Жиенғали екеуі Орынбордағы «Хұсайния» медресесінде білімін жалғастырды» [18].

Жас шәкірттердің өз ұстаздары туралы тырнақалды мақаласын «Қазақ» газеті бетінде жариялауының өзі кездейсоқтық емес еді. Газеттің төңкеріс алдындағы кезеңде қазақ даласында кең тарағанын жоғарыда айтқанбыз. Қ.Жұбанов пен Ж.Тілепбергенов те газеттің тұрақты оқырмандары ретінде оның бетінде көтерілген мәселелерге үлкен қызығушылықпен қарап, өз ой-пікірлерін ортаға салып отырғаны анық. Шәкірт Қ.Жұбановтың Ж.Тілепбергеновпен бірлесе жазған туындысын «Қазақ» газеті бетінде жариялауын ұстазының өнегелі істерін қалың қазаққа үлгі етуді мақсат тұтқаны және ағартушылық идеясын уағыздаудың бірден-бір жолы деуге болады.

Сөйтіп, 1916 жылы Қ.Жұбанов Орынбордағы атақты «Хұсайния» медресесін бітіріп, еңбекке араласады. Осы ретте болашақ ғалымды алғаш білім нәрімен сусындатып, өмірге қадам бастырған «Хұсайния» медресесі туралы тарихи деректерді келтіре кету қажет. Бұл оқу орны сол заманда гуманитарлық білім салалары бойынша ұлт зиялыларын дайындауға айтарлықтай ықпал еткен және мұсылман қауымы арасында ағартушылық идеяларды таратуды мақсат еткен бірден-бір алдыңғы қатарлы оқу орны болды. Медресенің негізін 1891 жылы 1-қаңтарда Орынбор өңірінің атақты көпестері ағайынды Хұсайыновтар қалаған. Олар өз заманының озық ойлы, көкіректері ашық азаматтары ретінде медреседе тек дін негіздерін оқытып қана қоймай, әр түрлі ғылым салаларынан хабар беретін басқа пәндерді де оқытуды көздейді. Мұны тарихшы Б.Алимбаеваның төмендегі деректері дәлелдейді: «Они (братья Хусаиновы М.Ж.) были сторонниками нового метода обучения, основывавшегося на фонетическом принципе чтения–звуковом, в отличие от старого метода – буквослогательного, также сторонниками внедрения в образовательный процесс светских знаний, отсутствовавших в программах обучения мусыльманских школ: арифметики, русского языка, географии и истории. В медресе преподавали выдающиеся педагоги: Ризатдин ибн Фахретдин (1874-1947) – ученый, писатель, создатель историко-биографической энциклопедии «Аскар», Мусса Бигиев (1884-1937) – писатель, публицист, автор учебников по географии, истории и многие другие. Медресе «Хусаиния» представляло собой в большей степени гимназию, нежели духовное учебное заведение, шакирды получали реальные знания и полезные навыки, обучаясь в медресе» [19].

Жалпы, ағайынды Хұсайыновтар негізін қалаған оқу орындарының барлығында да (оның ішінде медреседе де) шәкірттерге білім беру, оларды тамақтандыру және жататын орынмен қамтамасыз ету тегін болғанын да атап айту керек. Мұнда екі үлкен кітапхана жұмыс істеп, оларда әдебиет, философия, педагогика, медицина, ауыл шаруашылығы, тарих салаларына қатысты орыс, татар, қазақ, араб, түрік, неміс, француз, ағылшын тілдеріндегі әдебиеттер, энциклопедиялық сөздіктер мен анықтамалықтар болды. Сондай-ақ кітапхана сол кездері Орынборда орыс, қазақ, татар тілдерінде шығып тұрған барлық педагогикалық басылымдарды жаздырып алып отырды.

Медресе қабырғасында білім алғандардың ішінде түркі тілдес халықтар өкілдерінен шыққан (татар, башқұрт, қазақ, өзбек, Кавказ халықтары) ірі мәдениет, ғылым, ағарту салаларының білгір мамандары болды. Олардың барлығына тән басты қасиет білімге деген құштарлық болатын. Сондай білімге құштар, көкірегі ояу, көзі ашық шәкірттердің бірі Құдайберген Қуанұлы Жұбанов болды. Медресені бітіргеннен кейін, ол білім ордасы – Күйікқаладағы (Илецк) екі кластық орыс училищесін аяқтайды. Осылай болашақ ғалымның білім нәрімен қуаттанып, елге оралу уақыты қазан төңкерісінен кейінгі елдегі әлеуметтік-саяси өзгерістермен тұспа-тұс келеді. Сөйтіп, ол еңбек жолын туған жері–Темір-Орқашта бастайды. Қ.Жұбановтың өмірі мен шығармашылығының дәл осы тұсы туралы доцент Ғ.Ниязова төмендегідей мәлімет береді: «Қ.Жұбанов Ақтөбе губерниясы Темір уезінің оқыту-ағарту қозғалыстарының ұйымдастырушысы, мектеп мұғалімі, уездегі оқу бөлімінің меңгерушісі бола жүріп, сауатсыздықты жою қозғалысының қызыл штабын ұйымдастырады, оны басқару, елге шығып, сауатсыздар тізімін алып, шұғыл көмек көрсету тәрізді шараларды жүзеге асырудың басы-қасында болады» [20].

1922 жылы Темір уездік оқу бөлімінде нұсқаушылық қызметте жүрген кезінде Қ.Жұбанов «Ай» атты қолжазба журнал шығарып, оның беттерінде «Шекті», «Қараша бала» деген бүркеншек аттармен мақала, фельетон, өлең, пьесалар жариялап тұрады. Журналдың эпиграфы ретінде алынған болашақ ғалымның өзі шығарған «Ай» деген өлеңінде төмендегідей жолдар бар:

«Сұлуларды мақтаса жұрт айдай дер,

Болар ма еді нағыз айдай, бай-бай!-дер.

Арыстан да Айға ұмтылып мерт болған,

Оған жету қайда бізге,ойбай,-дер.

Жарық қылдың,сиқырладың жер жүзін

Сен–сұлудан айырмайды ел көзін.

Бір қараңғы түкпірге әкеп туғыздым,

Ал, нұрландыр, ал, қызықтыр, кербезім... ».

Бұл өлең автордың қазақ халқын надандық пен сауатсыздық түнегінен шығарып, өнер-білімге жетелеу мақсатында қолжазба журнал мүмкіндігін барынша кең пайдаланғанын көрсетеді.

Кейін, дәлірек айтсақ, 1925 жылы, Қ.Жұбанов Ақтөбедегі губерниялық оқу бөліміне жұмысқа шақырылып, мұнда да білім беру, ағартушылық бағыттағы жұмыстарын жалғастыра түседі. Ғалым өміріндегі Ақтөбе кезеңі оның ұстаздық, ағартушылық, ұйымдастырушылық қабілеттерін жан-жақты танытқан жылдар болды. Бұл кезде ол оқу бөліміндегі жұмыстарымен бірге жергілікті педтехникумның оқытушысы қызметін де атқарады. Сондай-ақ ағарту мәселесіне байланысты ойларын мерзімді баспасөз беттерінде жариялап, ұтымды ұсыныстарын халыққа жеткізуді әдетке айналдырады. Болашақ ғалымның осы тұстағы сан-салалы қызметін Ақтөбе облыстық мұрағаты материалдары негізінде зерттеген доцент Ғ.Ниязованың төмендегі деректері сөзімізге айқын дәлел болмақ: «Ақтөбе құжатханасында Ақтөбе техникумы педагогикалық кеңесінің хаттамалары сақталған. 10/Х, 22/Х, 27/Х, 8/ХІІ, т. б. 1925 жылғы №1, 2, 3, 4-хаттамаларда Қ.Жұбанов пен Ж.Тілепбергенов есімдері қатар жүр. Хаттамаларда бағдарлама әзірлеу үшін арнайы комиссия құрылып, оның мүшелері болып Қ.Жұбанов, Ж.Тілепбергенов, С.Құрбанов; жоспарлау-әдістемелік кеңестің мүшелері болып Қ.Жұбанов пен Ж.Тілепбергенов сайланғаны айтылған» [17].

Осы ретте «Есімі Қ.Жұбановпен бірнеше мәрте қатар аталатын Ж.Тілепбергенов деген азамат кім?» деген заңды сұрақ туындайды. Бұл туралы профессор Р.Сыздықова: «Қ.Жұбановты журналистікке баулыған, бір жағынан,өмірге ілесіп,оның көкейтесті мәселелеріне үн қосу қажеттілігін тудырған жаңа заман болса, екінші жағынан, жанында үлгі-өнеге алатын Жиенғали Тілепбергенов сияқты қалам иесі болды», [7] дей келе, Ж.Тілепбергеновтің Қ.Жұбановтың жерлесі, сол кездегі елдегі көзі ашық, көкірегі ояу азаматардың бірі болғанын атап айтады. Ж.Тілепбергенов 1895 жылы Ақтөбе облысы Темір ауданы, қазіргі Жем қалашығына жақын жерде дүниеге келген.

Өткен ғасыр басында көтерілген аса маңызды саяси науқандардың бірі халықты жаппай сауаттандыру, оқушы жастармен бірге үлкендерді де оқыту мәселесі екені жоғарыда айтылды. Бұл істерді ұйымдастыруда ауыл мұғалімдері белсене жұмыс атқарды. Қ.Жұбанов та осы игілікті істердің басы-қасында болып, белсенді жұмыс атқарды. Мәселен, 1927 жылы сәуір айында Шалқар, Темір уездеріне барып қайтқан сапарынан кейін губерния оқу бөлімдеріндегі мәжілісте жасаған мәлімдемесінде ол: «Ауыл мұғалімдерінің еңбегі өте ауыр. Олар күндіз бала оқытса, кешке үлкендерді оқытады. Онымен қоса ауыл-ауылды жаяу аралап, ел арасында кеңес өкіметінің саясаты жайында әңгіме өткізеді, қызыл отауда ойын-сауық ұйымдастырып, халықтың көңіл-күйін көтереді. Соған қарамастан, уездік атқару комитетіндегі байшыл-бюрократтар кеңес мұғалімдеріне менмендікпен қарайды. Олардың шағымына құлақ аспайды. Кей жерлерде ауыл мектептері байлардың қараңғы ат қорасына орналасқан. Мектепте отын жоқ, мектеп үйі суық. Мұғалімдер кейбір ауылда айлық жалақысын да уақытында алмайды», - деп, үлкен жанашырлық білдірген. Сол жылдары мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған Қ.Жұбановтың «Сауатсыздықты жоятын нұсқаушы мектеп», «Халық ағарту ағысындағы төңкеріс толқыны», «Басшылық күшейтілмек. Мұғалімдер, зер сал. Губатком, жәрдем ет» (1925 ж.), «Коммуна мектебі 7 жылдық болсын», «Мұғалімдер курстары тарады» (1926 ж.), «Жаңа әліппені алу мәселесі туралы», «Жаңа әліппе сабақтары», «Ойыл коммуне мектебі кімге тиіс?» (1928 ж.) сияқты мақалаларында сауатсыздықты жою, жаппай оқу-ағарту, мәдениет деңгейін көтеру сияқты өзекті мәселелер көтерілген. Аталған мақалаларды Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында және Ақтөбе облыстық мұрағатында сақталған губерниялық «Кедей» газетінің 1925-28 жылдардағы ескірген номерлерінен кездестіруге болады.

Мысалы, газеттің 1925 жылғы 62-санында жарияланған Қ.Жұбановтың «Ойыл коммуне мектебі кімге тиіс?» атты мақаласын оқи отырып, оның ұлттық мектеп пен ұрпақ тәрбиесі сияқты өзекті мәселелерді шешіп, өткен ғасырдың 20-жылдары өлкеміздегі ағарту майданының бастауында тұрғанын көреміз. Енді осы мақаладан үзінді келтірейік: «Ойыл коммуне мектебі тұрған жер – Ойыл болысы, Адай уезіне кету себепті ондағы коммуне мектебі де Адай уезіне кетпекші. Бүгінде тиісті тізіммен мектепті барлық мүлкімен арнайы кемесие алып та қойыпты, бірақ ол мектеп кеткенмен, оның есебі Темір уезінде қалуға тиіс. Себебі Қазақстан халық комесериеті Ақтөбе губернесіне 5 коммуна мектебінің тиісті қаржысын бюджет жылының аяғына дейін беріп тұрмақшы. Бұл 5 мектептің бірі-бұрынғы Ойыл коммуне мектебі, ол мектептің құрылысы Адай уезіне кеткенімен, қаржы есебі Ақтөбе губернесіне қалуы керек» [21]. Мұнан әрі ғалым бұл мәселені нақты шешу ісімен Қазақстан кемесериеті айналысып жатқанын, жауабы жуырда берілетінін хабарлайды. Бұл арқылы ағартушы-ғалымның жұртты жаппай сауаттандыру, панасыз жетім балалар үшін коммуна мектептерін ашу мәселесін шешкенін, яғни ұлт тағдырына байланысты өзекті мәселелерді баспасөз арқылы халық талқысына салып, санасына ұғындырып, келелі мәселелерді қозғап отырғанын анықтауға болады.

Сол жылдары Ақтөбе губерниялық Ағарту органының әдістемелік инспекторы қызметін атқарып жүрген В.Решетняктың естелігіне қарағанда Қ.Жұбанов тек қазақ мектептерінің нұсқаушысы қызметін атқарып қана қоймай, губерниядағы орыс мектептерінде де нұсқаушылық қызмет атқарады. Оған В.Решетняктың төмендегі естелігі дәлел бола алады: «Орыс мектептерінің методисі П.Кобайды дөрекілігі мен тәртіпсіздігі үшін қызметтен босатқаннан кейін, оның орнына тіпті орыс мұғалімдері арасынан білгір, сауатты қызметкер табу қиынға соқты. Осы кезде бізге Құдайберген тап болды. Ол өзін орыс мектептерінің методист-инспекторы қызметіне сынақпен алуды ұсынды. Алайда оны сынақтан өткізудің қажетсіздігін ол өлшеусіз еңбекқорлығымен таныта білді. Ол орыс мектептерінің озат мұғалімдерінің сабағына жиі-жиі қатысып, пікірлесті. Ол осы кезде И.П.Павлов, В.М.Бехтерев сияқты академиктердің еңбектерін оқып, физиология, психология, педагогика, логика ғылымдарымен таныса бастады» [22].

Қ.Жұбанов сол кезде орыс тілін өте жоғары деңгейде меңгеруге ден қояды, сонымен бірге неміс, ағылшын, француз тілдерін үйренуді қолға алады. Психология, педагогика ілімдерін терең зерттеуі де осы кезден басталады. Мұның бәрін ғалым өзінің күнделікті ағартушылық қызметімен шебер ұштастыра отырып жүзеге асырады. Қ.Жұбановтың уездік және губерниялық ағарту бөлімдеріндегі ағартушылық қызметі, педтехникумдағы мұғалімдік еңбегі, мерзімді баспасөз беттеріндегі құндылығы аса жоғары мақалалары, елдегі мәдени іс-шаралардың ұйытқысы болуы, бір сөзбен айтқанда, сол кездегі халық игілігі үшін жасаған сан қырлы еңбегі – заман талабы мен қажеттілігіне сай туғаны сөзсіз. Осындай үлкен дарын иесінің ағарту ісіне қосқан мол үлесі ескеріліп және ұлттық маман кадрларды орталыққа тарту мақсатында 1928 жылы Республикалық Халық Ағарту Комиссариаты тәжірибелі әдіскерді өз қарамағына, яғни сол кездегі Республика астанасы – Қызылордаға жұмысқа шақырады. Халық Ағарту Комиссариатындағы қызметімен қатар бұл жылдары болашақ ғалым басқа да қоғамдық жұмыстарды қатар атқарады, оқытушылық қызметін де жалғастырады. Ол алдымен Ленинградтағы шығыс тілдері институтын экстерн ретінде бітіріп шығады.

1928-1932 жылдар – Қ.Жұбанов өміріндегі ерекше кезең болғаны анық. 1929-1932 жылдары ол өзі тәмамдаған Ленинградтағы шығыс тілдері институтының аспирантурасында «Түркі тілдері және жалпы тіл білімі» мамандығы бойынша білімін жалғастырады. Оның бұл кездегі ұстаздары атақты академиктер Самойлович, И.И. Мещанинов, профессорлар


В.А. Богородицкий, Е.Д. Поливанов болады. Ал ғалымның ғылыми жұмысына академик Н.Я. Марр жетекшілік етеді.

1932 жылы ол аспирантураны аяқтап, Алматыға оралғанда, оған мемлекеттік педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасын басқару тапсырылады. Бұл 1932 жылдың 25 қыркүйегі мен 1937 жылдың


19 қарашасы аралығы еді. Осы кезден бастап Қ.Жұбановтың ғылыми шығармашылығының кемелдену кезені басталады. Ғалым бұл жылдары өзінің негізгі жұмысынан басқа (тіл мен әдебиет пәндерінің оқулықтары мен бағдарламаларын жасау, сол пәндердің көлемі мен мазмұнын айқындау, қазақ тілі терминдерін тәртіпке келтіру, т.б.) көптеген қосымша қызметтер атқарады. Олардың ішінде орыс тілінен қазақ тіліне аударылатын оқулықтардың дұрыс шығуын қадағалау, Қазақстан тарихын оқыту туралы ұсыныстар жасау, математика оқулығын редакциялау және тағы басқалар бар еді.

Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының қабырғасында алғашқы жылдары еңбек еткендердің ішінде қазақ мәдениеті мен ғылымының көрнекті өкілдері С.Сейфуллин, А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов, С.Мұқанов, Х.Досмухамедов, С.Асфендияров, О.Жандосов, Қ.Жұбанов және тағы басқалар болды. Аталған зиялы қауым өкілдерінің ішінде Қ.Жұбановтың ағарту саласына қажетті қазақ тілі пәнінің білікті мамандарын даярлауда және қазақ тіл білімінің өзекті мәселелерін зерттеуде қосқан үлесі зор болды.

«ҚазССР тарихының» «Социализм дәуірі» деп аталатын бөлімінде берілген келесі жолдар профессор Қ.Жұбановтың сол жылдарда қазақ ғылымын дамытуға қосқан ерекше үлесін көрсетеді: «Екінші бесжылдықтың тұсында Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институты ірі оқу орнына, маңызды мәдени ошаққа айналды. Қазақ әдебиеті мен тіл білімінің, ҚазССР тарихының көкейкесті мәселелері осында зерттелетін-ді. Институттың профессоры Қ.Жұбанов қазақ тілінің ерекшелігіне лайықталған жаңа жазуы мен емлесін түзіп, қалыптастыруға елеулі еңбек етті. Қазақ тілінің алғашқы оқулықтарын жазу, оның грамматикасы мен тарихын зерттеу Қ. Жұбановтың үлесіне тиген еді» [23].

Қ.Жұбановтың абыроймен атқарған сан қырлы қоғамдық қызметінің бірі – Қазақ ССР Ағарту халық комиссариаты жанындағы әдістеме, бағдарлама, оқулықтар секторының меңгерушілігі болды. 30-жылдардың басында бұл сектор мектепке арналған оқу бағдарламалары мен оқулықтар жазуды қолға алады және бұл міндетті жүзеге асыруды білікті мамандарға жүктейді. Олардың ішінде Қ.Жұбановтың өзінен басқа Ғ.Бегалиев, С.Жиенбайұлы, І.Кеңесбаев, С.Аманжолов, М.Балақаев сияқты жас ғалымдар болды.

1935 жылы Қазақстан тарихында алғаш рет мәдени құрылыс қызметкерлерінің бірінші Бүкілқазақстандық съезі өтіп, онда ғалым мектепті басқару, мұғалімге дұрыс әдістемелік нұсқау беру мәселелері туралы баяндама жасайды: «...Надо (в корне) улучшить качество посещения школы. Чтобы инспекторы не просто посещали и записывали в своих дневниках, что побывали в какой-то школе, а чтобы их посещение помогло учителю перестроить свою работу, чтобы после каждого посещения школа работала лучше. Надо, чтобы инструкторы сами были достаточно подготовлены и могли руководить другими» [24] деген нұсқау береді.

Мұндағы назар аударарлық мәселе, Қ.Жұбановтың мектепті тексеруге барған инспектордың әдістемеден жан-жақты хабары болуын талап еткенін және олардың мектепке тек жай барып қайтпай, мұғалімдердің сабағына кіріп, білімді меңгертудің жақсы әдіс-тәсілдерін үйретіп қайтуы керектігіне баса мән бергенін көреміз. Сонымен қатар оқушыларға білім беруде, сабақ сапасын арттыруда мұғалім білімділігінің басты көрсеткіш болатындығын да ғалым атап көрсетеді: «Если учитель будет знать предмет, то он может найти и методы. Я этим нисколько не хочу игнорировать значение методов, но без знаний самого предмета–методика бессильна» [24]. Сондай-ақ ғалым мектеп оқулықтарының сапасын жақсарту мәселесіне де тоқталып, орта мектептерде ана тілі мен әдебиеті, Қазақ ССР тарихын оқыту, ана тілінде терминдерді тұрақтандыру секілді өзекті мәселелерді саралап көрсетеді.

Қ.Жұбанов жасаған баяндама негізінде съезд қаулы қабылдап, оны жүзеге асырудың басты шарасы – қазақ тілі мұғалімдерінің мамандығын арттыру, білімін көтеру мақсатында курстар, семинарлар ұйымдастыру болды, себебі ол кезде мектептерде қазақ тілін оқытатын адамдардың теориялық білімі жоқ немесе төменгі деңгейде болатын, қазақ тілі туралы жазылған ғылыми еңбектер де жоқтың қасы еді. Сондықтан 1935 жылы 25 маусымда Қазақстан Халық Ағарту комиссариатының №406 бұйрығымен «Қазақ тілінің жоғары курсы» құрылады. Кейін бұл курстар негізінде Білім Министрлігіне қарайтын ғылыми зерттеу кабинеті өмірге келеді. Оның тұңғыш директоры Ш.Әлжанов, пән мұғалімдері мен сектор меңгерушілері Қ.Жұбанов, С.Логвинов, Ш.Кәрібаев, А.Сытдықов және тағы басқалар болады. Аталған кабинет кейін Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтының іргетасын қалауға негіз болды.

Бұл деректер Қ.Жұбановтың өз заманында қазақ тілінің теориялық мәселелерін практикалық тұрғыда шеше білуге ұмтылған білікті әдіскерлердің алдыңғы сапында болғанының дәлелі.

Мектеп мұғалімдеріне арналған қысқа мерзімді курстардың тыңдаушыларына профессор Қ.Жұбанов қазақ тілінің ғылыми курсынан дәріс оқиды. Бұл дәрістер туралы ғалым өз ойын былай түйіндейді: «Нашим учителям до сегодняшнего времени не было возможности давать не только системные знания, но даже и бессистемные. Чтобы исправить положение, мы сочли возможным опубликовать данные лекции («Фонетику казахского языка») в облегченной форме» [24].

1936-37-жылдар Қ.Жұбановтың ғылыми шығармашылығы үшін аса жемісті жылдар болды. 1936 жылы ол орта мектептің 5-6 сыныптарына арналған «Қазақ тілінің програмы» мен 5-сыныпқа арналған «Қазақ тілінің грамматикасы (жалпы морфология)» оқулығын жариялайды. Олар орта мектепте арналып ғылыми негізге сүйеніп жазылған тұңғыш еңбектер еді.

Ал 1937 жылы ғалым өзі дайындаған қазақ тілі грамматикасының ерекшеліктерін көрсететін және оны қалай пайдалану керектігін түсіндіретін «Жаңа грамматиканың жаңалықтары» мақаласын жариялайды.

Жалпы, Қ.Жұбановтың қазақ тілін оқыту әдістемесіне қатысты еңбектерінде төмендегі мәселелердің кең қамтылғанын анық аңғаруға болады:


1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет