Зерттеудің әдістері. Әдебиеттану ғылымына тән кешенділік, жүйелілік, салыстырмалық, объективті - аналитикалық, тарихи тұрғыдан жүйелі талдау, жинақтау, қорыту әдіс - тәсілдері басшылыққа алынды.
ІІ. Негізгі бөлім
Қазақ поэзиясының ақиық ақыны І. Жансүгіров жайлы бірер сөз
Қазақ әдебиетінің классигі, шоқтығы биік ақын, прозаик, драматург, фельетоншы, очеркші, қоғам қайраткері - Ілияс Жансүгіров 1894 жылы
1 мамырда қазіргі Алматы облысы, Ақсу болысы, Қапал уезінде дүниеге келген. Ол жастайынан арабша хат танып, қазақ фольклоры мен Абай поэзиясын жаттап өседі. Жетісуға танымал зайырлы «Мамания» мектебінде тамаша білім алған. Өмірбаян беттерін ақтара отырып, Ілияс Жансүгіровтың 1935 жылдың 15 қарашасынан бастап, ұстаз, ақын, тілші, көрнекті қоғам қайраткері ретінде қазақ қоғамы мен әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан еңбек жолын көреміз.
Кеңес үкіметі құрылған соң, 1920 жылы Жансүгіров Алматыға көшіп келіп, қысқа мерзімді педагогикалық курсқа, сол жылдың күзінде-ақ мұғалімдер дайындайтын екі жылдық курсқа түседі. 1922 жылдың күзінде облыстық «Тілші» газетінің қызметкері болып жұмысқа орналасады. Өлеңдер, фельетондар, әңгімелер жазады. 1925 жылы Мәскеуге барып, коммунистік журналистика институтына түседі. Осы оқу орнын 1928 жылы аяқтайды. Елге оралған соң аймақтық «Еңбекші қазақ» газетінде 1932 жылға дейін жұмыс істейді. 1932 — 1935 жылдар аралығында Ілияс Жансүгіров Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы қызметін атқарады. 1936-1937 жылдары, тұтқындалғанға дейін, ол қазақ көркем әдебиет баспасының поэзия бөлімінің редакторы болып істейді.
Бір қарағанда, қып - қысқа өмірбаян артында жүрегі қазақ деп соққан аптал азаматтың самаладай жарқыраған тағдыры жатыр.
1936 жыл. Кеңес елінің қай түкпірінде де НКВД (ІІХК) қанды қолы сумаңдап тұрды. Зауалды заман ызғарын шашқан кез. Бірін-бірі ұстап беру, тұтқындау, ату. Жанкештілер мен жендеттердің дәурені жүріп тұрды. Қазақ зиялыларының бәрі дерлік қуғын - сүргінге ұшырайды. Көзінде от, санасында сауаты бар әрбір азамат елдегі жағдайды ұғына білді. Қан құйлы саясаттың семсері ақиық ақынды да айналып өтпеді. Ілияс Жансүгіровке ұлттық контрреволюциялық ұйымға қатысы бар деген айып тағылады. 1938 жылдың 26 ақпанында КСРО Жоғары сотының Әскери коллегиясы «Үкім ақтық деп қабылданып, шұғыл түрде орындалсын» деп үкім шығарып, Ілияс Жансүгіровті ату жазасына кеседі.
Ілияс Жансүгіровтың шығармашылық жоспарлары мен болашаққа үміті мол болатын. Пушкиннің қайтыс болған күнінің жүз жылдығы жақындап келе жатқан. «Мүлде аударылмайтын» болып саналған «Евгений Онегинді» қазақ оқырманы үшін тәржімалауға тек Ілияс Жансүгіровтың ғана батылы барды. Ілияс Жансүгіровтың аудармаларын зерттеуші Герольд Бельгер: « Неткен ерлік, неткен жанқиярлық, неткен батылдық! Әрбір өлең жолынан өз күші мен дарынына деген сенімділік, уақыт пен халық алдындағы борышына деген адалдық, Поэзияға деген ынтызарлық сезіледі!» — деп жазады. Мұхтар Әуезовтың айтуынша, «Евгений Онегин» қазақ тіліне Пушкиннің мерейтойы қарсаңында алты айда аударылған. Алайда Ілияс Жансүгіровтың барлық аудармалары ақын ақталған соң ғана халық қазынасы қорына қайта қосылады. Ақынның отбасы, жары Фатима Ғабитова ақынның теңдессіз поэтикалық туындыларын көзінің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа мұра етіп қалдырды.
Бүгінде ақынның қызы Ильфа Ілиясқызының бастамасымен құрылған Ілияс Жансүгіров Қоры жұмыс істейді. Кітаптар басылып, мұражайлар ашылған, Ілияс Жансүгіровтың атындағы мектептер мен университеттерден мыңдаған шәкірт тәлім алуда. Ұлы қазақ ақынының шығармашылық мұрасы әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, фильмдер түсіріліп, спектакльдер қойылады. Тас пен қоладан ақынның өзіне, өшпес поэмалары кейіпкерлеріне көптеген ескерткіштер орнатылған.
Достарыңызбен бөлісу: |