Қорытынды
Ұлттық әдебиетіміздің өркендеуіне лайықты үлес қосқан қарымды да дарынды қаламгер Ілияс Жансүгіров халқының мұрасына қамқор болып, халқынан үйреніп, халқының ұлылығынан тәлім алды. Халық шығармаларын тереңдей оқып, сөз маржандарын үйренді. Білгені мен көңіліне ұялағанын ой елегінен өткізіп, оны өңдеп, халқына қайтадан ұсынды. Ілияс әдебиеттің жоғын жасауға, кемтігін толтыруға, халықтың аңсағанын табуға қызмет етті. Ел әдебиеті Ілияс шығармашылығына өмірлік өзек болды, шабытына рухани нәр берді, талантты ақынның қаламынан поэзия маржаны болып төгілді.
Бұл эпикалық поэмаларда дала дастаны – «сар даланың сарыны» сан алуан оқиғалармен күй өнері арқылы кең құлашты көлемде баяндалады.
І. Жансүгіров өткен ғасырлардағы өмір сүрген өнер иелерінің сан түрлі тағдырынан әлеуметтік сыр шерте отырып, қазақ тарихының сырын ашуда сар даланың сарынынан ұтымды компазиция құра білгендігі байқалады.
«Күй», «Күйші» поэмаларын сөз еткенде, бұрын да, соңғы сыншылар да Молықбай мен Бозінгеннің айналасынан әрі ұзап кете алмаған тәрізді. Біздіңше, «Күйдің» идеялық мазмұны «Бозінген» ертегісінен әлдеқайда терең жатыр.
Ақын поэмасы ақынның ой-санасындағы үлкен өзгерісті, яғни өмір құбылыстарын терең толғап, тебірене жырлауға бел буған, жаңа өмірге өз пікір, өз сөзін айтқан, ескі түсінік, наным - сенімдерден мүлде қол үзіп, енді ол жаңа заманның есейіп, ержеткен жыршысы екендігін мойындаған поэма болды.
Ақын әр құбылысқа, әр детальға, әр сөздің мағыналық салмағына зор жауапкершілікпен қарағаны сезіледі.
Эпикалық шығармаға лирикалық өрім, эмоциялық қызу беретін кейіпкердің ішкі монологі («Күй») поэмаларында ерекше орын алған.
Достарыңызбен бөлісу: |