Жаңа заман мәдениетінде XIX ғасыр мәдениеті ерекше орын алады. «Классика ғасыры» деп аталатын бұл кезеңде буржуазиялық өркениет кемелдену шағына аяқ басумен қатар, тоқырау кезеңін де басынан кешірді. Мұндай әділ бағаның авторлары заманымыздың ұлы ойшылдары: О. Шпенглер, Й. Хейзинга, X. Ортега-и-Гассет және т.б. XIX ғасыр, мәдениеті — бүкіл жаңа заман мәдениетінен рухани нәр алып, көне дәуір мәдениетінің негізінде қалыптасты.
Олар :
рационализм,
антропоцентризм,
сциентизм,
еуроцентризм және т.б. болды.
Еуропа мәдениетінің тағдырына дәуірдің үш ұлы уақиғасы:
Англиядағы өнеркәсіп төңкерісі,
Солтүстік Америка отарларының тәуелсіздік үшін күресі
Ұлы Француз революциясы ерекше ықпал етті.
Дәлірек айтқанда, бұл ұлы тарихи уақиғалар еуропалық мәдени бетбұрыстың жүзеге асыру процесін одан әрі жылдамдата түсті. XIX ғасырдың бет-пердесі адамзат тағдырының өзгерістерге ұшырауына тығыз байланысты болды. Өз кезегінде жаңа дүниенің қалыптасуы да негізінен үш факторға байланысты болды. Олар: демократия, тәжірибелік ғылым және индустрияландыру. Екінші және үшінші факторларды бір сөзбен «техника» деп атауға да болады, ал бұл факторлар осыдан екі ғасыр бұрын пайда болды да, XIX ғасырда қоғамдық өмірдің барлық салаларына еркін ене бастады.
Ерекше атап өтетін бір жайт, XX ғасыр етек алған «сауықтық мәдениеттің» алғашқы нышандары дәл осы уақытта біліне бастаған болатын. Өнер туындылары мыңдаған таралыммен жаппай шығарыла бастады. Әрине, өнер туындыларының халық арасына кеңінен тарауы, халықтың жалпы мәдени дәрежесін арттыруға себепкер болатындығын мүлде жоққа шығаруға болмас, бірақ бұл жағдай өнердің дәрежесін төмендетіп, оның құпиялық қасиетін жоюға себепкер болғандығын да естен шығармаған жөн. Сондықтан да болар, осы бір сындарлы тарихи кезеңде халық көңілінен шығар нағыз өнердің қажетті біліне бастады. Өнер — қоғамдық көңіл-күйдің жаршысы болды. Философия тіліне айнала бастаған өнер адамгершілік пен ізғіліктің қайнар бұлағы, адамның жан-дүниесінің айнасы болды. Өнер — мәдениет саласындағы әрбір өзгерісті терең сезініп, дәуір тынысына сай бейімделе білді. Бұл ой-тұжырымдарымызды дәлелдеу үшін, ең бастысы — «өнердің қоғамның соты» рөлін қалай атқарғандығын толық түсіну үшін тағы да XIX ғасыр өнерінің тарихына қысқаша тоқталып өтелік. Бұл ғасырдағы өнердің дамуындағы екі кезеңді ерекше бөліп алып қарастырған жөн сияқты. Бірінші кезең, декаданс («құлдырау» деген мағынаны береді). XIX ғасыр 50 жылдарында бастап бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін созылады. Осы бір «революциялық дәуірдің» әрбір қоғамдық уақиғасы халықтың творчестволық қиялын оятты, өнер саяси-әлеуметтік мазмұнға ие болды. Ұлы француз революциясынан қанаттанып, шабыт алған романтизм өз өрісін кеңейте түсті. Романтикалық өнер сол заманның басты идеяларымен байланысты болды. Олардың прогрессивтік идеялары утопиялық социализм идеяларымен де ұштасып жатты. Романтиктер мен утопистердің дәл осындай идеялық бауырластығын қалай түсіндіруге болар екен? Оларды жақындастырған жағдайлар: қоғамдық құрылысты сынау, халық тағдырына ортақтасу, жеңіске жету жолдары мен әдістерінің күңгірттігі және т.б. болды. Тамаша болашақты тіпті болмағанда қиялында жүзеге асыру — романтиктерге тән қасиет екендігін естен шығармаған жөн. Нақты өмір мен қиялдағы өмірді салыстыра қарау да романтикалық өнердің басым жақтарының бірі болды. Романтиктер өздері өмір сүрген қоғамдысынай отырып, бұл ортадан безіне қашады. Мұндай көңілі толмаушылық қасиет пен болмыстан «қашушылықтың» үш бағыты болды. Біріншісі, табиғат аясына кету, өйткені табиғат адамның көңіл-күй күйзелістерінің емшісі, еркіндік пен ізгіліктің идеалы болып есептеледі. Сондықтан да болар романтиктер қалаларды өткір сынға алып, қарапайым ауыл адамдарын ерекше дәріптеп, олардың рухани байлығын паш ететін халықтық фольклорды жоғары бағалады. Бұрыннан белгілі экзотикалық елдермен қатар, ұлы географиялық ашылымдар барысында ғана белгілі болған елдердің әсем табиғаты — олардың өнер туындыларының басты тақырыптарының біріне айналды. (Байронның поэзиясындағы, Делакруадың суреттеріндегі шығыс тақырыптары және т.б.). Ал нақты өмір көріністері болмаған жағдайда романтиктер өздерінің таңғажайып қиялдарына еркіндік берді, оған Гофманның, Гейненің, Вагнердің фантастикалық шығармалары жатады.
Екінші бағыт, өзі өмір сүрген ортадан алшақтап, басқа дүниені қиялдауға байланысты болды. Ендігі жерде романтиктер өткен заманды, әсіресе орта ғасырлар кезеңін, оның өмір-салты мен салт-дәстүрлерін (В. Скоттың рыцарьлық романдары, Вагнердің опералары және т.б.), шаруалардың патриархалдық тұрмыс- тіршілігін (Ж. Санд, Колридж) және т.б. өмірлік жағдайларды өз шығармаларының арқауы етті.
Үшінші бағыт, адамның болмыстан бас тартып, өзінің ішкі жан-дүниесімен арпалысуына байланысты болды. Романтиктер өз шығармаларында бұл дүниенің қарама-қайшылықтарын шындық тұрғысынан көрсетуге баса назар аударды (Гофман мен Гауфтың ертегілері, Т. Жерико мен Э. Делакруаның портреттері және т.б.). Жоғарыда айтылған пікірлерімізге сүйене отырып, романтизмнің екі басты идеялық мән-мағынасы бар деген қорытынды жасауға болады.
Олар: