Жоспар: Оқудың түрлері



Дата07.01.2022
өлшемі22,59 Kb.
#17412
түріСабақ

Оқудың түрлері және оқу сапалары
Жоспар:
1. Оқудың түрлері.
2. Оқу сапалары: дұрыс оқу, түсініп оқу, мәнерлеп оқу, шапшаң оқу.
3. Оқу сабақтарында оқушылардың білік, дағдыларын есепке алу.
Мақсаты:Әдебиеттік оқу әдістемесіндегі оқудың түрлері және оқу сапалары туралы түсінік беру. Оқушылардың оқу дағдылары мен оқу сабақтарында жіберетін қателерімен таныстыру, теориялық білімін жетілдіру.
1. Оқудың түрлері.
Әдебиеттік оқудың екі түрі бар. Олар: дауыстап оқу және іштей оқу. Оқудың бұл екеуі де бастауыш сыныпта қолданылып, дамытылады.
Сауат ашу кезеңінде дауыстап оқу іске асырылады. Ол 1-2-сынып оқушыларына тән. Іштен оқу да қолданылады. Бірақ іштен оқу 1-сынып оқушыларының оқу деңгейін тексеруге, олардың жіберген қателерін түзетуге мүмкіндік бермейді. Ал дауыстап оқыту арқылы олардың оқу сапаларын байқауға болады. Сондықтан сауат ашу кезеңінде дауыстап оқу қолданылады.
Әліппеден кейінгі кезеңде іштен оқуға дағдыландыра бастау қажет. Іштен оқуға үйрету маңызды. Себебі, дауыстап қана оқып үйренген бала орта буынға көшкен кезде қиыншылыққа ұшырайды:
1. Ол оқуы үшін жеке өзі ғана болуды қажет етеді. Дауыстап оқыса, басқаларға кедергі жасайды.Оқу залдарында сабаққа дайындалу қиынға түседі.
2. Оқу шапшаңдығы дамымайды. Себебі оқу жылдамдығы іштен оқу барысында қалыптасады. Мысалы: 2-сыныпта оқу жылдамдығы дауыстап оқуда минутына 35-50 сөз болса, іштен оқығанда 45-60 сөз болады. 3-сыныпта дауыстап оқығанда 60-75 сөз болса, іштен оқығанда 80-100 сөз болады.
2,3,4-сыныптарда оқудың екі түрі де қатар қолданылады. Ал 3,4-сыныптарда көбіне іштен оқуға көңіл бөлінуі қажет. Мұғалім оқудың екі түрін де іске асыру барысында оқу сапаларына да баса назар аударуы қажет.

2. Оқу сапалары.


Дұрыс оқу
1. Дұрыс оқуға үйрету негізі алғашқы оқу-жазуға үйрету кезден басталады. Дұрыс оқу үшін оқушылар мына талаптарды орындауы қажет:
1. Сөзді оқығанда әріптеп оқымай, буындап, буындарды жалғастырып оқу. Мысалы: ша-на-лар, то-қу. Мұнда балалар сөздің сыртқы түрін ғана меңгеріп, мағынасын түсінбей оқитын болса, дер кезінде түсіндіріп, түзетіп, сөзді буынға бөлгенде дұрыс бөліп оқуға жаттықтырып, дағдыландыру қажет.
2. Оқып тұрған сөздің не алдынан, не артынан, не ортасынан артық дыбыс қоспай, не түсірмей оқу, ұқсас дыбыспен ауыстырмай оқу.
3. Бір дыбысты не буынды ұзақ созып, не екі рет айтпау: аа-на, баа-ла, а-на-на, ба-ба-ла.
4. Бір сөз орнына екінші бір сөзді айтпау (мағынасына сәйкес келетін), сөйлем соңындағы сөзді, буынды жұтып қоймау.
5. Ұқсас дыбыстарды, тілі келмейтін дыбыстарды ауыстырмау.
Сонымен оқушы дұрыс оқымаса, мұғалім дұрыс оқып беріп, оқушыға қайталаттырады немесе жақсы оқитын оқушыға оқыттырады.
Баланың табиғат сыйға тартқан барлық интеллектуалдық қабілеттері ана тілін меңгерудің, онда да мектепке дейінгі кезде меңгерудің арқасында пайда болады және дамиды. Балаларды ана тіліне оқытуда кәсіби шеберлікті меңгеру үшін болашақ тәрбиешіге әдістеме теориясын, ұғыну және ғылымға белгілі әдістерді меңгеру, яғни осы әдістерді жүзеге асыратын оқытудың аса маңызды тәсілдерін орындауға жаттығу қажет.
Тілді дер кезінде және сапалы меңгеру балада дұрыс психиканың қалыптасуының және оның кейін жақсы дамуының алғашқы аса маңызды шарты болып табылады. Дер кезі дегеніміз – бала дүниеге келген алғашқы күннен бастау, сапалы дегеніміз – тілдік материал көлемінің жеткілікті болуы және баланың әрбір жас кезеңіне қарай тілді меңгеруге деген мүмкіндіктерін толық пайдалану.

Түсініп оқу


Түсініп оқу – оқыған сөз немесе сөйлемнің мағынасын, ондағы айтылған ойды дұрыс түсініп, оны екінші бөлімде айтылған оймен байланыстыруы, оқылған мәтін мазмұнын анық, терең ұғынуы.
Түсініп оқу дұрыс оқу сапасы арқылы іске асады. Түсініп оқу барысында оқушыларда елес, ұғым, бейне, жоғары сезімдер пайда болады. Түсініп оқуға дағдыландырудың маңызды бір жолы – кіріспе әңгіме. Сонымен қатар оқудың алдында саяхатқа шығу, тәжірибе, бақылау жасау да түсініп оқуға дағдыландырады. Қорытынды әңгіме де оқушының түсініп оқуына септігін тигізеді.
Жаңа материалды түсініп қабылдау үшін сабақ үстінде жүргізілетін жұмыстар:
1. Кіріспе әдгіме.
2. Мұғалімнің мәтінді тұтас баяндауы не оқып беруі.
3. Сөздік жұмысы.
4. Бөлім-бөлім бойынша оқушыларға дауыстатып оқыту.
5. Сұрақ-жауап арқылы не түсінгендерін, қалай түсінгендерін байқау.
6. Іштен оқу.
7. Қажетті жағдайда оқудың басқа түрлерін іске асыру. Мысалы: рөлге бөліп оқу, теріп оқу, бөлімге бөліп оқу.
8. Түсінгендері бойынша бөлімге ат қою, мазмұндық сурет салу, мазмұнына сәйкес мақал-мәтел айту.
9. Осы әңгімеге ұқсас, идеялық ойын аша түсетін қосымша әңгімеге өлең, т.б. айту.
10. Мәтінді қалай қабылдағанын байқау, алған білімін білікке айналдыруға бағытталған қорытынды әңгімеге өткізу.

Мәнерлеп оқу


Мәнерлеп оқу – бастауыш сынып оқушыларын дұрыс оқуға үйрету үшін қойылатын талаптың бірі. Дауыс интонациясын сақтап оқығанда ғана бала дұрыс оқиды әрі оқығанын түсінеді. Оқудың сапалары бірімен-бірі тығыз байланысты, бірін-бірі толықтырып отырады. Түсініп оқу үшін дұрыс оқу керек. Мәнерлеп оқу үшін оқып отырғанын түсіну керек. Мәнерлі оқылмаса, дұрыс оқыды дей алмаймыз. Ендеше бастауыш сыныпта мәнерлеп оқуға үйрету сауат ашу кезеңінен басталады. Сауат ашу кезеңінің дайындық сатысынан бастап сөйлеуге үйретеміз. Ал оның басты үлгісі – мұғалімнің өзінің дауыс интонациясы. Мәнерлеп оқу дегеніміз – дұрыс оқу, сонымен бірге дауыс интонациясы арқылы сөйлем не мәтіндегі негізгі ойды жеткізу, мазмұндық ой екпінін қоя білу, кейіпкер көңіл-күйін сезіне оқу. Екінші сөзбен айтқанда, қарапайым сөйлеу тіліне жақын, еркін оқу, дауысты құбылтып, тындаушысына әсерлі етіп жеткізу.
Баланы мәнерлеп оқуға үйрету үшін мүғалімнің өзі мәнерлеп оқу техникасын жетік біліп, оның оқушыларына меңгерте алатындай дәрежеде болуы керек.
Мәнерлеп оқуда басты 3 міндет орындалады:
1. Оқушылар шығарманың мазмұнын түсінеді.
2. Шығармадағы кейіпкерлер қайта жасалады.
3. Шығармадағы көңіл-күй көтеріледі.
Мәнерлі оқуда дауыстың маңызы зор. Дауыс сөйлеу мүшелері мен ауаның бір-біріне соқтығысуымен жасалады. Соның ішінде дауыстың ажыратылуы дауыс шымылдырығына тікелей байланысты. Дауыс шымылдырығында пайда болған үн қуыс мүшелері арқылы өткенде әр түрлі реңге ие болады.
Әр адамның өз дауысы болады, өйткені әр адамның өзінше анатомиялық, физиологиялық ерекшеліктері бар.
Дауыстың өзіндік сапасы болады, олар: дауыс күші, қарқыны, тембр.
Сөйлеу, не оқу кезінде дауыс күші бірде жоғары, бірде төмен болады. Мысалы: «Құмырсқа мен қара қоңыз бір сыныпта оқып жүр. Кұмырсқа күн сайын бес алып, қоңыздың күнделігі екіге тола берді.» — деген сөйлемдерде көтеріңкі дауыспен оқылатын сөздер — бір сыныпта, күн сайын, екіге, ал жай, төмендеп оқылатын сөздер – оқып жүрді, алып, тола берді, артынша бір қалыпта оқылатын сөздер – құмырсқа мен қара қоңыз, құмырсқа бес, қоңыздың күнделігі.
Осы сөздерді оқудағы дауыс қарқыны /темпі/ орташа болып келеді. Бұл сөйлемдерді тез оқуға болмайды.
Ал дауыстың тембрі /құбылуы/ тыңдаушыға әсер ететіндей болуы керек. Шығарманың мазмұнын дұрыс түсінгенде ғана құбылта оқу іске асады.
Мәнерлеп оқуда дауыс ырғағы – интонацияның орны бөлек.Интонация дегеніміз – сөйлеу сазы.Ол сөйлеудің ритмі мен үнін,дауыстың бірде жоғарылап, бірде төмендеуін білдіреді.Интонация мына элементтерден тұрады.Сөз екпіні және ой екпіні. Сөз екпіні – фразалық екпін,ал ой екпіні – логикалық екпін. Сонымен, көркем сөз оқушы адамның шығармадағы кейіпкерлердің көңіл-күйі, ішкі сезімін, жан-дүниесін тыңдаушыға сан алуан дауыс сазы арқылы жеткізуін интонация дейміз. Интонация дұрыс болу үшін оның элементтерін дұрыс, бір-бірімен ұштастыра пайдалануымыз керек.
Олар: дауыс күші, тембрі, екпін, пауза түрлері, сөйлеу /мелодия/ нормативтік дауыс ырғағы.
Интонацияны сақтауда кідірістерді дұрыс пайдаланудың маңызы зор. Кідірістер /пауза/ логикалық, психологиялық, грамматикалық болып 3-ке бөлінеді.
1. Логикалық кідіріс.
Бұл – табиғи кідіріс. Мұнда шығарманың мән-мағынасына орай, сол шығарманың идеясын ашатын жекелеген создерге салмақ түсіріледі. Бұл кезде тыныс белгілеріне онша назар аударылмайды.
Әрбір сөйлемде айтылатын ойға негіз болатын жеке сөз, не сөз тіркестері болады. Бұл сөздер сөйлемдегі басқа сөздер мен сөз тіркестерінен көтеріңкі оқылып, тыңдаушының назарын өзіне аударады. Мұндай сөйлем ішіндегі мағына жағынан мәні басым сөздерге логикалық екпін түсіріліп, логикалық кідіріс жасалып, мәнерлі оқылуы керек. Мысалы, Сүлеймен деген патша кірпі мен қарғаға былай деп бұйрық береді:
— Сен, қарға, бір күнде жер дүниені аралап, жақсы сайрайтын құс тап. /Қазақтың халық ертегісінен/.
Бұл сөйлемде логикалық кідіріс «Сүлеймен деген патша», «сен, қарға», «бір күнде» деген сөз тіркестерінен соң жасалады. Өйткені, ой екпіні осы тіркестерге түсіп тұр.
Логикалық кідіріс жасап, ой екпінін дұрыс білу үшін сөйлем мағынасын, сөйлемдегі сөздердің бір-бірімен грамматикалық байланысын таба білу керек.
Пауза сақталмай оқылса, онда мәтін мазмұны түсініксіз болады. Мысалы, «ол үй емес» деген сөйлем паузасыз айтылса, онда айтып тұрғаным «басқа» деген ұғымды білдіреді. Яғни «ол» сөзі сөйлемде «үй» сөзіне анықтауыш ретінде қолданылады. Ал «ол» сөзінен кейін пауза жасасақ, онда айтып тұрғаным «үй емес, қора немесе басқа бірдеме» дегенді білдіреді. Мұнда «ол» бастауыш қызметін атқарып тұр.
2. Психологиялық кідіріс мәтіннің мазмұн-мағынасын, ондағы кейіпкердің іс-әрекетіне, оның көңіл-күйінің құбылуына байланысты оқылады. Мәтінді оқығанда психологиялық кідіріс дұрыс жасалса, тыңдаушы әрі қарай не болатынын тағатсыздана күтеді.
Мұнда жеке сөздерге, сөз тіркестері мен тармақтың әсеріне көбірек салмақ түсіріледі. Бұл кідіріс арқылы лирикадағы негізгі ой ашылады. Яғни, қуану, шаттану, толғаныс, өкіну, сағыну, кекету және басқа көңіл-күй беріледі.
— «Біраз сайрасам қайтеді?..» – депті бұлбұл жалынып. Жолбарыс:
— «Мен саған сайрағанды көрсетейін», – деп ұмтыла бергенде, бұлбұл пыр етіп ұша жөнеліпті. /«Мақтаншақ жолбарыс»/.
Бұл мысалда психологиялық кідірістер «сайрасам қайтеді», «жолбарыс», «сайрағанды көрсетейін» деген тіркестерден кейін қойылады.
Мәселен, Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» (14жол) өлеңін талдап көрейік. Өлең мәтінін толық келтірейік.
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Өлең мәнерлеп оқылғаннан кейін, мәні ашылады. Мәнерлеп оқыған кезде тиісті кідірістің түрлерін қолданамыз. Абайдың бұл өлеңі баяу, салмақты үнмен оқылады. Ақынның оқу-білімнен кеш қалып қойғандағы өкініші кезінде психологиялың («жасымда ғылым бар деп ескермедім,ержеткен соң түспеді уысыма, қолымды мезгілінен кеш сермедім, бұл махрұм қылмағыма кім жазалы») кідіріс қажет. Оның құрылымы үш түйінді ойдан тұратындығы айтылады. Олар:
— ақын өкінішінің себебі (алты жол);
— баласын оқуға беру (төрт жол);
— өзі туралы (төрт жол).
Осыдан соң мынадай сұрақтар қойылып, өлең мәнін аша түсуге болады:
1. Ақын неге өкініш етті?
2. Ақын баласын қандай оқуға берді?
3. Ондағы мақсаты не?
4. Сол кездегі оқу туралы шектеулі түсінік қандай еді?
5. Ақынның оқуға насихаттағандағы мақсаты не?
6. Ақынның өзі туралы ойы қандай?
Өлең мәтініндегі «махрұм», «қызмет қылу», «шен алу», «қарасөзге дес бермеу», «басқа шауып төске өрлеу» деген сөздерге түсінік беріледі, мағынасы айқындалады. Жазушы М.Әуезовтің: «Көркемөнер – біздің ішкі дүниемізге, жан жүйемізге әсер етіп, адамдық қалпымызды тәрбиелейді» дегені еске түсіріледі. Әрбір көркем мәтін оқушының танымдық біліктілігін қалыптастырып, эстетикалық деңгейіне қозғау салады. Осы өлең арқылы жастар оқу-білімге деген көзқарасын, ғылымның мәнін, қоғамға, адамзатқа пайдалы болып, игілікті істер атқаратындай, азамат болу керектігін түйсінеді.
Осы ой Абайдың басқа да өлеңдерінде жалғасатындығы айтылады. Қазіргі кездегі «ғылым», «білім» сөздерінің мағынасы ашылып, оқу-білімнің пайдасы ұғындырылады.
Психологиялық кідіріс мәтінде немесе тіркесте бір бөлікті басқаларынан ерекше бөліп көрсетуі үшін әсіресе, эмоцияны білдіретін жерлері эмоцияны білдіретін жерлері баса оқылады.
Мысалы, 2-сыныптағы Ш. Смаханұлының «Тәкәппар» мысалында:
«Мөлдір суым, мекенім,
Енді қайтсем, жетермін!?
Қадіріңді, білмедім,
Неге шалқып жүрмедім!?» деген жолдары өте өкінішті күйде оқылады.
Паузаға үйрету 1-сыныптан бастап жүргізіледі. Оның 2 жолы бар:
1. Оқушы мұғалімге еліктеу арқылы үйренеді.
2. Арнаулы жаттығулар арқылы үйретіледі.
Оқуға үйрену барысында оқушының білігі мен дағдысын былайша бағалауға болады:
1. Баяу, бірақ дұрыс, түсініп, мәнерсіздеу оқиды;
2. Шапшаң, мәнерсіз, сөзді бұрмалап, түсінбей оқиды;
3. Шапшаң, дұрыс, түсініп, мәнерлеп оқиды.
4. Орташа қарқынмен,дұрыс, түсініп, мәнерлеп оқиды;
5. Өте баяу, бірқалыпты, дұрыс, түсініп, мәнерсіз оқиды.
3. Грамматикалық кідіріс.Грамматикалық кідірістің (бұл кейде «өлең аралық» немесе «тасымал кідірісі» деп те аталады) эмоциялылығы жоғары. Бұған әр сөзді бөліп, ашық, түсінікті, тыныс белгілеріне орай кідіріп оқу жатады.
Грамматикалық кідірістер – тыныс белгілеріне байланысты қойылатын кідірістер. Жазуда белгілі бір нормативті басшылыққа ала отырып, сөйлемге тыныс белгілерін қоямыз. Тиісті тыныс белгілерін сөйлемнің мән-мағынасына байланысты қою – сауаттылықтың негізі. Ал осы сөздерді оқуда тыныс белгі қойылған жерге грамматикалық немесе нормативтік кідіріс жасау – мәнерлеп оқудың негізгі шарты. Әрбір тыныс белгіге кідіріс жасаудың өзіндік ерекшелігі бар. Хабарлы сөйлемнің соңында қойылатын нүктеге кілт тоқтамай, сөз соңындағы сөз немесе тіркес бояу созылыңқырай оқылады. Сол сияқты бастауыштан кейін қойылатын сызықшаға арнайы тоқталып, кідіріс жасамаса, бастауыштың синтаксистік қызметі өзгеріп кетуі мүмкін. Мысалы, Ол – инженер Асыл. Ол инженер – Асыл.
Дикция (үн реңі). Мәнерлеп оқуда дикцияның мәні зор. Дикция– сөйлеудің тазалығы мен ашықтығы. Бастауыш сынып мұғалімдерінің дикциясы ашық, таза болып, сөйлеу тілінде мүкіс болмауы керек. Ол үшін мұғалім дыбыстардың жасалуының артикуляциясын жақсы біліп, сөйлеу барысында оны дұрыс қолданып, оқушыларынан да соны талап етіп, түрлі артикуляциялық жаттығулар жасап отырғаны жөн.
Мұғалім өз сөзін анық, айкын айтуға тиіс. Оның сөзі – балаларға үлгі, оқушылар мұғалімге еліктейді, кейде қате айтқан сөзін де ұғып алады. Сондықтан мұғалім өз сөзіне мұқият болып, өте тез асығып сөйлеу сияқты кемшіліктерді жібермей байқап отыруды дағдыға айналдыру керек.
Анық, таза сөйлеу дәрежесіне үнемі артакуляциясын жаттықтыру арқасында жетуге болады, яғни сөйлеу мүшелерінің қажетті дыбыстарды айтуға ыиғайлап, бір қалыпты қозғалуы мен позициясы жағдайында ұстау. Бұл жаттығулар еріннің қимылына, жақтың жылдам ашылуына, тілдің жылжымалығына, кей дыбыстарды (р, ш, с) дұрыс айтуға дағдыландырады; тез сөйлегенде, созып сөйлегенде т.б. кездесетін кемшіліктердің болмауына көмектеседі.
Дыбыстардың сөйлеудегі артикуляциясын қазақ тілі сабағында фонетиканы өткенде жетілдіреді. Фонетиканы жақсы білу дикцияны түзеуге берілген жаттығуға көмегін тигізеді.
Дұрыс дыбыстауға жүргізілетін жаттығулар алғашында мұғалімнің басшылығымен жүргізіледі де, кейін оқушылар өздері әбден дағдыланып, сөйлеуде жіберілетін қатені де тауып түзейтіндей жағдайға жеткенде, өз беттерінше шұғылданады.
Оқу кезіндегі меңгерілген дауыс кідірістері оқушылардың ойын әсерлі жеткізуіне көмегі тиетіндігі сөзсіз. Мәнерлеп оқуды дұрыс жолға қою жұмысы көркем шығарманың эмоциялық жақтарын бере біліп оқумен де тығыз байланысты. Шығарманың мазмұнына қарай мәтіннің бір жері қуанышты, шаттық сезіммен оқылса, екінші бір жері – жарамсақтық мінез-құлықпен, үшінші біреуі ызғарлы, ашулы дауыспен оқылады. Әрине, мұны талап етіп тұрған жазушының немесе ақынның сөз қолданысы кейіпкерлердің бойына құйған қуаныш-қайғысы, толғаныс-тербенісі, қасірет-мұңы болып табылады. Сол үшін көркем сөз мәтінін оқыған уақытта автордың және кейіпкерлердің ой-сезімінің түрлі реңкін сазына келтіріп оқи білуге жаттықтырылады. Шығарманың әуен-сазы, ырғақ-ұйқасы, барлық интонациялық құрылымы дауыстап сөйлегенде ғана көрінеді. Сондықтан ырғаққа аса көңіл бөлген жөн. Өйткені ауызша сөйлеуде де, мәнерлеп оқуда да ырғақтың орны бөлек. Ырғақ дегеніміз – өлең сөз бен қара сөздің сөйлемдерінде дауыс толқынының бірде бәсең, бірде көтеріңкі келіп отыруы.
Бастауыш мектеп оқушыларында оқу тәртібі мына шамада өтіледі:
1. Балаларды оқығанда тыңдауға дайындау. Бұған жататындар балаларды алдын-ала психологиялық тұрғыдан дайындау, естігенін ұғатындай жағдай жасау, оларды ұйымдастыру жағы.
2. Балаларға шығарманы оқу. Оқу кезінде көркем туындының образын нақтылай түсуге немесе қорытындылауға иллюстрация, сурет, диапозитив, кесте тағы осындай көрнекті құралдар қолданылады.
3. Оқылған шығарманы мазмұны бойынша пікір алысу, әңгімелесу. Бұған жататындар балалардың өздерінің пікір айтуы, мұғалімге қоятын сұрақтары, оның қайтаратын жауабы, мазмұндап айтып беруі, оқылған мәтін бойынша балалардың шығармашылық жұмыстары (сурет, бейне, жабыстыру, әңгіменің аяғын жалғастыру т.б.).
4. Көркем шығармада суреттелген өмір шындығының елесі жайлы балалардың түсінігін қорытындылау. Қорытындыны оқылған әңгіме, өлең бойынша мұғалімнің қойылған сұрағына балалардың жауап берулері немесе тақырыпты аша түсу үшін мұғалімнің толықтыру әңгімесі арқылы жасауға да болады.
Шапшаң оқу. Шапшаң оқуға үйрету сауат ашудың әліппе сатысының соңына таман жүргізіле бастайды. Дұрыс оқуға төселген бала біртіндеп шапшаңдықты қосып отыруы керек.
Шапшаң оқу – оқығанды түсінетіндей қалыптағы шапшаңдықпен оқу. Мәтінді тым баяу оқыған оқушы мәтін мазмұнын түсінбек түгіл, бір сөйлемде не туралы айтылғанын да аңғара алмай қалады. Сондықтан оқушыдан мәтінді белгілі бір түсінетіндей шапшаңдықта оқуды талап ету қажет. Шапшаң оқу – қалай болса, солай тез оқу деген сөз емес. Яғни, шапшаң оқу – түсініп, мәнерлеп оқу. Сондықтан да оқу бағдарламасында оқушылардың оқу шапшаңдығына, икемділігіне қойылатын талаптың бірі – оқушылардың 1 минутта оқу жылдамдығының сөз санымен берілуі. Мысалы: 1-сыныпта – 15-20 сөз, 2-сыныпта – 25-30 сөз, 3-сыныпта – 60-75 сөз, 4-сыныпта – 80-90 сөз.
Шапшаң оқу баланың нерв жүйесінің типологиясына байналысты. Нерв жүйесі күшті типті балалар мейлінше тез оқитындықтан олардың 1 минутга оқыған сөз саны әлсіз типті нерв жүйесі балаға қарағанда әлдеқайда көп болады. Минутына сөзді санына қарай ең көп оқитын холерик темпераментті (күшті тип) оқушы, онан гөрі қайтыстау оқитын сангвиник темпераментті (күшті тип) оқушы, ең баяу оқитын флегматик темпераментті (күшті тип) оқушы, ал ең баяу меланхолик темпераментті (әлсіз тип) оқушылар.
Бастауыш сынып оқушыларының оқуына жалпы мынадай талаптар қойылады:
Сынып Оқу техникасы Біліктерге қойылатын талаптар
1-сынып Тыныс белгілерін, кідірісті сақтау, дұрыс оқу. Дұрыс, түсініп, мәнерлеп оқу, минутына 20-40 сөз оқу. Қиын сөздерді буындап оқу. Оқыған мәтін бойынша қойылған сұраққа жауап бере білу; мәтінді бөліктерге бөлу; мұғалімнің көмегімен оқығандарының негізгі ойын анықтау; оқыған әңгімелерінің суретті жоспарын жасау.
2-сынып Бөлімдердің ара жігін ажыратып, кідіріс жасап, дауыс ырғағын дұрыс қойып оқу. Дұрыс, түсініп, мәнерлеп оқу, минутына 50-60 сөз. Оқығандарына өз көзқарастарын білдіре оқу. Шагын мэтіндерді оқулықтағы сүрақтар бойынша немссе мүғалімнің берген жоспары арқылы әңгімелеп беру. Оқығандарының жай жоспарын жасай білу.
3-сынып Дауыс кідірісін ырғағын дұрыс сақтап оқу, эмоциялық бояуларды байқау. Дұрыс, түсініп, мәнерлеп, шапшаң оқу. Минутына 60-80 сөз. Мәнерлеп оқуға өз беттерімен дайындалу. Мәтіндерді бөлімдерге бөлу, әрбір бөлімдегі негізгі ойды табу, мәтіннің жоспарын жасау.
4-сынып Мәтіннің мағынасына қарай дауыс ырғағын құбылтып, кідірісті дұрыс сақтап оқыту. Дұрыс, түсініп, мәнерлеп, шапшаң оқу. Әңгімедегі уақиғаның жүру ретін анықтау, мәтінді мағынасы жағынан аяқталған ойды білдіруіне қарай, бөлімдерге болу; әрбір бөлімдегі және тұтас мәтіндегі негізгі ойды анықтау. Минутына 80-100 сөз оқу. Оқығандарының күрделі жоспарын жасау.
Шапшаң, дұрыс, түсініп, мәнерлеп оқу бір-бірімен тығыз байланысты.
Шапшаң оқуға дағдыландырудың тағы бір түрі — сыныпта дауыстап оқу. Мұндай жұмысты орындатқанда мұғалім оқушыларды тақтаға біртіндеп шығарып, әрқайсысына тапсырма береді де, дауыстап оқытады (кейде әрқайсысына әр түрлі мәтін, кейде бір түрлі мәтіннің өзін беруге де болады).
Шапшаң оқу оқушылардың сөйлеу мүшелерінің жетілуіне де байланысты. Мұғалім әр баланың сөйлеу мүшелерінің қалай жетілгенін байқау үшін оқушыларға мәтінді хормен де, жеке-жеке де оқытып көреді. Айтылуы қиын жаңылпаштарды қайта-қайта айтқызып жаттықтыру әрі дұрыс оқуға, әрі шапшаң оқуға септігін тигізеді.
Шапшаң оқуға жаттықтыру жұмысы барлық сабақтарда да жүргізіледі. Оқушыларда шапшаң оқу дағдыларын жетілдіру мақсатында арнайы уақыт та бөліп отыру қажет. Ол:
— көз бен кітап арасындағы қашықтықты дұрыс сақтау;
— мәтінді алдын ала іштен оқып шығу;
— шамамен қандай жылдамдықпен оқылуы керек екендігін мұғалімнің өзінің оқып көрсетуі;
— сынып оқушыларына бір мәтін беріледі, оны белгілі бір мезгілде барлық оқушыға бастатып оқытады, белгілі бір уақытта барлығының бір мезгілде оқуларын тоқтату талап етіледі. Сонда әр оқушы өзінің тоқтаған жерін белгілейді, ал мұғалім әркімнің неше сөз оқығанын есептеп шығады.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет