Геоморфология XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында дербес ғылым болып қалыптаса бастады. Ол кезде геоморфологияда екі бағыт болды: бірі - американ ғалымы В.Дэвис бастаған геоморфология заңдарын географиялық оралымдарға (циклдерге) бағындыру теориясы; екіншісі - неміс ғалымы В. Пенк ұсынған тау беткейлеріне морфологиялық талдау жасау арқылы жер қыртысы қозғалыстарының заңдылықтарын анықтау теориясы.
Жер қыртысының әр бөлігінің ең алдымен биіктеп, жоғары көтерілуінен таулар пайда болуын және одан кейін бірқалыпты төмендеуіне сәйкес жазыққа айналуын В. Дэвис географиялық оралым (цикл) деп атайды. Дэвистің айтуы бойынша, әр оралым бір пішіндерден екіншісіне жүйелі түрде алмасып тұрады. Бұл оралымның кезеңін В. Дэвис жастық кезеңі (стадия юкости), орта кезеңін - қалыптасқан жетілу кезеңі, ал соңғысын шөгу кезеңі (стадия дряхлости) деп атайды. Соңғы кезеңді автор пенеплен (фр. pеперlаiпе - жазыққа ұқсас) деп атаған (1-сурет).
В. Дэвис жер бедеріне әр түрлі факторлардың әсер ететіндігін дәлелдеді, олар - тектониканың, ағын судың, мұздықтың, желдің және тағы басқа әрекеттердің әсері.
В. Дэвистің теориясы геоморфологияның ғылыми пән болып қалыптасуындағы алғашқы кезең болып табылады. Дүние жүзіндегі көп елдердің геологтары мен географтарына осы теория үлкен әсерін тигізді, ол осы уақытқа дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ. Дей тұрғанмен, оның зерттеулерінің кейбір кемшіліктері де болғандығын ескерген жөн. Олардың алғашқысы - бедердің оралымды дамуы табиғатта болмайтын бір пішіндердің екіншісіне қайта-қайта тұйық түрде қайталанып отыруы. Дэвис еңбегінің екінші кемшілігі - тектоника мен бедер арасындағы өзара қарым-қатынастың мүлдем сөз болмауы. Ал шынында, бұл екі процесс әр жерде ұдайы қосарласа жүретіні белгілі. Дэвис еңбегінің тағы бір кемшіл тұсы - ол бедер дамуының күрделі процестерін мейлінше жеңілдетіп, жай ғана сұлба (схема) түрінде келтірген.