Бедер түзілуінде эндогендік факторлардьщ рөлі А.К.Карпинскийдің, А.П.Павловтың, И.В.Мушкетовтың және А.Д.Архангельскийдің еңбектерінде атап көрсетілген. XX ғасырдың ортасында өнеркәсіптің өзіндік маңызы өскен сайын, геоморфология қарқынды дами бастады. Халық шаруашылық мұқтаждығы үшін арнайы экспедициялар ұйымдастырылды, мамандар даярлана бастады, геоморфологиялық карталар жасалды, жаңа зерттеу әдістері мен тәсілдері (аэрофотосуреттер т.б.) қолданыла басталды. И.С.Шукиннің «Құрлыктың жалпы геоморфологиясы» (1936-1964) мен Я.С.Эдельштейннің «Геоморфология негіздері» атты монографиялық еңбектері бұрынғы Кеңес Одағында геоморфологиялық көзқарастардың қалыптасуына әсерін тигізді.
Нақтылы ғылыми мәліметтер жиналғаннан соң геоморфологияда жаңа бағыттар пайда бола бастады. 1948 жылы белгілі орыс ғалымы геолог В.А.Обручев «жаңатектоника» (неотектоника) деген ұғымды ұсыңды. Автордың айтуынша, қазіргі жер беті бедерінің қалыптасуы жер қыртысы тарихының ең соңғы кезеңінде, яғни неоген-төрттік кезеңінде жүзеге асты. Осылайша, геотектониканың арнайы жаңа саласы – «жаңатектоника» деген ұғым қалыптасты.
К.К.Марковтың 1948 ж. шыққан «Геоморфологияның негізгі проблемалары» деген еңбегінде бедердің пайда болуына эндогендік және экзогендік процестер өзара әсер етті деген ұстаным негізделген. Автордың тұжырымы бойынша, бедердің қалыптасуында бұл екі фактордың маңызы бірдей. Бедер талдауын К.К.Марков төрт геоморфологиялық деңгейлер арқылы қарастырды: абразиялық-аккумуляциялық мұхит жағалау деңгейі, эрозиялық пенеплендік денгей, таудағы қар шекарасы деңгейі және биік (заңғар) таулардың шыңдар деңгейі.
И.П.Герасимов 1946-1967 жылдары жазған еңбектерінде морфоструктура (морфоқұрылым) деген ұғымды алғашқы рет қолданды. Морфоқұрылым деп ол геологиялық құрылымның бір түріне сәйкес келген, негізінде эндогендік әрекеттерден түзілген бедер пішіндерін атайды (жоталар, ойпаттар). Басқаша айтқанда, жер бетіндегі эндогендік және экзогендік процестердің қарым-қатынас нәтижесінде басты рөлді эндогендік процестердің әсерінен құрылған пішіндерді морфоқұрылым деп аталады. Ал экзогендік әрекеттен қалыптасқан бедер пішіндерін «морфоскульптура» (морфомүсін) деп атаған (өзеннің арнасы, шағыл кұмдар, карст шұңкырлары және т.б.).